Өлең, жыр, ақындар

Құмырсқалар «патшалығы», бұлбұл, қоңыраулы мысық және мен

Бекбайдың бақшасын айналып өтетін шаңдақ жолмен құл­дилағаным сол еді, артымнан Әуестің әпкесі қуып жетті.

— Жүйріксің ғой өзің. Дауыстасам естімейсің, — деді ол мені кінәлап. Бетіне жаутаңдап қарай бергенім сол еді, хат тасушы апай қапшығынан қомақты конвертті суырып алып, қолыма ұстата салды.

Сыртына «тек сенің өзіңе тапсырылсын» деп жазылыпты... Әс­кери борышын өтеп жатқан Болат ағайымнан екен. Әуестің әпкесіне «Рақмет, апай», — дедім де, Ақжарға қарай жүгіре жө­нелдім.

«Менің кіп-кішкентай бауырым, Асқар! Хатты өзіңе арнап жазып отырмын. Халің қалай? Сен биыл екінші сыныпта оқисың ғой. Хат жазуды апайларың үйреткен шығар. Мұнан былай екеуіміз бір-бірімізге хат арқылы хабарласып тұрайық. Жарай ма? Атаң мен әжеңнің көзі нашар көреді. Әкеміз қырда, шешеміз мектепте, қолы тимейді. Сен озат оқушы емессің бе? Айтпақшы, мына хаттың ішіне саған қажетті конверт салдым. Сыртына өзімнің де, сенің де мекенжайыңды жаздым. Маған жазған жауап хатыңды конверттің ішіне салып, желімдеп, поштаның жәшігіне саласың. Ал, сау бол! Үй ішіне сәлем айт. Хат күтемін.

Ағаң Болат»

Қуанып кеттім. Не туралы жазсам екен? Тырысып көрейін. «Көз — қорқақ, қол — батыр» деуші еді ғой атам...

«Ауылдан сәлем» деп бастадым хатымды. Жазда мені әкем өзімен бірге Кеңқарындағы қырманға алып барды. Комбайншылар бұл маңның бидайын шауып бітіріп, Майлышатқа ауысты. Дәні таудай боп үйілген атшаптырым аумақтағы қырманда әкем екеуіміз ғана. Айдаладағы мекеніміз, әкем әзілдегендей, алты қанат ақ орда — киіз үй.

— Менің қолғанатым, — дейді әкем. — Қазіргі уақытта ұры-қары көбейіп кетті. Елдің ырзығын қақшып кетсем дегендер баршылық...

Әкемнің қосауыз мылтығы бар. Ақтөс те осында. Қас қарая электр моторды от алдырып, маңайды жарқыратып қояды. Күндіз бір уақыт «КамАЗ-дарға» астық тиеп элеваторға жө­нелтеді. Солармен бірге қырманшы ауыл жігіттері де тайып тұрады. Күн ыстық. Аспан айналып жерге түскендей, аптап. Ақдаланың көз жетпес жазығы. Сағымданған көкжиек. Үйірілген құйын. Әкем «КамАЗ-дарды» жолға салып, түскі астан соң көз шырымын алады. Түнімен қырманды айналып тыным таппайды. Сонау түні көздері оттай жанған қос түлкі «қонаққа» келіп кеткен. Ақтөс үріп хабар берді. Шаңқ еткен мылтық дауысынан соң ізім-қайым жоғалды.

— Дәнге тышқан атаулы үйір ғой. Тірі тіршілікке ішер тамақ керек. Түлкінің қулығына не жетсін, — деп күледі әкем.

Болат аға! Менің хатыма ішіңіз пысып кеткен жоқ па? Жә, онда қысқартайын...

Қыс азығын қамдағандар бұл маңайда жетіп артылады. Қарқылдаған қарға, шықылықтаған торғай, алақұйрық сауыс­қан, шақылдаған саршұнақ... Бәрін айтта бірін айт, сонау күні ініңіз бір қызыққа тап болды ғой. Дән үстіне тұрғызылған қарақшының діңгегі қисайып, түзеуге бара жатсам, көзім түсіп кетті. Қырман шетінен қиядағы қалың жусанның ішімен су түбіндегі тамырдай боп ағарып бір із кетіпті. Бұралаңдап алға бастап барады. Сөйтсем қызыл керуеннің көкесі сол ізде екен. Үңілсем, ары-бері қайшыласқан құмырсқалар. Қырманның дәнін тасып жатыр. Ізді қуалап алға жүрдім. Ұзап барады, таусылар емес. Не деген жанкештілер десеңізші. «Балдырған» журналынан оқыған бір ертегінің есіме түсе кеткені. Еңкейдім де, дән тістемеген құмырсқаның бірін ұстап алып, ертегідегі ғұламаның кейпіне еніп:

— Әй, құмырсқа, пәлекет! Сенің басың неге үлкен? — дедім.

