Өлең, жыр, ақындар

Жиренше

Жиренше бір күні бір жақтан даладан жалғыз келе жатса, бұрын көрмеген басқа порымды адам кез болып жолығады. Мұрны біздей, көзі тұздай, беті қырдай суық екен. Жиренше келемеждеп кету үшін:

— Әй, — деді. — Сен қай жұрттың сұмырайы, сұмпайысың? Қайдан жүрсің? Мұрның біздей, көзің тұздай, бетің қырдай, — дегенде, ол айтты:

— Көзім тұздай болса, көзімді тұзға теңесең, тұздың маңызы қандай? Не түрлі тамақ болса, тұзсыз дәмі кіре ме? Қатығы бола ма, тұзымен тұздалған нәрсенің жаман болғанын көрдің бе? — деді, — Мұрным біздей болса, бізбен тігіп, дүние жұмыстың бәрін бітіреді. Бетім қырдай болса, қырға шықса, кімнің көңілі көтерілмейді. Бар тауып айтқаның осы ма? Әдірам қалайын, — деп аузын осыртып өте шықты. Шешен
дәнеме дей алмай тоқталып, ұялып қала берді.

Түсі қашып, өңі бұзылып, үйіне келеді. Өзі өз болғалы, көйлегі бөз болғалы шешенге болған бір түсу болды. Ханымы шешеннің шырайын көріп ұшып түрегеліп:

— Шешен, немене, біреудің тілі тиді ме, біреудің қолы тиді ме? Түсіңіз неге қашып келдіңіз?

Шешен көргенін, естігенін, өзінің не дегенін, оның не дегенін — бәрін түгел айтты. Ханымы айтты:

— Уа, ол орыс жұртының сұмпайысы екен. Жансызы екен. Өзі әйел екен. «Тұзсыз астың дәмі бола ма?» дегені — әйелсіз еркектің күні бола ма дегені. «Бізбен істің бәрін тігіп бітіреді» дегені — ұрғашы істің бәрін орнына келтіреді дегені. «Қырға шықса кімнің көңілі көтерілмейді» дегені — әйелдің үстіне шыққан кісінің қыр басына шыққан есепті көңілі көтеріледі дегені. Аузын осыртқаны — еркектің қайраны қолында, әйел деген аузында болады деген, бар қылған қайраны сол болған. Осы күні әз Жәнібек ханның барып, жанын жағасынан алып отырған шығар, жылдам бар, көр. Орыстың әйелі ыштан кимейді дейтін. Кіріп барған жерден: «манағыдан отырмысың, к..ді ашайын ба де», сасқанынан сөзге келмей ұшып түрегелер, — деді.

Жиренше әз Жәнібектің ордасына кіріп барса, ханымның айтқанындай, Жәнібекті сөзден ұтып, апшысын қуырып, заманын бір уыс қылып отыр екен. Есіктен кіріп барғанда, шешенге жалт қарағанда:

— Манағымысың, әлі мұнда отырмысың, к..ді ашайын ба? — дегенде, ұшып түрегеліп:

— Бұл жұрттың ақылы ханында екен. Ханның ақылы қарашында екен. Қарашының ақылы қатынында екен. Болмас, болмас, — деп, артына қарауға мұршасы келмей жүре беріпті. Қарашаш ханымдай данышпан әйел Жиреншеден басқаның қолына көп түсе қойған жоқ. «Ердің атын қатын шығарады. Қатынның атын отын шығарады» деген деп осындай әйелдерді айтады.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз