Өлең, жыр, ақындар

Мұның байталы семіз екен

Бұрынырақ халық ішінде өр мінезді, өжет сөзді, тақуа, тақпақшыл біреу өткен екен. Ол бір байдың ауылына қонып жатқанда, біреуден сұрап мінген байталын жоғалтыпты. Көп қарап із-тұзы болған соң ақыры елдің зәңгісіне барып:

— Зәңгі тақсыр, ауылыңызға қонып жатқанымда жігіттеріңіз байталымды ұрлап қойды, сұрап беріңіз, — депті. Сонда зәңгі:

— Көрсең айт, әйтпесе, беталды сөйлеме! — депті. Сонда әлгі жігіт осы рудың алман болатын топты жиналысын тосып жүріпті. Өйткені бұл жиналысқа түтін басынан адам қалмай қатынасады екен. Ел әбден жиналып болған кезде ол кенет келіпті де, зәңгіге қарап жүрелеп отыра қалып:

— Енеңді ұрайын, зәңгі,
Құдайды білмейтін пәңгі.
Көзіңнің қырын сал,
Құлағыңның бірін сал,
Арыз айтам деген, — екен.

— Не айтасың? Айтшы қане, — депті зәңгі. Баяғыдағы байтал оның есінен де көтеріліп кетсе керек, сонда әлгі жігіт:

— Менің ақ байталымды
Қияметте беремісің,
Қия бетте беремісің.
Құдай алдында беремісің,
Қытай алдында беремісің.
Болыс алдында беремісің,
Орыс алдында беремісің.
Егер, бермесең,
Қарғап-қарғап,
Ішіңді кептіріп,
Өкпеңді бөрттіріп,
Орныңнан тұрмастай,
Мойныңды бұрмастай
Етейін бе? — депті. Сонда әлгі жігіт:

— Менің ақ байталымнан жеген етің қан болсын.
Үйіңді қойын құлатып,
Аузы-басың шаң болсын.
Ел ет жесе,
Сен дерт же.
Ел жал шайнаса,
Сен тал шайна.
Ел жілік жесе,
Сен бүлік же.
Ел мойын жесе,
Сен сойыл же.
Ел айран жесе,
Сен ойран іш.
Аударған тастай бол,
Мұжылған бастай бол.
Ит мініп ирек қамшылап,
Көзіңнен жас тамшылап,
Қу сүйек арық,
Аяғыңда шарық,
Тұқым-жұрағатың ғаріп болып құрысын, — деген екен. Сонда шыдай алмай зәңгі орнынан ұшып тұрып:

— Ей, мынаның қарғысы тым қатты екен, оңдырмайды. Алғаның қазір айтсаң, айыбы жоқ, баспа-бас төлейсің. Артынан білініп қалса, маған өкпелемейсің, — депті. Сөз осы араға келгенде, отырғандар ішінен біреу орнынан тұрып:

— Тақсыр, мұның байталы семіз екен, көзім түсіп кетіп мен ұрлап сойып тастаған едім, кешіріңіз, — деп астындағы атын сол майданда түсіп беріп құтылған екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз