Өлең, жыр, ақындар

Әже

— Қапышжан, әжеңнің зиратына соға кетейік.

Апамның дауысы қалтырап шықты. Алдымызда бұзылған көпірден қалай өтеміз деп келе жатқан мен енді рульді солға қарай бұрдым.

Апамның әжең деп отырғаны — өз шешесі. Ол кісінің дәл қай жерде жерленгенін де білмейміз. Әйтеуір Шоқталының көп зираттарының ішінде болар деп, жыңғылдардың ара-арасына машинамен тұра салдым. «Нағашы әже... Кәрі әже» дейтін еді-ау оны жұрт. Менің есіме ол кісінің үйінде ең соңғы рет болғаным түсіп кетті.

...Жазғы демалысқа шыққан соң-ақ үйде бір тиындық пайдамыз болмай, босып кеттік. Азаннан қара кешке дейін асық қуып, өзен жағалап, босқа сенделеміз. Қала берді велосипед тебу...

Бір күні сәскеде екі қалтамды таба нанға сықа толтырып, біржола шығып бара жатқанымда, есік аузында апам ұстай алды.

— Ей, есірек неме, танауың делдиіп босқа сенделіп жүре бересің бе? Қарап жүргенше әжеңдікіне барып, шаруасына қолқабыс етіп қайтпайсың ба?! Әкең болса анау, егін деп, шөп деп жүргені. Еш болмаса хабар алып кел барып.

Әжемнің үйі орталықтан отыз шақырымдай жерде колхоздың «Шоқталы» деген учаскасында тұрады. Кішкене кезімде апам ертіп апарып біраз күн жүріп қайтқанымызды еміс-еміс білемін. Одан қайтып барған емеспін. Мен интернатта жүргенде келіп кететіні болмаса, ол кісінің де біздің үйде болғанын көргенім жоқ.

Былтыр қыстың күні бір суықта «Көйлек пен қант, шай алып қойдым. Барып әжеңнің жағдайын біліп қайт» дегенде, көкемнің «Әй, сол кемпір үшін бәйек боламыз да жүреміз бе? Осы үйде екі қолын жылы суға малып отырса, кім қой дер еді?» деген сөз үшін анам түнімен жылады...

Содан қайтып әжем туралы сөз біздікінде болған емес.

Дәл қазір бармаймын десең, апам қалайда ренжиді. Шаруа дегеніне кежегем кейін тартыңқырап тұрса да, «Нем кетті, екі-үш күнге барсам, барып қайтайын» деген ойға келдім. Әжемнің ауылына кештетіп жеттім... Жөнге кіріп, жол бойы велосипедімді жетелеп, жаяу жүруіме тура келді.

Ауылдың бір шетіндегі әжемнің кішкене жер кепесінің айналасы азан-қазан. Шаңдаққа аунаған сиырлар, уақ малдар... Нақ бір колхоздың кішігірім фермасы сияқты.

— Шек-ай, кебенек, шек! Құдая, тұяғың сынсын.

Әжемнің даусын естіп барып, ол кісінің көгендеулі қой-ешкілердің арасында отырғанын білдім.

Үйдің жанына келгенше әжем мені көрген жоқ, екі тізесінің арасына үлкен сары қауақты қысып алып, қара қойдың желініне жабысып отыр екен. Жанындағы тоқал ешкіні қарғап-сілеп, тірсегінен салып-салып қояды. Сірә, содан күйіп отырса керек. Үндемей келіп, велосипедімді сорайып шығып тұрған кепенің бел ағашына сүйей салдым. Енді есіктің алдында жатқан томардың түбіріне отыра берейін дегенім сол еді, алакеуімде байқамай бір қаңылтырды басып кетіп, қаңғыр ете қалғаны...

— Өк, әй, өк!.. Қарасан келгір! — деп әжем орнынан ұшып тұрды. Ұйпа-тұйпа болып көзін жауып кеткен кимешегін түзеп, маған қарай жүрді.

— Ой, сиыр ма десем, бұл қайсың, апақ-сапақта дүрліктіріп жүрген?

— Мен ғой, әже, Қаныш.

— Қанышың кім? Мына Жаубасардың жүгермегі...

Әжем менің бетіме бажырайып қарап тұрды да:

— Үйбай, кім десең, Зияштың үлкенімісің? Ө, жаман... үлкейдің бе? Е, ауыл-елің аманшылық па? Әйтеуір апақ-сапақта жайшылықпен?..   

Осы кезде көгеннің шетіндегі ала лақ бақ ете қалғаны.

— Ойбай, ана сорлы өлді-ау. — Әжем галошын тырп-тырп еткізіп, қайтадан жүгіріп көгенге кетті. Қарғап-сілеп жүріп әлгі лақты ағытып жіберіп, қойдың желініне қайта жабысты.

Ол көгенді жағалай қой-ешкіні түгел сауып болды. Буындары сыртылдап, еңкеңдеп келіп, сары қауақтың бетімен лүпілдеген сүтті менің жаныма қойды да, иліккен белін жазып, екі бүйірін таянып біраз тұрды. Бас-аяғыма тіктеп қарап тұрып, бір кезде:

— Өзің әкеңе тартып шыр бітпейтін шүрегей бопсың ғой, әй! — дегені. Не дерімді білмей аяғыммен жер сипап қипақтап қалдым.

— Қарның да ашқан шығар. Менің жұмысым көп әлі. Босағада тұрған самаурынды шығарып, су құйып, тұтата қойсаң... Өзің білуші ме ең ондайды?

Шай қою деген — менің үйреншікті кәсібім.

Әжемнің айтқан жерінен шүмегінің құлақшасы сынық, кірден ақ-қарасы белгісіз самаурынды шығарып, су құйдым. Ошақтың басында кепкен жидені бұтап отырып: «Әжем апамды неге сұрамады екен, тіпті інілірімді де...» деп ойланып қоямын.

Шай қайнағанша әжем де қызыл сиырды сауып болды. Бар сүтімен қара қазанды лықа толтырып, жерошаққа от жаққан соң, әжем екеуміз шайға отырдық.

— Е, ауылың тегіс аманшылық па?

— Сәлем деп жатыр сізге.

— Әкең не істеп жүр?

— Бұрынғыша, трактор ғой.

— Е, төрт дөңгелектен айырылса, сенің әкең аштан өледі-ау, сірә... май сасып, — деп тыжырынып қойды.. Мен әкелген апамның сәлемдемесін ақтарып көрді де, конфет, печеньелерден өзінің алдына ғана бір уысын салып, «Тісің бар ғой, әдемі кеудіреп тұр екен» деп, барлық кепкен нанды менің алдыма қарай ысырып қойды. Бір қызығы лақ қаттырақ жөткірсе де, әжем селт етіп көген жаққа қарайды.

Ол әлденеге мазасыздана отырып, бір кезде:

— Өздерінің тұяқтарың қанша болды? — деп маған шұқшия қарады.

— Бір сиыр, үш ешкіміз бар ғой.

— Иә, сендердікі неғып мыңғыра қойсын-ау. Жаман әкең далақтап жүріп не өндірсін, алда құдай-ай!

Әжем кеңкілдеп біраз күліп алды да, бейілдене көген жаққа көз қырын салып қойды. Іштей өз-өзіне ризашылық еткендей жүзі жадырап кетті.

— Әй, өзің нешінші кләссың биыл?

— Алтыншыны бітірдім.

— Оқу бітіріп, өкімет боласың ба, жоқ, сен де төрт дөңгелек қуып кетесің бе?

— Ұшқыш болам, әже.

— Ол нең, әлгі аспанда жүретін бе? Пшш-т-т! Алда құдай-ай! Мықынбай бишара Қаратаудың басына шығамын деп кемпірімен үш рет қоштасқан екен, енді сен аспанға ұшамын деші. Ыхх-хы-хы-ы... Үйбай-ай... Ішім... м...

— Несі бар, әже, оқуын оқыған соң...

— Әй, қазір ұшшы... Ана үйдің төр жағында көрпеше жатыр — соған қисая сал, мен сүт суығанша отырамын, — деп әжем қолын бір сілтеді.

Үйге кіріп шешіне бастадым. Жастық па, әлде оны мұны салған қалта ма, арасына тас тыққандай бірдемені басыма жастап, ұйқыға бастым.

...Түннің бір уағында оянып кеттім. Құлағымның дәл түбінен бір күбір естілетін сияқты. Көзімді ашып жіберіп, ұйқысыраған боп бетімді бұрдым — дәл жанымда әже жатыр екен. Бір қолы менің кеудемде, өзінше күбірлеп сөйлеп жатыр.

— Іздеп келгені ғой шіркінің. Зияш жіберген-ау, а? Не дегенмен заты еркек қой. Осындай бір бақа бастың біреуін бұйыртпағаны... Алда құдай-ай. Ниетінен тапты дейді-ау осы жұрт... Сонда мен перзентті жек көрем ғой... Жек көрем, я... Мейлі десең, десінші... — осы арада әжемнің денесі селкілдеп кетті. Жылағандай болды. — Құдай-ай, бір емес, екі бірдей ұл берді... Өзі алды, мен қайтейін. Уһ, құдай-ай... — Ол ауыр күрсініп бір аударылып түсті. Бетін маған бұрып, тақалып жатты.

— Базарбай байқұста да не кінә, жылына бір соғады. Қолына кіріп-ақ алар ем, әттең, малым бар ғой.

Әжемнің көкірегі сыр-сыр етеді. Аузынан шыққан демі құлағымның дәл түбін жылытып жіберді.

Аяп кеттім. Ауызымнан қалай шыққанын да білмеймін:

— Әже, сізді көнсе, көкем көшіріп алам деп жүр ғой, — деппін. Әжем селк ете қалды.

— Әй, сен жаманның осындай ұйқың сергек пе? Базарбай деймісің? Алда, байғұс. — Ернін бір сылп еткізіп, әжем теріс аунап жатты.

— Әкеңнің ойын білемін... Көзін тесіп бара жатқан менің он-он бес тұяғым ғой. Ту-талақай ғып құртқан күні әкеңнің шаңын Үшқорғанның ар жағынан көрермін.

Тұла бойым мұздап сала берді. Бірақ үндегенім жоқ. Дүние-мүлік дегенде әжемнің аядай үйі алдымен көзге түсетіні — бір сынық жүк, аяқ үстінде екі-үш жамылғыш көрпе. Төсеген ескі сандық қана. Шаңы бұрқылдаған құрақ көрпешенің үстінде отырып, әжем екеуміз шай ішіп жүрдік.

Әжемнің үйіне келгелі ішкен шайдың дәмі біртүрлі сияқты. Аппақ боп сүт татып тұрады. Тәбетім шаппаған соң, қолымдағы кесемді аударып-төңкеріп отырып қарағам, сама таба алсамшы. Тіпті бұйырмасын. Мөлдір суға сүт қата салған.

— Әже, шай салуды ұмытып кеткенсіз бе? — Қолымдағы кесемді қоя салып әжеме қарадым.

— Е, немене, тамағыңнан өтпей жатыр ма? — Қызыл иегімен малжаңдап отырған бар нанын әжем дастарқанға бүркіп жіберді.

— Қаршадай боп тамақ таңдап... Іше бер, бәрібір құдайдың қара суы.

Кезінде әжемнің Зияш апамнан басқа да екі ұлы болыпты. Екеуі де дарияға кетіп өліпті.

Біз үйден біраз ұзап барып күнде жантақ шабамыз.

Қисық дөңгелек арбаны көк есекке жегіп алып, оны мен тасимын.

Бір рет жыңғылдың түбінде көлеңкелеп отырып әжемнің жасын сұрадым.

— Е, неғылайын деп едің жасымды? — Шегесі шығып ырсиып кеткен етігінің ұлтанын шұқылап отырған әжем маған ала көзімен ата қарады. Жіпсіп тұрған маңдайын бешпетінің шалғайымен сүрте салды да, қолындағы етігін жанына қойды.

— Жылым — жылан, жыл қайыруды білуші ме едің?

Мен үндегенім жоқ. Әжем әлгінде біз жантақ шапқан өзекке үнсіз қарап отырды да, басын шайқады. Жерден бір түйір кесек алып, алақанымен езе берді... езе берді.

— Ох, ойбай-ой... онда мына өзенің жалтырап жатқан дария еді... Жыланнан жылан бір мүшел... жыланнан жылан үш-ш... сонымен алты мүшелден екі жылым асыпты, — деп бүгілген саусақтарын жазып жіберді.

Мен келгелі әжемнің үйіне басын сұққан жанды көргенім жоқ. Әжемнің де «бір үйге барып келе қояйыншы» дегенін есіткен емеспін. Бәрі де сонадайдан оралып өтеді. Жапырайған кішкене кепе ауылдан да жырақ. Алғашқы күндері менің велосипедімді қызық көрді ме, өзімнен кішілеу бір топ бала келгіштеп жүрді. Бір рет велосипедті ортаға алып, көлеңкеде шұқыласып отырғанымызда, үстімізден әжем шығып қалды.

— Ой, өлігіңе отырайындар, түге... Ыздиып-ызди-ып менің құранымды шығарғалы келгендей, айда, арман... Осыдан жуып көріңдерші маңыма, аяқтарыңды сындырайын, жүгермек келгірлер. — Балалар шаңдарын да қақпастан тұра-тұра айдады. — Сенен де бар-ау, сүмірейіп... Енді топырлатшы соларды! — Әжем маған зәрлене қарап, қолындағы жыңғыл шыбығымен жерді нұқып-нұқып қалғанда, шыбығы шарт сынды.

Балалар содан қайтып жоламай кетті.

Үйге қайтардан бір күн бұрын әжем екеуіміздің арамызда қолайсыз бір жағдай болды. Жантақтан түс қайта әбден қалжырап қайтқанбыз. Шай ішіп болған соң: «Қапыш-ай, жинай салшы», — деп әжем жанындағы жастыққа кисая берді. Кесе-шәйнек, дастарқанды орнына қойып, қолыма шақпақ қант салынған қызыл қалтаны алдым. Бұрын әжем үйдің төбесінен салбырап тұратын жыңғылдардың біріне іле салатын. Мен де соны ойлап, сорайып шығып тұрған бір бұтақты төмен баса бергенімде, орам қағаздың жерге топ ете қалғаны.

Міне, қызық... ақша... Белінен шуда жіппен қайқайта буған кәдімгі ақша. Өзімнен өзім қысылып, ақшаға бір, әжеме бір қарай беріппін.

«Бұл бұрын біреудің кепесі болған», — деп еді-ау әжем, әлде солардан қалды ма екен? Не де болса әжеме көрсетейін деп, ақшаға қолымды соза бергенімде, әжемнің жастықтан басып жұлып алғаны...

— Ө, ниеті бұзық нәлет. Таста, кәне. Жытып кетпекші едің, ә? Жытырайын мен сені. Бетімнің терісін бес сығып жүріп тапқанымда...

Қалш-қалш етіп әжем жаныма жетіп келді.

— Жағыңды уатып жіберсем осы. Әйда, жоғалт көзіңді... — Тарамыс саусақтар дәл бүйірімнен бұрап өтті.

— Әже-ау, мен білмей... — Ызам келіп, сөзге де келмей өксіп жылап жібердім.

— Тәйт-әй... көзіңді ағартпа. Көз жасымен қорқытамын дейді. Қарай гөр өзінің жылаңқысын.

Әжем енді ақшасын қайда тығарын білмей абдырап тұрып қалды.

Ол түні әжем маған төсекті далаға салып берді. Өзі үйге жатып, сықырлауық есікті ішінен іліп алды. Әрине, неге бұлай еткенін біліп жаттым.

Ертеңіне ауылға қайтпақшы болдым. Велосипедімді ұстап үй маңында тұрғанымда жұлығы жыртық көне галошын тырп-тырп сүйретіп жаныма әжем келді.

— Ие, немене, жайшылық па?

— Ауылға қайтайын деп едім.

— Ім-м... қайтамын де... — Екі қолын артына ұстап мені олай-бұлай орағытып біраз жүрді. Кимешектен көрінген самайына қолын жүгіртіп, ошақтың басындағы өреге қарай кетті. Күйбеңдеп жүріп бір кезде көкала шүберекке түйілген қос уыс құртты жаныма әкеп қойды.

— Әлгі қара сирақ немелерің алдыңнан шықса, ұстатарсың. — Сөйтті де, үйден киініп шығып, маған жалтақ-жалтақ қарап арқандаулы есегіне қарай жетті.

Сынық құлақ есекті жетелеп әкеп арбасын жекті. Айыр-кетпендерін жиыстырып болған соң белін ешкінің қылынан ескен тұсаумен бір буып, менің жаныма келді.

— Сен неғып тұрсың-ай? Немене, шайтан арбаң бұзылып қалды ма?

— Қазір... — Тесілген камерімді жамап алайын деген ойымнан айнып, енді оны-мұнымды жиыстыра бастадым. Әжем менің желкемнен қарап біраз тұрды да, зілдей керзі етігін сүйрете басып, қайтадан есек арбасына қарай кетті. Бір кезде айқай салды.

— Әй, сен құрисың ба, жоқ, әдде менен бірдеңе көріп кетесің бе? — Қарасам, көзі мені жеп тұр екен. Күн қаққан шалбар-шалбар беті бүлк-бүлк етеді.

Япырмай, әжем шынымен-ақ мені... Көңіліме бір жаман ой сап ете қалды. Ешкімнің қылауына қол жүгіртіп көрмеп едім... Оны-мұны салынған қорабымның да аузына тесірейіп қарап, қала берді.

Біраз жер ұзап барып артыма қарағанымда ұзын жыңғыл шыбықты иығына салып, әжем есек арбаның соңынан еріп барады екен.

...Айналасын жантақ басқан төмпешіктің жанында апам ұзақ тұрды. Апамның орны бөлек қой. Теріс қарап тұрып менен жасырып, жаулығының ұшымен көзін сүрткіштегенін де байқап қалдым. Әжемді өзектің баурайына жерлепті. Жалғыз төмпешік басқа зираттардан бөлек тұр.

Дәл қасынан бір түп ақ шеңгел өсіпті.


Пікірлер (2)

Жұлдызай

Өте күшті

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз