Өлең, жыр, ақындар

Атамның әңгімесі

— Ол кезде қорықшы едім, — деп бастады әңгімесін Әуес қарт. Топ бала елең етісе қалдық. Әдетте табын өрістен қайтарда біздің көшенің балалары Қарауылдың басына жиналамыз. Ойынның қызатын кезі осы шақ. Төбе басы ойдым-ойдым шұңқыр. «Соғыс» ойнауға нағыз таптырмайтын жер. Қолдан жасап алған ағаш мылтықтарымыз бар. Қызу майдан ашамыз. Әуес қартқа ұнамайтын жеріміз осы.

— Бірде қорық аралап жүргенмін, — деп бастады ол әңгімесін. — Қалмақсайдың шоқысына көтеріліп, төменде жатқан қалың нуға көз салдым. Қос елік сайдың тасасынан шығып келеді екен. Алдағысы ирек мүйізді еркегі, артыңда ұрғашысы. Ауық-ауық бас көтеріп, жан-жағын шолады. Ана еліктің жүрісі самарқау сияқты. «Осы шіркін лақтамаса игі еді» деген күдік ойыма сап ете қалды.

Ата елік биіктеу шоқының басына шығып, төңіректі шолып өтті. Мен қой тастың тасасына тығыла түстім. Ата елік орнынан қозғалар емес. Айтқаным келді де тұрды. Бір кезде иір мүйізді елік көзден ғайып болды. Қақ төбеде бір бүркіт қалықтай ұшып жүр.

Сөйткенше шоқ қамыстың арасынан тәлтіректеген сүйкімді лақ көрінді. Жанжағын тіміскілей анасын іздейтін сияқты.Кенет шаңқ еткен бүркіт дауысы естілді. Өзімді бекем ұстап, төмен қарай сырғи жөнелдім. Алғашқыда бүркіт аса биікке көтеріліп алды. Қараймын деп жығылып тұрдым. Тезірек лаққа жақындасам екен деймін ішімнен. Бірақ қия-қия жол, тік құлама жер ұзатар емес. Бір сәт бүркіт қанатын баурына ап, төмен қарай оқтай зулады. Шаңқ-шаңқ еткен дауысы құлақ тұндырады.

«Бітті, — дедім ішімнен, — Лақтан айырылдым.» Жалма-жан мылтықтың шаппасын қайырын жіберіп, аспанға қарай атып қалдым. Мылтық от алмай қалды. Жалма-жан оқшантайыма жабыстым. Тағы бірін оқтай бергенім сол еді, әлде не салдыр-гүлдір ете қалды. Лақтың дәл жанында әлгінде ғайып болған мүйізді елік қанаты далпылдаған бүркітпен алысып жатыр.

Бүркіт қанатымен сабалап, тұмсығымен шоқып, алға беттегісі келеді. Ата елік бас көзге қарамай, мүйізіне ілінген тау тағысын алға қарай дедектете сүзіп, жанұшыруда.  Ана елік қақпайлап әлек. Шамасы бүркіт лаққа түсер шақта, ойда жоқта үшкір мүйіздіге тап болып, көздеген мақсатына жете алмаса керек.

Бір сәт елік мүйізінен құтылған бүркіт жерден далбақтай ұшып қайта ұмтылды. Аспанға атылған ата елік бұл жолы да бүркітті қағып түсіп, әдеттегідей жұмырлай жөнелді. Ызақорланған дауысы тағы шаңқылдады. Бұл сәт мен де жетіп келдім. Бүркіт енді жерден көтеріле берген. Аспанға қарай мылтықты атып қалдым. Бұл жолы от алды. Қатты шыққан дауыстан сескенді ме, әлде ата еліктің тегеурінінен тайсақтады ма, бүркіт момақансып аспанға көтерілді де, сонау биік белеңді құзар шыңға қарай ұшты. Шаңқ-шаңқ етеді. «Қап, сені ме» дейтіндей. Қос елік сәл ұзақ барып басын көтеріп маған қарап тұр екен. Неге күткенін біле қойдым. Соңдарында құлдыраңдай жүгірген лағы әлі жете алмаған екен. Сәлден соң нуға кіріп жоқ болды. Көрдіңдер ме, балалар. Баласы үшін жан-жануар да жанын бәйгеге тігеді, — деп Әуес қарт әңгімесін аяқтады.

— Мылтықпен бүркітті атып түсірдіңіз бе?

— Еліктің  лағын ұстап алу керек еді. Балалар дуласып жөнелді.

— Тек, — деді бір сәт қарт. — Әке-шешелеріңді сендерден айырса жақсы ма? Айырды ғой соғыс талайды. Менің үш балам майданда қаза тапты. Ал сеңдер кеп мылтық шошаңдатасыңдар. Біз төмен қарадық. Осы оқиғадан кейін «соғыс» ойынын ойнауды тоқтаттық.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз