Жоңғарлардан қорқып жөңкіле көшкен жалайыр елі Шу бойына жеткенде де еру болып, тоқтамапты. Басқа жұрт бастарына ауыртпалық түскен сол шақтың өзінде сол маңайдағы Болат ханның ордасына қайырылып өтіп жатса керек. Ескелді, Балпық батырлар бастаған босқындар олай өтпей, төтелей тартыпты. Мұны естіген Болат хан жедел «оқжүйрік» деген атына міне салып, Ескелділердің жолын кес-кестеп:
— Әруақ аттағандай ордаға мойын бұрмай қайда лағып бара жатырсыңдар? — дейді.
Ескелді екі рет жөткірініп, аузын ашқанда Балпық батыр:
— Халықтың қайыры болмаса, хан бұзылғанға ұқсайды, қойнауы құт Қаратау — Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған жер емес пе, біз де сонда барып аялдармыз. Сол арада арғы алшын, бергі арғын, найман ағайындармен ақыл тоғытармыз, сірә! — дейді.
— Батыр, жаңылып тұрсың-ау, «Ханнан қайыр болмаса, ел бұзылды» демеуші ме еді? — дейді Болат хан сызданып. Осы сәтте найзасын жерге қадаған Ескелді:
—Ууа, сұлтан! Әкең сенің Тәуке хан — «әз-Тәуке» болып елдің аузына ілініп, талай тағылымды іс атқарды. Үмітін үрім бұтағынан күтіп, сенің атыңды Болат қойып еді, бірақ сен болат емес, болжыр болдың. Бізді басынбаған кім қалды, оң бүйіріңнен Хиуа, Қоқан, Бұқар, Самарқан хандықтары қадалып еді, енді қақ маңдайдан қалмақтар соғып отыр. Сенің жеткізген жерің осы. Балпық қателесіп тұрған жоқ, енді халықтың өзнен қайыр болмаса, елдің азғаны азған, тозғаны тозған. Сенің билігің әрісі екі, берісі бір жылдан аса қоймас, ордаңды бұзып, отқа жақ та, біздің көшке ілес. «Кілемге біргісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар» деген. Төле би атам аман болса, саған да, маған да жол табады, — деп жүріп кеткен екен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі