Сержан биыл көктемді көп күтті. Міне, наурыз айының жартысы өтіп барады, әліге дейін қыс сызы кетер емес. Сержан, жалпы, биылғы қысқа өкпелі. Ол көктемнің бастапқы айына зорлық жасады. Неткен әділетсіздік?!
Сыныптағы Адырбек сияқты. Істейтіні — озбырлық. Әсіресе, қыздарға күн көрсетпейді...
Сержан мырс етіп күліп қойды. Биылғы қыс — Адырбек те, ал көктем — қыздар. Иә, зорлықшыл қысқа одан өткен теңеу жоқ.
Өткенде Адырбек кластағы момақан қыз Күміске озбырлық жасады. Су жаңа қаламын тартып алып, бермей қойды. Күміс ашуланды, ренжіді. Әйтсе де, түк шықпады. Сол-ақ екен, Сержан шыдай алмай кеткен.
— Қаламды қайтар! — деді жетіп барып. — Әйтпесе, мұғалимаға айтам.
Күміс бұған қара көзін жалт еткізіп, риза пішінмен қараған. Әрине, Адырбек те қаламын қайтарды.
«Мына Қыс пен Көктемге де араша түсетін жан болса...» деді Сержан. Бірақ қайда ол? Табиғат заңына ештеңе істей алмайсың.
Қыстың ұзаққа созылуы үй ішіне де оңайға соққан жоқ. Бір қысқа жетер деп, мөлшерлеп алынған көмір әне-міне біткелі тұр. Шешесінде зәре жоқ. Күніне бір шелек көмір жағады. Оның үйді жылытуға қауқары жетпейді. Сосын шай үстінде әкесінің миын жейді.
— Көмірді көбірек алайық деп қақсаудай-ақ қақсадым, тыңдамадың, — дейді.
— Қыстың бүйтіп ұзаққа созыларын кім білген? — деп ақталады әкесі. — Жылда осы көмір жетіп артылатын еді ғой?
Шешесі одан әрі үндемейді. Көмірдің бітуіне әкесі емес, мына қатыгез қыстың кінәлі екендігін түсінеді.
Сержан соңғы кезде әке-шешесімен қосылып «Хабарды» көретін болып жүр. Ауа райына үміттене көз тігеді. Аяқ астынан күн жылып кете ме деген дәме ғой. Алайда ауа райын хабарлайтын тәтейлер «суық болады» деген сөзінен танар емес.
Ұзаққа созылған қыс әбден жалықтырып бітті. Көз алдына тағы да озбыр Адырбек пен жуас қыз — Күміс — Көктем...
Наурыз тойы да әне-міне жақындады. Көңілсіз өтетін шығар. Өйткені, күн суық қой.
Жақында Өміртаймен екеуі шекісіп қалған. Екеуі дос болатын. Ойда жоқта араларынан қара мысық жүгіріп өтті. Бәрі — Өміртайдан. Сержанды «қарақалпақ» деп салды. Бұл — Сержанның ең осал жері. Өміртайдың жағасынан тас қып ұстап алды.
— Кәне, қайтала, — деді. Анау да тартынбады. Сол-ақ екен жұдырығын сілтеп қалған. Мұрнынан қан бұрқ етті...
Бар-жоғы осы. Үйге кеп отыра бергені сол еді, Өміртайдың шешесі жетті долданып. Айтпаған сөзі қалмады. Аузынан ақ ит кіріп, қара ит шықты. Шешесі де қалысар емес.
Не керек, екеуі біраз жерге барды. Сержан оларды төрдегі жүкке сүйеніп тыңдады да тұрды. Екі ана енді бір-бірін көрмейтіндей болып тарасқан. Тіпті Өміртайдың шешесі шығып бара жатып есікті тарс жапты.
Сержан мен Өміртай да көпке дейін томаға-тұйық жүрді...
Наурыздың 22-сі күні Сержанның шешесі ерте тұрып, қамыр иледі.
— Көршілерді шайға шақырып жібермесем, — дейді. — Ертең мейрам ғой.
— Сонда Асылбектің шешесі де келе ме? — деді Сәкен таңданып.
— Келмей... Ол не, көрші емес пе?
Сәкен үнсіз қалды. Екеуінің бет жыртысқаны кеше ғана емес пе еді? Сонда қалай? Түсінсе бұйырмасын.
Шынында, кешке қарай көршілер осылай қарай ағыла бастады. Ішінде Асылбектің шешесі де бар. Барлай қараған. Қабағында түк кірбің жоқ, түк болмағандай. Қызық.
— Өкпе-реніш ескі жылмен кетсін, — деді шешесі. Осы сөзді бәрі қостап жатыр.
— Наурыз мейрамы келгенде, соғысып жатқан екі ел де жанжалды уақытша тоқтатады екен, — деп көрші Әлима әжей ұзақ-сонар тарихты қозғады.
«Наурыз мейрамының келгені қандай жақсы болды?!» деп ойлады Сәкен ішінен. Әйтпесе, қашанға дейін ренжісіп жүрер еді.
Сыртқа шықты. Есік алдында Асылбекті көрді. Әлі қараңғы түсе қоймаған. Ә дегенше, екеуі ойынды қыздырды да жіберді. Оларға кеп Жарқын, Сейтжандар да қосылды. Гүлсім, Сұлушаш та келді.
Ойын бітті. Үйде қонақтар отырған соң, екеуі Асылбектің үйіне келген. Сабаққа бірге даярланды. Сырласты. Іштері толып қапты. Екі дос бір шешілді-ау.
— Мені кешір, — деді Асылбек сөз арасында, — «Неге «қарақалпақ» дейсің? Олар қазақ қой» деп шешем қатты ұрысты. Енді мен сені олай атамаймын. Жарай ма?
— Жоқ, сен мені кешір, — деді Сәкен. — Мен сенің мұрныңды қанаттым ғой...
Екі дос қол алысты. Ертеңіне екеуі бірге аудан орталығында өткен Наурыз тойына қатысты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі