Әкемнің сөзі есіме түсті. «Айналайын, балам, басымдағы панам, біз енді егемен елміз. Тәуелсіздігімізді алдық. Құдайға шүкір, көк туымыз желбіреп, әнұранымыз асқақтап, қазақ екенімізді білдік. Президентіміз — Нұрсұлтан Назарбаев. Ендігі міндет — сол еліңнің өсіп, өркендеуіне көмектесу. Осыны ұмытпа».
Әттең, әттең, дәл қазір әкем жанымда болса ғой. Жеңісімді айтып мақтанар ем...
Сорқиядан аудандық оқу бөлімінің әдіскері Рәзия апай мені тал түсте Білім министрлігінің үлкен ғимаратына әкеп, Әсет ағайға тапсырды.
— Сіздердің айтып жүрген Мұрат деген жігітіміз — осы. Шешесі зорға жіберді. Қайта қуанбай ма? Бақтыбектен бір, жалғыз ұлдан қоса айрылар шамам жоқ деп жыласын кеп. Ауыл боп, аудан боп Мұратымыз қолға зорға тиді, — деді Рәзия апай күліп. — Көзіңізден таса қылмаңыз.
— Құп болады, — деді Әсет ағай қолын әскерше шекесіне апарып. Әзілкеш адам екені көрініп тұр. Сөйтті де, қабағын түйе маған қарады.
— Бақтыбек сенің бауырың ба? — деді.
— Әкесі ғой, — деді менің орныма Рәзия апай жауап беріп.
— Кешір, айналайын. Білмеген у ішеді деген, — деді сасып қалған Әсет ағай. Жанарыма жас кептеліп, өне бойым дірілдеп сала берді. Бұл менің Әсет ағамен алғашқы кездесуім ғой.
Дәл қазір менің жанымдағы орындықта бей-жай ұйықтап жатыр. Сонау биік аспанда, он мың метр биіктікте ұшып келе жатқанымыз ойына кіріп шығар емес. Осыдан екі күн бұрын Әсет ағайды көрсең, тіпті танымай қалар едің.
— Жаным Мұрат! Айналайын, саспа. Шікірейіп киінгені болмаса, бұлар сенен артық емес. Біздің ұлтымыздың қанында үлкен даналық бар. Өзіңе айтып ем ғой талай. Әйтпесе, анау Илья Эренбургтың сөзін есіңе алшы. «Қазақтар кең далада жел жетпес жүйрік мініп дағдыланған. Қажет болса, жүгіре де біледі, биік тауларға өрмелеп те шығады. Оларды ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды» деп жазған жоқ па? — дегені құлағымнан кетер емес. Әлі естіліп тұрғандай.
Біздің бәрімізді зәулім биік ғимараттың үлкен сарайына жинады. Әрбіреуіміздің жанымызда бір-бір аудармашы. Әсима деген жалбыр шашты қыз грек еліндегі біздің елшілікте қызмет істейді екен. Ол да басымнан құс ұшырмай:
— Айналайын, Мұрат. Мұндай мүмкіндік бола бермейді. Ойыңды жинақтап, есептерді шығаруға тырыс. Еліміздің атын шығар. Бүкіл қазағымызды қуант, — дейді.
Математика олимпиадасына қатысуға дүние жүзінің барлық елдерінен келіпті. Олимпиадалық бес шығыршықтың — бес құрлықтың балаларын түгел көрдім десем, ешкім сене қояр ма екен? Ливиялық қара қыз шашының бұйралығымен тәнті етсе, американдық сары бала құлағына сырға тағыпты. Оңтүстік Кореяның кәрістері біздің елдегі кәрістерден аумайды екен. Ал немістің қызының аузынан сағызы түскен жоқ. Австралиядан келген бала әлі күнге дейін өздерінде өткен жазғы Сидней олимпиадасының белгісі салынған ақ қалпақты киіп алыпты.
Шындығында, ойлап қарасаң, есепке тілдің қажеті жоқ. Аудармашыны да керек етпейді. Тақтада есеп, үстел үстінде екі парақ бет, қаламсап. Әсет аға айтпақшы: «Алдыңа ас қойдық, екі қолыңды бос қойдық». Тек «астың» орнына «есеп» деу керек.
Қойшы, әр мемлекеттен келген отыз үш бала жарысты бастап жібердік. Байқап қарасам, аса бір қиын емес сияқты. Арифметикалық прогрессия, әлдебір дененің ауданын табу, формулаларды пайдаланып, белгісіз Х-тің мәнін қою, тағы... тағы... Он есептің алтауын шығардым. Дұрыс екеніне көзім анық жетеді. «Асықпа, Мұрат. Жеңіс біздікі болу керек» деймін күбірлеп. Қайта шұқшидым. Міне, үш есеп шығарылды. Бірақ «Алақай» деуге әлі ерте. Геометриядағы теоремаға құрылған соңғы есеп құрық салдырмайтын құнандай асау. Атам айтпақшы, «шабан ат шаршаса, шалғын сал» демекші, әр амалға бір саламын, шөптің «шүйгіні» шылбыр емес. «Бір жол бар алыс, алыс та болса — жақын». Алақай, икемге келе бастады. Мынасы несі, түсінбедім? Е, кері таңба екен ғой. Ішімнен күбірлейін кеп. Тер қиналғанда шығатыны белгілі. «Уһ», — дедім-ау бір сәт. Осындай кезде Әсет ағайым жанымда болса ғой... Бірақ өзім де: «Ешкім де тоқтата алмайтын қазақтың баласы емеспін бе?».
Жан-жағыма байыппен көз тастадым. Аппақ кереге, үйдей үлкен люстра шам, қаптаған компьютерлер. Бізді қадағалап отырған қос мұғалім. Есептеріме қайта шұқшидым. Енді көз алдыма шырылдаған Әсиманың бейнесі келді. Мен білсем, оқу бөліміндегі Рәзия апайдың да назары осында. Анам бүгін ерте тұрып, жеті шелпегін пісірген шығар. Көрші-көлемге таратып, менің тілеуімді тілегені анық. «Айналайын анашым», — дедім ішімнен. Уақыт болса сыныптай сырғып өтіп барады.
Орнымнан тұрып қарсыдағы екеуге жетіп, әдемілеп көшірген қағазымды ұстата бердім. Әлдеқандай тілде күңк еткен көзілдірікті ақ парақтарды алып жымың етті.
Қуанышым су сепкендей басылды.
— Осыншама асығып не көрінді сонша? — дейді Әсет ағай қара түтін боп. — Бірінші шығып нең бар?..
Мәселе енді түсінікті. Әсет ағай маған сенбейтін сияқты.
— Бәрін де дұрыс шығардым. Соңғысы қиын болды. Бәрібір істі тындырдым, — деймін. Әсет ағайдың менімен сөйлесуге құлқы жоқ...
— Жарадың, Мұрат! — деген дауыстан селк етіп оянып кеттім. Көзді ашып-жұмуға үлгермедім, Әсет ағай мені бас салып құшақтап сүйе бастады.
— Сен біріншісің.
Одан кейінгісі елес сияқты. Қолыма марапаттау қағазын ұстап, биікке көтерілгенім есімде. Қазақтың көк туы желбіреп, аспанға көтеріліп барады.
«Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы», —
деп басталған әнұранды бірге шырқағанымды өзім де сезер емеспін. «Айналайын Мұрат! Сен нағыз ұлсың. Сенің алтын медаль алып, биік мінбеге шыққаның егемен еліміздің мерейінің өскені емес пе?! Бұл — мемлекеттік қуаныш, — деп Әсима апайдың құттықтап құшақтағаны есімде. Жанарыма жас кептеліп қалыпты. «Қуаныштың жасы ғой бұл», — дедім ішімнен.
Сәлден соң Алматыға түсеміз. Міне, ұшақ төмендей бастады. Стюардесса: «Белдіктеріңізді тағыңыздар», — деп әмір берді.
Қазір жерге түсеміз. Қазақтың топырағын басамыз. Ел де, Рәзия апай да, анам да қуанатыны анық. Әттең-ай, әттең, алтын медалімді көрсететін әкемнің болмағанын қарашы. Неге дүниеден ерте өтті екен?
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі