Өлеңдер Бөлімі

ҚазҰУ — білімнің қара шаңырағы

Қазақстан Республикасының  классикалық университеті,  86 жылдық тарихы бар  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінгі таңда әлемдегі QS «World University Rankings» халықаралық рейтингісі бойынша  207 орынды иеленіп,  әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына кірді.

Республикамызда архивист-құжаттанушы  мамандарды даярлауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірегей оқу орны болып табылады.  Архивист-құжаттанушы мамандарды даярлау университетте  2010 жылдан бастап іске асырылуда. Университетте  үш сатылы білім беру жүйесі, яғни «бакалавр – магистр – философия докторы» жүйесі толықтай енгізіліп, бүкіл оқу үдерісі осы жүйе негізінде жүргізіледі.

Биылғы оқу жылы осы бағытта 5 білім беру бағдарламалары даярланып, іске асырылды: «6B03204-Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету» (бакалавриат); «7М03205-Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету», «7М03207-IT Архивтану және құжаттану», «7М03208-Архивтану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету» (қос диплом, магистратура), «8D03205-Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету» (докторантура).

Архивист-құжаттанушы  мамандығын даярлауда университетте дуалды білім беру жүйесі жолға қойылған. Мамандық студенттері дәріс және практикалық сабақтарын ҚР Президент архиві базасында өтеді. Университет және ҚР Президент архивімен әлеуметтік серіктестік туралы  келісім-шартқа 2014 жылы қол қойылды. 2019 жылы ҚР Президент архивінің базасында «Архив ісі және құжаттану» оқу-өнідірістік кафедрасы ашылды. Өндірістің базасында осындай кафедраның ашылуы болашақта студенттер,  магистранттар мен докторанттардың теориялық білімдерін  іс жүзінде практикамен ұштастыруымен қатар  үлкен оқу – әдістемелік орталығына айналатыны сөзсіз. Студенттер мен магистранттар өндірістік, диплом алды және ғылыми-зерттеу тәжірибелерін архив мекемелерімен қатар,  мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың (Хабар» агенттілігі, «Қазселденқорғау» ММ, Алматы қаласының білім беру басқармасы; «Хоум» кредит банкі; «Atasu» компаниясы және т.б.) базасында өтеді. Аталған мекемелермен келісім-шарт жасалған.

Университеттің халықаралық байланыстар жүйесінде студенттер мен магистранттарға арналған академиялық ұтқырлықтың маңызы зор. Бүгінгі күні мамандық бойынша студенттер мен магистранттар Польшадағы Мария Кюри-Склодовская  атындағы  университетінде, Италиядағы Ла Сапиенца, Ка-Фоскари университеттерінде, Ресей мемлекеттік гуманитардық университеттінде  академиялық ұтқырлық шеңберінде оқып келді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Ресей мемлекеттік гуманитарлық  университетімен қос дипломдық оқу бағдарламасы іске қосылуда.

Жыл сайын жас архившілердің Жазғы мектебі ҚР Президет архиві, ҚазҰУ мен Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің ұйымдастыруымен өткізіледі. Жазғы мектеп жұмысына  архив  және құжаттану салаларындағы шетелдік спикерлер (АҚШ, Польша, Ресей) қатысуда. Жазғы мектепті табысты аяқтаған қатысушылар өз саласындағы білімі мен тәжірибесін  алмасып қана қоймай, кәсіби  қабілеттерін де дамытуға мүмкіндік алады, соңында халықаралық сертификат беріледі. Мұның өзі жастардың мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыра түседі.

«Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету» мамандығын бітірушілер архив мекемелерінде, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың басқаруды құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімдерінде (әкімшілік, банктер, халықаралық компаниялар, халыққа қызмет көрсету орталықтары, ақпараттық агенттіліктер және т.б.),  колледждерде  архивист, офис-менеджер, құжаттанушы, сарапшы болып жұмыс істей алады.

Республикада 214 мемлекеттік архив мекемелері әрекет етеді, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың архивтерін санамағанда. Мемлекеттік  архивтерде арнайы кәсіби архивист білімі бар  қызметкерлердің саны өте аз. Бұл бір жағынан, архивист мамандығына деген қажеттіліктерді  арттыруда, екінші жағынан мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдарда құжатайналымын жетік меңгерген құжаттанушы мамандардың жоқтың қасы. Үшіншіден, қазіргі ақпараттандыру қоғамында бірыңғай электронды құжат айналым жүйесін және  «Цифрлы Қазақстан», «Архив 2025» бағдарламаларын сапалы деңгейде жүзеге асыратын да осы мамандар болмақ.  Сондықтан, іс жүзінде архивист- құжаттану мамандығына деген сұраныс жыл сайын өсуде.

Жақында мектеп бітіруші жас түлектердің  сапалы білім беретін жоғарғы оқу орнын таңдаудың уақыты да келіп жетті. Мамандықты дұрыс таңдау адам өміріндегі ең маңызды іс. Егеменді еліміздің дамуына өз білімімен және біліктілігімен үлес қосам деген әрбір жас түлекті республикадағы ең алдыңғы қатарлы университет,  қасиетті қара шаңырақта білім алуға шақырамыз.

Алпысбаева Н.К.- әл-Фараби ат. ҚазҰУ-ң

проф. м.а., тарих ғылымдарының кандидаты


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Қарап көріңіз

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

×