Жақсықылыш, Жаманқылыш Шора ханның баласы деседі. Тұрсынбике—Асан қайғының қызы, Абаттың қарындасы деседі. Ағайынды екі жігіт Шора ханның баласы Жақсықылыш пен Жаманқылыш Тұрсынбикеге ғашық болыпты. Екі орта телегей теңіз су болғандықтан, ғашықтар бір-біріне қауыша алмапты. Екі жігіт атпен жағалап, күндіз-түн жүріпті. Тұрсынбике бау қамыстан шом байлап, салы ағызып, ортаға шам жағып, белгі беріп суға түскен көрінеді. Салыны арман-бермен жел айдап ағыза беріпті. Жаманқылыш, Жақсықылыштың аттары терең суға түспей, салыдағы Тұрсынбикеге қауыша алмапты. Салыны жел айдап, таудың етегіне келіп қайырлап тоқтап қалыпты. Қасында жолдасы жоқ Тұрсынбике күзгі қара суықта жаурап, салы үстінде өліпті. Жаманқылыш Тұрсынбикеге қауышуға ант етіп, атты кештіріп жақындай түсіп келгенімен бір жетідей су үстінде арман-бермен өте алмай ылдиға түсіп кетіп, су жұтып өледі. Жақсықылышта атты дүздіріп, кештіріп кейін қайтпайды. Бұл батыс бетті жағалап жолды ұзартып алып, бұл да су жұтып өледі.
Абат батыр қарындасы Тұрсынбикенің осындай халге душар болғанын сезіп, атын мініп, найзасын суға бойлатып биік-биікті жағалап, өткелден-өткелге атты дүздіріп өтіп келсе, таудың етегінде салы қайырлап, үстінде қарындасы Тұрсынбике өліп жатқан үстінен шығады. өз басы шаққа келген Абат батыр Тұрсынбикені ауылға алып қайтуға мүмкіндік таба алмайды. Сол тауға апарып қарындасын жерлейді. Сол тау «Тұрсынбике тауы» аталып қалады.
Енді Тұрсынбикенің батыс бетін жағалап, атты судан кештіріп, дүздіріп келе жатып, таудың етегінде жас жігіт өліп жатқанын көреді. Абат батыр өлікті жерлеп, «Жаманқылыш төбесі» атандырып кетеді.
Абат батыр шаршап, су үстінде күндіз-түн жүріп, елге қайтуға кіріседі. Найзасын суға бойлатып, тайыз жерді кешіп, терең жерден дүзіп отырады. Тауға жақындап, енді құрғақшылыққа шығам дей бергенде, таудың етегінде сұлу жас жігіт өліп жатқан үстінен түседі. Бұны да Абат батыр қолтықтап әкеліп, тау басына жерлейді деседі. Бұл тауды «Жақсықылыш тауы» атандырып кетеді. Бұл үш ғашықтар бір-біріне қауыша алмай телегей теңіз судан жол тауып жүре алмай, күзгі қара суықта су ортасына түнеп өліпті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі