Өлең, жыр, ақындар

Не үлкен?

Бір кедейдің үш баласының ортасында мал дегенде бір жалғыз өгізі болыпты. Өгіз орасан үлкен екен. Өгізді оттату үшін үлкені — басына, ортаншысы — беліне, кенжесі құйымшағына мініп, оттанады екен. Бір күні жайылымда жүргенде, өгіз оттамай қалыпты. Құйымшағында отырған кенжесі:

— Өгіз жапаламағалы бүгін он күн болды, осыны орта белдегі ортаншыға айта салыңыз, — деп, жанынан өтіп бара жатқан бір жолаушыға тапсырыпты. Жолаушы ұзақ күн жүріп, кешке қонаға өгіздің белінде отырған ортаншыға жетіпті. Жолаушы оған кенжесінің сәлемін айтса, ортаншысы:

— Осы өгіздің бүйірі орталанып, іші қабысып бара жатыр ма деп, өзім де күдіктеніп отыр едім, осыны өгіздің басындағы ағамызға, бара қалсаңыз, жолдан айта кетерсіз, — депті.

Жолаушы түнімен жүріп, таң ата өгіздің басына жетіп, өгіздің басындағы балаға:

— Мен осы өгізді өрлей, ат шалдырмастан дамылсыз бір күн, бір түн жүріп келемін. Құйымшақтағы кенженің өгіз жапаламағалы он күн болды деп, ортаншыңыз өгіздің бүйірі орталанып, іші қабысып бара жатқанын байқап отырмын деп, саған сәлем айтты, — дейді.

Сонда өгіздің басындағы бала:

— А, өгіз шөлдеп жүр екен деп, су іздепті. Мөлшерлі жерден өгіз қанарлық мол су таба алмапты. Енді кейін кетіп бара жатқан бір жолаушыға өгіздің басындағы бала тапсырыпты:

— Өгізді суаруға көл іздеп барамын, ортадағы ортаншыға әдейі жолығып айтыңыз, өгізді тездетіп тебінсін, — депті. Жолаушы жүріп отырып, шаңқиған түсте өгіздің белінде отырған ортаншыға келіп, ағасының тапсырғанын айтыпты. Онда ортаншы бала:

— Ендеше ерте барсаңыз, құйымшақтағы кенжемізге айта салыңыз, қаузап, қамшылай түссін, — депті. Жолаушы күн ұясына кіре өгіздің құйымшағындағы кенжесіне жетіп, ортаншының тапсырғанын айтыпты. Сонда басында отырған бала өгізді айдын шалқар көлге әкеп суғарыпты. Өгіз үлкен көлді үш-ақ ұрттап, қанбай қалыпты. Үшеуі өгізден түсіп тұрғанда, аспаннан бір ақиық бүркіт келіп, өгізді іліп әкетіпті. Өгізді алған бүркіт айналып ұшып жүріп, бір бәйтерекке қонса, ол бәйтерек бір серкенің мүйізі екен. Серке мүйізін шайқағанда, серкенің сақалында көлеңкелеп жатқан бір шалдың көзіне өгіз түсіп кетіпті. Шал көзін уқалап кемпіріне:

— Көзіме бір шөп түсіп кетті, арылта қарап, алып тасташы, — десе, кемпірі әрі қарап, бері қарап, таба алмай, әдейі арылта іздеуге сары атқа мінгізіп, қолына сабау ұстатты, салт атты кісі жіберіпті. Бұл кісі өгізді үш күн қарап, әзер тауып, көздің көліне түсіп, арам өлген жерінен тоқымға салып, сүйретіп, шығарып тастапты.

Екі-үш жылдан кейін өгіздің өлексесіне шөп шығып, сүйегі солқылдаған саз болыпты. Жауырын сүйектің жазығына ел жайлап, мал жайылатын өріс болыпты. Бір күні отырған ауылымен, жайылған малымен жауырынды бір түлкі сүйрей ала жөнеліпті. Ауыл адамдары бәйге атпен, қыран, тазымен жабыла қуып жүріп, түлкіні соғып алыпты. Түлкінің терісін илеп, бәйбіше баласына тұмақ қылып берсе, бір құлағына жетіп, бір құлағына жетпей қалыпты.

— Айтыңдар, балалар, кім үлкен?


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз