Өлеңдер Бөлімі

Ұрпақ жадында мәңгі сақталар тұлғалардың бірі — Әди Шәріпов

Спанкулова Назгүл Абикулкызы
№70 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі

Аңдатпа

Мақалада белгілі партизан жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Әди Шәріпов туралы жазылған.
Кілт сөздер: партизан жазушы, ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері.

Биыл 2020 жылы араға біраз күн салып, жалпы адамзат өзінің тарихында жазылған қаһарлы соғыстағы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін тойлағалы отыр. Алайда биылғы 2020 жылғы Жеңіс күні жылдағыдан өзгеше болмақ, себебі әлем бойынша етек алған Covid - 19 короновирус пандемиясы бұл айтулы күнгеде әсерін тигізіп тұр. Әйтседе, ғұмырымыздағы аса қуанышпен қарсы алатын мерекелеріміздің бірі - Жеңіс күні.
9 мамыр Жеңіс күні әрқашанда, қанша уақыт өтсе де, қилы өзгеріс болып жатса да адамзат санасында ең ыстық Ұлы мереке болып қалары қақ. Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді?! Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні - соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн. «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ерлер қолында» - деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, ардагерлер - Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар. Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ағаларымызбен бабаларымызды, сол жылдарда қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен Жеңіс күндерді жақындатқан аналарымызды да мақтан тұтамыз. Соғыс майдангерлері Отанға деген шын сүйіспеншілігімен, ерліктерімен, қайсарлығымен, жігер - қайратымен, ел қорғау сезімімен келер ұрпаққа үлгі болды. Еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды.Сондай ұрпақ жадында мәңгі сақталып қалған тұлғалардың бірі, партизан,жазушы, ұстаз Әди Шәріпов.

«Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» шығармалары арқылы барша әдебиет сүйер қауымға есімі таныс тарихи тұлға. Оқырман жүрегінен ерекше орын тауып, сонау зұлмат жылдар туралы сыр шертетін бұл – бірегей туындылардың авторы ел дамуына да өзіндік үлесін қосып, мемлекеттік қызметте де жемісті еңбек еткен Әди Шәріпов еді.

Әди Шәріпов 1912 жылдың 19 желтоқсанында Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Мариновка селосында дүниеге келген. 1932-1935 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып, 1935-1936 жылдары Түрікмен КСР-індегі Красноводск педагогикалық техникумында оқу меңгерушісі болды. Кейін, 1936-1938 жж. ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетіндегі оқуын жалғастырған.
1934 жылы жас жігітке кенеттен техникалық хатшы болу туралы ұсыныс келеді. Ұсынысты айтқан қазақтың маңдайына біткен ақыны, аты мәңгі тарих беттерінде жазылған Ілияс Жансүгіров еді. Сол тұста Жансүгіров Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы болатын. Өмірдің жолы бұралаң екені ақиқат. Комсомол жиналыстарының бірінде Шәріповті комсомолдан шығару керек, себебі халық жауы Жансүгіровтің серіктесі, ал бауырлары – жапондық барлаушылар деген жала жабылады. Өз естеліктерінде Әди Шәріпов «Маған да бір ұшын тигізіп өтетін қорқынышты бірдеме табандап келе жатты», – деп жазады сол уақыттағы жайттарды. Жиналыстан кейін Ә.Шәріпов институт деканына барады. Бұл зиялы жан Митрофан Сильченко еді, Шәріповті соңына дейін тыңдап, оған Алматыдан дереу кету керектігін, бәрі саябырсыған соң қайта оралып, оқуын жалғастыруға кеңес береді. Бәрінен хабардар болған Шәріпов тіпті жатақханаға да соқпай пойызға отырып, Красноводск атты түркімен қаласына бағыт алады. Красноводскта училищеге педагог болып орналасады. Өзінің мейірімділігі және ашық-жарқындығының арқасында ортаға сіңісіп кеткен бозбала жергілікті тұрғындарды да баурап алады. Жергілікті тұрғындар да жас жігітке қолдарынан келгенше қолғабыс етеді әрі Алматыдан елге қайта беруге болатындығы туралы хабар жеткенде де түркімендер жігіттің елге қайтуы үшін жолына қаражат та жинап береді. Өзінің қолымен жазылған өмірбаянында Әди Шәріпов Алматыдағы педагогикалық институттағы оқуын қудалауға түсе жаздағаны үшін бір жылға тастауға мәжбүр болғаны үшін емес, денсаулық жағдайына байланысты тәрк еткенін жазады.

Әди Шәріпов майданға аттанбастан бұрын Алматы облысындағы «Қаскелең» орта мектебінде ұстаздықпен айналысқан. Кейін Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап Кеңес Армиясының қатарына алынып, Белорусь жеріне аттанып кетті. Соғыс кезінде ол Смоленск, Орлов облыстарында кескілескен ұрыстарға қатысып, 1943-1944 жылдар аралығында партизан қозғалысының Смоленск штабында жұмыс істеді. Өз жауынгерлерін контршабуылға бірнеше рет лейтенант Әди Шәріпов көтерді. Соғыста ерік-жігерінің арқасында талай ерлік танытады. 1944 жылы партизандар Қызыл әскерге қосылған тұста Әди Шәріпов қатты жара-ланып, емделіп елге оралады. Елге аман оралғаннан кейін Әди Шәріпов бірден үлкен жұмысқа кірісіп кетті. ҚазКСР Білім министрінің орынбасары қызметін атқарған ол шығармашылықтан да қол үзген жоқ. Бірқатар еңбектерді дүниеге алып келді. Ал, министрдің орынбасары қызметін ардагер-партизан, жазушы Әди Шәріпов тура 14 жыл атқарды. 1958 жылы оның осы салаға сіңірген еңбегі ескеріліп, Әди Шәріпов оқу министрі болып тағайындалды. 1963 жылдан 1966 жылға дейінгі аралықта Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған. 1966-1971 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы және КСРО Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып жұмыс істеді. Ғылым мен білім саласында жемісті қызмет еткен Шәріповтің жазған еңбектері өте көп. Әди Шәріповтің алғашқы хикаяттары да халықтар ынтымағы туралы еді. Алғашқы ғылыми диссертациясы да осы тақырып ауқымын қамтиды. Әди Шәріпов сондай-ақ танымал қазақ ақыны Жұмағали Сайынның шығармашылығы туралы қалам тербеді, «Ж.Сайынның өмірі мен шығармашылығы» атты монографиялық еңбектің авторы. Бұл кездейсоқ таңдау емес, қанша дегенмен Ж.Сайын да майдангер, партизан еді. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиетінің дамуы, сипаты туралы қалам тербеген Шәріпов 1974 жылы  «Қазақ кеңес әдебиетінің заманауилығы мен даму мәселелері» атты монографиялық еңбегін жариялайды. 1971 жылы Қазақ КСР ғылым Академиясы жанындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері болған Шәріпов 1979 жылдан 1993 жылға дейін институт директоры болады. Байқасақ көп монографиялық еңбектері осы жетпісінші жылдары жазылған еді.

Әди Шәріпов «Партизан қызы», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар» атты шығармаларды және «Сахара қызы», «Дос сыры» романдарын дүниеге алып келген жазушы. Оның қаламынан шыққан «Орман хикаясы» атты киносценарий бойынша фильм де түсірілген. Аталған дүние кейінірек Ташкентте өткен Азия және Африка елдерінің кинофестивалі мен Алматыда өткен Кеңестер Одағының кинофестивалінде КСРО Қорғаныс министрінің арнаулы жүлдесіне ие болды.

Ә.Шәріпов көркем шығармалармен бірге ғылыми еңбектерді де шебер жаза білген қаламгер. Ол «Ж.Саиннің өмірі мен творчествосы», «Қазіргі дәуір және қазақ әдебиеті дамуының проблемалары», «Қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық», «Сырбай Мәуленов творчествосы» атты монографиялардың, сонымен қатар, әдебиеттану мен педагогика салаларына қатысты көптеген мақалалардың авторы.
Сонау ызбарлы отызыншы жылдардың тепершігін де көріп, кейіннен зұлмат соғыстың зардабын да тартып, Отан үшін жан алып жан берісіп, кейіннен елге оралып туған өлкесінің әрі қарай дамып, шыңға жетуіне мемлекеттік қызметте де, ғылыми қызметте де сүбелі үлес қосқан Әди Шәріпов 1960 жылы Ленин орденімен, 1985 жылы бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен,  «Құрмет белгісімен», КСРО медальдерімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Нағыз адам мен жауынгерге тән өр рухты өмір сүріп, бар саналы ғұмырын Отанына адал қызмет етуге арнаған Әди Шәріпов 1993 жылы 4 қарашада өмірден өтті. Ұрпақ жадында мәңгі сақталар тұлғалар болады, сондай тұлғалардың бірі Әди Шәріповтің де есімі бүгінгі күнге дейін әлі де жаңғырып келеді. Кезінде өзі педагогикалық институтта білім алған Алматы қаласында Шәріпов есімімен аталатын көше бар. Өзі дүниеге келген Семей облысындағы Малиновка ауылы да бүгінде Әди Шәріповтің есімімен аталады. Ал Минскте аты аңызға айналған қазақ партизаны Әди Шәріповтің есімі берілген көше бар. Сондай-ақ Әди Шәріповтің есімі Кембридж университеті библиографиялық орталығы шығаратын «Ғаламшардың атаулы тұлғалары» атты анықтамалыққа енгізілген. Көзі тірісінде бір қолымен қару алып Отан қорғап, бір қолымен қалам тербеген жазушы, көр-некті мемлекет және қоғам қайраткерінің кесек туындылары әдебиет төрінде мәңгілік жаңғырып тұрады. Ал оқу министрі, сыртқы істер министрі, министрлер кеңесінің төрағасы болып, ел дамуына қосқан үлесі баршаға үлгі. Әди Шәріповтің өмір өткелдері еш ұмытылмақ емес. Еліміздің тарихында, жалпы әлем тарихында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі өшпес ерліктерімен мәңгілікке жазылып қалды. Жалпы тарих үшін бұл азғана уақыт болса, адамзат өмірінде алатын орны ерекше. Қан майдан, сұрапыл соғыс жылдарында «Отан үшін отқа түс, күймейсің» - деген ұранмен шайқасқан, бүгінгі күні санаулы қалған ардагерлеріміздің ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету бүгінгі мен келер ұрпақтың өтелмес парызы.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастарға арнаған бір сөзінде: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!», – деген еді. Бұл сөздерді қайталап оқыған сайын біздегі жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиет қандай деңгейде екен деген заңды сұрақ туындайды. Олай болса, құрметті әріптестер, жерлестер! Осы сәтті пайдалана отырып, қасиетті де ұлы мереке қарсаңында Сіздерді Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Аға ұрпақ алып берген Жеңіс бүгінгі күні де бізді жетістіктерге жігерлендіреді, жанымызға қуат береді, қиындықтарды жеңіп, алға ұмтылуымызға көмектеседі.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Партизан жазушы. Әди Шәріпов - 100 жыл / Г. Орда // Шәкәрім. - 2013. - №1. - 81-91 б.
2. https://turkystan.kz
3. http://old.baq.kz
4. Назарбаев Н. Жылдар мен ойлар / Құраст.:М.Б.Қасымбеков, А.М.Молдагаринов, Қ.Н.Әлімқұлов, Ә.С.Әлібеков. - Алматы: Алматыкітап, 2013.-352 б.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×