— Ақылым көп, — деп жауап бергендей болды әлгі құмырсқа.

— Құйрығың неге үлкен? — дедім даусымды зорайтып.

— Қайратым көп. Өзімнен он есе ауыр жүкті көтере аламын. Қайратымды құйрығыма жинамасам, тоңқалаң асып жүгімнің астында қалар едім.

Күліп жібердім. Мен нағыз ертегінің кейіпкеріне ұқсап кеттім.

— Жарайсың, — дедім алақанымнан құмырсқаны баппен алып, өздерінің «асфальт» жолына қоя бердім.

— Әй, ғұлама! Мені тексеріп, тергеп нең бар. Жұмыс көп дегендей, көппен ілесіп кете барды.

Екі жүз адымдай жерде құмырсқа патшалығы — илеуі бар екен. Қызықты қараңыз. Үш-төрт құмырсқа жабылып нән құртты сүйреп келе жатыр. Илеудің енді бір бетінде түрін көрсең шошынатын жылан екеш жыланның қаңқасы жатыр. «Жаудың» бір өркөкірек батыры сияқты, «патшалыққа» басып кірмекші болған шығар. Құмырсқа патшалығының «жауынгерлерінен» ажалын тауыпты. Аға! Құмырсқа дегендер нағыз батырлар екен ғой. «Мемлекетін» жаудан қорғапты. Әрине, ажал құшқандары да бар шығар. Бәрінен де жұдырықтай жұмылған бірлігін айт­саңызшы. Біздер де сондай болуымыз керек. Құмырсқадан көп нәрсені үйренсек, артық емес. Мен құмырсқа патшалығына ризамын. Бабалардың «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген мақалының мәнін ұққан сияқтымын. Осымен хатты аяқтаймын. Бәріміз аман-есенбіз. Асқар ініңіз...».

Көп кешікпей Болат ағайымнан жауап хат келіп жетті.

Онда: «Асқар інім! Пікіріңе қуана қосыламын. Еңбек түбі — зейнет. Өзің сияқты інімнің барына қуанамын. Сендер келешектің көшбасшыларысыңдар ғой. Хат жазуыңды жалғастыр. Ағаң Болат», — деп жазыпты.

Құлағыма әсем бір үн естілді. Таң атып келеді екен. Терезеден сыртқа көз тастадым. Көп кешікпей құс ғажап әуенімен мені оятыпты. Қуанып кеттім де, жазу үстеліне отыра қалып, хатымды бастап жібердім.

«Болат аға! Мені ертеңгісін бұлбұлым оятады. Еш өтірігі жоқ, шындық. Оның менімен дос болғанына үш-төрт жыл өтті. Алғашқы рет балабақшаға барғанда, тәрбиеші апай балалардың бәріне бір-бір тал шыбық беріп, үйлеріңнің маңына отырғызыңдар деген. Әжемнің көмегімен жер қазып, ағашты отырғызғаным әлі есімде. Бірінші сыныпқа барғанда әжем бір күні ертеңгісін:

— Әй, құлыным, ағашың гүлдеді, — деді. Рас екен. Әдемі аппақ гүлдер, ақ ұлпа қар сияқты. Кейінде бір кішкентай құс ертеңгісін бұтағына отырып ап, сайрайтынды шығарды.

— Әже, менің бұлбұлым бар, — дедім.

— Құлыным, ол сенің құсың ғой, — деді ол мені қостап. Сол кезден бастап ағашым мен құсым достасып кетті. Жаз ортасынан аса әжем маған бір түйір алқызыл алшаны әкеліп ұсынды. Керемет тәтті екен. Сыныптағы достарыма да жемісті апарып бердім. Мақтанғаным ғой.

Бір күні терезеден қарасам, менің мысығым талдың басындағы бұлбұлыма қарап мияулап қояды.

Көршідегі Саят деген бала:

— Асқар, сенің мысығың бұлбұлыңды аңдып жүр. Ағашқа да өрмелеп шығады ол. Жеп қойып жүрмесін, — деді. Шошып кеттім. Бірақ мен екеуін де өте жақсы көремін ғой. Ойланып отырсам, балабақшада жүргенде әкем сатып әперген «Тайбурыл» есіме түссін. Қуанышым қойныма сыймады. Ойыншығымның қоңырауын шешіп алдым да, мысығымның мойнына байлап қойдым. Әжем мәз.

— Ақылдым менің, — дейді қуанып.

— Енді бұлбұлың сайрай береді. Мысығың да тәубесіне келеді.

Болат аға! Осы бір қызығымды өзіңіз де естіп, қуансын деп жазып отырмын. Барлық туған-туысқандар да аман-есен. Сау болыңыз. Келесі хатта мұнан да қызық оқиға туралы жазамын. Ініңіз Асқар».


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз