Өлең, жыр, ақындар

Қазыбектің бір ер туралы айтқан билігі (І нұсқа)

Со бір заманда ұлы жүзде дүйім ел бас қосқан бір байдың асы болыпты. Қазықұрт тауын мекендейтін үйсін Төле бидің басқаруымен екі ай бұрын сауын айтылған осы асқа Арқадағы арғындардың да небір игі жақсылары күндей күркіреп, артынып, тартынып, зор салтанатпен барған екен. Думан тойдан аты шауып, балуаны жығып, жамбысы атылып, асы ішіліп, енді тартқар кезде ақбоз үйлер сыртында шартпа-шұрт қырғын төбелес болып қалады.

Оқиға былай: Үйсіннің сиқым, жаныс дейтін екі руының беделді бір мырзасы асқа келген арғын жігітінің жаппай ақкүміс ер-тұрманына қызығып, көптің көзінше аттан аударып, тартып алады. «Жаптым бәле, жақтым күйе» деп даусауған іргелі ел сөз тыңдар, теңдік берер емес.
Ерге таласып жанжалдасқан екі елдің даугерлері ақырында Төле биге жүгініске келеді. Би қағыстырып сұрағанда сиқым-жаныс мырзасы:

— Бұрнағы жылы осы ер-тұрманым тұлпар атыммен ұрланып еді. Міне, ұрыны айғақты затпен ұстадым, — деп сүйреңдейді.

— Жоқ, би, нанбаңыз. Бұл менің өз ер-тұрманым. Қызыққан соң жала ғып тұр, — деп безектейді арғын жігіті.

Төле би екі жақтың сөзін тыңдап болған соң, даугер мырзасына:

— Көзі жоқ тұлпар атын сауғалар, көрініп қалған мына еріңді өзің ал, — деп билік айтады. Арғын жігіт ойда жоқта ұры атанып, ерден айрылуға айналған осы қысалаң мезетте Төленің әділетсіз билігіне наразы болып тұрған көптің ішінен жасөспірім Қазыбек суырылып шығып:

— Бере тұршы, мен де көрейін, — деп ерді қолына алады.
Сонда он жеті жасар Қазыбек ерді бірден танып:

— Қапталың қайың, қасың тал,
Қалмамбет қосқан бір ерсің.
Сиқым-жаныс екі тап,
Бір ерге қалай мінерсің.
Ұлы жүзге ие Төле би,
Бұған қайтып тиерсің?
Өзің Үйсін Төлесің,
Әділдікті қайда көмесің?
Жорта жала жаппасаң,
Арғыннан қалай көресің?
Барғаның бүкір би болып,
Бермесе, қисық төресің.
Мынау арам пиғылмен,
Түбінде сен өлесің!
Қапталы қайың, қасы тал,
Қалмамбет қосқан ер екен,
Қайтсеңде иесіне бересің! —

деп бидің параға ауытқып, қулық жасап тұрғанын батыл ашып салады. Төле бидің сасқаны сонша — маңдайынан ащы тер білініп, ерді арғын жігітке қайтартыпты.


Пікірлер (3)

Ақкүміс

Осы Ақкүміс сөзінің маңызы

Myrza

Өте керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз