Өлең, жыр, ақындар

Айла

Бес көріністі қойылым

Қатысушылар:

Арыстан – патша
Маймыл – уәзір
Түлкі – тұрғын

Бірінші көрініс

Ну орман арасы. Көз тұнғандай көрікті орта. Ары-бері паңдана басып, ырғала жүрген арыстан патша көрінеді. Қасында маймыл бейнелі жарамсақ уәзір қалбалақтап жүреді.

Арыстан. Маймыл уәзір! Мен аттанып барамын. Талай жыл көрмеген нағашымның қасында бірер ай тұрып қалатын шығар-мын. Арттағы шаруаларға өзің ие бол!

Маймыл. Құзырыңызға құлдық, хан ием! Қашанда адал еңбегіммен көңіліңізден шығуға тырысатын ақ ниетімді білесіз ғой! Қолдан келгенін аяп қалмаспын. Өзіңіз, күнде барып жат-қан жоқсыз, алаңдамай, асыл нағашыңыздың қасында асықпай аунап-қунап жатып, мауқыңызды басып қайтыңыз.

Арыстан. Көңілдегіні айтқызбай білетін осы қасиетің ұнайды сенің. Ол кісі шынымен де артық туған асыл жан ғой. Қасында болудың өзі бір ғанибет!

Маймыл. Сыншыл келетін нағашы жұрттың мейір-махаббатын айтсаңызшы! Дария ғой... шалқып жатқан дария! «Жігіт жақсы болмағы – нағашыдан» деген, тегі, бекер айтылмаған.

Арыстан. Рас айтасың, уәзір! Басқаларды білмеймін, мен үшін нағашымның орны бөлек... асқар шың. Мейіріне ешқашан қанған емеспін. Бүйтіп жүргенім, шынын айтсам, сол кісінің арқасы! Ел иесіз қалады ғой, болмаса, әлдеқашан-ақ сонда көшіп кетер едім!

Маймыл. Ақылыңызға құлдық, хан ием! Сіз болмасаңыз, қиын ғой бізге! Сүйенер жалғыз арқа тірегіміз өзіңізсіз!

Арыстан. Рақмет, жарқыным! «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Жарты көңілімді бір көтеріп тастадың ғой жылы лебізіңмен. Ендеше, арттағы бар шаруа өзіңе аманат!

Маймыл. Алаңсыз болыңыз, хан ием! Басқан ізіңіз үшін жан пида. Ақ үмітіңізді ақтаймын!

Шалқалай басқан патша, жарамсақтана жорғалаған уәзір сахнадан шығып кетеді.

Екінші көрініс

Ну орман арасы. Әлгіндегі арыстан патша қоныс еткен көрікті ортаға Түлкі баласымен келіп қоныстанып жатады. Ар жағынан басқа да аңдар көрінеді.

Түлкі. О, қандай жақсы болды! Аз күн болса да Арыстан патшадан құтылып, еркін өмір сүретін болдық. Мынау баяғыдағы өз ата қонысым еді, қайта өзіме бұйырыпты. Мың да бір шүкір! Ендігәрі іргемді ажырата қоймаспын!

Дәл осы кезде сахнаға Маймыл уәзір шығады. Ол түлкіні көріп сасып қалады. Таяп келіп, аптыға тіл қатады.

Маймыл. Әй, қу түлкі! Мұнда қайдан жүрсің?

Түлкі. Қайдан жүруші ем? Ата қонысыма келіп, қоныстанып жатырмын.

Маймыл. Қайдағы ата қоныс? Бұл Арыстан патшаның жаз жайлауы, ең жақсы көретін қонысы ғой?

Түлкі. Әй, тексіз Маймыл, сен не білесің? Мұнда саған дейін де талай заман өткен. Жақсы қоныс болғандықтан Арыстан патша менің ата-бабамнан зорлықпен тартып алып, өздерін қаңғыртып жіберген. Енді естісем, патша алысқа сапар шегіп кетіпті дейді... содан келіп, қоныстанып жатқаным...

Маймыл. Патша ұзамай қайтып келеді ғой. Сенің мына бас-сыздығыңды көрсе, тірі қоя ма? Қорықпайсың ба?

Түлкі. Алдымен қоныстанып алайыншы, қалғанын көрерміз. Жолбарыспен де айқасып жүрміз, оған қарағанда Арыстан деген не, тәйірі?

Мына сөзді естіген Маймылдың зәресі ұшады. «Мынау, бәлкім, Түлкі емес, соның кейпіне кіріп алған басқа бір алапат аң шығар. Аман тұрғанда жөнімді табайын» деп тұра зытады. Арада аз-кем өтпей түлкінің күшігі сахнаға шығады.

Түлкінің күшігі(зәресі ұша). Әке, енді қиын болатын болды ғой. Маймыл ағай барып айтса, Арыстан патша келіп, біздің быт-шытымызды шығармай ма?

Түлкі(алаңсыз үнмен). Балам, саспа, Арыстан патша қазір алыста жүр. Пәлендей қауіп жоқ.

Түлкінің күшігі. Қазір алыста болғанмен, аз күннен кейін қайтып келеді ғой. Сонда сазайымызды тартқызады. Одан да осындай аман тұрғанда табанымызды жалтыратайық.

Түлкі. Саспа, балам, оған дейін бір амалы табылар.

Үшінші көрініс

Сахнада өзгермеген бірінші, екінші көрініс. Ну орман арасы. Оқтын-оқтын Арыстанның алыстан күркіреген айбатты үні келіп тұрады. Оны естіп Түлкі елеңдеп, күшігі шошына бастайды.

Түлкінің күшігі. Әке, Арыстан патша қайтып келген сияқты. Бір айла табам деп едіңіз, таптыңыз ба?

Түлкі. Саспа, балам. Келгенде, көрерміз.

Осы кезде Арыстанның даусы тіпті жақыннан естіле бастайды. Түлкі баласын шақырып, құлағына әлденелерді сыбырлайды.

Төртінші көрініс

Сахнадан Арыстан патша мен Маймыл уәзір қатар аяңдап келе жатады. Аз жүрген соң екеуі тұра қалып, алдыңғы жаққа құлақ түреді. Жылаған баланың дауысы естіліп, барған сайын күшейе түседі. Өздері көрінбейді.

Түлкі(дауысын көтеріп). Әй, балам, не болды? Неге жылайсың?

Түлкінің күшігі(өксік атып). Қарным ашты, әке.

Түлкі. Ар жағыңда ет тұр ғой, соны жемейсің бе?

Түлкінің күшігі. Жегім келмейді, әке. Ол ет қатып қалыпты.

Түлкі. Енді не жегің келеді?

Түлкінің күшігі. Арыстанның жас етін жегім келіп тұр.

Түлкі. Әй, сен де қайдағыны айтады екенсің...

Мұны естіген Арыстан қалт бөгеліп, елең ете қалады.

Арыстан. Бұл кім? Мынау бір қауіпті аң ғой. Қайдан келген?

Маймыл. Білмедім, хан ием. Осы жақында пайда болды. Өзі түлкіге ұқсағанмен, сөзі үлкен. Жолбарыспен айқасып көрдім дейді. Бірақ сіздей алпауыттың қасында түк бола қоймас...

Арыстан. Дұрыс қой айтқаның. Дегенмен сырын білмейтін пәленің сыртынан жүрмес болар. Анықтау керек, кім екенін.

Баланың жылаған даусы қайта естіліп, күшейе бастайды.

Түлкінің күшігі. Әке, ет жейім деймін...

Түлкі. Жей берсеңші, ар жағыңда ет көп қой... жолбарыс дейсің бе, қабан дейсің бе, бәрі самсап тұр ғой.

Түлкінің күшігі. Жоқ, оны жемейім. Ол қатты. Менің Арыс-танның жас етін жегім келеді.

Түлкі. Әй, сен де қайдағыны айтып. Арыстанды қайдан табам енді?

Түлкінің күшігі (жылауын одан сайын үдетіп). Білмеймін. Бірақ менің Арыстанның етін жегім келеді.

Түлкі. Онда... тұра тұр. Маймыл деген досым осы маңда жүрген бір Арыстанды осында алдап алып келмек еді, келіп те қалған шығар, көрейін...

Мұны естіген Арыстан қасындағы Маймылға ажырая қарайды. Маймыл сасып қалады.

Арыстан. Әй, опасыз Маймыл, сен осындай ма едің? Сатқындық жасайтындай менен не жамандық көрдің? Ақыр опа қылмайды екенсің, онда өз қолыммен жайратайын сені!

Арыстан Маймылға тап береді. Маймыл тұра қашады.

Екеуі іркес-тіркес құйғытып сахнадан шығып кетеді.

Бесінші көрініс

Ну орманіші. Ата қонысында Түлкі баласымен мәре-сәре болып жүреді.

Түлкінің күшігі. Әке, сіз қандай ақылдысыз? Арыстан патша-ның өзін жер түбіне қуып тастадыңыз ғой!

Түлкі(масаттанып). Е-е, балам, біз секілді кішкене аңдар кейде ақылына сүйенбесе болмайды. Басқа сенер кіміміз бар біздің? Ешкіміміз жоқ. Сонан соң, балам, аса маңыздысы, әрбір күшті аңның өзіне тән әлсіздігі болады, соны дәл басып табу керек. Сонда аяқ астынан күштіге айналып шыға келесің. Соны ұмытпа!

Түлкінің күшігі. Сонда Арыстан патшаның әлсіздігі не, әке?

Түлкі. Зор аңдардың көбінде қасындағыларға сенбейтін  күдік-шілдік болады.

Екеуі бірін-бірі қуып, асыр салып шығып кетеді.

Соңы


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз