Өлең, жыр, ақындар

Көңілден өшпес бір бейне

Ат тұяғын қағар томар жоқ әйдік дала төсінде жарысып келеміз. Мінгеніміз көмпіс тұғыр емес, кекілін жел тараған ту құйрығы бір тұтам желқабыздар. Айғайға еліріп, андағайдай екпіндеп келеді. Бұл даңғазасы құлақты тұндырған қаладан, өз төлінен жеріген тұмса саулықтай, қаланы жат көріп ауылға келген шағымыз еді. Бір-бірімізге айта алмайтын, бір-бірімізден сұрай алмайтын жанның жарасын даланың желіне жалатып келсек деген ақ үрпек арманның орындалған тұсы еді. Бар мұңды, бар ашуды, ішкі назалық пен құсалықты терге бөккен ат екпінімен жумақшымыз. Көзіміздегі сыр ұшқынын айттырмай білеміз. Жанарымыздан «туған жердің қысы-ай» деген от ұшқыны алаулайды. Менің де есіме туған жер оралды.

...Сол жылы да қар қалың түскен аспанның исінді болған қысы еді. Ауыл қарттарының айтуынша «бұл қыс пәлен жылдан бері болмаған қыс еді», «бұл қыс анау жылғы пәленшенің отары ауылға жете алмай түгелімен қырылып қалған қыстай болды» деген жырға бергісіз аңызды қыс болды. Жастар ауыл сыртындағы шаңғы майданына жиналатынбыз. Мұрнының маңқасын жия алмайтын балалық шақ емес, дегенмен бозбала қатарына ілінген кезіміз. Аққудың көгілдіріндей көз тарта бастаған қыздардың сырғасының сыңғырынан сыр ұрлай бастағанбыз. Сөзден зергерлік ұстаған жігіттер тобымыздың тоғанағын әзіл сөздерімен жандырып келеді.

Сырғанап келеміз, жарысып келеміз. Мәз-мәйрам, арқа-жарқа дыр-думан. Бұл шақта бөлініп-бөлініп арамызда селдірей бастаған. Етекке ағызып келе жатып қалың қарға екбетімнен жығылдым. Менің қасыма, жақындау араға келіп ақ сары жүзді қызда бұрқ ете түсті. Қалың қарға, суға сүңгіген қаздың балапанындай тоғытылып барып қайта шыққанда, қар асытнан хор қызы шыға келгендей елестеп кетті. Екеуміз оңаша қалыппыз. Қар-қар болған бетін сүртіп, жымия қарады. Мен де ыржиған болдым. Қыздың жымиысы маған әлем күліп тұрғандай әсер етті.

— Қарға әдемі сүңгиді екенсің көлде жүзгендей, — деп қалжың қыстырдым.

— Сіз сияқты жығылып жатқаннан малтаған әлде қайда артық қой. Сөз осымен тамамдалды. Жоғарыға үнсіз өрлеп келеміз.

— Шаңғыңызды беріңіз, мен көтеріп алайын, шаршайсыз ғой.

— Екеуінде сіз көтеріп, мен бос жүрсем бұл теңсіздік болмай ма?

— Өмірде әр қашан теңдік болмаған.

— Бұл әлде қашан әксиомаласып болған пәлсапа. Деседе әуелде теңдік пен әділдік жаратылған. Тек, біз, адамдар өзіміз қолдан теңсіздік пен әділетсіздік жасаймыз. Бейне сіз сияқты екі шаңғыны бір адам арқалап, мен сияқты бір адам бос жүреді. Ақ сары қыз екеуміз сілбір жаңбырдай ілбіп басып келеміз.

— Мен сөйлемеймін бе десем, сіз менен өткен үндемес екенсіз,- деді бір кезде.

— Сөйлесем тағы қателесем бе деп қорқамын, - дедім. Оны сөйлеткім кеп әдейі осылай дедім.

— Онда сіз қауыпты адам екенсіз.

— Неге? Бетіне бажырая қарадым, тағы қай жағымнан орап кетер екенсің деп.

— Мен үшін дүниедегі ең қауыпты адам қателеспейтін адамдар. Мен қателесуді білмейтін адамдардан қорқамын. Өйткені қателеспеген адамдар дұрыстың көзіне түзу қарай алмайды. Осы кезде барып қызға сөйлеуден қырман алған оңай екенін білдім.

Ақ сары қыз екеуміз шаңғы алаңының басынан төмен қарай құйғытып келеміз. Ол алды да, мен өкшелей қуып келем. Бұл шақта бір-бірімізге үйренісіп қалғамыз. Оның шаңғысынан ұшқан ақ түйіршіктер бетіме келіп соғылады. Жұп-жұмсақ ақ түйіршіктер... бұл оның шаңғысынан ұшқан қар ұшқындары емес, ұлпа деміндей болып білінеді маған. Сырғанап келемін, іштей сыр түйіп келемін.

— Сонша қуғаныңыз не? Біз жарысбаған едік қой?

— Өмірде бір-ақ қызық бар. Ол қуғаныңды демалтпай қуа беру.

— Қызық екенсіз, бірақ сөзіңіз ұнамды.

Қозы мінезді қыздың қылығы өзіне елітіп барады. «Әдемілікті бағалау үшін ғана жаратқан. Мен адамның көңілі емес, күздің құлаған жапырағы туралы да ойланамын. Өзімді ешкіммен салыстырғым келмейді, тіпті сені де солай, өйткені мен өзге бола алмаймын, өзге мен бола алмайды. Тіпті сен болу ешкімнің қолынан келмейді. Әр таудың өз биігі, өз ұлары болғаны сияқты, әр адамның да өз ерекшелігі бар. Қанша адам болса сонша мінез болады. Тек сол дара мінезімізді жоғалтып алмайық», — деймін іштей.

Ақ сары қыздың алма жүзі талай күнге дейін жадымнан шықпай уақ-уақ ойыма оралып жүріп, кейіннен бірте-бірте өшкіндеп кеткен, өшкен, ұмыт болған. Сол кездегі қыздың елесін ойымнан өшіруге тырысқаным балапанын жылы жаққа алып ұшқан ата аққу мен ана аққудың жан арпалысынан еш кем болмап еді. Бірде досым мынадай қызық аңызызға бергісіз әңгіме айтып берген. Қоңыр күз келіп, ағаш жапырақтары сарғайып, дала жаялықтана бастағанда жыл құстары өңтүстікке, жылы жаққа қоныс аудара бастайды. Аққуларда солай, оларда ауа ұшады, бірақ аққулар шайдай ашық күні емес ақ түбіт тұмандар түскен күні жылы жаққа бет алады екен. Аққулардың тұманды күні қоныс аударуы да тектен-текке болмаса керек. Алты ай бойы осы жақты мекендеп, ұя басып шығарған балапандары ұясын, кіндік жүртін қия алмай, көкке көтеріліп барып ыра төмен құлдилап, қайта ұясына қонып алады. Сондықтанда аққулар тұман түсер сәтті асыға күтеді. Дәл тұман түскен күні балапандарын бірге алып көкке көтеріледі екен. Сонда балапандары ұясының қай маңда қалғанын тұманда парықтай алмай еріксіз ата аққу мен ана аққуға еріп отырады. Міне машақат деген, міне жан арпалыс деген. Менде оны ұмыту үшін уақыт тұманын асыға күткем...

Шырмауықтай шырмаған ойлармен өткен шақтың елесін қуып кеткен мен, атымның ақырын жүріске ауысып, аяғын санап басып келе жатқанын да сезбеппін. Тек алдыға, алысқа озып, ұзап кеткен екеуі қайырылып келгенде барып бірақ есімді жидым. Аттары сабынды суға шомылғандай ақ көбік. Көптен бері құрғақ беде жеп көбең семізденген аттар солқ-солқ етіп, ауыздықтарын қарш-қарш шайнайды. Қала қапырықтарын түгелдей сілкіп, тозаңнан арылғандай екеуінің көңілдері тау қопарып, жау құлатып келген жасауылдай көтеріңкі.

— Сені қандай ой қамап алды? Мынау далада, мынау кең жерде, мынау аппақ өлкеде біз қайғыны ойлауға тиіс емеспіз. Өмір деген киелі де күйелі мектепің жанымызға жұқтырған кеселдерін ат шабысымен жуып, дала самалымен желпуіміз керек. Ботасынан айырылған боз інгендей бебеулеген буаз ойларға берілме... өзіңді-өзің аршы құсалықтан. Өзіңді-өзің сергітпесең, сенің айдарыңнан аймалап, кекіліңнен сипар ешкімің жоқ бұл жақта...ешкім де сенің аяғыңның балшығын тазалап бермек түгілі кірпігіңнің шаңын да қағып бермейді. Шап ,бауырым, бұндай сәт күнде туа бермейді,- деп ол аттың басын қайта қоя берді. Жел қанат жылқы да шауып тұрмаса шау тартып қалады ғой, осындай бір ұзақ шабысты аңсаған аттар тізгіннің босауын күткендей ағыза жөнелді. «шіркін туған жердің қысы-ай, сені де көрмегелі, сенің сықырлаған қарыңды керзі етікпен сықырлатып баспағалы да жылдар аунады ғой» деп тағы да ойларға берілдім. Сол ақ сары қыз есіме түсті. Мүмкін ол мені сол шаңғы майданынан қайтқан күні ақ ұмытқан болар. Бірақ өзін ұмыту үшін көп азаптанған, тіпті шекара аттап кетседе, осынау шақта өзін еске алған бір жан барын білеме екен ә? Туған жерден де, туған елден де махаббаты оттылау дүние болады екен-ау осы өмірде.

* * * *

Далада ақ түтек боран ұлып тұр. Далан үйдің әйнексіз терезесінен жел аңырайды. Екеуі шырт ұйқыда. Күндізгі ат соғып тастаған денелерін көтере алмай тұяқ серіппей ұйықтап жатыр. Ал менің көңлім ақ түтек даладай аласапыран. Азынаған боран мазаң ойларымның пердесін жұлқылайды.

...Рас, мен сені шын сүйдім. Тау балдырғаны секілді балғын балалық махаббаттың жанға салған жарасының ауызы қара қотырланып, өлеттеніп келе жатқанда сен жолықтың. Сонау бір жылдары өз қолыммен бауыздап қабірге көміп кеткен бақытым, әлде бір тылсым күштің құдыретімен тіріліп, қабырінен қарғып шыққандай болып еді. Қысқы ұйқыға кеткен хайуанаттардай тыныш, қыбырсыз жатқан сезімімнің қобызына қыл ішек тағып күңіренте шалдың. Пердесін аялы саусағыңмен аялай бастың. Қорқыттың «Ел айырылғаны» ма? әлде ботасын іздеген «Бозінген» даусы ма? әлде «Көңіл толқыны» ма? Белгісіз әуен кеудемде шертіліп, мың жылқы шауып өткендей дүрсілдетіп еді. Неге екені белгісіз, бұлттан шыққан күндей жарқырап жолыққаныңмен, санамда қараңғы түнекке кірген жолаушыдай мұңлы ырғақ бар болатын. Өйткені мен сөнгеніне жылдар аунап кеткен махаббаттың қайта айналып бір соғарын білмеген едім. Көзімде күйіп өлген сәуле, көңілімде қара топыраққа көміліп қалған із, ерінімде ызғар соғып, солған гүлдің табы, жүрегімде уәдесінен тайып, дидарын ғайып қылған жанның табыттай суық ізі бар еді. Кейде жоғалып кеткен жанның қайта айналған елесі шығар деп те ойладым. Бірақ бәрі керісінше екен. Сен тағдырымның қараңғы даласына Прометей алауын жағып түскен жан екенсің. Сен бала қайыңнің жапырағындай ніліңе құрттың аяқ ізі түспеген кіршіксіз ақ, адал жан екенсің. Содан да болар мен өзімді толқып жатқан айдынның тұңхиық иріміне өзін лақтырған ақ сазандай құлап едім. Үзіліп кеткен бағымның жібек жібін қайта жалғап едім...

Дала ат құлағы көрінбес ақ түтек. Тек құтырған боранның улі мен жұптасар шағы болып ұылған шиебөрілердің ащы даусы құлаққа жетеді. Ішкі үйдегі екуінің қорылы төбені түсірердей. Қамсыз ұйықтауда бір бақыт. Мен тағы буаз бұлтты ойлар шүңетіне шөге бастадым.

Түндегі боранның да долылығы басылған. Орнынан тұрған екеуі мынау аппақ далаға басқаша жанармен, басқаша сезіммен қарайды. Ұлпа қарда ештеңенің табы жоқ. Әлі аяқ ізі түспеген қар көз ұялтады. Өткенгі іздерді жауып, даланы тазалап тастаған. Меніңде санам тазарған.

Әлде қайдан шыққан қоян ақ қарда жүйткіп барады. Үшеуміз атқа қондық...ақ қар тағы шимайланды. Үш аттың сойдақ-сойдақ ізі қалып барады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз