Бұл өзі ертерек ХV ғасырдың аяғында, ХVІ ғасырдың басында қазақ елдігінің тірегі шайқалмай, жоңғар қалмақтарының шабуылы онша өршімей тұрған кезде болған оқиға еді. Қаратаудың күнгей бетінде, шымыр руының Шынқожа атасының Қырғызәлі баласының көп малмен жайлауда болып, күздің аяғына таман Ташкент айналасындағы қыстауға көшуге ыңғайланып жатқан кезі болатын. Бай Қырғызәлі тете өскен ұлдары Қалымбет пен Қазымбетті қатар үйлендірмекші болып үлкен тойға дайындалып жатқан. Болашақ екі келіні үшін екі қырық жетіні матай
айдап, қалыңмалдарынан түгел құтылып қойған. Мұндай жағдайда күйеужігіттердің қайынаталарының ауылына ұрын барып, сый-сияпатпен жеңгелерінің аузын алып, қалыңдық ойнауға құқы бар болған. Бұл — қазақтың ескі салты. Сол Қырғызәлінің ұлының бірі Қалымбет қалыңдығының ауылында жүргенде ауырып қалады да, інісі Қазымбет келіншегін бұрын түсіреді. Ал Қалымбет қайыната ауылында өзін айналдырған дерттен қайтыс болып, айттырған қалыңдығы Тәттібике ақ босағаны аттап үлгерместен қара жамылады.
Тәттібике ақылына көркі сай, жігер-намысы, батылдығы батыр жігітке бергісіз болып өсіпті. Міне, енді осы Тәттібике айттырылған күйеуінің найзасына қаралы шашақ тағып, ақ отауының қасын байлайды. Басқа қару-жарағын отауының ішіне іліп қояды. Сөйтіп, жыл өтеді. Қалымбетке ас беріліп, Тәттібике ауылының игі жақсылары, бас көтерер азаматтары құда ауылына асты өткізісуге аттанады. Жылқылы бай ауылдың осы бір оңтайлы сәтін аңдыған бірнеше ұры жігіттер шеткі бір үйден сусын ішіп, жай-жапсарды біліп алып, кештете қыруар малды алдына салып, қуа жөнеледі. Малды қайырған екі жылқышы жігітті өлтіріп кетеді. Осыны естіген қаралы қалыңдық Тәттібике қаза болған күйеуінің сауытын киіп, құрал-сайманын асынып, құйрық жалы күзелген қаралы атқа мініп, қарақшылардың артынан қуады.
Ұрлықшылар Тәттібикенің қыз екенін білмей, қуып келе жатқан оған найза салады. Жасынан әскери машықтанған қыз көк сүңгілерді денесіне дарытпай, бір ұрыны найзамен түйреп өлтіреді де, екіншісін аттан түсіреді. Қалғаны қашып кетеді. Қыз өлікті тірі қарақшының алдына өңгертіп, ауылына алып келеді. Шұрқыраған қалың жылқы ұрылардың құлқынынан аман қалады. Малға жау шапқанын естіген қыпшақтар аулына оралғанда екі қарақшының бірін өлідей, екіншісін тірідей байлап әкелген қаралы Тәттібикені құрметпен қарсы алады.
Ол кезде үйленіп үлгермей өлген күйеуіне бір жылдан соң ас берісімен қалыңдық тағдыры шешілетін болған. Сөйтіп, қыршын кеткен ұлының алдындағы соңғы қарызын өтеген Қырғызәлі кенже ұлы Қазымбетпен бірге Тәттібикенің ауылына келеді. Қазақтың салты бойынша айттырған жігіті өлген қалыңдық сол елдің бір жігітіне күйеуге шығуы тиіс. Ал бұл жағдайда Тәттібике қайнысы Қазымбетке тұрмысқа шығуы керек болған.
Екі бірдей қарақшыны ұстап алып келген қызына риза болған Тәттібикенің әкесі қызына толық бостандық береді. Бұл дегеніңіз — қыздың тағдыры өз қолында, қыз кімге күйеуге шығамын десе де, өз еркі деген сөз. Егер Тәттібике қайнысына ерге шықпаймын десе де өзі біледі, мұндай жағдайда қыздың әкесі құдадан алған қалыңмалды түгел қайтаруға тиіс. Сонан кейін қыз кімге күйеуге шығамын десе де өз еркі. Ал қыз бұлай жасаса, Қырғызәлі үшін, оның туған-туысқандары үшін бұл сүйекке түскен таңба болар еді. Өйткені онда жесір Шынқожа ауылын менсінбеген болып саналар еді.
Осы жайды анық ұғынған Тәттібике өзін туғандарын және қайын жұртының игі жақсыларын, қайнысын жас жұбайымен шақыртады. Шақырған адамдары түгел келген соң, қыздың әкесі құдаларына Тәттібикенің басына еркіндік берілгендігін, ендігі қалай тек қыздың өзінде екенін айтады.
Тәттібике шешімін ел алдында былай жеткізеді:
— Туған елім, қалың берген қайын жұртым. Қара жамылған қалыңдық болсам да сөйлемеске ылажым жоқ. Ең әуелі әкеме қояр шартым бар, келіссе ғана айтамын.
— Қызым, кез келген жігіттің қолынан келе бермейтін ерлікті жасадың. Қандай шартың болса да қабыл алдым. Сөйлей бер, — дейді әкесі.
— Онда әлгі малыңды айдап әкеткелі болған қарақшыны ел алдына әкелсін. Олар менің қыз екенімді білсін! — дейді.
Ұрыны ел алдына алып келгеннен соң, Тәттібике оған былай дейді:
— Әй, қарақшы! Ауылымызға келіп, асымызды ішіп алғаннан соң қараушысы аз малымызға ие болғыларың келді. Екі жылқышымызды да өлтірдіңдер. Енді сенің өмірің менің қолымда. Өлтірсем бе, құлағыңды құнтитып кесіп, құл етемін бе бұл менің еркімде. Менің қыз екенімді көріп тұрсың. Енді менің саған қояр талабым мынадай: біздің жазықсыз өлген жылқышыларымыздың бала-шағасына құнын төлеңдер. Әр қайсысына бір үйір жылқыдан (ол әр үйірде он бес-жиыр- ма жылқы) төлейсіңдер. Сендерден өлген қарақшыға құн төленбейді, өйткені сендер адамымызды жазықсыз өлтіріп, малымызды айдап кеткілерің келді. Осы айтқанымды жарты айдың ішінде орындасаң, өлген жолдасың екеуіңді еліңе жіберемін, егер орындай алмасаңдар, еліңді шауып күшпен жауласып тартып аламын депті.
— О, айналайын үкіміңе құлдық, айтқаныңның бәрін уақытында орындаймыз, — деп қарақшы ант беріпті.
Қос қарақшы біреуі өлідей, біреуі тірідей атқа мінгізіліп жіберілген соң Тәттібике енді қайынжұртының алдына өз талабын қояды:
— Аллаға аян балаларыңыз Қалымбетті Құдайдың өзі алды. Ара түсер айлам болмады. Бір жыл әруағын күтіп, асы берілген соң әкем бас бостандығымды өзіме беріп отыр. Мен сіздердің елге келін болып түсу үшін алдымен Қазымбет пен оның жас жұбайына қояр шартым бар. Соған келіссе ғана әмеңгерімнің ауылына барамын.
Қырғызәлі де, оның екінші ұлы Қазымбет те, келіншегі де «айтыңыз, айтыңыз» деседі.
— Аталарымыз құда түскенде, құйрық бауыр жегенде, мен ата-анамның қалауына көнгенде тоқал болу ешкімнің де ойында жоқ еді. Қалымбет мырза тірі болғанда ауылдарыңызға үлкен абысын болып түсетін едім. «Абысын тату болса ас көп, ағайын тату болса ат көп» деген. Жолы жіңішке болып әйел жаратылыпты. Қазымбетке әншейін ғана ерге шыға қалсам, тоқал атанамын, күндес боламын. Ал бір еркектен туса да екі әйелдің балалары екі рулы ел болып жүр. Менің тоқал болып, Домалақ анадай бәйбішеден таяқ жегім келмейді. Құрбым, сен мені абысындай қабылдап, байыңды қызғанбасаң ғана, тоқал көрмесең ғана ауылдарыңа барамын. Түскен үйімнің босағасын Қазымбеттің емес, ағасы Қалымбеттің босағасы деп аттаймын. Өзің бойың қарағайдың талшыбығындай бұралған сұңғақ келіншек екенсің. Көрген аяным — сен де екі ұл табасың, мен де екі ұл табамын. Сол тапқан балаларымыз да қарағайдай болып өсер.
Сенен туған екі ұл, олардың ұрпақтары да бай, батыр да болар. Қасқа айғырдың құлыны ең болмаса төбел болып туады. Бәйдібек, Дулат бектердің ұрпағысыздар. «Жігіттің жақсы болмағы нағашысынан, үйдің жақсы болмағы ағашынан» дегендей аралас-құралас жақсы елдің қыздарын алса, сенен өрбіген ер балалардан би де, бек те туар, әрі сауық-сайраншыл саятшыл келер.
Ал менен туған екі ұл да, олардың үрім-бұтағы да бай да, батыр да болумен қатар еліне билігі, бектігі арылмас құт болар. Билік пен бектіктің жөні бір басқа, бақтың ұлылығы да сол бектік пен билік қой. Би мен бектің алдына бармайтын жан жоқ. Басқа қонған бақсы тек ынтымақты ағайындар ғана ұстап тұра алады. Төмен етек ұрғашы болсам да батырлығым да, байлығым да бір басыма жетеді. Алып анадан туады. Сондықтан да болашақ ұрпақтың қамымен күндес болмай, абысын болуды қаладым.
Қазымбеттің әйелі жұрт алдында Тәттібикенің шартына келісіп, ант береді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі