Бұл Сарыарқаны бұрынғы уақытта ноғайлы билеп-төстеп қоныс қылып, «он сан ноғай ормамбет би өлгенде, сол Ормамбеттің елі бір алаша тайдай бүлініпті» деген сөз бар. Сонан қалмақ билеп-төстеп, мекен қылған екен. Қара қалмақ Қатысыбан қоңтажының тұсында он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт «Аюкенің ауыр қолы» атанған. «Құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін тұсында қалмақтың құтын қашырып, Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай хан екен» дейді.
Абылай заманында сүрген дәуренді енді Қазақбайдың баласы Абылайдан бұрын Адам атадан бері көрген емес. «Абылай заманындағы дәурен қазаққа жоқ, түсіне де кірмес мұнан былай» депті.
Ғаламда он сегіз мың жан болыпты,
Бұл сөзім білгендерге таң болыпты.
Жігітлер, құлақ салып, тыңдасаңыз,
Қазақта Абылайдай хан болыпты, —
деп өлеңге шыққан Абылай — осы.
Қазақ жұртында мақал болып қалды: «аң алмайтын жаман құс — ат еңбегі, Абылайдан басқа төре — ет еңбегі» деп бұрынғылардың айтуасы: «Қалдан Шерін» хикаясы. [Қалда]н Шеріннің Сәру деген інісін бір жорықта кезд[есіп], [А]былай өлтірген екен дейді. Қалмақтан шыққан [Сына] батыр Қалдан Шеріннен қашып, Абылайға қорғалаған екен. «Кісімді өзіме қайырып берсін!» дегенде Абылай айтты:
— Мені аямасын, — деп пәрмен қылған екен.
Бұл турадан Қалдан Шерін қалмақтың өзінен басқа қоңтажысы болсын, Аюке болсын баршасы ат шаптырып, «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.
— Көктің астында болсын, жердің үстінде болсын Абылайды тауып алып кел[іңдер]!
Ұстап алып келгендерге деп жарлық берді:
— Жайсаңдарыңа, тірі ұстап алып өлтірмегенге Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды қалың малсыз беремін, — дейді.
Көкшетауда бүркіт салып жүргенінде қалмақтың бір жайсаңы Абылайды тірі ұстап алып кетіпті. Жанындағы жолдастары білмей қалыпты. «Абылайды ұстап алып келеді» деп естіп:
— Маған көрсетпей, зынданға салыңдар, ас-су бермеңдер, аш сақтаңдар. Сегізінші күн зынданнан шығарып, айдалаға бір ақбоз үй тіккізіңдер! Соның ішіне жалғыз қойыңдар да, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салыңдар, қара суға ерімес, — дейді, — ұрттап жіберейін [десе], аузына бармас. Қара болса, аяққа қолын салып жіберіп, майды бір-ақ жіберер. Егер ақсүйек болса, аштан өліп бара жатса да, майды
керек кылмас, — дейді. — Мұны осылайша сынайық, — депті.
Ханының айтқанынша қылып, зынданға салып, сегізінші күн дегенде, ақбоз үйді айдалаға тігіп, жалғыз отырғызып қойып, бір аяқ қара суға тобықтай май салып апарып, қолына ұстата берді.
Абылай суды ішіп еді, майы не ерімеді, не аузына келмеді.
— Үрсем кетпейтұғын неме едің? Өпкеніммен келетұғын неме емессің ғой, — деп қолындағы[ны] пәрменінше лақтырып (ұлақтырып) аспанға бір-ақ атты да, көріп тұрған жігіт-желеңдер көргенінің бәрін айта барды дейді.
— Мұның затында бір асылдық бар қу екен ғой, — дейді, — енді бір төрт жігіт жалаңаш қылыш алып барыңдар, — депті, — «ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды. Сіздің мейманаңыз Құдайдан сізге жазу бұйрық осы болды» деп қылышпен шабуға дүрсе қоя бер[іңдер] — дейді, — біреуіңнің астарыңа кіріп кетсе, шауып жіберіңдер. Егер сарқасқа текеше қасқайып отырса, шаппаңдар, тағы қайта келіңдер — дейді, — көрген-білгендеріңді айтып келіңдер, — дейді.
Қалдан Шеріннің айтқанын түгел орнына келтіріп, жендеттер жетіп барғанда, қаперіне дәнеме келтірмей, қабағын қағып, жасқанбастан отыра берді дейді.
— Жүрегі тас па, мүйіз бе, бізден қашпады, — деп айтып, қайт[а]дан Қалдан Шерінге қайта келді дейді. Мұны Қалдан Шерін естіп, қасына тоқсан сәргердені алып:
— Абылайдың жүзін көремін, — деп, бір үйд[ің] ішін түзеттіріп, патшалық тақ орнатып, тоқсан сәргердесімен тоқсан бір болып, патшаның тағынан басқа бос жер қоймай, қатарын түзеп отырды дейді.
Көп сәргерденің бірі болып бұлардың арасына отыр[ып]:
— Ал Абылайды осы үйге шақырып келіңдер, — дейді, — ешқайсың қағылып, орын бермеңдер, — дейді, — қара болса «бос жер ғой» деп босағаға отыра кетер, «жасымда отырған жерім» деп. Ақсүйек болса, баса көктеп, жоғары өрлеп, мені сұрамай біліп, бірдеме айтар, — дейді.
Абылайды шақырып, үйге кіргізді. Жан-жағына жалтақтап қарамастан тақтың үсті бос тұрғанын көріп, табынатын пұты бар, жан-жағына көзін салмады, барып отыра кетті де, сонда жаман қалмақтар қауқауласып:
— Жерге отырмай, таққа отырды, — деп күңкіл қыла бастады дейді. Қалдан Шерін танып қойғанын біліп:
— Уай, Абылай, Сәру қайда? — деді.
— Жақ тартушы көп болды, жаманаты бізде қалды, — дейді. Екінші сұрады:
— Сәру қайда?
Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады.
Және үшінші мәртебе:
— Сәру қайда? — деді.
— Көрінбеген Сәруді іздегенше, көрініп тұрған өзіңді ізде, — деді. Қалдан Шерін сәргерделеріне:
— Бұл неме деген жан? — дейді.
— Өзің қарап отырып тағыңнан айрылып қалдың. Осы күнде тақ үстінде мен отырмын. Осы күнде басыңды алдырсам, кім менің жарлығымды бұзады? — дейді, — жабдық сенде, жарлық бізде, — деген сөзді есітті де, Абылайды сынаймын деп алдырып, орнына шығарып алғандығына пұшайман болып, ұшып түрегеліп, Абылайдың келіп қолын ұстады. Жарасып, елдесіп,Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан не заманнан бергі олжаға түскен, өсіп-өнген қазақты Абылайға босатып жіберді. Осы күнде белгілі атағы жоқ «кімсің?» десе, «атағы, атасы жоқ төлеңгітіміз» дейді. Енді солардың тұқымы қалмақта қалып, Абылайға олжаға берген екен дейді.
«Топыш сұлуды өзіміздің біреуіміздің бірімізге бермей, Абылайға берді» деп, ақырында араз болып, ақырында қалмақ ханын өздері өлтірген. Қалдан Шеріннің ханымы Қарабас ханым, онан туған Айжан — жалғыз, әкесінің орнына соны сайлап, үш жылғаша жеткізбей, екі көзінен айырып, соқыр қылып, қаңғытып қоя берген екен.
Аюкенің қызынан туған Қырғын, Күш — екі бала Абылайды жезде көріп, Топыш ханымды апа көріп, бірнешеуі өздеріне ерген қалмақпенен Абылайға келген соң қалмақ бөліскен. Ақырында Шүршітке қарай ауып бара жатқанда балалары жылағанда, айтады екен:
— Қу мұңдар, неге жылайсың,
Сорқара, Сортың бар ма?
Сөрелеп жайған етің бар ма,
Көнек, Толағайың бар ма,
Көнекте тұрған қымызың бар ма? —
деседі. «Сорқара, Сортың» деген, «Көнек, Толағай» деген Сарыарқаның сауырысы, шөбі шүйгін жерлері болса керек дейді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі