Қалмақта құба қалмақтың ханы Қалдан Шерін деген хан болған. Оның Қарабас ханымы деген ханымы болған. Ежен (Айжан) деген жалғыз баласы болған. Қарақалмақ Қатысыбан деген қалмақтың ханы «қоңтажы» атанған. «Он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт» деген қалмақтың ханы кәрі Аюке-Тіпсіре Шабдаршаптың баласы болған. Бұлардан бөлек «ұрының қарағашы» атанған жақта руса, Серең (Сыраң) деген жайсаңдары болған. Бәрінің зоры Қалдан Шерін болып, заманында қалмақ біткен соның аузына қараған. Қалдан Шерін дәуірлеп тұрған күнінде қалмақ қазақты түп көтере ойсыратып шауып, есепсіз мал, көп жесір алып кеткен.
Соның артынан бітім-тыным сөйлесуге көтеріле аттанып қазақ барған. Сонда Қалдан Шерін Қарабас ханымды атқа мінгізіп:
— Қазақты аралап көріп, маған сөйлесуге жарайтұғыны болса, алып кел! Сөйлесуге тұрарлық жан жоқ болса, «аттарынды аздырма, тондарыңды тоздырма» деп қайырып жібер, — деп жібереді.
Қарабас ханымы атқа мініп, аралап көріп, сынап таңдап, төрт кісі алып келіпті. Бірі — Балтакерей Тұрсынбай, бірі — Шақшақұлы Жәнібек, бірі — қаз дауысты Қазыбек, бірі — Айдабол баласы Тайкелтір.
— Бұларды не сынмен алып келдің? — дегенде:
— Анау отырған — Балтакерей Тұрсынбай. Құлағы жоқ шұнақ екен, құйрығы жоқ шолақ екен, жауы көк желкесінде екен. Өзінен басқадан қорықпайтын, үрікпейтін деген байдың өзі, көкшолақтың көзі екен. Анау отырған Қазыбек атшылардың арасында ұйықтап жатыр екен, шалқасынан түсіп, екі қолы екі жаққа қарай, екі аяғы екі жаққа қарай, керген төстіктей серейіп жатыр екен. онысы — «дүниенің төрт бұрышын тірей туған — дәл мен» дегені, қара бақайына шейін құт екен. Өлгенде арулаған жерін [ме]к[ен]деп көшкен ел бай болады. Анау отырға — Тайкелтір. Айыр көмей, темір жақ, жұтқыншағыңдағы кішкене тілінің ұшы кезең екі айыр, өнері қара жамбасынан (жанбасынан) келеді екен. Бір басты, екі аяқтыға сөз бермейтұғын бұлбұл екен. Анау отырған — шаржетім Шақшақұлы Жәнібек қазақ сырттаны екен. Өзінің оққағары бар екен. Бақайшағыңның майын шағып, ыңыршағыңды отқа жағатұғын сол екен.
Сонда Қалдан Шерін:
— Бұларды өлтіріп тастасақ, жарайды екен, — депті.
Қарабас ханым:
— «Ханның ақылы баланың шүметейімен бірдей» деген осы екен-ау! Өзің бұларды қандай жан деп отырсың? Отқа салса, күймейтұғын, суға салса, батпайтұғын, атса, мылтық өтпейтұғын, шапса, қылыш кеспейтұғын, сырты — болат, іші — құрыш жандар осылар емес пе?!
— Ендеше бұларды толық бітім беріп, ырза қылып қайыруға керек екен, — деп, ер басына тоқсан жесірді (долгсыз) берген.
Бұрын бітім болғанда, мал төлеп алады екен. Бұл жолы мына төртеуінің жолына төлеусіз беріпті. Сонда бір келіншек қатын Қазыбекке:
— Би ағалар-ау, мен қалып барамын, — дегенде Қазыбек Қалдан Шерінге қайта кіріп, сырнайдай тақылдап, жүйесін босатып сөйлеп, сұрап алған екен. «Қазыбек өзгесінен бір жесір артық алыпты» деп кейінгіге айтылып қалған. Және Қазыбек: «келін мұрдарды бұрын танып қоятұғ[ын] екен-ау!» деген екен.
Қалдан Шерін өлерінде халқын жиып, өсиет сөйлепті:
— Мынау жалғыз балам Еженді менің орныма хан көтеріңдер. Үш жылға шейін бетіне келмеңдер! Үш жылдан соң сұңқар болып қолдарыңа қонады, — депті.
Қалдан Шерін өлген соң Еженді хан көтеріпті. Еженде екі түрлі жат мінез болыпты. Бірі — көрінген итті ата беріпті, бірі — қыз-келіншекті ата беріпті. Сонан соң жұрты безер болып «мынау жынданды» деп өлтірмекші болып[ты]. Қалмақ заңы: баласы өлсе, әкесі жаназашы болып аттанып, жұрт жияды екен де, әкесі өлсе, баласы жаназашы болып жұрт жияды екен. Қалдан Шерін өлгенде, Ежен жаназаға жұрт шақырып жүргенде, жеті қараңғы түнде ит шулап, сөз есіттірмей, мазасы кеткен кеткен екен, қыз-келіншек қой күзеткенде өлең айтып, ән салып, сөз есіттірмеген екен.
«Үш жылға шейін, ит енеңді сі...ін, сенен өшімді алармын, қыз-келіншек, енеңді сі...ін, сенен де өшімді алармын», — деп ант қылған екен, жұрт та өлтіруге анттасқан екен. Қалмақтың бір сыншысы айтты дейді:
— Бұл жай кісі емес, хан баласы. Мұнда кие бар. Мұны отқа салсаңдар, еліңді өрт алады, суға салсаңдар, еліңді су алады. Мұны қалай өлтірсеңдер де, зор апатқа ұшырайсыңдар, — деген соң, мыс қыздырып, екі көзіне ұстап, екі көзін дәнемені көрмейтұғын су қараңғы соқыр қылып, қоя беріп, сонан сон қалмақ бүлініп, бордай тозған екен. «Ханын қалмақ жаулаған, сөйткен қалмақ оңбаған» деген сөз кейінгіге мақал болып қалған екен.
Қалмақ заңы «екі қатын алса, ел бүлінеді» деп, екі қатын алмайды екен. Қалдан Шерін екі қатын алған екен. Себебі мынау: «он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыттың ханы» болған кәрі Аюке Тіпсіре — Шабдаршаптың баласы жалғыз қызын қырық қыз жолдас қосып, Қалдан Шерінге жіберген: «кімге берсе, билігі Қалданда» деп. Бара жатқан жолдарында қыс ерте түсіп кетіп, қар қалың жауып, жүре алмай қалған. Қазақтың бір мергені оқтай ұшырап, қыздардың өздеріне тастан үй қалап беріп, көліктері түйе екен, түйелеріне тастан қора қалап беріп, аң атып, аң етімен бір қыс асырап-сақтап, қыстан шығарған. Қалдан Шеріннің қаһарынан қорқып, қыз тие алмай, мерген ала алмай, жаз шыққан соң, қыздар Қалдан Шерінге қарай кетіпті. Осы қыздардың бір қыс қыстаған жері Қарқаралы үйезіне қараған жерде Боқтыкент деген тауларда. Тау басында «Қызыл кеніш» атанған. Біздің қазақ «Қызыл кеніш» әулие деп, соған да түнеп жүрді.
Бұл қыздар Қалдан Шерінге барыпты. Қыз заманасындағы жұрттан асқан сұлу екен. Басқаға беруге қимай, Қалдан Шеріннің өзі тоқалдық[қа] алыпты.
Қарабас ханым деген атақты ханымы бар екен де, онан туған Ежен деген жалғыз баласы бар екен. Қалмақ заманында екі қатын алмайды екен. «Екі қатын алса, ел бүлінеді» деп. Қыз «салт атты, сабау қамшылы» болмай, екіқабат, буаз шығып, ер ұл тауып, «жолдан қыстырылған сына тәрізді болды» деп, атын Сына қойыпты. «Сына батыр» атанып жүрген Сына — осы. Аюкенің бұл қызы Қалдан Шеріннен екі қыз, екі ұл тауып, қыздарының аты Барын, Топыш, ұлдарының аты Қырғын, Күш аталыпты.
Қалдан Шерін айсыз қараңғы түнде далада с...п отырса, с...гіне келіп бір нәрсе шылп ете түсіпті. үйіне ап келіп, жарық қылдырып қараса, садақтың оғы екен, ұшында метін (митын) бар екен. ол метін Қалдан Шеріннің өз талысында жататұғын метін екен. Тоқсан ұстасы бар екен, бәрін жидырып:
— Мына оқты қайсың жасадыңдар? — дегенде, бір ұста:
— Оны жасаған мен едім, — депті.
— Кім жасатты? — дегенде:
— Өзіңіздің нақсүйер тоқалыңызд[ың] тұңғышы Сына батыр жасатып алып еді, — депті.
Ләм-мим дәнеме деп жанға сездірмепті. ұйықтап жатқанда Сына батырдың мұрнына дәрі иіскетіп, талдырып тастап, оң жауырынының шеміршегін ойдырып алдырып тастап, аюдың ақ дәрісін септіріп тастапты. Бір заманда Сына батыр есін жиып, басын көтеріп, тұра келіпті, дәнемені білген, сезген жоқ. Сына жақ атып, садақ тартайын десе, төбесінен Құдай ұрғандай болып қалғанына наза болып, үйге келіп еңіреп, ботадай боздады дейді. Шешесі:
— Не болды, кім тиді? — деп сұрап еді:
— Денем сау, қолымда ауырған, сырқаған дәнеме жоқ. Садақ тартып, жақ ата алмайтұғын болыппын, — деді.
— Балам, ұрылған екенсің. Енді тырп етсең, көзінді жойылтады, қарашығынды батырады. Тұрма, көзінді жоғалт, қалмақ ортасында жүріп, жан сақтай алмайсың! Қазақ жұртыңа кете гөр осы аманыңда, — деп, Қалдан Шеріннің қас болғанын айтыпты.
Сына батыр сол қашқаннан қашып, Абылайға келіп қорғалап тұрып қалыпты. Қалдан Шерін де қайда барса да, өзіне қастық қыларын біліп, іздетіп, таба алмай, Абылайға барып қорғалағандығын естіген соң, Абылайға елші жіберіпті:
— Менімен жауласпай, тыныш тұрамын десе, Сына батырды тірідей қайырып берсін! — деп.
Абылай хан:
— «Бұтаға қорғалаған торғай да қалады» деген сөз бар еді. Бұта құрлы болмасам, тірі болғанда неге жараймын? — деп, бермепті.
Қалдан Шерін жер үстіндегі қалмаққа жар шақыртып, [...] «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.
— Бір жерден емес, әр жерден аңдытып, судан балық сүзгендей, Сарыарқаны түгел аралап кезіңдер! Абылайды маған тірі ұстап алып келгендер[іңе] Аюке қызынан туған Топыш сұлуды беремін, — деп.
Мұны естіген соң жайсаңдарда жан қалмады, көтеріле атқа мінді. Бір Жалбы деген жайсаң[ы] көп қосынменен жүріп, Тарбағатай, Шыңғыс таулары жақта «Жалбы жолы» атанған жол бар деседі. Ала жаздай кезіп, ұшырата алмай, қыс түсіп кетіп, ұлытау, Кішітауда бүркіт салып жүргенде ұшырасып, аң аулап қаңғып жүрген уақ Өтеген мергенді ұстап алып, ол айтпапты. Бір Тілеуімбет деген жаман қарауылшысы бар екен, ол ит ұйықтап қалып «қарауылшымыз бар ғой» деп қапы қалып, қасындағы қанша жолдастарымен ұстап алыпты. Абылай жүрген жорықшылардан жөн сұраса, бір ғана өзі үшін аттанған қосын екенін білген соң «күтінбеген елді шабыншылыққа ұшыратпас» деп:
— Іздеген Абылайың — мына мен, — деген соң Қалданның жіберген қосыны тапсырған Абылайын тапқан соң, жоғалтып жүрген тайыншасын тапқандай қуанып, алып қайта беріпті.
Қалдан Шерін «Абылайды тірі ұстап алып келеді» деп естіген соң, айдалаға ақбоз үй тіктіріп, құда, күйеу түсетұғын үйдей жайнатып, төсеніш төсеп:
— Абылайдың жалғыз өзін сонда кіргізіңдер, — депті, — жеті күн, жеті түн ас-су бермеңдер, қарны ашсын, қалжырасын. «Бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» деген бар ғой, — депті. Айтқанындай қылыпты.
Сегізінші күнде:
— Тола аяқ қара суға тобықтай тоң май салып апарып, қолына ұстата қойыңдар, — депті.
Айтқанындай қылып апарып қолына ұстатқанда:
— Үрсем кетпейтін неме едің, өпсем аузыма келер емессің ғой, — деп аяқты төрден есікке қарай лақтырып жіберіпті.
Көзімен көргендер көрген-білгенін айтып барғанда:
— Шіркін, анық бекзат, шын дегдардың өзі екен ғой, — десіпті.
— Енді бір төрт жендет түстеріңді суытып, төртеуің де қолдарыңа жалаңаш қылыш ұстап жалақтатып: «ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды. Сенің мейманаң толды. Берген асты ішпесең, мә, өзіңнің қанынды іш!», — деп дүрсе қоя беріңдер. Тайсалса, қайғалақтаса, басын шауып тастаңдар. Жасқанып жалтақтамаса, тимей қайтып келіңдер, не қылып, не қойғанын айтып келіңдер! — деп жіберіпті.
Бұлар Қалдан Шеріннің айтқанындай қылып жетіп барғанда:
— Алладан басқадан ажалым болмақшы емес, — деп сескенбей, шімірікпей, сарқасқа текедей қасқайғаннан қасқайып отыра берді дейді.
— Мынаның өзінде жан жоқ қой. Жаны бар жан жасқанбас па?! — деп қайтып келіпті, көрген-білгендерін айтып келіпті:
— Атса, мылтық өтпейтұғын, шапса, қылыш өтпейтұғын, суға салса, батпайтын, отқа салса, күймейтұғын, сырты — болат, іші — құрыш, өзіне-өзі әбден сенген қу ғой, — десіпті.
— Екі сыннан өтті, енді бір сын қалды. Оны да орындатайық, — деп, — өзін мұнда шақыртыңдар. «Қардың басын қар алады, ханның басын хан алады» деуші еді. Қалың қалмақтың жиылған тобының ішінде басын өз қолыммен кесіп, ту сыртынан жарып, өтін өз қолыммен алып, қанын ұрттаймын!» деп шақыртты деңдер. Үрейі ұшып, құты қашып, қалбалақтап кіріп келер ме екен? Жоқ өңі-түсі қашпай, сескеніп, шіміркеніп аяқ баспай, жаймашуақ, жадағай [көр]кейіп келер ме екен? Бұ да — бір сын, — дейді.
Қалдан Шеріннің тоқсан сәргердесі бар екен, бәрін қаз-қатар үй жағалай тұрғызыпты. Өзі тақтан түсіп, сәргерделерінің біреуі есепті болып отырыпты. Төрден босағаға шейін жан отырарлық орын қалдырмапты. Және:
— Кіріп келгенде ешбірің қағылып орын беруші болмаңдар! — депті. Қалдан Шеріннің тағы болады екен, тақ үстінде тастан жасаған жеке ханның орнына арнаған «Құдайы» болады екен. Абылай хан кіріп келсе, тақ төрінің үстінде кісі жоқ, тастан жасалған құдайсымағы тұр. Абылай хан жан-жағына жалтақтап қарамастан тақ үсті бос тұрғанын көріп, тұпа-тура барып таққа мініп, Қалдан Шеріннің орнына қасқиып отырып алды дейді.
Құдайының қасына отырғандығы шаншудай көрініп, қалмақтар қауқылдасты дейді. Сонда Абылай айтты дейді:
— «Жақсы кезекке таласады, жаман отыратын орнынан адасады». Отыратұғын орнынан адасатұғын мен жаман ба? Тақ үстінде ханның орны болады, оның құты қашты, менің әруағым, бақ-талайым жоғарылап асты. Сондықтан өз орнын ол тастай қашты. Бұл орынға қалмақтың ханы Қалдан Шерін отырмағанда, қазақтың ханы Абылай отырмағанда, шайтан отыра ма? — дейді.
Қалмақтар өзді-өзі бір-біріне қарасып:
— Бұған не айтамыз? «Аталы сөзге арсыз таласады» деген, — депті.
Қалдан Шерін өзін танытпаймын деп, ұрылып қалғанын білді:
— Уа, Абылай, Сәру қайда? — дейді.
— Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады, — дейді.
«Сәру қайда?» деп үш айтты, үшеуінде осы ретті жауап қайырды. Қалдан Шерін жауап қайтарып дәнеме дей алмады.
— «Қолға түстім-ау, пенде болдым-ау!» деп ойыма дәнеме келмейді. Өлсем ойымнан, тірі болсам, бойымнан кетпес үш арманым бар. Бірі — Сәруді мен қан майданда жекпе-жекте өлтіріп едім. Сен ата қалмаққа сауын айтып, әскер жібергенде, мен исі қазаққа сауын айтып, қыл құйрықты қазақты жиып, Сәруше қан майданда өлмей, сәйгел қуалап шыққан тайыншадай, түлкі қуып, бүркіт салып жүргенде, қапыда түстім-ау!» — деп армандаймын. Бірі — «қазақтың арқасын тамға сүйремей, аузын нанға бөлемей, құлан, киіктей құба жонда тиянақсыз, тұрақсыз қалдырдым-ау!» — деп соған армандаймын. Бірі — «төрт атадан бері қарай жалғыз едім, туысқаным жоқ еді, балам жоқ еді. өліп кетсем, бір өзім емес, төрт жанның тұқымы құрығаны ғой!» дегенім болмаса, — дегенде, Қалдан Шеріннің басы төмен салбырап кетіп:
— Мен де өзіңдей төрт атадан жалғыздап келген жан едім. Бұ дағы мынау Ежен қарағым, бөбегім сықылды екен, — дегенде, Абылай:
— Алдияр хан, төреңізге құлдық, — депті.
Қалдан Шерін:
— Сен қуанғандай, не төре тиіп қалды? — депті.
Абылай айтыпты:
— Мені алдыңда отырған «көзіңнің ағы мен қарасы» бөбегіңе теңедің. өз бөбегіңді өзің өлтіресің бе? — депті.
Қалдан:
— Жарайды, жөн, — депті.
Өзге жұртты тарқатып, Абылайды оңаша алып қалып, Еженді бір тізесіне, Абылайды бір тізесіне отырғызып, мәре-сәре болысып, «құлындағы сақауын, құнандағы тісеуін» айтысыпты:
— Қазақта қой көп пе? — деп сұрапты.
— Көп болады, — депті.
Қалдан:
— «Қой — ұры, қойшы — өтірікші» деген, ауыл үйдің арасынан ұсақ жанжал үзілмейді десейші, — депті.
— Қазақта сиыр көп пе? — депті.
— Көп болады, — депті.
Қалдан:
— Қазақтың баласы айранға сеніп, еңбекке еріншек, ақымақ болады десеңші, — депті.
— Қазақ егін сала ма? — депті.
— Жоқ, салмайды, — депті.
Қалдан:
— «Жер — анасы, адам — баласы» деп еді. Жер емшегін ембей, жерге бауыр баспайды. Әлі де неше төңкерісті басынан кешеді екен, — депті.
Екеуінің әңгімесі таусыла ма?
Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан не заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды Абылайға байлап, рулы елдей қылып қайтарыпты. Кенесары, Наурызбайдың әкесі Қасым осы Топыш сұлудан туады. Топыш сұлудың бауырлары: Қырғын, Күш Абылайға қашып келіп, паналап, олардың үрім-бұтақ, жұрағаты Атбасар үйезінде, Терісаққан бойында Қарақұйын, Қашырлы елінде[гі] қалмақтар деседі. Өсіп-өніп кеткен бірталай жан.
Біз бұл сөздерді Мұса, Секербай заманындағы қариялардан естідік. Енді заманның тарихы, шежіресі бізге бәрі өтіріктей көрінеді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі