Өлең, жыр, ақындар

Жасырынбақ

Алқаракөк аспанның аясына қоныс тепкен Қаракөз ауылының қиыр бетіндегі қалың ағашты бақтың ішіне бес-алты бала әлгінде ғана жиналған еді. Түс қайта табын алдынан шығатын әдетімен олар бұл жерге бас қосады.

Бақтың құбыла  бетінде жан-жағын құрақ көмкеріп, мөлдірлігінен түбі көрінген, Үйреккөл жатыр. Қаракөздің суы сылдырай ағып, осы бір ойпаңға құйылып, көлге айналады да, арнасынан асқаны жарқабақты тоғанға түсіп, кер даланы аралап, Жайылма алабына қарай жол шегеді. Үйреккөлдің суының мөлдір болуы да сондықтан шығар. Көлдің жағасы таяз болғанмен, ортасы түйе бойламас терең. Бірақ балалар үшін бұл тереңдік Барсакелмес емес. Тесілген автомашина ішектерін бүтіндеп, үрлеп алып, жүзіп, жарысып жатқаны. Ол көліктерін де үйлеріне алып қайтпайды.Себебі Үйреккөл олардың меншігі. Ешкім ұрламайды. Әуелі жағалыққа кәдімгідей байлап кетіп, «қайығымыз» деп мақтанатынын қайтерсің.

Бүгінде Қабанбай батыр көшесі мен Жібек жолы көшесінің балалары уақытында келді. Суға шомылып, біраз уақыт «Сүңгуір» ойынын ойнады. Мұндайда ептілігін танытып, жақсы сүнгитіндердің мерейі үстем. Асқар деген балаға басқалары сүңгіп қашып, ұстатпай, біраз әуре-сарсаңға салды. Ызаланған ол жағаға шығып:

— Ойнамаймын, — деді аузын бұртитып. Асқардың ағасы әскери ұшқыш. Ауғанстан жерінде де болып, талай ерлік көрсеткен. Әлтай ағасы белгілі спортшы. Республикада күрестен жеңімпаз атанып, сонау Мәскеуіңе бірнеше рет барып қайтқан. Айбек ағасы да оңай шағылатын жаңғақ емес. Сегізінші класта оқыса да волейболдан құрама команданың капитаны. Бесінші класта оқитын ағасы Мұхит та күй тартқанда алдына жан салмайды, елді аузына қаратады. Кенжесі осы Асқар ғана солбырлау. Бойы да кішкентай. Өзі нәзік. Балалар оның ағаларын сыйлағаннан ба, кім білсін, Асқар деген де жаны бөлек. Әдейі  ашуландырғанмен, жеме-жемге келгенде оған бөбектей қалады. Көмектесуге дайын тұрады.

— Асқардың ойнағысы келмейді. Жүзіп жарысайық, — деді Шалқар.

— Бәрің менен жақсы жүзесіңдер, — деді өкпелеп келіспеген Асқар.

— Резина ішекпен арғы жағаға дейін күш сынасайық, — деді Адай.

— Ол да болмайды. Сендердің көліктерің менікінен үлкен. Тағы да артқа тастап кеткілерің келеді ғой.

— Жасырынбақ, әйтпесе он екі таяқ ойнайық, — деді Мейрам. Бұл жолы Асқар үндемеді.

— Міне, дұрыс, кәне, он екі таяқ жинайық. Баққа барайық, — десті. Үш-төрт бала топтан бөлініп, қармақ салуға бет түзеді.

— Асқар тағы да күзетші болары анық, — деді Мейрам кекетіп.

— Оны көреміз, — деді ызаланған Асқар.

Қалың ағаштың ішіне топтаса кірген олар әп-сәтте алаңға жиналды да ойын басталып кетті.

Бір дегенім білеу,
Екі дегенім егеу,  
Үш дегенім үскі,  
Төрт дегенім төсек,  
Бес дегенім бесік,  
Алты дегенім асық,  
Жеті дегенім желке,  
Сегіз дегенім серке,  
Тоғыз дегенім торқа,  
Он дегенім оймақ,  
Он бір қара жұмбақ, — деп Елдос санай жөнелген еді, қас қылғандай ең соңында күзетшілікке Мейрам қалып қойды. Он екі таяқ бір қызық ойын. Кішігірім кесектің үстіне ұзынырақ таяқша қойып, бір жағына он екі қысқа таяқтарды жинап, екінші басын бос қалтырады. Ойын басталған кезде балалардың бірі көлденең таяқтың бос басын басып қалады да, таяқшалар жан-жаққа ұшып кетеді. Күзетші шашылған таяқтарды жинап, бұрынғы қалпына келгенше, балалар жасырынып үлгіреді. Күзетші енді оларды іздеуге кіріседі. Егер көріп қалса, таяқшалар тұрған көмбеге байқап үлгірген баланың есімін айтып жүгіруі керек. Осылай бар жасырынушыларды іздеп тапқан соң, соңғы бала күзетші атанады. Таяқшалар тағы да жан-жаққа ұшады да, ойын ары қарай жалғасады. Ал егер балалардың бәрін іздеп тапқанша жасырынған балалардың ішінен бірі күзетшіден бұрын көмбеге жетіп, таяқтарды шашып кетсе, күзетші қайтадан күзетке кіріседі.

Таяқтарды баппен жинап, екі қолын бір-біріне үйкеген Мейрам құс аңдыған аңшыдай көзін қолымен көлегейлеп, жан-жағына бір қарап алды. Бұл сәтте балалар күзетшіні қапы қалдыруды ойлап, жан-жақтан көмбеге көзін тігіп жатты. Тек байқалмаған Асқар ғана еді. Толықша келген Елдос арықтан аттай беріп, жотасы көрініп қалды. — Елдос, бері шық. Тфу, — деп Мейрам алғашқы олжасын сұқ қолымен көрсетіп.   Мейрамның сөзінен соң Елдос шөп арасынан шығып күзетшіге жақындап келді.

— Әу, балалар. Мені құтқарыңдар. Мына достарың қолға түсіп қалды, — деп дауыстады. Мейрам көмбеден алыстаңқырай барып, жасырынғандарды табуға әрекет жасады. Күзетші үшін ең қиын сәт те осы. Қалт жіберсе, тағы да таяқ жинап, күзетшілікке кіріседі.

— Әне, Адай, — деді көмбеге зыр жүгіріп келіп түкірген Мейрам.

— Ағаштың басында отырсың. Адай амалсыздан көмбеге жақындап келді.

— Балалар, мен үйрек дегенде көмбеге қарай жүгіріңдер. Ұя дегенде былқ етпей жатыңдар, — деді Адай жан-жағына дауыстап. Әлі де жасырынып жатқан үш бала бар.

Мейрам көмбеден ұзай бастаса Адай:

— Дайындал, үйрек, — деп дауыстады. Бұл сәт Мейрам көмбеге қарай жүгіреді. Қу жанын шүберекке түйіп әлек. Қолға түскен екі бала Мейрамды мазақтап күле бастады. Көмбеден екі-үш қадам жерде трактордың ескі майқұйғыш багі жататын. Әлде кім жан-жағын кестіріп кәкүр-шүкір тартатын шана жасапты. Бір сәтте Мейрам төңкеріліп жатқан бактің үстіне шығып жан-жағын қарауылдай бастады. Жыбыр еткен ешкім жоқ.

— Меке, — деді Елдос шиқылдай күліп.

— Тайым өрістен қайтатын болып қалды.

— Әлі ерте емес пе, — деді дүңк еткен Мейрам.

— Дегенімен күзетші уақытты созбау керек, — деді Адай Елдосты қостап.

Бір кезде намысына тиген, Мейрам енді көмбеден ұзап шыға бастады. Алғашқыда есік пен төрдей жерде бұқпантайлап жатқан баланың бет-жүзін көре алмай, кім екенін ажырата алмай көмбеге қайтып оралды.

Әдетте жасырынушы баланың аты-жөнін дұрыс айтпаса, күзетшінің қайтадан күзетші атанады. Ойын тәртібі. Ақыры Мейрам жасырынған балаға қайта жақындап келді.

— Әй, батыр әкесі, сен кімсің ей, — деді Мейрам жырқ-жырқ күліп. Жасырынған қос баланың да көйлегі ақ. Атынан шатысын кетуі оп-оңай.

— Әй, бала. Үндемесең үн шық, Үйреккөлге тұншық, — деді Мейрам сақылдай күліп. Сөйткенше жотасы көрініп жатқан баланың бүкіл денесі селкілдей бастады. Мейрам жасырынушының қыстығып күліп жатқанын анық байқады.

— Қытық, қытық. Күле ғой, балақан, — деді Мейрам. Сөйткенше Шалқардың қарқылдай күлгені естілді. Мейрамға да керегі сол еді, көмбеге қарай ұшып жөнелді. — Шалқар шыға ғой. Өзінен-өзі күлген таңқар қара қалың мияның ішінен шығып келе жатты.

— Енді екеуің қалдың. Тұтқынға түскен үшеуміз, құтқаруларың керек. Ұя, — деді Адай дауыстап. Мейрам он екі ағаш жатқан белдеу таяқты дұрыстап қойып, іздеуге аттанды. Асқар мен Айдостың қайда тығылғаны беймәлім. Уақыт өтіп барады. Күн еңкейе бастады. Ыстық лебі қайтар емес.

— Асқар тағы да күзетші боп жүрмесін, — деді Мейрам ыржия күліп. Сөйтті де трактор багінің үстіне шығып, ауық-ауық секіріп, жан-жағына бұрыла көз салды. Кенет құбыла беттегі қарасораның түбінің қозғалғанын байқап қалса керек, жүгіре басып, көмбеден ұзай, солай қарай жүгірді.

— Үйрек, — деді Елдос дауыстап Мейрамның көңілін аудармақ ниет танытып. Бірақ күзетші алған бетінен таймай, қарасораға қарай жақындай түсті.

— Әй, жатқан бала кім болсаң да жекпе-жекке шық бері! Қазақтың атақты батыры Мейрам сені шайқасқа шақырып тұр, — деді қуақылана дауыстап. Әншейінде әзілқой, тілі мірдің оғындай Мейрамның мұндайда жанып түсетін шағы.

— Араша, араша. Арашаға көнбесең, көрсетемін тамаша. Қарасора түбі жыбырлай бастады.

— Бәсе, батыр деген жанкешті болушы еді. Намыс қайда, намыс. Шыға ғой. Кіреукелі тон киген батырым.

— Ах, ах, — деп сыбызғыдай сыңғырлап күлетін Айдос.

— Түу, Мейрам-ай, мылқауды сөйлетерсің сен. Мейрам әдеттегідей — Айдос, кәне, бері шық, — деді  
көмбеге түкіріп.

— Тұтқынға қалмақтың төртеуі түсті. Енді әлгі бас батыр Асқар қай жерде найзасын бекем ұстап, мені күтіп жатыр  екен, — деді балаларды ду күлдіріп. Сөйтті де әдеттегідей бактің үстіне шығып, секіріп-секіріп алды. Тек сонау түкпірде ғана, торғайлардың құйқылжыта шықылықтағаны естілді.

— Әу, сол батыр менен қорқып үйіне тартып тұрмасын, — деді  Мейрам мырс-мырс күліп. Бірақ бұл жолы балалар күлмеді.

— Қамшысы әне жатыр, — деді Елдос.

— Асқар, Асқар үйрек десем көмбеге, ұя десем орныңнан қозғалма. Мына қолға түскен бейбақтарды құтқарып қалуға тырыс, — деді Шалқар тағы бір ескертіп.

Мейрам әлгіндегідей емес, өзіне-өзі сенімді көрінеді. Көмбеге қарай қатар жүгірсе, Асқардан оқ озым алдыға кетуге жүйріктігі бар. Асқардың жайы белгілі. Сылбыр, әлжуаз, бойы бәкенедей. Оның үстіне жалғыз жасырынушы.

— Асқар, бар үміт сенде. Асықпа. Сені кішкене іздесін, — деді Мейрамды қорқытпақ болған Шалқар.

— Ә, сол Асқарың күзетші атанып, тағы да өкпелеп елдің есін шығармасын, — деді Мейрам мырс етіп.

— Әліптің аяғын күтейік, — деді Айдос әлі де үмітті екенін білдіріп.

Мейрам сәлден соң еркінси бастады. Әлгінде Айдос жасырынған қарасораны тінтіп шығып қайта оралды. Бұл екі ортада Елдос:

— Үйрек, үйрек, жақын жатсаң көмбеге қарай құйындат, — деп бар даусымен айқай салған. Бірақ Асқар көрінбеді..

— Бұл үйіне қайтып кетті, — деді Мейрам күліп.

— Мүмкін емес. Атасының қамшысын жоғалтса, алар жазасы белгілі ғой.

— Ұйықтап қалмасын сол жазған, — деді Мейрам тағы.

— Тух, сен де. Азар бүгін бірдеңе көрінсе де, тападай тал түсте ұйықтап не көрініпті. Асқар жасырынып  жатыр. Мен көріп тұрмын. Онан да сөзді көбейтпей, ізде, — деді Елдос.

— Қап, мынаның қорлығын-ай, — деді Мейрам екінші бір тұсқа асықпай, аяңдап бара жатып.

— Жер жұтып кетті ме, мұны. Мейрам, ұзай топ болып тұрған балалар бір-бірімен күңкілдеп сөйлесе бастады.

— Мен білсем, Асқар көлге кетіп, шомылып жүр. Әлгіңде екеуі текетірескенін көріп қалғам, — деді Шалқар.

— Елдос, сен көріп келші.

— Мүмкін емес, — деді Айдос қарсы шығып. Ол үйіне де кеткен жоқ. Мейрамды қапыда қалдырады. Қара да тұр осыдан.

— Әй, білмеймін, — деді Адай.

— Бәрін айт та, бірін айт. Тұтқыннан құтылып, тағы да жасырынсақ екен, — деді Елдос.

Бұл сәт Мейрам қарауылдап қайтып оралған.

— Ұшты-күйлі жоқ, — деді бұрқылдай ашуланып.

— Сол шіркін бір нәрсеге ұрынбасын.

— Е, қойшы. Ол жасырынып жатыр, — деді Шалқар мен Елдос.

— Бәс, — деді Мейрам.

— Бәс, — деді Елдос қолын ұсынып.

— Жеңілсең не бересің?

— Сұрағаныңды аямаймын.

— Онда жаңа резина ішегің менікі, — деді Елдос.

— Ал, сен ше?

— Не сұрайсың?

— Шетелдік кедаңды бересің, — деді Мейрам.

— Айдос бері кел. Қолымызды кес. Балалар куәсіңдер той. Жауап орнына олар бастарын изеді. — Асқар. Асқар сенің құның өсті.

— Мына Мейрамнан бір өшіңді алшы. Ылғи сені кекетіп, мазақтап, есіңді шығарушы еді, — деп дауыстады Айдос. Әлгіңдегідей емес. Мейрам шыжбалақтай бастады. Қадамын ширақ алып ары-бері жүгіріп есі шықты. Асқардан еш хабар жоқ.

— Ол бізге білдірмей үйіне тартып кетті. Кедаңды дайындай бер, — деді Мейрам көзін ойнақшытып.

— Оны көреміз, — деді Елдос сөз қағыстырын.

— Қазір соңғы рет бақты айналып келемін. Табылмаса сен жеңілдің, — деді де тістенген Мейрам бақтың түкпіріне қарай жүгіре жөнелді. Шалқар да бұл сәт ойланып қалды. Шыңдығында Асқардың осы бір сәтке дейін жасырынып жатуы мүмкін бе? “Көрінсе керек еді ғой”, деді ішінен күбірлеп. Сөйтті де бар даусымен: «Асқар, көмбеге қарай ұш, — деп айқай салды. Өзіне нық сенген Мейрам тіпті бұрылып та артына қарамады. Бұл тірлігі Шалқарды ойландырып тастады. Елдос та әлде не деп күбірлейді. «Қап, мынаны-ай. Жасырынса шықпай ма екен?»

— Елдос, осы сен бәстен жеңіліп қалар ма екенсің, — деді Жандос қаупін айтып.

— Асқар үйіне кетіп қалуы мүмкін-ау. Бұл екі ортада балалар күтпеген жай болды.

— Әй, ана бак жыбырлайды, — деді ойда жоқта Шалқар таңырқап. — Ия, дәп солай.

— Мына қызықты қара. Бұл сәт бода-бода боп терлеген, шашы жалбыр-жұлбыр тәмпіш қара бала, бакті орнынан көтере тұрып келе жатты.

— Асқар, жарайсың. Мейрамды қатырдың, — деді алғашқы боп құшақтаған Елдос.

— Ғажап! Сені бұл жерге жасырынады деп кім ойлайды, әуелі. Мейрам осының үстіне шығып секірген жоқ па, — деді күлген Айдос.

— Ау, Мейрам, іздегенің табылды. Қайт кейін, — деп дауыстаған Елдос.

— Ойпыр-ау, мына қапырыққа қалай шыдадың, Мейрамды көріп жаттың ба, — деді Шалқар.

— Бектің тесігі бар екен. Содан сығаладым. Бәрі көрінеді. Сендерді құтқарғым келді. Оның үстіне мазақтағаны үшін жазаладым. Әлі де жата тұрайын деп едім, ыстықтап кеттім, — деді Асқар.

— Мейрам екеуміз бәстесіп, мен жеңдім. Енді оның жаңа резина ішегі сенікі. Рахмет, — деді Елдос, арқасынан қағып. Бұл сәт күзетші де жақындап келген. Шалқар ағашты басып қалып еді, таяқшалар жан-жаққа ұшты. Балалар әр тұсқа қарай асыға жүгіріп бара жатты.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз