Өлең, жыр, ақындар

Түйе шығаратын зауыт

Балтай досы Малтайға қоңырау шалып тұр:

— Алло… Сүйінші!..

— Ненің сүйіншісі? Бәйбішең бе, тоқалың ба, қайсысы ұл тапқан? — дейді Малтай қарқылдап күліп.

— Қуанышың қойныңа сыймай тұр ғой…

— Әзірше олар құлыптаулы. Осы қазекем депутат сайлағанда шатаспайды, халықтың мүддесін иығымен көтеретіндерді таңдайды ғой. «Елім үшін» деп жанып тұратын, жаман менен жақсыны «танып» тұратын, жемқорлардың аяғынан «шалып» тұратын, баяндама жасағанда өтірікті-өтірікке қосып, «ағып» тұратындарды ыңғайлайды. Сол «жанып» тұратын депутатымыздың бірі жаңалық ашты!

— Сені таң қалдыратындай не жаңалық екен?

— Біздің сайлаған депутатымыз сені мен мені қойып, ,дүниежүзін таңдандыратын жаңалық ашты.

— Еліктіріп, желіктіре бермей, айтсаңшы.

— Депутатымыз түйе шығаратын зауыт құрды!

— А-а..? — Малтай таңырқап қалды. — Түйе шығаратын зауыт дейсің бе? Астапыралла! Түйені де зауыттан жасап шығара беруге болады екен-ау, ә!

— Иә, түйе шығаратын зауыт!

— О… о… Енді әп-әдемі боталарды зауыттың алдынан жетектеп әкете беретін болдық қой. Ол депутатқа рақмет! Оны қайдан, қашан естідің?

— Мәжілісте депутаттың өзі айтты!

— Мә-ә-ә-әәә… Мынауың расында керемет жаңалық екен!

— Депутаттың өз аузынан естідім! Бірақ депутаттың тілі күрмеліп, әрең айтты.

— Тапқан жаңалығына мастанып тұрған ғой.

Екеуі де «қуаныштарына» қарқылдап ұзақ күлді.

— Әдетте жаңа зауыттар бірде істеп, бірде тоқтап қалып жатушы еді, — деді Малтай жөткірініп алып. — Бұл да сөйтіп жабылып қалмаса болар.

— Тоқтамайды! Неге тоқтайды? — деді Балтай айғайлап. — Жамандыққа жорыма!

— Маңғыстауда мұнай қалдықтары ашық ауада жатқандықтан түйелер іш тастап жатыр дейді. Бұл енді инкубатор-зауыт ретінде өте төзімді боталар шығаратын болар?

— Әрине, зауыт болған соң шыңдап шығарады ғой. — Балтай іркіліп қалды.

— Иә, үлкейіп, түйе болған соң, боталайтын шығар, — дейді Малтай.

— Оны түйе зауытын құрған депутаттан сұрау керек. — Бұл Балтайдың жалтарма жауабы.

— Ә… ә… — деді Малтай. — Бұл жабылып қалатын зауыт болды ғой…

— Жоқ, олай жаман ойлама! Енді әлемнің ғалымдары назарын Қазақстандағы түйе зауытына аударатын болады.

— Дұрыс қой… Мәселен, инкубатордан алдымен шөжелер шығады, шөжелер үлкейіп тауық болады. Тауық жұмыртқа табады… Ал мына зауыттан бота шыға ма, түйе шыға ма? — Бұл — Малтайдың сұрағы.

— Түйе шығады. — Кесімді жауап.

— Зауыттан алдымен түйе шығады, олар сонан соң боталайды. Солай ма?

Балтай іркіліп қалды.

— Ол депутаттың құрғаны түйе зауыты емес, түйе фермасы болды ғой… — деп Малтай тағы ішек-сілесі қата күлді.

Балтай діңкесі құрығандай отырып қалды…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз