Өлең, жыр, ақындар

Тоталитарлық қуғын-сүргін құрбандарының бірі Сәлімгерей Нұралыханов

Алаш қозғалысының тарихы бүгінгі ұрпақ, яғни  біздер үшін соншалықты өзекті, болып отырған арыстарымыздың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметіндегі өз ұлтына деген кіршіксіз махаббаты, Отанға деген адалдықпен тығыз байланысты.

Алаш қайраткерлері сол заманның алдыңғы қатарлы оқымыстылары болды. Олар білім алып, аймақтық таңдаулы жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдады, зиялы тұлға болып қалыптасты. Солардың бірі Нұралыханов Сәлiмгерей Зұлқарнайұлы 1878 жылы шiлденiң 18 жұлдызында Бөкей губерниясының Меңдiханов болысында дүниеге келді. Жеке ісіндегі отбасы туралы толық мәлiмет бермеуiн таптық тегiмен байланысты деп түсiндiк. Өз жазғанына сенсек, қазақ сұлтандарының қанынан тараған жақын-туғандарына ақ патшаның тарапынан мейiрiм түспей, шен-шекпен бұйырмаса керек. Есесiне, орыс отаршылдығының «бесiгi» қазақ-қалмақ түйiскен Едiлдiң бойында жас Сәлiмгерейдiң оқуға мүмкiндiгi болды.

Әуел бастан ол Орынбор шаһарындағы гимназияға түсiп, үздік бағамен оны 1899 жылы аяқтаған. Жиырмаға келген өрiмдей жiгiт бастапқыды Астрахандағы округтiк сотта тiлмаштық қызметке кiредi. Көп кешiкпей ұқыпты, тиянақты iскерлiк қасиеттерiмен көзге түскен Сәлiмгерей 1905 жылы Қалмақ облысының (Астрахань губерниясы) ұлықтың көмекшiсi (попечитель) болып тағайындалды.

Жоғарғы қызметке бiлiмнiң жетiмсiздiгiн сезiндiме, әйтеуiр ол өз еркiмен сұранып, Қазан университетiнiң заң факультетiне түседi де, оны 1913 жылы бiтiрiп шығады. Сол жылдардан бастап Сәлiмгерей Нұралыхановтың бiржола ден қойған кәсiби қызметi құқық саласында, Астрахань округтiк сотында iс жүргiзушi, сот тергеушiсi сияқты бiрқатар мiндеттердi атқарады. 1917 жылғы қос төңкерiстiң тұсында бар қазақ зиялылары ақ-қызыл болып бөлiнгенде, Сәлiмгерей ұлттық ұстанымы берік, әр басқан қадамына байыппен қарады.

Оның басты себебi, Кіші жүздің ханы Нұралы әулетiнiң орыс патшасының отаршылдығынан туған саяси қысымшылықты ерте көргендiгiнен еді. 1916 жылғы көтеріліс пен Ақпан төңкерісінен соң Нұралыханов Алаш қозғалысының бел ортасында жүрді. Жалпы қазақ съездеріне Б.Құлманов, У.Танашев және С.Нұралыханов «Алаш» партиясы атынан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланды. 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен І Бүкілқазақтық съезде Алаш партиясынан Бөкей Ордасының құрылтайына делегат болып сайланды. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда II Бүкілқазақ съезінде Алаш үкіметі Халық Кеңесінің мүшелігіне кандидат болып сайланды.

Олар билікке араласқан тұста қарапайым күштеу, зомбылық саясатының ушыққан  кезі  еді.  Осынау  аласапыран  тұста  билікті  анықтаудың  өзі оңайға түспеді. Шындығында, осы жағдайдың себебін Мақсат ТәжМұрат «Ғұмар Қараш» еңбегінде төмендегідей жолдармен дәлелдей түсуге тырысады:

«Уақытша үкімет комиссары Әлихан Бөкейхановқа арқа сүйеген Бақтыгерей Құлманов Хан Ставкасы Атқару Комитетін тұқыртып алмақ болды. Сөйтіп, басқа шауып төске өрлеген сауатсыз, жерсіз бүлікшінің бір екеуін ұстап алып, жұртқа көз қылып, абақтыға салды және Құрылтай жиналысына делегат сайлауды демократиялық негізде пәрменді жүргізе бастады», - дейді. 

          Алайда 1917 жылдың өн бойында арпалыс кезінде большевик үгітшілеріне сеніп қалған және Құлманов пен ОАК-не қарсы тұрған қазақ оқығандары Сәлімгерей Нұралыханов, Ишанғазы Саматов, Досығұл Темірәлиев, Ғабит Сарыбаев, Жұмағали Ізбасаров, Ғалым  Сәлімов  т.б.  болды. Сол жылы маусымда осы топқа қарсы оңшыл эсер Қадыр Әзербаев, меньшевик Мұстафа Көкебаев, алашшыл Уәлитхан Танашевтің бастауымен «Жігер» үйірмесі құрылады. Бірақ жер мәселесін сол кездегі саяси жағдайлар одан сайын күрделендіріп жіберген болатын.

Елде алыпсатарлық, азық-түлік тапшылығы одан сайын тереңдей түсті, қазақ жігіттерінің төзімі таусылып, жерді тартып алып, бөліске сала бастады. Кедейлер аштан өліп, көштен қалмауы үшін жанталасты, яғни қарапайым халық та, оқыған зиялы топ мүшелері де бір-біріне сенімсіздік танытты. И.Кенжалиев 1917 жылы 10 қыркүйекте Ордада қазақ зиялыларының жиналысы өткенін, онда Ресей мәселесі бойынша У.Танашев, Бөкейдегі саяси жағдай жөнінде Б.Ниязов, ал жер мәселесі жөнінде Б.Құлманов баяндама жасағанына тоқталады.

Бөкей ордасында революцияға дейінгі қазақтардың қоғамдық өмірін, революция кезіндегі ауылдағы саяси ағымдарды және революцияны қолдаған еңбекші қазақтардың күресін бір жақты көрсетуге тырысып бақты.

Уақытша үкімет кезіндегі саяси жағдайды талдауға да ұмтылыс жасаған кей ғалымдардың пікірінше, «Уақытша үкіметтің комиссары, Алашорда үкіметінің мүшесі Бақтыгерей Құлманов, Алашорда үкіметінің революцияға қарсы мүшесі Уәлитхан Танашев Бөкей Ордасын басқаруды қолдарына алып, өздері сияқты бай-феодалдарды, монархистер мен ұлтшыл интеллигенцияны жинап, топ құрып, кеңес үкіметін мойындап отырған бұқараға қарсы қатал тәртіп енгізген ірі бай-феодалдардың үкіметін құрды» деп сипаттайды. 1917-1919 жылдары алаштағы басталған қызметін жалғастырған С.Нұралыханов Ревкомның Қалмақ облысына билiк жүргiзетiн басқармасында бастықтың кеңесшiсi әрi көмекшiсi болады.

1919 жылдың сәуiрiнде қазақтың әскери полкiн жасақтаушы әскери комиссар, кешегі Алаш қайраткерлерінің бірі Мұхамедияр Хангерейұлы Тұңғаншиннiң шақыруымен Бөкей губерниясына келедi. Ел аузында есімі үлкен құрметпен аталып жүрген қазақ зиялысы, қадағалау органының тарихында өзіндік із қалдырған осындай прокурорлардың бірі-Сәлімгерей Нұралыханов. Ол Ресей империясының іргелі оқу орны император атындағы Қазан университетi заң факультетiнiң түлегi. С.Нұралыханов аумалы-төкпелi заманда, яғни ақ патшаның және кеңес өкiметiнiң тұсында да жоғары дәрежелi қызметтердi атқарған, өз ортасының беделдi азаматы.

Бiр ғана мысал, кеңестiк шенеуніктердiң әлеуметтiк тегi таразыға түскен кезектi «тазалау» науқанында (1924 жылдың күзiнде) Сәлiмгерейге Қазақ АКСР Әділет халық комиссары және Республика прокуроры Нұртаза Ералиннiң берген мiнездемесi мынадай: «Нұралыханов  Сәлімгерей Зұлқарнайұлы - Жоғарғы Сот қазақ бөлімінің прокуроры. Ұлты казақ, сұлтандар тұқымынан тараған. Үйленген, 44 жаста. Саяси білімді, жұмысына берік. Міндетіне сәйкес, заң саласында пайдалануға болады…» - дейдi.

Осыған орай, С.Нұралыхановтың жеке басына әрi қызметiне байланысты  Бөкей губерниясының прокуроры Судоргиннiң айтқан пiкiрiнен үзiндi келтiрсек: «...Среди товарищей и населения пользуется огромным авторитетом, а также умеет подходить к массе.  Достоин быть пом. прокурором как один из деловых, честных, порядочных и аккуратных работников, знающих весьма хорошо своё дело». Көріп отырғанымыздай С.Нұралыханов Жаңғалы және Таловка секілді бірнеше уездерiнiң прокуратура, сот жұмысын тексеру, қылмыстық iстерге сараптама жасау сияқты қай шаруаны қолға алса да асқан жауапкершiлiкпен орындап, әдiлдiгiмен таныла бiлген.

  Қызметіне қатысты жеке құжаттарын толтырғанда ол қазақ, орыс тiлiне қоса француз тiлiн меңгергендiгiн, латынша оқып, жаза алатындығын айтады. Және де үнемi өзiн жақсы бiлетiн, жақын араласатын жолдастары Сейітқали Меңдешевтi (Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң төрағасы) және Мәжит Шомбаловты (Денсаулық сақтау Халық комиссарының орынбасары) атап отырады. С.Нұралыхановтың 1920 жылдың қарашасында Бөкей ордасының таңдаулы өкілдерімен бiрге І Бүкiлқазақтық Кеңестер съезiне қатынасқанын, кейiннен Мәскеуде өткен Бүкiлресейлiк сот қызметкерлерiнiң І съезiне Қазақстаннан делегат болып қатынасқан тұңғыш қазақ болғанын да айтқанымыз жөн.

             1924 жылдың сәуiрiнде Республика прокурорының көмекшiсi А.Вшивковтың атынан С.Нұралыхановтың Орынборға (ҚазАКСР-нiң астанасы) орталық прокуратураға қызметке келуге келiсiмi сұралды. Алайда, алыс уездердің бiрiнде жүрген С. Нұралыханов губерния прокуроры Судоргинге былай деп жеделхат жолдайды: «Мен 12 мамырда айыптаушы ретiнде Козлов, Сустин, Құсайыновтардың пара алу iстерiне байланысты сот процесiне қатысуым керек. Сондықтан iстi тексерiп, аяғына жеткiзу үшiн іссапарлық уақытымды созуыңызды сұраймын» − дейді.

           Сөйтiп, лауазымнан гөрi iстiң мүддесiн жоғары қойған Сәлiмгерей Нұралыханов тек маусымның ортасында ғана Орынборға келедi. Содан бiрден Жоғары Соттың прокуроры қызметiне тағайындалды. Көп кешікпей, тамыз айының соңында Орда өңiрiнде орналасқан жанұясын көшiрiп әкелгені айтылады. Әйелi Қазына үй шаруасында, ұлы Баязит (17 жаста) рабфактың тыңдаушысы, Шәмiл (13 жаста) мен Жәңгiр (9 жаста) мектеп оқушылары болатын.

            Сондықтанда, Ф.И.Голощекиннiң Қазақстанға партия басшылығына келуiмен кешегi саяси оппозицияда болғандар, ақ патша тұсында жоғары бiлiм алғандар, билер мен байлар, хан тұқымдары қызметтен мүлдем аластатылған тұста С.Нұралыханов та қуғын-сүргінге ұшырағаны анық.

         Сәлiмгерей Нұралыханов сияқты Қазан университетін тәмәмдап, кәсіби заңгер, прокурор болған, елiне бергенiнен берерi мол. 1900-1937 жылдар аралығында жоғарғы білім алып, қазақтың оқыған зиялыларының шоғырын құраған осындай азаматтарымыздың қызметін әсіресе кеңес тұсындағы тағдыр-талайын ашып көрсету өміріміздің сабағы. Өйткені парықтаусыз, тоқусыз, шынайы демократиялық қоғам құру мүмкін емес еді. Қорыта келгенде Алаш арыстарының қызметі тек саясат қана емес, патшалық Ресей құрамындағы қазақ халқының ауыр өмірі, әлеуметтік қиындықтарын шешу ісінде де ұйысып, басымдылыққа ие болған жұмыс бағыттары болды.

        Атап айтқанда қазақ халқының өмірін жақсартуды талап еткен, салықтың мөлшері мен түрлеріне қатысты, патшаның жүргізіп отырған аграрлық саясатын әшкерелейтін петиция жазып, мәселені ашық көрсетті. «Қазақ халқының өмір сүруінің өзі проблемаға» айналды деп тұжырымдаған олар әрдайым қазақ мүддесіне сай келетін бағытты таңдап, ұлтына дұрыс жолды нұсқай алғандығы.

 

Әдебиеттер

1. Нұралыханов Сәлімгерей // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С. Смағұлова. — Алматы: Арыс, 2009. — С.257-258

2. Тәж-Мұрат М. Ғұмар Қараш. - Ақтөбе, 2004. − Б.191.

3. Кенжалиев И. Батыс Қазақстанның қасіретті жылдары (1917-1920 жж) 2-ші бөлім. - Орал, 2001. − Б.35.

4. ҚРПА, 811- қор. 7 -тізім, 237 -іс, 12-17 п.п; 1918-1922 жж. бұрынғы Бөкей губерниясында болған кейбір оқиғалар туралы. Ж. Ізбасаров пен Ғ.Сәлімовтың естеліктері - Алматы,1967.

5. ҚРОММ., 1541-қ., 1-т., 5206-іс, 8-п.

       

Арынов Жұмахан Мақанұлы

Тарих ғылымдарының кандитаты,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз