Өлең, жыр, ақындар

Шетел тілдерін білудің маңызы

   Таңдай қақтырар құдірет көп қой дүниеде. Соның бірі ─ тіл. Қасиетті төрт анамыздың бірі. Арғы бабаларыңнан жетіп, кеше әкең мен шешеңнен қабылдаған көне мұра. Тіл өлмек емес. Қанаты кең жайыла түссе, баламыздың баласының  сана төрінен орын алса, әрине, өлмес. "Өзге тілдің бәрін біл, өзге тілді құрметте!" деген Қадыр ақынның сөзі ұранға айналғалы да жарты ғасырдан асты.  Өз ана тілін жетік біліп, өзге тілде судырата сөйлеу ─ өсуге бағытталған жастың басты сапасының бірі. Бүгінде әр қазақ баласы өз ана тілінен бөлек ағылшын тілінде, орыс тілінде сөйлеуге мүмкіндігі бар. Тіпті, соған қызығушылығы арта түсуде. Сонда шет тілін білудің қаншалықты керегі бар? Маңызы қандай? Шет тілдерін білу әлемге танымал  тұлғаларға не берді?  "Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды" (Абай.Жиырма бесінші сөз). Қазақша сөйлеп, қазақтарша ойлайсың, орысша сөйлеп - орыстарша, ағылшынша сөйлеп, ағылшындарша ойлауға шамаң жетеді. Көп ұлттың тілін біліп, психологиясына ену кемелденген адамның қолынан келеді. Жеті тіл білген Шоқан анау-мынау адамның қаққанына қақпасын ашпайтын Орыс жағырафия қоғамына мүше болып, бөтен жұрттың кіруіне тыйым салынған, кіргені білінсе, тірі шықпайтын Қашқарияға аман барып, сау қайтты. Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл - Фараби жетпіс тіл білген деген аңыз бар. Кереметтердің өз тарихымызда да болғаны, бар екендігі қандай бақыт!

     Тіл мәселесі туралы әңгіме қозғалса, бір тосын ой мазалайды. Қазақтың шұрайлы тілін шетелдіктер қаншалықты шебер аударып жүр? Көркем шығармаларымыз түпнұсқасы сақтала, өз бояуымен, тілдік нәрі өзгерместен аударыла ма? Осыған көз жеткізу үшін де, шет тілін терең білуіміз керек екен. Шетелдіктер біздің елдің мәдениетін сырттай бақылап, өнер жұлдыздары арқылы ғана жартылай танығаны аз. Біз туралы нені оқығанын, нені түйгенін білу ұлттық құндылықтарымыздың тапталмауын талап етуіміз үшін қажет. Қазақ тілінің өрісі қазақ отбасының аумағынан шығып, өз дүниемізді өзіміз кез келген елде қорғай алатындай деңгейге жетуге тиіс. Ана тілінің уызына қанбаған жан басқа тілді тек күнелтіс құралы ретінде қолдана алғанына мәз болуы мүмкін. Олар тілді қорғау арды қорғау екенін түсіне ме? "Бораттарды" болдырмаудың бірден-бір жолы да осы: шетел басылымдарын еркін оқып, түсінетін, ұлттық мүддеге қарсы атылған оқты оқпанына дер кезінде кері қайтаратын күш, тілдік қару бізде әлі аз екен. Өкінішті-ақ.

     Адамның өзі өскісі келсе, ұрпағын өсіргісі келсе, шет тілін меңгеруге бет бұруы ─ дұрыс жол. Ғасыр таңдамайтын, ұлт таңдамайтын қадам. ХХІ ғасыр адам революциясының шарықтау шегі сияқты болып көрінуі мүмкін. Меніңше, олай емес. Ойлы адам келешекке сеніммен қарап, бүгінін құр өткізбей, білім алуға жұмсауы тиіс. Жаһандану дәуірі ─ ағылшын тілін білетіндердің дәуірі. Әлемде ағылшын тілінің үстемдігі орнап тұр. Әлем солардың қолында. "Өнер, білім бар жұрттар" секілді өмір сүргісі келген адам ағылшынша сайрауы ─ міндет. Техника тілі ─ ағылшын тілі, өнердің ғаламға танылу кілті де сол тілде. Озу дегеніміз ─ өнер үйрену. Ұлы Абай "Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек" деген орыс тілінің орнын енді ағылшын тілі басты. Бүкіл әлем  ағылшын тілінің құрсауында. Сөз жоқ, бесінші революцияны түркілер жасамаса, қазақ тілі ұлы тұғырға қона алмайтыны белгілі. Мен таяу жылдарда ана тілім ─ қазақ тілінің халықаралық қатынастар тілі бола алатынына сенемін. Сөзіме қайтып оралайын, қазіргі Президентіміз Қ.Тоқаев қытай журналисіне қытай тілінде сұхбат беріп, бірлескен отырыста Пекин төрінде қазақша мәлімдеме жасады. Тектілігін, мықтылығын, болмысын танытты. "Euronews-те" ағылшын тілінде сөйледі. Француз тілінде, қытайша еркін көсіледі. Полиглот. Бүгінгі қазақ интеллигенциясының көшбасшыларының бірі. Бүгін ол ─ Президент. Ең бастысы, Мағжан сенім артқан жастардың үлгі тұтар ағасы. Қиын ғасырда ұлт көшбасшысы бола алған Мұстафа Шоқай да жеті тіл біліп, Түркия асып, Францияда тұрды. Неміс билігіне хат жазып, олардың ХІІ ғасырда өмір сүрген Шыңғыс ханнан да асқан зұлым екендігін беттеріне басты. Фашистік биліктің бағасын берді. Лондонда оқыған Махатма Ганди еліне тәуелсіздік сыйлады. Атынан аты үркетін даңқты Черчильмен сұхбаттасты. Бүкіл Үндістан қарыз оларға.  Сол Гандидің "ақырып теңдік сұрауына" мүмкіндік берген қуатты санасының түпкі негізі не еді? Көкірегіндегі үнді рухы және ағылшын тілін білуі еді. Әлемдік тілді білді, күллі Үндінің арманын орындады. "Жауыңды жеңгің келсе, оның тілін біл". Гандидің жауын жеңгені емес пе, алпауыт елге арызын айтып, қара халықтың еңбегін толық өтетті. Бұдан түйетініміз: бізге де керегі  ─  қорықпау, сананы түзеп, білім кеңістігіне қалықтап ену. Көп тіл білген адамның бірі ерекшелігі ─ елдегі әртүрлі қасақана арандатушылыққа еріп кете бермейді. Мысалы, елге қытай келеді екен деп ұзынқұлақ хабар дүрліктіргенде, қытай мәдениетін, қытай тілін білетіндер мен көп тіл білетіндер бұған бас ауыртпады. Өйткені ондай ақпараттарды шетелдік баспалардан оқыған, хабары бар. Көп тіл білу ─  көп адамның миын басыңа қондыру. Ондай адамдар жерде қалмайды, таңдаған жерінен өз орнын табады. Ұлтын танытқысы келген парасат иелерінің істері мен білімге арналған уақыт іздері осыны дәлелдейді.

Жарас Джайлыбаев

Жаңаөзен Білім-Инновация лицейі


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз