Өлең, жыр, ақындар

Тарқаған өкпе

Кешқұрым Алданның жөтелі жиілеп, ыстығы көтерілді. Мазасы кетті.

— Салқын тиген ғой. Күн ұзақ өзеннен шықпайды... Ыстық сүтке сары май қосып беріңдер, терлесін. Ертең-ақ сауығады, — деді көкесі.

— Кеудесінде сырыл бар сияқты. Қыша жағылған қағаз қою керек, — деді мамасы.

— Қойдың майын ерітіп ішкізіңдер, ол да ем, — деді әжесі.

Айтылған ем-домның барлығы жасалды. Бірақ баланың ыстығы қайтар емес. Дөңбекшіп, ұйқысы қашты. Жөтелі одан сайын жиіледі. Тіпті болмаған соң жедел жәрдем шақыртқан. Дәрігер ыстығын өлшеп, кеудесін тыңдады да, «суық тиген» деп ауруханаға алып кетті.

Міне, жеті күн. Қазір тәуір. Жөтелі басылған. Бастапқы екі-үш күн төсекте қозғалмастан жатты да, ыстығы қайтқан соң тұрған. Өзі құралпы ұлдар да бар. Нұртай деген сүйкімді ақ сары баламен кереуеті қатар. Әрі екеуі де бір жылғы төл. Ол да үшінші сыныпқа көшіпті. Нұртай кітапты көп оқиды. Зерек. Пысық. Білмейтін ертегісі жоқ. Талайын айтып берді.

«Қым-қиғаш оқиғалы, ұзақ ертегілерді қалай жадына сақтайды» деп таңғалады балалар.

Алданның мамасы мен әжесі күн құрғатпай келеді. Түнеугүні бірге оқитын сыныптас Серік пен Назгүлді көргенде керемет қуанды. Өздері пәле. Екі сауыт «Жуси» шырыны мен бір пәшкі печеньелері бар. Сыныптағы, мектептегі жаңалықты айтып, қам көңілін көтеріп тастады.

Алданның есіне Сәруар түсті. Кішкентай күндерінен екеуі бірге өсті. Ауыл шетіндегі жаңа үйлеріне қоныс аударғанша, былтырға дейін бұлармен көрші тұрды. Екі үй арасы қашықтау болса да, мектепке бірге барады. Бірге ойнайды. Ылғи бірге...

Сол досы Алданға әлі келген жоқ. Әлде, ренжіткен кезі болды ма? Ойлап отырса, ондай себептің жөні келмейді. «Жолдастығың әншейінде екен... Сырың белгілі...» деп өкпеледі Сәруарға.

Көп ұзамай Алдан ауруханадан шықты. Көрші балалармен кездесіп әңгімелесті. Сәруарды сұрады. Сөйтсе, ол аттан құлап, мертігіп ауруханаға түсіпті. — «Бәсе, — деп ойлады ол. — Дос екені шын болса, бір рет келер еді...»

— Мама, дәмді етіп тамақ жасаңызшы! Мен бақшадан көкөніс әкелейін! — деді Алдан үйге кірген заматта. Өзі асығыс. Қимылы шалт.

— Күнім-ау, бәлністің сулы-сылпың ботқасынан қарның әбден ашқан-ау, тегі! — дейді айналып-толғанған әжесі.

— Әже, әлгінде естідім... Сәруар оқыстан аяғын сындырып, ауруханада жатқан көрінеді. Бүгін сіз екеуміз барып қайтсақ қайтеді. Көзі жәудіреп көшеге қарап, тосып жатқан шығар достарын...

— Ақылыңнан айналдым! Барсақ, барайық... Адамның достығы, бауырмалдығы осындайда... сынға түседі... Мамаң қазір-ақ кіріседі тамақ істеуге.

Алданның Сәруарға деген өкпесі тарқап жүре берді. Досын тезірек көргісі келіп асыға түсті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз