Өлең, жыр, ақындар

Әжемнің әңгімесі

Дәл сағат он екіде кездесу басталып кетті. Алғашқы сөзді жарытылыс тану пәнінің мұғалімі Қалибай Жұмабекұлы алған:

— Балалар ауыл бағына бір уақыт көз салыңдаршы. Күннен  күнге тозып барады емес пе. Ағаш ауыл көркі, сәні. Табиғатты қорғаудың өзі осы бақты сақтаудан бастау керек, — деді ол. Сонан соң Арал теңізінің құрып бара жатқанын, Балқашқа қауіп төнгенін күйіне әңгімелегенде жанымыз түршікті. Соның әсері ме Нұрсейіт деген бала орнынан атып тұрды да:

— Ағай, дұрыс айтады, балалар, — деді дауыстай сөйлеп.

— Біздің бақты да қырып жатыр. Анау интернаттың кішкентай балалары, ағаштың басына шығып, бұтақтарын сындырып бітгі.

— Ол ол ма, елдердің шауып отынға тартқаны қанша,— деді екінші бала.

— Күзетшісіне көрсетпей бәрін түнде жасайды, оңбағандар. Әнеу күні көрдім, анау бақтықң алма ағашты алабынан үш түбін қазып алып кетті,— деді Асқар деген бала.

— Мен өтірік айтпаймын, балалар. Өздерің де байқап жүр екенсіңдер ғой, — деді Қалибай мұғалім.

— Ендігі сөзді Өрік әжеге береміз. Шашы бозаң тартқан, жүзі шалбар-шалбар қарт әже биылғы жылы сексеннің тоғызына шыққан екен.

— Балалар, — деді ол қолын көтеріп.— Мыналарың көкейге қонатын сұрақ екен. Бәріміз қарттың аузына қарап үнсіз қалдық.

— Иә, балалар. Менің сендерге айтар әңгімем ертегіге ұқсап кетіп жүрмесін. Бірақ, бұл шындық оқиға. Кітаптан оқып миға тоқыған шығарсыңдар. Мына қоныс теуіп отырған жерімізді бұрын Абдыра бекеті деген. Отыз бірдегі аштықтан құтылып, енді-енді еңсемізді көтеріп келе жатқан уақыт. Талай боздақтар бекерден-бекерге қаза тапты ғой. Астығымыз да, малымыз дабар еді. Туталақайға салынды. Елге берілмеді. Қойшы, сонымен алақандай аудаңдық кеңестің орынбасары ретінде ел ішінде жиын болып, әңгімелесіп, халыққа жайды түсіндіріп жүреміз. Ол кезде білімді атаулы сирек еді ғой. Ойда-жоқта Балабек деген ақсақалдың өз ойын ортаға салғаны.

— Өрікжан-ау, көптен бері айта алмай жүрген ұсынысым бар. Өзің білесің, ел болса, еңді-енді есін жиып, тұралаған орнынан тұрып келеді. Әр жерде бір шоқ бұлттай боп үйлер салынып жатыр. Аштық жылдары сасқанымыздан есігіміздің алдына өскен екі-үш ағашты да отқа тамызық жасап, шауып салдық. Пендешілік не жасатпайды. Ауылға көз тоқтатшы. Көлеңке болып, пана дерлік ағаш бар ма? Тегі, көк өсірген көгереді. Содан соң әр үй де тыныш жатып қалмас,— деген. Ел ду қол шапалақтап жіберді.

— Иә, дұрыс айтады. Жастар бастаса, біз қостаймыз. Мектеп оқушылары көмектеседі, — деді ел ішінен.

— Бақ болған соң, оған жеміс ағаштарын да егу керек. Сарыметеннен шыбық кесіп қоршау қажет, — деді Айқын деген жігіт.

— Су мәселесін қайтеміз, — деді енді бірі.

— Қабырғаталдан өгіз арық тартқанша шелектеп суарамыз, — деді жастар жағы.

— Ех, өтіп бара жатқан дүние-ай. Көп түкірсе көл деген емес пе. Кешкісін жұмыс соңынан ел боп бел шешіп іске кірісіп кетті. Балабек ақсақал өгіз арбамен Қарағаштан ағаш өркендерін тартты. Енді бір топ Сарыметеннен ағаш қиып бақты қоршады.

Ұсыныс ел боп қолданды. Сонымен Ақсу бағы бір ай ішінде егіліп бітті. Бақты жастар кезекпен күзететін. Суды Ақсу өзенінен шелектеп тартып, суғардық. Кешеу күзде арықпен баққа су келді. Бақтың шежіресі тек осымен ғана біткен жоқ, балалар. Бұл жерде алты бақан тебіліп, ойын-сауық ұйымдастырылатын. Салтанатты жиындар өтетін. Өтіп бара жатқан уақыт-ай. Қырық бесінші жылы тоғызыншы майдағы Жеңіс күні осы бақтағы елдің көңіл күйін көрсеңдер, балалар. Ертеңгі сағат алтыдан, келесі күнгі сағат алтыға дейін, адамдар ұйықтаған жоқ.

Оның ішінде соғыс тақсіретін тартқан ақ жаулықты аналар да, күйеуін күткен өрімдей жас келіншектер де, әкелерін сағынған өздеріндей балалар да бар еді. Жеміс ағаштары сол жылы жақсы гүлдеді ғой. Аппақ гүлдер-ақ шымылдыққа ұқсап, баққа көрік беріп, құлпырып кетті-ау. Сол қуанышпен бірге еңірегенде етегі жасқа толған көп ананың бірі мен едім. Жалғыз ұлым Бимолда майдан даласында қаза тапты.

Сонау Матай станциясына жүз он сегіз жігітпен бірге жалғызымызды алып барып, өлімге айдап апарғандай күй кештім. Өлген артынан өлім жоқ. Оның үстіне ол жалғыз менің ғана балам емес, Отанның баласы ғой. Ол күнді сендердің бастарыңа бермей-ақ қойсын, — деді Өрік әже бір сәт күрсініп.

Қазіргі қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған шат заман да, біз еккен бақта сендердікі. Ағаштар да мен сияқты қартаяды. Ағаш неге кесілді? Сұлу қайыңдар, қызыл алма, алмұртты көздің жауын алған жеміс ағаштары түбірімен жоқ. Кешегі белуардан келетін көк шөп қайда? Осыншама қатыгездік жасап жатқан кімдер? Олар ел ішіндегі ездер, пенденің құлдары, түкке түсінбейтін тентек балалар. Бұл бақтың тарихын білмейтіндер. Өрік апа бір сәт үнсіз қалды.

Балалар ду қол шапалақтап жіберді.

— Жарайсың, балаларым, — деді Өрік әже.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз