Ардагер ұстаз ерлігі Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 75 жыл мерекесі қарсаңында туған елі үшін сұрапыл соғыста от кешкен қарапайым ауыл мұғалімінің ерлігі жайында айтып өткенді жөн көрдік. Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз-Ералин Нұрғали Ералыұлы 1922 жылдың 14-ші наурызында Баянаул ауданына қарасты Шонай елді мекенінде ұзақ жылдар бойы орманшы болып еңбек еткен Ералы ақсақалдың отбасында дүниеге келген. Еліміз бен жерімізге қайғы мен қасірет әкеліп, талай шаңырақты шайқалтқан сұм соғыс жап-жас балаларға да қару ұстатты. Бүгінде Баянауыл аудан орталығында білімнің қара шаңырағы болып есептелетін қазақ мектебінің 10-сыныбында оқып жүрген Ералин Нұрғали өзі сынды жастар сияқты елін жаудан азат ету үшін Отан қорғаушылар сапына қосылады. Небары екі-үш айлық жеделдетілген әскери дайындықтан өткен Нұрғали өзі сияқты өрімдей жас жігіттермен қан майданның алдыңғы шебінде неміс басқыншыларымен аянбай шайқасады.Сұрапыл соғыстың небір ауыр күндерін жауынгерлермен бірге өткеріп, шыңдала түседі. Нұрғали Ералыұлы нөмірі 887 атқыштар полкінде пулеметчиктер бөлімшесінің командирі ретінде талай кескілескен ұрысты басынан өткереді. Қатардағы жауынгер, кейіннен аға сержант шеніне ие болған ол Курск доғасы үшін болған шайқастардың бірінде өздері тұрған биіктіктің оң жақ қапталынан келіп қалған 40 шақты неміс солдаттарын байқап қалады. Өз пулеметін ұтымды жасырып үлгерген ол неміс солдаттарының 200 метрге дейін жақын келгенін тосып, күтпеген жерден өз батареясынан оқ жаудырып, жауды қырып салады.Сол шайқаста Нұрғали Ералин жаудың екі пулеметін де жойып жібереді.Бұл шайқас сонау 1943 жылдың ақпан айының 12 жұлдызында Курск доғасы үшін болған кескілескен ұрыстардың бірінде болған қатардағы қазақ жауынгерінің ерен ерлігі еді. Сол жолы Отанын неміс басқыншыларынан азат етуде ерліктің өшпес өнегесін көрсеткені үшін Ералин Нұрғали жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Бірнеше медальдарға ие болады. Қанды шайқастардың бірінде оң жақ аяғы мен оң жақ жағынан қатты жарақат алған Нұрғали І топтағы мүгедек болып елге оралады. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда бейбіт еңбекке етене араласады. 1946 жылдың мамыр айында Рахимова Мафруза екеуі шаңырақ көтеріп, үй болды. Бірнеше жылдар бойы партия,совет қызметтерін атқарады. 1959 жылы Қарағанды Педагогикалық институтының тарих-филология факультетін ойдағыдай аяқтап, ұстаздық жолды таңдайды. Ұзақ жылдар бойы Ақшыман орта мектебінде ұстаздық етеді. Өз сабақтарында оқушыларын туған ел тарихын жетік білуге,ата-баба дәстүрін берік ұстануға баулыған ұстаз шәкірттерінің ыстық ықласына бөленеді. 1968 жылы Баянауыл аудандық партия комитетінің нұсқауы бойынша Лекер қажы ауылының бастауыш партия ұйымының басшысы әрі сол ауылдың мұғалімі болып тағайындалады. Сол жылдардан бері Лекер ауылының бастауыш мектебінің мұғалімі әрі партия ұйымының басшысы қызметін өмірінің соңғы сәттеріне дейін асқан жауапкершілікпен атқарады. Алдынан талай шәкірт дәріс алып, үлкен өмірге жолдама алады.Талай балғынның қолына қалам ұстатып,зердесін ашқан ардагер ұстаз 1980 жылдың қараша айында соғыс салған ауыр жарамен ұзаққа созылған дерттің салдарынан өмірден озады.
Айдана Әбухасен
Павлодар облысы білім беру басқармасының бас маманы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі