Өлең, жыр, ақындар

Айырбас

Бөстек түнімен екі-үш тұрып, бозторғайын жасырған төртбұрышты жәшікті бақылап келді. «Таң ертерек атса екен. Өліп қалмаса жарады. Бекер ғана сақамды айырбастадым ба? Бірақ обал ғой, бейшараға. Апамның сөзінің жаны бар. Мені де осылай аяғымнан байлап, зынданға тастаса ғой» деп күбірледі.

Кеше түске таман төменгі жақтың балалары Жарасбек бастап, жоғарғы ауылға келіпті. Қалталары толған асық. Сақаларын айтсаңшы. Қорғасын құйған. Алшыңнан жазбайды. Бізбен шыншыл ойнауға келіпті. Біздің балалар да оңай шағылатын жаңғақ емес. Үштабан, шеңбер, омпа, шықетер ойындарының майішкендері. Шетінен мерген. Дорба-дорба асықтары содан жиналған. Әншейінде бірін-бірі ұтып алғанмен,
басқа жақтан қарсыластар келгенде бірігіп кетеді. Бір кісінің баласындай-ақ.

Келісім бойынша омпа ойыны басталды. Мұндайда мергеңдік аса қажет-ақ.

Ойын шарты қатал. Қаз-қатар асықтар тігіліп, қақ ортасына омпа асығы орналасады да, айналдыра шеңбер сызылады. Үш-төрт қадам жерден шартты орын белгіленіп, үйіріліс соңынан мергендер атыс жарысқа кіріседі. Асықты шеңберден шығара алмасаң, айыбыңа асық тігесің. Сақаң алшы түссе, көмбеден бір асық алғаның, тәйке түссе, тіккенің. Мұндайда мергендер ортада тұрған омпаны дәлдейді. Атып түсірсең, бар асық сенікі, шеңберден шығара алмасың, айыбың екі асық, жығылған асық басы — бір айып.

Әп-сәтте-ақ төменгі ауылдың балалары асықтарын ұтқыза бастады. Біресе Асқар, біресе Асқат, қала берсе сіліңгір қара Есіркеген де омпаны атып түсірді. Соңғы жолы Бөстек те суырылып шықты. Ұнжырғасы түскен төменгі ауылдықтар көгалға отыра кеткенде, жеңісін тойлағандар бір-біріне жымыңдасып, қарсыластарын қағыта бастаған.

— Сендерге жаттығу керек, — деді ол.— Біздің Есіркеген асықтың майын ішкен,— деді Асқар. — Жалпы жоғарғы ауыл балалары асықтың
чемпиондары,— деді Асқат.

— Сендердің сақаларың жақсы,— деді Жарасбек дау айтып. Сонымен балалар екіге бөлінген.

Кешкісін табын қайтар алдында, сиыр алдынан шыққан балаларды, Жарасбек аузынан суын ағыза таңдаңдырғанын айтсаңшы. Топ бала соның соңында. Ұзын жіпке аяғы байланған әлдеқандай құсты сонау биікке ұшырып соңдарынан жүгіреді кеп. Артынша құсты өзіне тартып алады. Бейшара қанатты құс жерге түскен бойда жан далбасалап алға ұмтылады. Сирағына байланған жібек жіптен құтыла алмайды.

— Бұл бозторғай ғой. Әнші құс, — деді Жарасбек мақтанып.

— Сайрашы, құсым.

Жандарына жақын келген Бөстектің көзі бір сәт бозторғайға түсіп кетті. Үшкір тұмсық, боз қанатты сүйкімді құс қос бүйірінен дем алып, ентігіп, тілі салақтап тұр. «Әй, балалар! Мені жіберсеңдерші. Жазығым қайсы? Балапандарым бар. Олар аштан қалады ғой. Аяғымды жіп бунап барады» дейтін сияқты. Көздері мөлт-мөлт етеді.

— Әй,Жарасбек, — деді Бөстек осы бір сәтке дейін зорға шыдап.

— Айырбасқа қалайсың?

— Ләппай, тақсыр. Бірақ құстың құны қымбат қой, — деді ол бозторғайды сипап.

— Мейлі. Не сұрайсың? Жарасбек Бөстекке қулана қарады.

— Мен бірнәрсені қаласам, бермейсің ғой.

— Не сұрасаң да дайынмын, — деді Бөстек қатуланып.

— Е, қойшы. Одан айырылсаң чемпиондықтарыңнан ада боласың.

— Менің не сұрағанымды білдің бе? — деді Жарасбек.

— Жұмбақтамай, турасына көшсеңші.

— Сақаң — менікі, бозторғай — сенікі.

— Ердің екі айтқаны — өлгені, — деді Бөстек атасына ұқсап.

— Әкел қолыңды! — Бөстек оң қолын ұсына берді. — Ал қиыңдар. Бұл екі ортада. — Келісім орындалу керек, — деді балалардың бірі. Бөстек қалтасын қарманып, қызыл түсті қорғасын сақасын алып шықты. Жарасбек бозторғайды қолына ұстады.

Бозторғайдың денесі жылы екен. Момын құс. Сүйкімді-ақ. Балалардың көзінше ұшырып жіберейін деп бір оқталды да, артынша «түнде адасып кетер, шаршаған шығар» деген ой келді. Енді, міне!..

Таң бозынан ерте тұрған Бөстек бозторғайын алып ауылдың шеттеу жағындағы төбенің басына шықты. Сонау аспан төрінде ноқаттай құс таңғы ауаны шырқап қарсы алып тұрғандай.

— Сен де шырқа, — деді Бөстек құсты ұшырып.

— Жолың болсың! Жарасбек сияқтыларға жақындама.

Бозторғай құс аспан көгіне шарықтай жөнелді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз