Қатысушылар:
Төлеубек – 6-сынып оқушысы
Бота – 5-сынып оқушысы
Оқиға ауылда өтеді. Ертеңгі уақыт. Сағат шырылдайды. Төлеубек төсектен басын жұлып алып, сәл отырады. Сонан соң бас жағындағы күнтізбеге қарайды.
Төлеубек. Ехе, ехе! Бүгін сабаққа баратын күн емес. Қызыл күн. Бөлекбаев, ұйқыны қандыр. Атам айтпақшы, Төлеубекке бүгін «прәзднік». (Көрпесін тac қымтанып, ұйықтауға бет қояды. Есіктен Бота кіреді.)
Бота (мамасының дауысына салып). Төлеутай, таңқарым менің, папасына тартқан гауһарым. Уақыт болса сағат екіден асып кетті. Жүр, тамағыңды іш. Мектебіңе бара ғой, құлыным!
Төлеубек (басын жастықтан жұлып алады). О, қарапұшық, сен екенсің ғой. Қане, бөлмеңе тайып тұр. Әйтпесе, тура бар ғой, мына жастықпен ұрып жығамын.
Бота (мазақтап).
Төлеубектің ұйқысы
Бір тәулікте қанбайды.
Екі алудан бұл Төкең
Алдына жан салмайды...
Ұят-ай, ұят-ай...
Төлеубек. Әй, сен, оны қайдан көріп қойдың ей, ә?
Бота. Ағасы қабырға газетіне қайқайып екі мініп шықса, қарындасы қалай көрмесін. Тіпті мен оны суретке де түсіріп алдым. Ол сенің бүгінгі мамама сыйлар сыйлығың болмақ.
Төлеубек (шошынып). Не дейді? Осы сен қыздан-ақ көресіні көрдім-ау. Суретке түсіріп алдым дейсің бе? Масқара, енді не істедім? Тоқта, сыйлығы несі?
Бота. Бүгін мамамның мерекесі емес пе? 8-наурыз. Ағарып атқан ақ таң. Ал Ботаның әрекеті – ағасына құрылған қақпан. Енді түсіндің бе?
Төлеубек(орнынан қарғып тұрады да киіне бастайды).Әй, Ботажан-ау, мұның қалай сенің? Сонда сен әлгі қабырға газет-тегі өлеңді суретке басып алып, мамама сыйламақсың ба? Әкем, атам, әжем естісе бәле басталып, төбеме шайдың қайнағаны ғой.
Бота. Әрине, әрине.
Төлеубек. Бәрінен де мамам ренжіп қалады ғой. Анау күні әлгі Болатпен төбелесіп, көзім көгеріп келгенде... мамам... Арғы жағын өзің білесің ғой. Енді қайттім?
Бота. Қайтейін. Ештеңесі жоқ. Қарындасының ағасына қоя-тын шарты бар. Соны орындайсың. Мүмкін бәрі де орнына кеп қалар.
Төлеубек. Шарты несі тағы? Құдай біледі, сен мені қинайын деп тұрсың ғой, ә?
Бота. Газетке шыққанда қиналмаған адам, енді несіне желкесін қасып тұр. Шартты орындағың келмесе, өз еркің. Мен кеттім. (Әдейі бұрылып бөлмеден шықпаққа ыңғайланады. Қолында екі парақ қағаз. Көрсетеді.)
Төлеубек. Ботажан, айналайын! Ал шартыңды қоя бер, құ-лағым сенде. Алдымен бөлменің есігін кілттеп алайықшы. Сонан соң дауыстамай шартыңның міндеттерін ақырын айт. Білесің ғой, (керегені көрсетіп) естіп қойса, жүз жылдық соғыс басталады.
Бота (күледі). Міне, мына қағазға екі дана етіп келісімшарттың міндеттері жазылған. Оқып болған соң екі жақ, сен екеуміз, Төлеубек Тойшыұлы, Бота Тойшықызы қол қоямыз.
Төлеубек (аң-таң). Түсінбедім, Ботажан, не айтайын деп отырсың? Неге қол қоямыз?
Бота. Қазір шарт бекіген соң, бір данасы саған беріледі. Екінші данасы менің қолымда болады. Егер шарт орындалмаса, мендегі дана мамамның қолына түседі.
Төлеубек. Сен қыздың ойламайтының болса ше? (Жүгіре басып барып, есікті кілттейді.) Мұғалімнің алдында тақпақ оқығандай болмай, ақырын оқы.
Бота (оқиды). Біз, бүгін, 8 наурыз 2001 жылы Бота мен ағасы Төлеубек Тойшыновтар бірлесе шартқа қол қоя отырып, төмендегі жайларды мәлімдейміз және міндеттенеміз.
Төлеубек. Әй, мынау тура директордың бұйрығы сияқты ғой, өзі.
Бота. Бірінші тарау...
Төлеубек. Құдды Ахметсапа Андабаевтан аумайсың, Бота.
Бота (оқиды). 6-«А» сынып оқушысы, менің ағам Төлеубек Тойшыұлы мамасының сегізінші наурыз мерекесіне орай...
Төлеубек. Тағы бір нәрсені бүлдірейін деп келе жатырсың-ау, қу қыз.
Бота. Сөзімді бөле бермеңіз, шарт орындаушы Төлеубек Той-шыұлы.
Төлеубек. Ойбай, қойдық. Жау жағадан алғанда, атам айтпақ-шы, бөрі етектен...
Бота. Бірінші, сүйікті мамасына жақсы сыйлық ретінде Төлеу-бек ерте тұрады.
Төлеубек. Көріп отырсың ғой, Ботажан. Сағат 7-ден 31-ақ минөт өтті.
Бота. Иә, сонымен суық сумен жуынады. Жұмыс киімін киеді. Сонан соң есік алдына шығып, он-он бес минөт ары-бері жүгіріп...
Төлеубек. Көрер едім, өнеріңді. Тостағаныңды бір-екі жуып-шаятын кезің келді.
Бота. Ә, солай ма?
Төлеубек. Қоя ғой, енді. Менікі әзіл ғой қарындасына айтқан.
Бота. Иә, ары қарай кілетті ашып, ішінен бір шелек көмір әкеліп тастап, балтамен ағаш жарады. Су да Төлеубектің мойнында.
Төлеубек. Сөзім-ақ.
Бота. Пешке от тұтатып, қыздырады-ай, келіп...
Төлеубек. Дұрыс-ақ.
Бота. Ал енді Бота Тойшынқызына қойылатын шарт.
Төлеубек. Мынауың енді жөн.
Бота. Екінші тарау. Мамасы жұмыстан келгенше Мөлдірді орнынан тұрғызып, киіндіріп, тамағын береді. Төлеубек ағасы сонан соң Мөлдірді атасының үйіне апаруы шарт. Одан тез қайтып оралады.
Төлеубек. Ботажан, шарттың дәл осы жері үйлеспейді. Балалар көшеден көрсе мазақтап есті шығарады ғой.
Бота. Шарт орындалады, талқыланбайды.
Төлеубек. Ал, жарайды.
Бота. Бота үйді сыпырып, тазалайды. Орындық қою, су әкелу сияқты кішігірім жұмыстарға Төлеубек көмектеседі.
Төлеубек. Мүмкін, қамыр илейтін шығар.
Бота. Ондай ниетің болса, шартқа қосып қояйын.
Төлеубек. Ойбай, пәлеңнен аулақ. Енді мені наубайханашы етейін дедің бе? Ол қыздардың жұмысы емес пе?
Бота. Олай болса, су әкеліп, ағаш жарып, көмір әкелу де қыздың жұмысы ма? Осының бәрін көбіне мен істеп жүрген жоқпын ба?
Төлеубек. Дұрыс-ау, дегенмен де нан илеу ыңғайсыз дегенім ғой. Ары қарай оқы, шартыңды.
Бота. Бірінші, 6-«А» сынып оқушысы Төлеубек Тойшыұлы бұдан былай сабақтан қашпайды. Ертеңгісін кешікпейді. Құйрығы қайқайған екіліктерді алмайды. Ешкіммен төбелеспейді, көзі көгермейді. Әжетханаға, партаға, көрінген жерге атын жазбайды.
Төлеубек. Әу, мұның мамамның мерекесіне қандай қатысы бар?
Бота. Неге қатысы жоқ? Сонда біздің мамамыз қызы үшін мақтанып, ұлы үшін мұғалімдерден бет басып, ұялып жүруі керек пе? Сынып жетекшің газетке шыққаныңды мамаңа көрсет деп тапсырған.
Төлеубек. Солайы солай-ау. Дегенмен біраз қиындықтары бар-ау. Мысалы, анау Болат маған 6-«А»-дағы сыныптың «шефі мен» деп қоқаңдаса қалай ғана шыдарсың. Оның үстіне мен кім көрінгеннің мазағы емеспін.
Бота. Ер шекіспей, бекіспейді дейсің ғой сонда, атам құсап?
Төлеубек. Мен мамамды өте жақсы көремін. Ондай адам бұл дүниеде жоқ. Сондықтан да сенің алдыңда жайылып – жастық, иіліп – төсек болып тұрған жоқпын ба?
Бота. Ал, шартқа қол қойыңыз. Келістік пе?
Төлеубек. Пау, Ботажан-ай. Онан да мамамызға жақсылап тұрып бір сыйлық жасайық та, Бота. Міне, ойымнан шықтың. Қазір екеуміз жақсылап тұрып үйді ретке келтіреміз. Еденді сен жуасың. Ыдыс-аяқты мен сүртемін. Шайды сен қайнатасың. Мен бауырсақ пісіремін. Келістік пе? Осының өзі мамамыз үшін үлкен құрмет емес пе?! Ал гүл жағы ағасының мойнында.
Төлеубек. Әрине. Әттең, ақшаның болмай қалғанын қарашы. Кеше көкемнің берген ақшасына көк құнанға жүген сатып алып қойып едім. Қазір жүгіріп барып атамды айналдырып көрейін, ә (киінеді).
Бота. Төлеубек Тойшыұлы, бұдан ары шү қарақұйрық ойнап кетпексің ғой. Шартқа қол қой.
Төлеубек. Шын сөзім. Жалғыз ағаңа сенбейсің бе? Ал, міне, қол қойдым. Қаламсабыңды әкел (қол қояды).
Бота. Дегенмен де қабырға газетіндегі әдемі суретіңді ұмытып кетпе. Шарт қолда...
Төлеубек. Түу, өзің нағыз қатал мұғалімдейсің ғой. (Сыртқа шыға жөнеледі.)
Бота (терезеден қарап ұзатып салады). Менің ақкөңіл, аңқылдақ бауырым-ай. Айтқанға көніп, көрінгеннің жетегінде жүре береді. Тым қатал болған жоқпын ба? Атам да қызық. «Жалғыз ұл» деп есіртіп жіберген. Ана біреу көк құнан да бір пәле болды. Өзі де ерке. Негізінде сабақты нашар оқымайды. Жалқаулыққа салынып, анда-санда өстіп екі алып қалатыны болмаса. Қабырға газетіндегі суретін фотоға түсіріп алғаным қандай жақсы болған.
Есіктен Төлеубек кіреді.
Төлеубек. Ақша таптым. Ал мынау саған деген сыйлық. Бәйшешектер өсіп қалыпты. (Гүл ұсынады.) Мерекең құтты болсын!
Бота. Рақмет!
Төлеубек. Ал енді мен қазір саған көмектесіп жіберейін. Мамам емханадан түнгі кезектен келгенше, Мөлдірді апарып тастаймын. Ал түсте ақ дастарханды жайып жіберіп, мамамды қарсы алайық. Бәрі жарасып кетпей ме?
Бота. Ауызбен айтқанша, қолмен істелік.
Төлеубек. Менің аяулы қарындасым. «Қатесіз адам болмайды» деп атам айтпақшы, әлгіндегі суреттің көзін құртшы. Келісім-шартқа қол қойдым ғой, ә.
Бота. Оны тәртібің біледі. Дегенмен ойланып көрейін. Ал, жұмысқа кірістік. (Екеуі сыртқа шығады.)
Шымылдық
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі