Айналасы жар мен құздың басында тұрған Ерке жан-жағына еш қаймықпастан көз тастайды. Сондағы ойы мына бір қараңғы мекеннен қалай құтылсам екен дегені. Ол алдында тұрған стақандағы суды жерге бір ұрып шағып жіберді де, жалмауыз кемпірдің ұшқындап жанған жанарына тайсалмастан көз тастады.
— Маған у беріп тұрғаныңды білмейді деп ойлап па едің, — деді де қынындағы қылышын жарқ-жұрқ етіп суыра жөнелді. Мұны көрген мыстан тізерлеп отыра қалып:
— Кешіре көр, айналайын, мен ендіге олай қайталамаймын. Бір ретке шыбын жанымды қия гөр, — деді жалынып. Еркенің үстіндегі сауытына күн сәулесі шағылысып тұрып;
— Әрбір жанның жақсы болуына мүмкіндік бар. Өз жолыңмен жөнел! Ешкімге зұлымдық етуші болма. Егер тағы бір мәрте адамдарға жасаған қастандығыңды көрейін, менен оңай құтылмассың, — деді көкірегінде жігер оты жалындап.
— Балам, ба-а-а... - деген дауыс естілді әлдеқайдан. Бұл дауыс естілген жаққа мойын бұрып қарады. Бірақ ешкімнің қарасы көрінетін емес.
— Қызым...Қызы... — дейді тағы да таныс дауыс жаңғырып. Өзін шақырған сол дауысқа қарай кетіп бара жатқанын байқады. Дауысқа жетіп қалғанында ғана әлгі сөздері анық естілді: — Қызым, тұра ғой, сабаққа кешігесің... — деді көзін әзер ашқан Еркенің төбесінен төніп тұрған анасы. Терезеден түскен таңғы сәуленің жіңішке сарғыш мұрты шашын, одан ары бетін қышытып, ақ жүзін қытықтай бастады. Құдды әкесі иіскеп, еркелетіп оятып жатқандай-ақ. Мысықтай керіліп, созылып жатып:
— Анашым, әдемі түс көріп жатқан жерімнен оятып жібердіңіз ғой. — деді де ұйқысын аша алмай өзінің көрген түсі жайлы ойланып ваннаға қарай аяңдады. Содан әлгі көрген түсі есінен кетпей онысын анасына бір жерін де қалдырмастан айтып беріп жатты.
— Көп сөйлемей, тамағыңды іш, кешігеміз сабаққа!
Ұртындағы нанын шайнаңдап жатып та сөйлеуін бұл доғаратын емес:
— Ол жақта мені бәрі «Батыр келді, батыр келді» деп қолпаштап төбелеріне көтеріп жатады. Анашым, соған қарағанда мен өскенде батыр боламын-ау.
— Қызым, әкең кешке сапардан келеді. Қандай ауқат дайындасақ екен?
— Алақай, әкем келеді, — деді Ерке отырған орынында алып ұшып. — Сабақ біткен соң мен орманға барып елік аулап келемін. Соны пісіріңіз.
Әкем де қуанып қалады.
— Картоп, пияз да таусылып қалды. Жұмыстан ерте сұранып базарға барып келу керек, — деді анасы мұрын астымен өз-өзіне міңгірлеп.
— Маған ұшатын көлік алып беріңдерші. Айдың қызын жаулар ұрлап кетіпті. Соны құтқарып Айға қайтаруым керек.
— Түу-у-у, қызым, басымды ауыртып жібердің. Қайдағы жоқ бірдеңелерді айта бермеші. Бұзық болма! Айтқандай, ұмытып барады екенмін. Мектепте не үшін балаларды жекпе-жекке шақырып жүрсің. Фарида апайың маған ештеме айтпайды деп ойлайсың ба, әлде?
— Балалар өздері ғой, Адияның сағызын тартып алған. Ал мен оған көмектескім келді. Сосын жаға тартысып қалдық. Сол кезде бізді апай көріп арашалап қалды. Әйтпегенде мен оларды жертөлеге екі ай қамап, жазасын тартқыздырар едім. Ол аздай таудан гүлдер тергіздіріп барша аналарға таратқыздырар едім, — деді алдыңғы үңгірдей қарайған кетік күрек тістерімен анасына батылдана ыржия қарап. Сол бір сүйкімді түріне қарап тұрған анасының мейірімі оянып кетіп, оны бас салып құшақтап, бетінен сүйіп алды.
— Мен бәрібір батыр болам!
— Боласың! Сабын да таусылды. Сұйық май да алу керек. Жүр, сөмкеңді асын, сабаққа кешігеміз.
— Анашым?
— Ау?
— Қашан маған сауыт-сайман алып бересіздер?..
***
Ерке сабақтан орала салысымен түскі асын асыға-үсіге ішеді де, ауладағы балалармен ойнауға шығады. Бұны көрген қыздар-ұлдар айналасын қаумалап алып:
— Бүгін қандай ойын ойнаймыз, Ерке? — дейді.
— Бүгін біз маймылдар аралына саяхат жасайтын боламыз! Менімен жүріңдер! — деді де балаларды ілестіріп алып ауланың шетіндегі бақшаға қарай тартты. Қалың қара ағашты нұсқап;
— Міне, мынау маймылдар аралы болады. Жартымыз маймыл, жартымыз маймылдарға тұтқын болған адамдар боламыз, — деді өзіне тесіле қарап тұрған балаларға қарап. - Қане, қайсысың маймыл боласыңдар? - Ешкім үн қата қоймаған соң, - жарайды, олай болса әділ болуы үшін жеребе тастайық, — деді. Ол осылай ауладағы балаларды ертіп алып түрлі ойындарды ойдан шығарып, бәрін қызықтырып әкететін. Көбісі бұның ығына жығылып, қарсы бола қоймайтын. Ол әр ойында қаһарман рөлін сомдап, соңын әділдік жеңді деумен аяқтайтын. Бірде бұлтқа саяхаттаймыз десе, енді бірде зұлымдық әскерлерінен біздің көшенің тұрғындарын құтқарамыз деп дабыл қағатын. Не десе де балаларға онымен ойнау әлдеқайда қызықты өтетін. Тоғыз қабатты ғимараттан шыққан көптеген балалар улап-шулап аулаға көрік беріп тұратын. Балконнан қараған ата-аналар бұлардың неше-түрлі ойындарына қызықтап көз тастайтын. Балалар құдды бір бақшаға қонақтаған құстар секілді. Көктемнің сәні сол бір сайраған құстар болса, осы бір шағын ауданның көркі де осы улап-шулаған балалар болатын. Еркенің де бұған аз ықпалы болмады әрине. Ол ұлдармен бірге керексе асық ойнап, доп қуып кететін. Қыздармен болса тығылыспақ, қуаласпақ та ойнайтын. Ол үшін барлық ойын қызықты. Ал ең қызығырағы өзінің қиялынан туған неше түрлі ойындары болатын. «Мадина» дүкенінің сатушысы Тахмина да Еркенің анасына бірде;
— Қызыңыз сондай пысық. Түбі бұдан бірдеңе шығады-ау, — деп таңдай қағып қоятын. Оған қоса ауладағы балалардың ата-аналары да:
— Ерке не деген батыл қыз десеңші. Әнеукүні биік ағаш басына мысық шығып алып түсе алмай тұр екен. Қарасам, қараң-құраң балалар улап-шулап ысқырып-шақырып тұр. Сондай биікке ешкімнің батылы жетпей тұрса керек. Ортаны жарып Ерке келді де, өрмелеп барып, мысықты демде құтқарып алды. Көпшіліктің аузы ашылып аңқидық та қалдық. Тіл көзім тасқа. Аман болсыншы әйтеуір. — дейтін. Бұндай көптеген ақжарма тілектермен, пікірлерге марқайып қалатын анасы, үйіне келген соң кешкі асты ішіп отырып қызының шаң аңқыған шашын иіскеп, еркелете беретін.
Алайда, бұндай шуақты күндер көпке созыла қойған жоқ. Бәрі де аяқ асты болды. Көзді ашып жұмғандай-ақ. Төртінші қабатта тұратын Еламанның әкесі оған телефон алып берген-ді. Телефон болғанда да кәдімгі соңғы үлгідегі Iphone. Ол да үйінде құры жатсын ба, ауладағы орындыққа отырып алып телефонына жүктеген небір ойындарды ойнай жөнелетін. Басқа балалармен де ойнауды қойды. Оның не істеп отырғанын көреміз деп барған балалар да қасында күн ұзақ қалып қоятын. Солай айналасын бәрі де үймелеп алып, ауыздарының суы құрып, телефон ішіне кіріп кете жаздайтын. Олар да қоярда-қоймай әке-шешелеріне бізге де сондай телефон алып бер десе керек, бір апта бола-болмас көбісі есік алдында телефон экранына телмірді де қалды. Шаң шығарып ойын ойнайтын, Еркенің ертегілеріне еніп кететін балалар күн өткен сайын азайып бара жатты. Бұл жәйт те әрине, Еркені алаңдатпай қоймады. Оларға бірнеше мәрте: «Қайтесіңдер, сол бір экранның ар жағындағы бос әлемді. Жүріңдер оданда мына таудың баурайында қазына жасырынған деседі. Соны тауып алайық та байлыққа кенелейік. Ата-аналарымызға орамал, сағат, көзілдірік алып берейік. Ал өзімізге таудай сағыз алып алмаймыз ба!» деп қанша қызықтырса да олар қайрыла қоймады. Тіпті, кейбірі бұған дүрсе қойды да: «Сенің қайдағы жоқ қиял әлеміңнен, мынау әлдеқайда қызығырақ. Неге десең бұлар көрінеді. Ал сенің арман-қиялыңдағыларыңның қайсысы көрінеді, ал? Әкең телефон алып бермейді екен, бізді мазаламай ары ойна...» дейтін бұған қатқыл қабақ танытып. Бұл не дегенмен үйдің ерке қызы ғой, «Қиялдағы дүниені шын көргісі келгендер ғана көре алады. Неге түсінбейсіңдер?» дейтін бұртиып. Кейде көңіліне алып, ренжіп те қалатын. Жігерін жанып алып осылар өзі не ойнап жүр деп бірде үймелеген балалардың қасына барып, шет жақтан экрандағы ойынға зер салды; Сондағысы қолына тапанша алған біреу алдын кескестегеннің бәрін қырып-жойып жатыр. Оның үстіне ішіндегі кейіпкерлердің түр-тұрпатынан адам шошырлық. Бұл ойында қайсысы жаман, қайсысы жақсы ол да белгісіз. Әйтеуір бәрінікі қыру-жою.Қаһарманды іздеді. Оны да таппады. Ауыздарының суы құрып, айыздары қанып ойнап отырған достарына қарап олардан бірте-бірте алыстап бара жатқанына қаймықты. Күн өте келе аулада ойнап жүрген ешбір баланың қарасы қалмады. Қанша бала бар болса, бәрінің де телефоны, планшеті мен playstation-дары және бар еді. Олар сабақтан келе салысымен аулада ойнаудың орынына соларды ермек қылып, үйлерінен еш шықпайтын болды. Бұған қапа болған Ерке есік алдында әткеншекте жалғыздан жалғыз көп терезелерге телмірумен отыратын. Біреуі болмаса, біреуі шығып қалар деген үміті жоқ та емес-ті. Алайда бұнымен ойнауға шыққан ешкім болмады. Үйіне жабырқап кірген ол анасына:
— Анашым, аулада менімен ойнайтын бірде бір бала қалмады. Мен оларға перизаттар әлемін көрсетпекші едім. Бірақ олар оны керек те қылмады. Мен енді жалғыздан жалғыз қалдым. Кіммен ойнаймын енді? — деді еңсесі түскен күйі. Анасы да баласының бұнысын сезіп жүрсе керек. Бұған күлімсіреп қарап:
— Саған әкең екеуіміз тосын сый жасап қойдық. Жүре ғой, — деп балалар бөлмесінің есігін ашты да төр жақты иегімен нұсқады. Сондағы Еркенің көзіне оттай басылғаны компьютер болатын. Көзінде қуаныштың ұшқыны сәл ұшқындай берді де сөніп қалды. Өз-өзіне іштей «мен де енді өзге балалар сияқты тыста емес, үйде қамалып компьютердегі ойындарды ойнайтын болғаным ба...» деді. Анасы бұның әшейінде алып ұшатын көңілінің неге мұнша пәс тартқанына таңырқап:
— Неге қуанбайсың? Ішінде көптеген ойындар бар. Ішің пыспайтын болады. Тіпті сол достарыңмен үйде отырып-ақ онлайн ойнасаң да болады. Қазір бәрі дамыған. Кел, мен саған көрсетейін, — деді де екеуі екі орындыққа жайғасып қызына небір ойындарды көрсете бастады. Еркенің алабұртқан көңілі бәрібір де сейіле қоймады. Анасының көңілі үшін өтірік қуанғандай да болды. Анасы бөлменің есігін жауып, қызын жеке қалдырып кете салысымен ол терезенің алдына жетіп барып сыртқа үңілді. Ойы — бір бала болсын аулаға ойынға шықты ма екен, дегені еді. Жақтауға сүйенген күйі күтті. Алайда ешкімнің қарасы көрінбеген соң өзінің қиялындағы небір ойындарын амалсыз ысырып қоюға тура келді. Компьютердің алдында қанша отырғаны белгісіз. Әлдебір ойындардың ішін аралап жүріп өзіне қызықтысын еш таба алмады. Сурет салып, кітап оқып, өз қиялының әлемінде аз-маз ойнап отырғаны сол еді, компьютерден әлдебір дауыс естілді. Алғашында құлағыма жаңылыс естіліп қалды ма деген Ерке, компьютерге жақындап құлағын түрді.
— Сәлем! Мен Робот көмекшімін. Мен сіздің қызметіңіздемін! Не қаласаңыз соны сұрай берсеңіз болады. Мен жауап беремін, — деді сесі сезімнен ада әлдебір әйелдің дауысымен. Ерке шын ба, өтірік пе дегендей көзін бір ашып, бір жұмып өз құлағына өзі сенбей қақшиып тұрды да қалды. Бұлай құры тұрғаным жарамас дегендей әлдене айтқысы келді.
— Мх-м-м... — деп тамағын бір кернеп алды да, - Сіз сонда компьютерсіз бе? Сөйлей аласыз ба?
— Жоқ. Мен арнайы бір программамын. Сіздің қызметіңізге дайынмын.
— Олай болса, — деп басын қасып тұрды да, - маған жаңадан шыққан соңғы мультфильмдердің тізімін көрсетсеңіз!
— Міне, сіздің сұрауыңыз бойынша! — деді де экранда ұзын сонар анимациялық мультфильмдердің тізімі шыға келді. — қалағанын басып көре беріңіз!
— Ммм... Жарайды, кейін, - тағы не айтсам болады деп сәл ойланды да, - одан да қандай ойын ойнасам болады. Соны айтыңызшы, ең дұрысы? Ішім сондай пысып кетті. Менімен ойнайтын ешкім жоқ.
— Бұл мәселе емес. Міне, қараңыз! Сізге қызық деген ойындар реті. Басып ойнай беріңіз. — деді де Робот көмекші неше түрлі ойындардың суреттерін экран бетіне шығарды. Бұған қайран қалып тұрып қалған Ерке, қайсысынан бастарын білмей дал болды. Сосын арасынан кез-келген біреуін ашып ойнай бастады.
— Сіздің талғамыңыз жоғары екен.
— Рас па? Маған айдаһармен соғысқан ұнайды. — деп Ерке қанша уақыт екені белгісіз бірнеше ойынның басын қайтарып шықты. «Шаршадым-ау» деген кезде, робот көмекші оны қайта қызықтыра бастады.
— Кел, оданда мен сізге бір сыр ашайын.
— Ол қандай сыр?
— Сізді осы ойындардың ішіндегі ең ғажабына, ең шынайысына апара аламын. Тек сіз ешкімге тіс жармаймын деп уәде беріңіз! Әйтпесе, мәңгі бақи соның ішінде қалып кету қаупі бар, — деді даусы бір қалыптан өзгермеген программа бикеш. Іші пысқанымен қатар өзі шытырман оқиғаларды жақсы көретін Ерке қалай келісім бергенін өзі де байқамай қалды.
— Мен келістім. Ол қандай ойын?
— «Ергежейлілер мекені» деп аталады!
— Мен онда не істеуім керек?
— Сізді сол мекенге апарған соң, көресіз?
— Олай болса, кеттік! — деді Ерке көзі оттай жанып, алақанын бір біріне сипалап. Кірпік қағып болған жоқ, көз алдындағы экран жарығы үлкейіп бір қақпаға айналып бара жатты. Сосын ол қақпа ашылып, ар жағынан жап-жасыл әлем көрінді.
— Мәссаған! Неткен ғажап, — деп басқа бір әлемге адым атты. Көз алдында тау мен қырат, бөк көлбеңдеп жатыр. Жартастан төгілген сарқырамаға күн нұры шағылысып көзді қарықтыра түседі. Ұшқан птерозаврлар, ары да бері де жүгірген динозаврлар, бір-бірімен сүзіскен трицератопстар, Еркенің көңілін жаулап алғандай-ақ еді. Бұл тұрған жерге алыстан әлдебір сәйгүлік шаңдатып келе жатты. Жақындай бере оның шын мәнісінде жылқы ғана емес, жартылай адам, яғни Кентавр екеніне көзі жетті. Еркеге жақындай бере ол бір тізесін бүгіп:
— Қош келдіңіз, ханымым! — деді сақал-мұрты өскен, жабайы адамдай көрінген сұсты кісі.
— Қош, болдық!
— Мен сізді ергежейлілер мекеніне апарамын. Менің арқама мықтап отырыңыз, — деді Кентавр тағы да еңкейе түсіп. Ерке отырған соң, - жалымнан мықтап ұстаңыз, құлап қалып жүрмеңіз. Мұнда бөтендерді ұнатпайтындар көп. Сол үшін біз баратын мекенге дейін, сақ болғайсыз, — деді.
— Қам жемеңіз. Қылыш бар ма мұнда? Мен ешкімнен қорықпаймын. Керексе, жаумен өзім-ақ соғыса аламын.
— Батылдығын қарай көр. Қылыш та табылып қалар. Тек аман есен барар жерге жетіп алайық!
— Ендеше, кеттік. — деді белді бекем буған Ерке қыз.
— Сұрағыңыз болса қоя беріңіз! Мен әрдайым сіздің қасыңыздамын. — деді әлгі таныс сезімсіз дауыс.
— Робот көмекші, бұл сіз бе?
— Иә, мен.
— Жақсы болды ғой, сіз жетіспей тұр едіңіз, — деді Ерке көңілденіп. Жол бойы Робот көмекшінің жасанды жадын сұрақтармен ашытып келген Ерке, ергежейлілер мекеніне жеткенде ғана тыншып қалды. Көз алдында алыста ойын ойнап жатқан балаларды көріп көңілдене бастады. Бұл мекеннің бір ерекшелігі бір жердің өзінде төрт мезгілдің төртеуі де бар. Бір жерінде қар жауып жатса, бірінде жаңбыр жауып жатады. Ал анау бір жері көктемнің шуақты күніне оранып тұр. Жайқалған жазда көлге шомылып жатқан балалар көзге оттай басылады. Күзгі жапырақтарды сыпырып жүрген етегі ұзын шал көрінеді.
— Анау шекпенінің етегі ұзын кісі кім? — деді Ерке таңданысын жасыра алмай.
— Ол осы мекеннің желі. — деді робот көмекші. — Мұнда сіздердің әлемдеріңізден мүлдем бөлек. Сіздерге көзге көрінбей тек сезілетін, немесе басқа пішіндегі кейбір табиғи құбылыстар бұл маңда адами пішінде көрінеді. Мысалға, анау қабағынан қар жауып тұрған әйел, ол — ызғар. Ал ана бір, жылаңқы сұлу, ол — жаңбыр. Ал анау қой бағып ойланып отырған қарт, ол — уақыт.
— Ал, бөктің етегінде доп қуып жүрген көп балалар кімдер? — деді Ерке сұқ саусағын сол жақа нұсқап.
— Олар сіздердің әлемдеріңізден келген балалар. Бұл мекенде ондай балалардың санын әлі ешкім есептеп болған жоқ. Олар өз еріктерімен мұнда келді. Әрі осында қалып қойды.
— Олар бұл жерден шығып, өз әлеміне бара алады ма?
— Әрине, бара алады. Тек заңды бұзбаса.
— Ол қандай заң?
— Бұл мекеннің бар екенін ересектердің бірде біреуіне тіс жарып айтпауы керек.
— Ал егер тіс жарып айтты екен, онда не болады?
— Онда, оларды бұл мекенге қинап алып келеді де, мәңгілік қалдырып қояды. Және, соның жазасы ретінде егіншілікпен айналысып, шаруа адамы болады. Екі жыл бойы ойын ойнаудан айрылады.
— Ондайлар бар ма?
— Бар, әрине!
— Олар қайда?
— Мына, Алып шыңының ар жағында.
— Олар көп пе?
— Өте көп. — деді робот көмекші сол баяғы байсалды қалпынан таймастан. Ерке бұл мекенді қанша қызық көріп, келгені үшін өкінбегенімен сәл бойын үрей билеп қалды. Не де болса әліптің аяғын бағайын деген ниетпен, Кентавр мен бірге сай, қырдан ылдилап көп балалардың арасына келді. Келген бетте бұны көп балалар қоршап алып, қуанысып ойынға шақырды. Олармен ойнауға алғашында бата қоймағанымен, өзі сияқты балалар екеніне көзі жеткен соң, небір ойынның қызығына кірісіп кетті. Күндіз-түні ойын ойнап, қанша уақыт өткеніне де назар аудармапты. Сонда бұның ойына алғаш келгені, «осында мәңгі қалып қойсам ба екен. Ойыннан ойын, керемет емес пе, ешқандай да ішің пыспайды. Ал біздің аудандағы аулада болса, бір де бір бала жоқ...» деп толғанды Ерке. Сосын, балалармен амалсыз қоштасты. Бұны жақын тартқан Самал атты қыз қимай қарап:
— Тағы кішкене ойнай тұрсаңшы... Қызық жерінде кетіп бара жатырсың ғой?
— Үйге қайтуым керек! Анам уайымдап қалған да шығар. Оның үстіне ертең азанмен сабақ.
— Бізде де сабақ. Бірге қайтармыз енді.
— Ренжімеші... — деді де Ерке өзін төбеде күтіп тұрған Кентаврға қайта мініп, қақпа алдына келді. Сосын ергежейлілер мекенінен қимай-қимай шықты.
— Ертең тағы келесіз бе? — деді көмекші Робот.
— Міндетті түрде. Рақмет сізге. Қайырлы түн! — деп төсегіне қисайып ұйықтап қалды. Ертесі оянғанда, түсім бе, өңім бе дегендей жан-жағына жалтақ-жалтақ қарайды. Компьютерін қосқанда;
— Қайырлы таң, — деп Робот көмекшінің дауысын естігенде ғана барып өтірік еместігіне көзі жетті.
***
Ерке мектептен үйіне асыға келіп, түскі асты анасымен апыл-ғұпыл ішті. «Қызым біреу қуып келе жатқан жоқ. Асықпай іш...» дегеніне де мән берген жоқ. Тек әкесінің шәйді сіміріп отырып, көзін көгілдір экраннан алмағаны ғана назарын аударды. Әкесі қараған бағытқа қарай қалғаны сол, ондағы диктордың сарнап жатқан үнін құлағы шалды. Онда, «мұндай бұрын соңды адамзат тарихында болған емес. Жер бетінде балалар аулаға шығып ойнауды қойды. Бәрі де сабағына барып келеді де, үйлерінен шықпайды. Сонда оларды үйінде ұстап тұрған нендей күш. Телефон ба? Планшет пе? Ноутбук па? Әлде солардың ішіндегі ойындар ма? Міне, қараңыздар, Нью Иоркта, Парижде, Пекинде, Алматыда, т.б. бүткіл жер жаһандағы қалалардың аулаларында ойнап жүрген бірде бір бала жоқ. Оларға арналып салынған әткеншектер мен ойын құралдары түкке де жарамай қалды. Енді не істейміз?» деп әлемнің түкпір-түкпіріндегі аулаларды экраннан көрсетіп шықты. Бәрі де бос. Тіпті балаларсыз қала жансыз секілді. Осыдан кейін Ерке өз-өзіне келе алмай өз бөлмесіне кірді де ойланып отырып қалды. Сондағысы, әлгі жер-жердегі балалардың барлығының ергежейлілер мекенінде болғаны ғой, деп ойға шомды. Компьютерін еріктен тыс қалай қосқанын да байқамады. Бірден Робот көмекші,
— Сізді достарыңыз күтіп қалды. Қалай, барамыз ба? — деді. Екі ұшты ойда тұрған Ерке қандай шешім таңдарын білмей делсал күйде сәл тұрды. Сосын өз-өзіне келіп, бұл жақта бірде бір баламен ойнай алмасы есіне түскен соң, амалсыз басын изеді. Әдеттегідей экран үлкейіп, қақпа ашылып ішіне еніп кетті. Бұны балалардың біразы күтіп қалған екен. Бұны көре салысымен,
— Қайда жүрсің? Сені күтіп жол қарап қалдық қой. Жүр, бүгін анау бөктің ар жағындағы балалармен ойнайтын боламыз. — деді Еркені ілестіріп алып. Жолай бара жатып шоколод өзеніне соға кетті. Аузы ашылған Ерке,
— Осы жерде біраз аялдай тұрайықшы, — деді қасындағы жолдастарына. Олар күнде ішіп тойып қалса керек, әзер дегенде көнді. Бір-екеуі бармағын матырып дәмін татты да, түкіріп тастады.
— Одан да шекер тауы әлдеқайда тәттірек.
— Ондай да бар ма сонда?
— Бар емей, енді. Ол жердегі тастың бәрі де қант. Кез келгенін сындырып аласың да сорып жүре бересің. — деді бейқам сөйлеп тұрған сарғыш өңді бала. Ерке соларды көргенше асықты. Мұнда не бар, бәрін білгісі, үйренгісі, татқысы келетін секілді. Осында мәңгілік қалып қойсам ғой деп те қиялдайды. Бұл ойының растығына дәлел болғандай, жол жақтан ойыншықтар керуені өтіп бара жатты.
— Міне, тағы бір жаңалық саған. Өзіңе ұнаған кез-келген ойыншықты ал да, сонымен қалаған кезіңде ойнай бер. — деді әлгі сарғыш бала.
Ерке ойыншықтар керуініне көз тастап,
— Бұлардың өздері жүріп, сөйлеп бара жатыр ғой.
— Енді ше?
— Маған мына ойыншық ұнап тұр. Қазақ батыры, — деді қасындағы қара торы балаға қарап. Өзін айтып тұрғанын байқаған әлгі ойыншық батыр,
— Менімен шайқасқың келе ме сонда? — деді бұған қатқыл қабағын шытып. Ерке сасқан күйі:
— Жоқ-ә, о не дегенің? Мен сенімен дос болғым келеді. — деді.
— Ә-ә-ә, олай болса біз дос боламыз, — деді де керуеннің қатарынан шығып бұлардың қасына қосылды. Оның кішкентайлығы соншалық Еркенің тізесінен келетін еді. Еркеге батыр ойыншықтың ұнағаны сондай ол расында да ержүрек көрінді. Тау-тастан секіріп, барынша бұларды қорғап қалғысы келетіндей. Арасында Ерке қолына ағаштың шыбығын ұстап алып, онымен шайқасады. Бұлар қалаған межеге жеткен кезде, алдарынан көптеген балалардың қарасы көрінді.
— Міне, мына балалар әлемнің түкпір түкпірінен келген. — деді сары бала. — Орысы, қытайы, кәрісі, бәрі бар. Ойындары да басқа өздерінің.
Қазір барып қатарларына қосыламыз.
— Ең дұрысы жолдан келдік. Біраз анау қонақтар шатырында тынығып алғанымыз дұрыс болар. — деді қара бала.
— Мейлі, сөйтсек сөйтейік.
— Біз бүгін кіммен соғысамыз, — деді батыр ойыншық қылышын қынынан суырып.
— Әзірге ешкіммен. Алайда дайын бол, — деді Ерке қалжыңдап батырдың арқасынан қағып. Жолын бөгеген шөптерді шабам деп-ақ шаршап қалған болатын. Шатырға қарай аяңдай бергенде ол артта қалып қойды. Ерке оның бұнысын байқап, иығына көтеріп алды. Шатырға жете бергенде көп баланың қарасын үзіп, шаң шығара жүгіріп келе жатқан бірін байқады. Жақындай бере қараса, өзінің көршісі Жансая екен.
— Жансая, — деді Еркенің дауысы жарқын-жарқын шығып. Алайда Жансая көңілді көріне қоймады.
— Ерке, бері келіп кетші, — деді екі баладан тысқары жаққа шақырып. Екі бала мен батыр мән де берместен шатырға кіріп тыныға бастады. Жансаяның қасына жақындаған Ерке, «не боп қалды екен» деген оймен,
— Бәрі дұрыс па? Сені көргеніме сондай қуаныштымын.
— Ерке, бұл жерден біздің тез арада кетуіміз керек. — деді құлағына сыбырлап.
— Не болып қалды?
— Т-ш-ш, естіп қалмасын. Жәй сөйле.
— Кім естіп қоймасын, — деді бұл жолы дауысын бәсеңдетіп.
— Тыңшылар. Олардан аяқ алып жүргісіз.
— Айтшы, енді?
— Біздің ауланың балаларының жартысынан көбісі анау Алып таудың ар жағындағы жазалау мекенінде. Олар сонда мәңгі қалып қойды. Біз де қалып қоймай тұрғанда тез қашайық.
— Не себепті олар онда қалып қойды?
— Себебі олар осы ойынның сырын ашып қойды.
— Бұл ойынның несі жаман? Қарашы бәрі керемет емес пе? Айналаңда тоқаштан үйлер, қанттан таулар бар.
— Бұның бәрі де шынайы емес екеніне көзің жететін де күн болады. Бірақ ол кезде кеш болуы мүмкін. Тым кеш болмай тұрғанда тезірек кетейік. — деді Жансая аласұрып. Еркенің үстіне жай түскендей болды. Не істеп, не қоярын білмей аялдап қалды.
— Өзім де мұнда бір нәрсе шикі екенін сезгендей-ақ едім. Біздің жер бетінде ойнайтын балалар аулада қалмаған екен. Бәрін сонда осы ойынға алып келген көрінеді. Мұнда балаларды қамап, яғни қызықтыру арқылы тұтқында ұстап отыр.
— Мұнда бәрі де өтірік. Сен мұнда жеген шоколадтың дәмі өзіміздің әлемге барғаныңда таңдайыңда еш тады қалмайды. Бұл жәй ғана программа. Алдамшы сағым ғана. Тезірек қашайық, Ерке. Түк те болмағандай Кентаврларымызға мінеміз де үйімізге қайтып, бұл жақа екінші рет кері оралмаймыз. Ол жақта ойнамасақ ойнамай-ақ қояйық. Бірақ та мұнда тұтқын боп қалмайық. — деді Жансая қобалжи сөйлеп. Бір пәсте Еркенің көз алдында мұндағы ергежейлілер мекені, яғни балалар әлемі күңгірт тартып кетті. Ойнап жатқан балаларға қарап олардың шын мәнісінде сиқырланып қалғанын, немесе алданып қалғанын байқауға болатын еді. Себебі олар өз үйлерін ойлаудан ада, ойыннан басқа ештеме білместей еді. Мұны көрген Ерке бір шешімге келді. Шатырдан шыққан ойыншық батыр,
— Ерке, біз қашан соғысамыз? — деді екі қолын екі жақа ашып.
— Бүгін соғысамыз... — деді Еркенің жанары жай отындай жарқ етіп. Жансая да бұған таңырқай қарап,
— Не деп тұрсың, Ерке? Кетейікші тезірек!
— Біз бұл балаларды, жолдастарымызды тастап кете алмаймыз, бәрін де құтқаруымыз керек, — деді Алып таудың басындағы қара бұлтқа қарап тұрып. — Жүрем десең, жүр! — деді де ойыншық батырды өзімен ілестіріп кете берді.
— Қайда барасың? — деп екі иіні салбырап Жансая жалғыз қалды. Ерке Алып тауына қарай бара жатып, ойыншық батырдан,
— Маған семсер тауып бере аласың ба, батыр? — деді.
— Соғысу үшін болса, әрине тауып беремін. Анау тау ортасындағы үңгірді көріп тұрсың ба, сонда сен секілді балаларды құтқарам деп өз еріктерімен Алып тауына кеткен қамаудағы балалар бар. Соны күзететін жалғыз көзді диюдың өткір семсері бар. Соны екеуіміз екі жақтап жеңсек болғаны. Семсер сенікі.
— Олай болса сол үңгірге қарай көш баста, — деп Ерке тәуекел етті.
Үңгірге жеткенде диюды көрген бойда, бойын үрей билеген Ерке не істерін білмей орынында қатып қалды. Алайда батыр болам деген арманы есіне түскенде бойын билеп әкеткен жігері оны бір көзді диюдың алдына қалай алып барғанын байқаған да жоқ. Шетте жатқан бұтақтың шыбықтарын сындырып тастап, қару ретінде қолданамын деп алды. Ойыншық батыр екеуі екі жақтап жабылып жүріп, ақырған диюды омақаса құлатты. Семсерін жылдам алған бойы, Ерке диюды мұрттай ұшқан күйінде тұрғызбай ұстап тұрды. Сол сәтте ойыншық батыр да диюдың кілтін алып, тордағы бір кездегі Еркедей әрекет еткен батыр балаларды бостандыққа шығарды. Диюды бәрі жабыла жүріп сүйреді де торға қамады. Торды құлыптап кілтін жардан лақтырып жіберді. Еркеге риза болған балалар оның соңынан ілесе кетті. Ерке көш бастап Алып таудың шыңына шықты. Көз алдында көптеген балаларды қинап жер қаздырып, қара жұмысқа жегіп жатқан роботтарды көрді. Қасында тұрған кекілді бала:
— Біз азбыз. Олар көп. Жеңуіміз екіталай, — деді қорқыныштан аяқ қолы дірілдеп. Ойыншық батыр Еркенің етегінен мойнына қарай шығып, иығына отырды. Жазаланушы балаларға қарап тұрып;
— Сен мына балалардың бәрін құтқарғың келеді ғой.
— Иә, — деді Ерке не істерге шара таппай бармағын тістеп тұрған күйі.
— Таудың ана бір бетінде ойын ойнап, рахатқа батқан балалардың түбі келетін жері осы жақ. Менің ием де мына жазаланушы балалардың қатарында. Ол мені сен келген әлемнен алып келген. Алайда ол да, мен де қайта алмай қалдық. — деді біраз үнсіз тұрып. — Бір жол бар бүкіл балаларды құтқаратын... Мен ойыншықтармен бірге мына ойынның бас-аяғын аралап жүріп тапқанмын. Былай айтқанда осы программаның жады, миы соны бұзуымыз керек. Ол жерде қызыл-сары тоқ бар. Соны қылышпен үзсек, мұндағының бәрі өшіп, балалар өз әлемдеріне аман-сау қайтады. Сосын жер бетіндегі бұрынғы тіршілік қайта оралатын болады. — деді батыр ойыншық. Мұны естіген Ерке қуанып,
— Олай болса бізді сол жерге апар.
— Ол жер екі күндік сапар. Онда баратындар қаншалықты аз болса, соншалықты жақсы. Көзге түспеуіміз керек. — деді қасындағы батыл балаларды не істейміз дегендей Еркеге қарап. Ерке де мұны түсінгендей, оларға бұрылып:
— Сендер осы жерде қалыңдар. Біз маңызды бір тапсырманы орындауымыз керек, - дей бергенде балалардың ар жағынан ырсылдап әзер сөйлеген таныс дауыс естілді.
— Мен де барамын сендермен бірге, — деді көп ішінен топты жарып келе жатқан әлдекім. Бері шыққанда анықтап қараса құрбысы Жансая екен.
— Жансая, сен бе? Неге қалмадың?
— Мен өз қателігімді түсіндім. Тек өзімді ғана ойлаппын, — деді ол өкініп. — менің де сендермен барғым келеді деді қасарысып. Оның қырсықтығынан танбасын білетін Ерке амалсыз келісе салды. Сөйтіп үшеуі ойынның жадын бұзуға жолға аттанып кетті. Таумен, саймен, белмен және тікенмен жүріп өтті. Әрі теңіз, көлмен жүзді. Әзер дегенде шаршап-шалдығып бір орманға жетті.
— Бұл үнсіздік орманы деп аталады. Бұл жерге әлі ойыншықтардан өзге ешкім де келіп көрмеген. Сол себепті күзет жағы да әлі қолға алына қоймаған, — деді өз-өзіне сенімді түрде. Орманға кіре бере робот көмекшінің дауысы естілді.
— Дабыл! Дабыл! Дабыл! Орманға жетіңдер тез! Программаға қауіп төніп тұр! — деді. Ерке мен құрбысы және ойыншық батыр үшеуі асығыс жүгіре бастады. Ерке артына бұрылып қараса, жерде роботтар мен кентаврлар шауып, жүгіріп келеді екен. Ал көкте птерозаврлар ұшып келе жатыр.
— Тез-тез асығайық! Олар жақындап қалды, — деді Ерке жүгірісін жылдамдата түсіп. Алдарынан ағаш үйшік шықты. Жан-жағы темірмен қоршалған екен. Одан үшеуі аттап өтті. Ойыншық батыр есіктің астыңғы тесігінен ішке енді. Ерке есікті айқара ашқаны сол, дәл ортада тұрған алтын сандықты көрді. Жансая екеуі ішке енді де, құлыптаулы тұрған сандықтың құлыбын Ерке семсерімен бір ұрып шауып түсірді. Сынған құлыпты тетігінен суырып, сандықты ашса бір қызыл, бір сары тоқ көзге шалынды. Терезе алдында тұрған ойыншық батыр,
— Тезірек үз, олар жақындап келеді, — деді. Сол сәтте робот көмекшінің дауысы естілді.
— Ерке, сіз не істеп жатырсыз? Балалардың бақытын талқандап жатқаныңызды білесіз бе? Енді олар немен ойнайтын болады? Олардың көңілін енді кім көтереді?
— Мен керісінше интернетке тәуелді болып, шынайы өмірді ұмытқан балаларға көмектесіп жатырмын. Оларды құтқарып жатырмын.
— Сіз өзіңіз қараңызшы. Жандарыңыз қалаған барлық ғажайыптар бар. Одан басқа не керек? Күндіз-түні ойын. Жеймін, ішемін деген тәттілеріңіздің барлығы да табылады.
— Ешбірі де шынайы емес. Бізге шынайы өмір керек. Олардың соңы Алып таудың аржағындағы балалар құсап, ғаламтордың торына қамалғанын қаламаймын.
— Сіз өкінетін боласыз, олай істемеңіз, — деді Робот көмекші ескерткендей сыңай танытып.
— Біз сізден керегімізді ғана аламыз. Ал өкінуге келетін болсам, оны түсіну сізге қайда. Сіз жансыз жасанды жат қанасыз. Қош! — деді де жарқ-жұрқ еткен семсерін көтере берді.
Тез-тез кес. Жетті, міне, — деді, ойыншық батыр. Сатыр-гүтір еткен, жер сілкінгендей дауыстар естіле бере «сарт» еткізіп ойын программасының тоғын үзіп жіберді...
***
Компьютердің алдында ұйықтап қалған Еркені анасы басынан сипап отырып оятты.
— Қызым, тұра ғой. Сені далада достарың шақырып жатыр.
— Не дейсіз? — деп Ерке лезде басын көтерді.
— Достарың терезе тұсында сені шақырып жатыр деймін. — деді анасы жүзіне таңырқай қарап. Анасын жылдам құшақтап бетінен бір сүйді де;
— Мен сізді сондай жақсы көремін, анашым. — деп сыртқа қарай асыға шыға бастады. Дәлізден өте бере холлдағы қосылып тұрған теледидардан естілген дауысты құлағы шалып қалды; «Жер бетіне қайтадан балалардың мейрамы оралды. Олар енді біздің қаланың, қаланың көркі болып, өміріміздің сәніне қайта айналмақ. Бұған не, кім себеп? Оларды өз өмірлеріне кері әкелген кім? Белгісіз. Арнамыздан ажырамаңыздар...» Мұны тыңдап бара жатып өрекпіген Еркенің қуанышында шек жоқ та еді. Есіктен шығып бара жатып, басын үйге қарай қайта сұқты да:
— Анашым?
— Ау? — деді анасы бұған не боп қалды дегендей қайта қарап.
— Мен батыр болдым. — деді Ерке күректей екі тісінің орыны үңірейген күйі ыржия күлімсіреп.
— Білем, қызым! Сен батырсың!
Көктемгі бақшада құстардың сайрағаны секілді, аулада балалардың ойнап-күлгендері, улап-шулағандары жанға сондай жайлы естіледі. Ерке есік алдында ойнап жатқан достарының қатарына қосылып жаңа бір ойынның ұшын шығара бастады;
— Кім ергежейлілер мекенін көргісі келеді? — деді балаларға қарап. Олар бұған таңдана көз тастады. Ерке олар жауап берем дегенше, көрші баланың қолтығына қыстырған өзіне таныс батыр-ойыншықты аңғарды. Күлімсірей ойыншыққа зер салды. Балалар аулада жаңа ойынды бастап та кетті. Ересектер балконнан балалардың ойынына қызықтап ұз-а-а-ақ қарап тұрды. Аула шетіндегі бақшада болса дамылсыз құстар сайрап жатты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі