Соғыс басылар алдында бір қолынан айрылып, елге ерте оралған Жортақ деген көрші ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққан Шоқаның жалғыз қызы Қыздаркүлдің құда шақыруы бір жарым жылдан кейін болса да, Құбығұл әулеті хабарды емен-жарқын қабылдасып, еңселері көтеріліп қалды. Хабар інілері майданда өліп, сопайып қалған қамкөңіл шал Шоқаның мәртебесін өсіріп жібергендей де еді. Бұрын: «Е, Қыздаркүлдің барған жері де соғыстан тұралап қалған жандар ғой, қайдан құда шақыра алсын... Күйеуі болса да жарымжан байғұс... Қайта осындай заманда қызымыздың күйеу тауып алғанына да бәрекелді делік», — деп от басы, ошақ қасында өзара күңкілдесіп қана жүретін Құбығұл әулетінің қатындары енді: «Е, құдалыққа шақыруға жарады-ау. Бәсе-е, не дегенмен, ел емес пе? «Қырық жыл ойран болса да, дәстүр-салтты қалай жоғалтсын», «Күйеу баламыздың да еркек аты бар емес пе?» — деп қалысыпты. Сол құдалыққа әуелде түгел баратындай елеңдесіп, екпіндеп алған.
Қыздаркүл апасы қайда барды? Оның барған жері бұларды шақыра ма, жоқ па, деп елең етпеген үшінші класқа барып жүрген Молдабек қана.
Оңаша шай ішіп отырғанда шешесі Әзизаның: «Қыздаркүл апаңның барған жері құдалыққа шақырып жатыр екен» деген сөзіне де иегін көтеріп қараған да қойған. Ләм-мим деген жоқ. Бір сәт қасын кере қалған қалпынан «құдалыққа шақырғаны несі?» дегендей таңданыс та аңғарылған-ды.
Қызықтың көкесі тап құдалыққа жүрер күннің қарсаңында болды. Құбығұл әулетінің самайлары ағарған кемпірлерінен бастап, күйеулері соғыста өліп, қамкөңіл жүрген жас келіндеріне дейін құдалыққа барып жас ет жеп, көйлек киіп, кеудеміз жаңарып қайтар ма екенбіз деп дәмеленіп жүргендерінде Шоқа шал ертеңгілік темір пештің жанында кеудесіне түскен сақалын саусақтарымен тарамдап ұзақ ойланып отырып, кемпіріне: «Бұл құдалыққа Молдабекті алып барғаным ретті болар», — депті.
Кемпірі Әлима: «Е, осы құдалықтың хабары келгелі әулетіңнің он бес қатыны осы үйге қарай құлағын тосып отырған жоқ па?» — дегенде, Шоқа шал тағы да саусақтарымен сақалын тарамдап отырып: «Он бес қатын он бес есекке мініп, сол құдалыққа жабыла шауып барғандағы мақсатымыз соғыстан тұралап отырған үйді шауып қайту ма, тәйірі... Әлде бұл әулетте Шоқа шалдан өзге еркек қалмапты дегіздіру ме екен? Молдабекті алып барамын. Кесімім осы... құлақтарын тосып отырған он бес келінге түгел сәлем айта бар», — депті. Одан әрі шалына уәж айтуға Әлиманың өзі де бата алмапты-мыс.
Бұл хабарға Молдабек аса қуана қойған жоқ. Қуана қоймағаны, құдалыққа бара қалса, кемі бір күн сабақтан қалуы тиіс. Онысын Қожабек ағайы кешірмейді. Онсыз да бұған «сабағың нашар» деп анда-санда гіжіңдеп қоятыны бар. Құрғыр сол сабақтың нашарлығынан пионерге өту үшін өткен күзде жалғыз сиырдың сүтінен жырымшылап пісіп жинаған бір қарын майдың жартысына сатып алынған қып-қызыл галстуктің мойынға тағылмай, сандық түбінде өрттей жанып жатқаны анау... Сол пионерге көктемде-ақ өтіп кетудің жөні келіп еді. Арифметикасы түспегірден үшінші тоқсанның қорытындысына екілік шығып, бетіне шіркеу, жолына тұсау болғаны бар емес пе?
Енді, міне, кластағы он үш оқушының ішіндегі пионерге өте алмай, салпақтап жүрген жалғыз осы Молдабек. «Молдабек пионер болып қайтсін, бірден комсомолға өтеді» деп класында сөзбен шымшып жүргендер де бар. Кейде Қожабек ағайына мұның аты ұнамай: «Сенің атыңды молда болсын деп қойған жоқ па осы?» — деп қалады. «Сіздің атыңыз да қожадан басталып тұрған жоқ па?» деуге, әттең, мұның тілі жоқ. Сөйтіп жүрген кісі оқушысының құдалыққа барғанын естісе, не дерін сайтан білсін... «Осылай да осылай... бұл оқушымыз ескіліктің әдетіне салынып, құдалыққа барып келді» деп, пионерге өткізбек түгілі, мектептің жалпы жиналысына да салуы әбден мүмкін-ау. Сонда Молдабек жетіжылдық мектептің тоқсан тоғыз баласының алдында басы салбырап төмен қарап тұрса, одан өткен абыройсыздық бар ма?
Қорлық бар ма бұл дүниеде?
Бірақ шешесі арқылы «сабағымнан қалуыма болмайды» деген сәлеміне атасы қыңбапты. «Е, ол бір күн сабаққа бармаса, мектебі жабылып қала ма екен? Ендеше, мен әлгі Қожабек ағайын былай қойып, деректердің өзінен сұрап алайын», — депті. Бұл әңгімеден соң Молдабек ойланып қалды. «Құдалыққа баруға Молдабекті сұрапты» дегіздіріп, бүкіл мектепті шулатқанша, үн-түнсіз өзім кетіп-ақ қалмаймын ба, — деп те ойлады. — «Ауырып қалдым», болмаса «Сиыр қарап кеттім» деген көп сылтаудың бірін айта салар... Тәйірі, ауырмайтын адам, жоғалмайтын сиыр бар ма осы заманда...»
Не керек, әрі ойлап, бері ойлап, Молдабек атасының ұсынысына амалсыз көнді. Көнбеске, бір жағынан, шешесі де қояр емес. «Атаңмен бірге барасың, атаңмен бірге келесің. Онда Қыздаркүл апаң шайын қойып, етін пісіріп, күтіп отыр емес пе? Екеуіңе жасар сый-сияпаттары да бар шығар-ау... — дейді, құдалық сапарға баланы сонша еліктіріп. — Әкең соғыстан аман келгенде, бұл құдалыққа өзі барар еді... Енді сен әкеңнің орнына...» дей беріп бір сәт кемсеңдеп, жаулығының шетімен көзін сүртіп те жатты.
Құдалыққа барар күні де Молдабекті шешесі ерте оятып, жылы сумен жуындырды. Үстіне су жаңа көйлек-дамбал кигізді. «Пионерге өткен күні киерсің» деп сақтап жүрген жаңа костюм-шалбарды да сандықтан шығарды. Обалы не керек, екінші жыл киілгелі тұрған етіктен өзгесі «ойпырмай, мына бала қайдан келген-әй» дегізердей-ақ болды. Бір кесе сүтпен жарты таба нанды жегізіп алған соң да шешесі Шоқаның үйіне дейін, тап бір Молдабек қашып кеткелі тұрғандай, өзі жетелеп барды.
Үлкен көк есегіне енді міне берген атасының артына демеп отырғызып:
— Атаңның белбеуінен ұстап отыр, — деп баланың кішкене қолдарын Шоқаның түйе жүн шекпенінің сыртынан буа салған орамал белбеуді ұстатып жатқан да өзі.
Бұлар осылай құдалық сапармен Күйік ауылына қарай беттей бергенде күн сәскеге таянып та қалған еді.
Күйік — Молдабектің бармай, көрмей жүрген ауылы емес. Осы жазғы демалыста үш бала екі рет бірігіп барып, сол ауылдың балаларымен асық ойнап қайтқан. Бір рет ұтып, екі рет ұтылып қайтты. Қалай болғанда да, өз ауылыңнан гөрі өзге ауылдың балаларымен ойнау қызғылықты. Тіпті ерте көктемде сол үш бала бірігіп барып, ораза айтының кезінде сол ауылға жарапазан айтып қайтқандары да бар. Сондағы алғандары бір таба нан, қос уыс құрт, сосын бір табақ жүгері еді. Таба нан мен қос уыс құртты жол бойы-ақ жәукемдеп, үйге аман-есен алып келгендері бір табақ жүгері болды. Шешесі сонда жүгеріні табанда келіге салып түйіп, сиырдың сүтін қосып, жүгері көже пісіріп беріп еді-ау. «Ой, шіркін, сол көженің дәмі-ай!». Әлгі асық ойнаса да, жарапазан айтса да, үнемі бірге жүретін үш бала қанша күнге дейін сол сүт қатқан жүгері көжені мақтаумен жүрмеді ме?
Молдабек орамал-белбеуден мықтап ұстап, атасының арқасына жабысып отырып, сол сапардағы жол-жөнекей демалып, бір таба нанды бөліп жеген жерді көрді... Қос уыс құртты үшеуі тең бөліп қалталарына салып, сонан соң ауыздары бұлтыңдап құрт сорып келе жатқан сәттерін көз алдына елестетті.
Таныс жерлер бір сәт оның көңілін сергіткендей де еді.
Ақыры бірқалыпты бүлкек жүріспен көк есек бұларды Күйік ауылындағы Жортақ жездесінің үйіне де жеткізді. Үйінен қуана жүгіріп әрі жылап шыққан Қыздаркүл апасы бас салып бұларды құшақтап, беттерінен сүйіп жатыр. Жездесі Жортақ та бұлардың келуіне қуанғансып, жарқылдап амандасып, көк есектің белінен түсулеріне қызмет еткенсіп, жалғыз қолымен шолтыраңдап жүрді.
Бұлар үйге кіріп, төрге жайғасты. Қыздакүлдің самаурын қойып, ал Жортақтың қонақтардың есегіне шөп салып, одан соң қорадан мүйізі қарағайдай серкені шығарып, басына тақия киген мұртты кісіге бауыздатып, әуен-жәуен болып жүргенін Молдабек терезеден көріп отырды.
Бұл аралықта Жортақтың қайсыбір ағайындары келіп, бұлардың қолын алып: «Құда болып, төрге шыққандарыңыз құтты болсын», — десісіп
жатты.
Шай мен еттің кезінде ел қарасы тіпті көбейіп кетті. Абыр-дабыр әңгіме, күлкімен отырып, олар Қыздаркүлдің шай дастарханына қойған майы мен нанын да, шайдан соң қонақтар құрметіне тартқан табақ-табақ етін де қалдырған жоқ. «Берерің бітсе, амал жоқ, енді қайтамыз» дегендей, сонан соң барып қонақтармен қоштасып, тараса бастады.
Серкенің етіне ыңқиып тойып Молдабек те енді апасы төсек салып берсе, қисая кетердей-ақ болып, ұйқы тығылған көзін алақанымен қайта-қайта уқалап отырғанда, тысқа шығып, біраз уақыт жоқ болып кеткен Жортақ жалғыз қолымен үлкен қозыдай дарбызды көтеріп кіріп келмесі бар ма.
Шешесімен бірге жаз бойы колхоздың жұмысымен болып, қауын-дарбыз жеп жарымаған баланың көзі шырадай жанды. Жортақ байғұс та көпшіліктің тарауын күтіп әзер шыдап-ақ отыр екен ғой. Жалаңдаған пышақты жалғыз қолымен әлгі қозыдай дарбыздың кеудесіне салып жібергенде, одан әрі дар-р етіп дарбыздың өзі қақырай сөгілгенде-ақ:
— О, шіркін, дарбыз болғаныңа! — деді күні бойы тәсбісін аударып үнсіз отырған Шоқаның өзі де шыдай алмай. — Шырағым-ай, дарбыздың төресін сақтаған-ақ екенсің-ау. Бірақ жатар орынға жегеніміз...
Шалдың айтқан аз-кем қаупін елең етейін деп отырған ешкім жоқ. Қыздаркүл де, Молдабек те дарбыздың қып-қызыл болып аязданған беті жарқ ете қалған сәтте-ақ алға қарай итініп, жақындай түскен.
— О, шіркіннің дәмі-ай! — деді шал тағы да дарбыздың дәл ортасынан ойып алып, легенге салынған бөліктен аузына сала беріп. Өзгелер үнсіз. Үнсіз болатыны — тіл үйірердей дәмді әрі салқын дарбызға жабыла бас қойып, артық-ауыс сөзге қолдары тимей жатқан шақ.
Молдабек те, ой, жеді-ау... Құдалыққа келгеніне де риза болып отырғаны осы сәт болды-ау, шамасы... Су жаңа көйлегінің омырауына дарбыз суының тамшылағанына да мән беріп жатар уақыты жоқ. Тіпті: «Мұндай дарбыздың бар екенін білгенде, әлгінде серкенің етін абайлап жейтін едім-ау», — деп те ойлады ішінен. Дегенмен, адамның қарнында серкенің етіне бір бөлек, дарбызға бір бөлек орын бар ма, немене, әйтеуір кетіп жатыр, кетіп жатыр...
Кішкентай қарны енді болмаса жарылардай болып, әбден шеңбірек атып, шіреп тойғанда барып, ол кейін шегінді.
— Шырағым-ай, жатар орынға дарбызды осынша жедің-ау, — деп ептеп күдік білдірген атасының сөзіне де елең-құлаң еткен жоқ.
...Түн жарымы ауған шақ болса керек, бала өз денесінен өзі жиіркеніп, қың-ң етіп дыбыс шығарғанда, ұйқысы сергек атасы алдымен басын көтерді:
— Молдажан-н, не болды? Аа-а?
Баланың қыңқылы басылмаған соң-ақ, шал апырақтап орнынан тұрып, Молдабектің төсегіне жақындады.
— Шырағым-ай, бірдеңені бүлдірдің білем-м... Дарбызды сонша жегеніңнен ішім кіпі алып қалып еді-ау...
Шал қараңғыда қолын баланың көрпесінің астына сүңгітіп жіберді де:
— Е, бәсе, болар іс болған екен ғой, — деді аз-кем өкінгендей кейіппен.
Осы кезде көрші бөлмеде жатқан Жортақ пен Қыздаркүл де оянып, шам жағып, жаққан шамдарын қолдарына ұстап, бұлардың бөлмесіне кірді.
— Е, шырақтарым, құда жолын жасап жатырмыз, — деді шал оларға әзілдей тіл қатқан болып.
— Ондай-ондай болады ғой, — деді Жортақ та өзінше мән бермегенсіп...
Үн-түнсіз күйі інісінің бұтындағы дамбалды шешіп алып, сонан соң көрпеше ауыстырып жүрген Қыздаркүл.
Айыбының үй ішіне түгел мәлім болғанына намыстанып, Молдабек кішкене барқырап жылағансып еді, атасы зілсіз кейіп тастады:
— О несі екен, қараңғы үйді басына көтеріп... Жездесінің үйіне келген бала оның төсегін бір былғамай аттанса, не болғаны? Керек болса, апаң мен жездеңді әлек-шәлек ету — міндетің... Біз де бала күнімізде талай жездеміздің көрпешесін осылай ағал-жағал етіп кеткенбіз.
Осы сөзден кейін барып Молдабек жылағанын доғарып, Қыздаркүл апасы салған басқа көрпешенің үстіне жатты. Көрпесін атасы жапты. Жылағанын қойғанмен, бала көпке дейін солығын баса алмады. «Апа-ай, жаңа дамбал кигізіп жібергеніңізді қайтейін... оны оңбастай етіп мына менің бүлдіргенімді қайтейін» деп ауылда қалған шешесін де бір сәт есіне алды.
Түннен қалған самаурынның жылы суына мұның бүлінген дамбалын шайып, бүлінген көрпешені де жуып, далаға жайып, Қыздаркүл апасы дамыл таппай кіріп-шығумен жүр.
«Атам да бір-р... Осы құдалыққа бармасаң болмайды деп қарысып... Ал құдалығың... ендеше, — деп бала бірауық атасын да кінәлағандай болды. — Сен осы құдалыққа сүйремесең ғой... дарбыз жеместен, оқуымнан да қалмастан, үйде жатқан болар едім».
Ертеңіне Молдабек оянып, терезеден сыртқа қарағанда төңірек ай-жай болған кез еді. Мектепке кетіп бара жатқан балаларды, сосын тап терезенің тұсына керме жіпке жайылған көрпеше мен өзінің ақ дамбалын көрді. Бұл көріністер баланың көңілін тағы да бұзып кетті. Мектепке бара жатқан балаларды көру арқылы өзінің сабақтан қалғаны, ал көрпеше мен дамбалы түнгі айыбын есіне салды. Атасының төсегі бос жатыр. Әлдеқашан тұрып кеткен секілді.
Көңілі құлазыған бала төсегіне қайта жатты. Тағы да жылағысы келіп еді, үй ішінде жан жоқтығы ғана оны тоқтатты. Анда-санда осындай «айып» жасаған кезде сөйтетіні бар-тын. Сол сәтте шешесі келіп: «Е, тәйірім-ай, онда тұрған не бар екен. Жылағаны несі... Төсегін былғаған осы ауылда жалғыз сен бе екен?.. Анау үйдің де, мынау үйдің де көрпешелері керме жіпке жайылып қалыпты ғой», — деп жұбатады да, бұл қыңқылдап жылағанын доғаратұғын. Сосын далаға шыға сап, әлгі шешесі айтқан үйлердің алдында жаюлы тұрған көрпешелерді көріп барып көңілі басылатын.
Сәлден соң Қыздаркүл апасы мұның кепкен дамбалын әкеліп берді. Бірақ шешесіне ұқсап жұбатқан жоқ. Сол жұбатпағандығы ма, әлде «мектепке бара жатқан балалар қонағымыздың айыбын көрсінші» дегендей дамбалы мен көрпешені көше жақ бетке жайғандығынан ба, әйтеуір бір жарым жылдан бері өліп-өшіп сағынып келіп көрген Қыздаркүл апасын да Молдабек жақтырмағандай, жанына келгенде бетін теріс бұрып жатты.
Таңғы шай кезінде атасы, Жортақ, Қыздаркүлдер ештеңе болмағандай абыр-дабыр әңгіме, күлкімен отырса да, Молдабек сызданып, міз бақпады. Тіпті шайын да тез доғарып, ауылдарына қайтуға асыққандай ыңғайын да жасырған жоқ.
Ақыры қайтар кезге де кезек жетті. Қыздаркүл:
— Көке, мынау құдалық жолыңыз. Молдабек әлі жас қой, костөм-шалбарын тағы бір келгенде киер, — деп бүктелген ақсұрып мата мен жасыл масаты тақияны алдына қоя бергенде, Шоқа оның сөзін іліп әкетіп:
— Қызым-ау, біле білсең, құданың үлкені осы Молдабек. Әлі бәріңе иелік ететін де, сендерді іздейтін де осы бала болады. Өзі пионерге өткелі жүрген көрінеді. Ер жетіп қалғаны ғой. Сол пионерге өтіп, жұрт алдына шыққанда кеудесі ағарып шықсын. Ол да біздің әулеттің абыройы ғой, — деп ақсұрып матаны көтеріп Молдабектің алдына қойды да, жасыл масатымен тысталған тақияны өзі басына киіп алды. «Ақыры бұтыңдағы дамбалды түнде бүлдірдің емес пе дегені-ау атамның» деп ойлады ішінен Молдабек. Бірақ атасының бұл құрметіне ештеңе деген жоқ.
Екеуіне көк есектеріне мінер сәтте Қыздаркүл: «Мынау жолдарыңызға», — деп бір қалта берді. Жортақ та қалыспай, жалғыз қолымен бір қоржын көтеріп келді. Қоржынның екі басында екі үлкен дарбыз. Шоқа да қызы мен күйеу баласының көңілдерін өсіргісі келгендей:
— Құдалықтан биылғы жылы олжалы қайтқан Молдабек екеуміз шығар-ау, — деп кеңкілдеп күліп алды.
Ендігі жерде екеуі көк есектің беліне кезек-кезек тырбыңдасып мініп жатты.
Жол бойы екеуінің арасында әңгіме болған жоқ. Атасының белбеу-орамалынан мықтап ұстаған баланың қиялы бірде Қожабек ағайының ұрсуын естіп тұрса, бірде балалармен бірге ойын ортасында жүрді. Атасының не ойлап келе жатқанын кім білсін. Тағы да үш бала ерте көктемде жарапазан айтып тапқан бір таба нанды бөліп жеген жерді көрді... Егер көңілді келе жатса ғой, атасына жырдай етіп айтып берер еді. Әттең, түндегі жасаған айыбы баланың еңсесін көтертпей-ақ қойғаны.
Осы бір үнсіздікті бір кезде атасының:
— Әулиеге соға кетелік, — деген дауысы бөлді.
Молдабек: «Бармай-ақ қояйықшы», — деп ойлауын ойласа да, айта алмады. Бір кездері дарияның бір саласы болған көне өзектің биік жиегіне жағалай жайғасқан төмпешіктерге таянған кезде Шоқа шал есегін тоқтатты. Әуелі есектен кезектесіп өздері түсті де, сосын екі басына екі үлкен дарбыз салынған қоржынды да жерге алды.
— Есек те белін жазсын, — деді Шоқа бұл ісінің де себебін Молдабекке ұғындырғандай болып. Есегінің бас жібін шеңгелдің түбіне байлап болған соң, бейіттерге қарап молдасоқынып отырып шал асықпай құран оқыды. Молдабек те атасына ұсап отырды. Атасы: «Осында жатқан барлық діні мұсылмандарға бағыштадым», — деп күбірлеп алақанын жайған кезде, бұл да алақанын жайды. Атасына еріп, алақандарымен бетін сипады.
Шоқа орнынан тұрып, бейіттерді аралағанда да Молдабек ере жүрді.
— Мынау Құбығұл атаң, — деді айналасын шөп, шеңгел басып кеткен төмпешіктің жанына келгенде. — Мен де, сен де осы шалдан тарағанбыз. Осы шалдан төртеуміз. Ойсын, Қойсын, Жыртық, сосын мына мен туғанмын. Әне Ойсын атаң, — деді сосын иегімен Құбығұлдың оң жағында жатқан төмпешікті нұсқап. — Ойлыбай, Қойлыбай, Жолдыбай, Қалдыбай деген төрт баласы бар еді. Қойлыбайдан қарайып қалқайып мына сен қалдың, өзгелерінен өңшең қыз. Ойлыбайдан да қыздар, Жолдыбайдан да қыздар, Қалдыбайдан да... Алла бұйыртса, солардың құдалығына өзің барасың, бір топ жеңгеңді ертіп. Әулетімізде өзге еркек кіндік болмаса, өзің бармағанда қайтесің, шырағы-ым-м. Ойсынның аржағындағы Қойсын атаң-ң, — дей берді де, шал солай қарай бірер аттап жүрді. — Қойсын атаңнан Қален, Сыздық, Шертай, Кертай, Тәмпіш деген бес ұл бар еді... Есіңде жоқ шығар. Ол кезде сен сәби едің ғой. Ол бесеуін де соғыс жалмады... Олардан ұрпақ жоқ. Оның аржағында Жыртық атаң жатыр. Одан Туар, Қуар, Есік, Тесік деген тағы төрт ұл. Туардан өзгесі хабарсыз кетті. Тіпті өлі-тірі деген бір ауыз сөз болсайшы. Туары бір аяғынан айрылып, аурушаң болып, соғыс бітпей оралғанға: «Я, Құдай, осы Туардан өсірер біздің әулетті», — деп дәмеленіп едім... Ол ойым да адыра қалды. Бейшара аурудан кетті. Соңында Керімсал келін екіқабат қалғанға одан да күдер үзбей жүрдік емес пе, ұл бола ма деп... Қыз болды. Қыз-з... Шырағым, хал осы... — деді де, шал ақырын күрсінді. — Бұл жайды да біле жүрсін деп бұрылғаным ғой.
Молдабек үндеген жоқ. Тіпті бірдеңе деп шалдың көңілін аулай сөйлегісі келіп тұрып-ақ, аузына сөз түспей аңтарылды.
Әжім басқан алақандарын тізесіне қойып, көз жастары тарам-тарам аққан күйі жүресінен отыра кеткен Шоқаның қазіргі қалпы соншалық аянышты еді. Молдабек ішінен: «Дүниеде менің атамнан бақытсыз жан жоқ шығар-ау», — деп те ойлады. Бірақ оның көңілін аулап жұбатудың жолын ол тағы таба алмады. Тек атасы тәлтіректеп қайта тұрар сәтте ғана жаны ашығанын білдіріп, оның қолтығынан сүйеп, демеді.
Молдабектің қолтығына қыса келген екі жарым метр сұрыпты да әлдеқандай етіп: «Балам құдалықтан көйлек киіп келді», — деп мақтанып, шешесі Әзиза матаны қайшымен қиып пішіп, сол күннің кешінде-ақ Молдабекке кигізіп те үлгірді.
Енді Молдабек тезірек пионерге өтуге асықты. Бірақ бұл өтуге асыққанымен, алуға ешкім асықпады. Бір реті қысқы жаңа жыл еді. Ол жолы да Қожабек ағайы: «Бұл өзі атасына еріп құдалыққа барған дей ме... Зират аралап, құран оқып жүр дей ме?» — деп пионерге өтетіндердің тізімінен сыздырып тастады.
Баланың үміті енді біржола үзіле бастады. Дегенмен, пионерге өтуді көп армандағандықтан ба, кейде ол түсінде ғана мойнына қып-қызыл галстук байлап, мәз-майрам болып жүретін.
Қыс түсе-ақ Шоқа атасының бел ауруы шықты да, түнемелікке белін бастыруға Молдабекті шақырып жүрді. Мұның өзі күнделікті жұмысқа барғандай шаруа-тын. Шешесі мен екеуі кешкісін: «Атамыздың белін басуға бара жатырмыз», — деп аяздаған қарды қарш-қарш басып Шоқанікіне келе жатады. Түн жарымында шешесімен екеуі: «Атамыздың белін басып, қайтып келе жатырмыз», — деп тағы да аяздаған қарды қарш-қарш басып үйлеріне қайтып келе жатады. Кейде қолдарында атасының белін басқаны үшін Әлима әжесінен алар сыйақылары болады. Ол сыйақының жобасы бірер шақпақ қант, бір-екі кесе ақталған күріш, тағы бірде тары, нан, қақ ұстап қайтатын кездері де бар.
Бір қызығы, балаға бұрын белін бастыртатын Шоқа соңғы кезде «ауырлап кетіпсің» деп, белін уқалататынды шығарды. Молдабекке бәрібір. Кәдімгідей қолдарының бар күшін салып атасының белін уқалап жатады. Кішкентай қолдары жыбырлап, қайсыбір тұстарға барғанда, атасы айрықша рахаттанып, «ы-ыы-ы» деп ыңырсиды. Ондайда сол жерді Молдабек қаттырақ уқалап, атасының «бәрекелдесін» қайта-қайта есітіп, үйіне қайтады.
Қыс түсе Ойлыбайдың үлкен қызы Сұлу да күйеуге қашып кетті. Бірақ бұл оқиғаға Құбығұл әулетінен ешкім таңданған жоқ. Артынша қыздың киім-кешегін апарып қайтқан екі жеңгесі: «Құдалыққа келер күзде шақырады екен», — деп келгенде де: «Е, мақұл екеннен» ешкім асқан жоқ.
Алайда қыс ортасында ауыл қалың қардың астында қалып, артынша қызыл шұнақ жел мен аяз болды да, балалар ойды да, қырды, жолды да сырғанаққа айналдырып жіберіп, ойын қызды да кетті. Шанасы бар да, шанасы жоқ та сабақтан тыс уақыттың бәрінде сырғанақ басында сабылып жүргендері.
Шешесінің алдыңғы жылы жиденің бұтағынан жасап берген ескі шанасын сүйретіп Молдабек те түскі астан соң сырғанаққа шығады. Қараңғы түсе шанасын сүйретіп, үсті-басы су-су болып, шаршап-шалдығып үйіне қайтады.
Бір күні ол осылай күні бойғы ойыннан қалжырап келіп, жүгері көжеге жаудай тиіп жатқан кезінде шешесі:
— Молдажан-ау, атаң ауырып жатыр ғой, — дегенде, бала аса таңырқаған жоқ-ты. Өйткені, атасы қыс болса-ақ бір күні ауырады, бір күні жазылады... Оған таңданатын не бар. Ауызы көжеден босамай жатқан бала іштей ғана: «Ойыннан қолым тигенде барып, белін уқалап беріп қайтармын-ау», — деп ойлаған.
Ертеңіне де шаршап келіп, су-су етіктерін босағаға лақтырып жіберген күйі тағы да жүгері көжеге қарай ұмтыла бергенде шешесінің:
— Молдажан-ау, атаң өліп қалды ғой, — дегені.
Бала бір сәт қалшиып тұрып қалды. Атасының ауырғанына аса таңданбаған бала оның оп-оңай-ақ өліп қалғанын түсіне алмай тұрды. «Қайсы күні ғана белін уқалатқан атасы... Соңынан «бәрекелдесін» қайта-қайта айтып, жолда жерсің деп қолына білектей қақ пен бір жапырақ таба нан ұстатқан атасы... сонда енді жоқ па?»
Бала әлі де аң-таң. «Ойынды да өкіртіп жатқан шығарсың-ау, енді демалыс күні келсең де болар деп... екеуінің келіскені қайда?»
Атасының ойда жоқта өліп қалуы бір есептен уәдеде тұрмау, опасыздық сияқтанып көрінді Молдабекке. Сол сәттегі баланың тағы бір түсінбегені атасы өліп жатқан бала жүгері көже ішуі керек пе, әлде аштан-аш төсегіне жата кетуі керек пе деген мәселе еді.
Кәдімгідей ойланып, сілейіп қалған бала әлден уақытта барып амалсыз ұрлыққа барған жандай ағаш қасыққа қолын созды.
Атасының денесін шығаратын күні ол мектепке барған жоқ. «Пионерге өткізбесе өткізбей-ақ қойсын, — деп ойлады ішінен. — Керек болса, бірден комсомолға өтемін...»
Шешесінің ақылынсыз-ақ осылай шешіп, ол шайын ішіп, киініп болған соң атасының үйіне қарай беттеді.
Көрші ауылдан келген молда атасының жаназасын шығаруға кірісіп жатыр екен. Шалдар бірнеше қатар болып сапқа тұрған. Жұрт алдына шыққан ақ сәлделі молда саңқылдай сөйлеп:
— Марқұмның кепілдігіне тұрар жақын туысы бар ма? — дегенде, есік алдында бір топ әйелдердің ортасында тұрған Әлима әжесі жанұшыра ұмтылып шығып:
— Неге болмасын. Бар ғой, — дей беріп, жан-жағына алақ-жұлақ қарап: — Әй, Молдабек, қайдасың? Молда-бе-ек! — деп дауыстады. Жаназаның қатарында тұрған шалдардың тасасынан шыға келген Молдабек әуелде әжесінің өзін не үшін іздеп тұрғанын анық түсінген жоқ-ты. Бірақ әжесінің шын сасқанын жүзін көріп, үнсіз де тұра алмады.
— Әже, мен-н... — деді дауысы естілер-естілмес болып.
— Е, айналайын, бар екенсің ғой әйтеуір. Молдекеңнің жанына бара ғой.
Молдабек ештеңеге түсінбесе де, молданың жанына келіп тұрды. Ақ сәлделі молда балаға бір сәт суық бұрылып тұрып, қатқылдау үнмен:
— Марқұмның жұртқа бересі қарызы болса, өтейсің бе? — дегені.
Тап осындай жауапкершілікті күтпеген бала асып-сасып төменшіктеп қалды да, сосын мұрнын тартты. Молда бұдан көзін алар емес. Молда ғана емес-ау, әлгі әлденеше қатар болып тұрған көп шалдардың көп көздері бұған қадала қалыпты.
Баланың маңдайынан шып-шып тер шыққандай болды. Әлде солай болып көрінді ме, әйтеуір қатты қысылған бала қазіргі жай-күйінің анығын түсіне де алған жоқ.
Класта кейде сабақ білмей тұрған сәттерінде де Молдабек осындай бір мазасыздықты бастан кешіруші еді. Бірақ сабақ білмеу дегеніңіз ақ сәлделі молда мен қаз-қатар тізілген көп шалдардың жабыла қадалып қалуларынан гөрі... Аллаға шүкір екен.
Бала еңсесін басқан осы бір шым-шытырық халден бір сәт басын көтеріп:
— Өте-ейм-мім-м! — деді бір кезде жұрттың өзінен осы сөзді күтіп тұрғанын анық сезінген ол...
— Бәрекелде! — деді молда.
— Айналайын! — деді анадайдан Әлима әжесі кемсеңдей сөйлеп. Әлгінде ғана сұп-суық көрінген көп шалдардың көп көздері де бұған аз-кем күлімсірегендей көрінді...
— Ал, халайық, Шоқа Құбығұл баласының сіздерге қарызы бар ма?
Молдабектің ойына бірден атасының күзде оразаның басында Шоқпарбайдан алған жарты пұт тарысы есіне түсті. Атасы бұған арқалатып, соңынан еріп келе жатып:
— Айналайын-ау, өзің тіпті жігіт болып қалыпсың ғой! — деп мақтағаны да дәл қазір құлағында тұр. Айтпақшы, жарты пұт тарыны Молдабек арқалай бергенде атасының Шоқпарбайға:
— Шоқпарбай, өлмесем, бір күні құтылармын, әйтеуір, — деп жүдей сөйлегенде, Шоқпарбайдың:
— Е, Шақа, ауылдан сіз көшіп, яки мен көшіп бара жатқан жоқпыз ғой, — деп атасына дем бергендей жауап қатқаны ше?
Бала бірден көп ішінен Шоқпарбайды іздеді. Тапты да. Шоқпарбай үнсіз. Тіпті «қарызы жоқ», «қарызы жоқ» деп дауыстағандарға ілесіп, оның да «қарызы жоқ» дегеніне Молдабек ойран-асыр қалды.
— Марқұм жақсы кісі ме еді? — деп сұрады енді молда. Жұрт жапырласып «жақсы кісі», «жақсы кісі еді...» деп үн қатысып жатты.
...Шоқа шалды жерлеп болып, үстіне шөп төселген арбаға шалдар бірін-бірі сүйеп, демеп, абыр-дабыр сөйлесіп, күлісіп, қайта мінісіп жатқанда ғана Молдабек атасынан біржола айрылғанын енді анық сезгендей көңілі босап, мұрны пырсылдап қалғаны. Көпшіліктен көз жасын жасырып теріс қарап пырс-пырс етіп тұрған бала сол күйі қала берер ме еді, әлде қайтер еді... Шоқпарбай шал:
— Әй, Молдабек, кел, мін-н! — демегенде. Арбаға мінгені де қызық еді. Енді ауылға бетке алып, жылжи берген арбаның арт жағынан келіп лып етіп оп-оңай көтерілгенімен, шалдардан бөлектеніп, теріс қарап, аяғын салбыратып отырды. Шалдардың өзара дабырласқан әңгімесін құлағына да ілген жоқ. Өгіз арба зираттан ұзаған сәтте де көздерін атасы көмілген төмпешіктен алмай отырып: «Бәрібір Шоқпарбайдың жарты пұт тарысынан құтылуым керек», — деп ойлады ол. Бірақ қашан, қалай құтыларын анық елестете алмады. Сонан соң мектеп жайын да ойлады. «Пионерге өткізбей-ақ қойсын, — деді ішінен. — Керек болса, комсомолға бір-ақ өтемін. Тіпті сол комсомолын да былай қойып, есейген соң партияға өтсем ше? — дей берді де, бала өз ойынан өзі сескенгендей болып: — Жо-жоқ... — деді тағы да. — Партия дегендері де бір қиын нәрсе болуы керек. Ерегіскенде тіпті солардың ешқайсысына өтпей-ақ қойсам қайтеді. — Соңғы ойдан соң ғана оның көңілі біржола жайланғандай еді. — Мәселен, арбакеш болып кетсем, болмаса қой, яки сиыр бағып кетсем ше? Сонда да партияға, болмаса пионерге неге өтпедің деп сұрай ма?»
Ауылға жақындай бергенде ол жақында ғана күйеуге қашып кеткен Сұлу апасын да есіне алды. «Апамның барған жері келесі күзде құдалыққа шақыра қалса, жалғыз баратын болдым-ау, — деп мұңайды ол. — Бәлкім, Әлима әжем бірге барар... Бірақ әжем атамдай қайдан болсын... Айыбымды жасырып, абыройымды асырып отыратын қайран атам...»
Молдабек төмен қарап өкіріп жылап жібергісі келгендей бірауық мұңайып отырды да: «Мейлі, кіммен барсам да, сол жолы әйтеуір дарбыз жемеспін-ау», — деп іштей қатты бекінді.
Арба үй жанына жақындай бергенде, осылай әр нәрсені бір ойлап, өзімен өзі әуре болып отырған балаға Шоқпарбай шал еңкейіп:
— Әй, Молдабек, қазір арбадағылар үйде қалған әйелдермен көрісіп, құран оқылуы үшін сен жұртты бастауың керек. Дауысты да алдымен сен шығаруың керек, — дегені. Өзіне мынадай міндет жүктелген сәтте Молдабек тіпті абдырап қалды. Дабырласып, бір-біріне сөз бермей келе жатқан арбадағы қарғадай қонақтаған шалдар да бұдан бір жауапты істі күткендей осы сәтте тына қалысып еді.
Бірі екіншісінің қолынан тартып, демесіп, арбадан түсіп болған шалдар Молдабектің алға түсуін күткендей іркілісіп қалған сәтте бала амалсыз алға түсті. Алға түсуін түскен соң да, дауыс салып жылауға тіпті де дайындығы жоқ бала не істерін білмей келе жатқанда, соңын ала келе жатқан Шоқпарбай кенет жөтелді. Бұл — «бала, енді баста» дегені. Осы сәтте тіпті де жылай салу ойында жоқ баланың «Ата-аа!» деп дауыстағаны да аса сәтті шыға қоймаған еді. Әлима әжесі кейде: «Молдажан-әй, қора жақта жүрген атаңды шақыра қойшы. Шайын уақтылы ішсін», — дегенде, Молдабек шамамен осылай айқайлайтын. Бірақ баланың атамның өлімі үшін шын-ақ қайғырсам деген ынта-ықыласы кәдімгідей-ақ еді. Сырғанақты тебе-тебе тұмсығы қайқайып кеткен етігімен аяздаған қарды қарш-қарш басып, құлақшынының құлағы маңдайына қарай қисайып, елбе-делбе болып келе жатқан оның қазіргі абыржу кейпі: «Жұртым-ау, мен атамнан айрылдым ғой... Атамнан!» дегенді айқайлап-ақ келе жатқандай еді...
Әлима әжесі де Молдабектің дауысының шығуын ғана күтіп отыр екен. Аржағын аңырай жылаған үнімен іліп әкетті. Үн болғанда қандай! Өзі күңіренбей, ел-жұртты түгел күңірентер үн! Үйде қалған әйелдер, қыз-қырқын, арбадан түскен шал-шауқандар түгел жылағанда жер-дүние түгел күңіреніп кеткендей болды.
Апа-қарындастары, жеңгелері, шешелері Молдабекті түгел құшақтап, көрісіп жатыр. Жылап жатыр. «Ендігі жерде сенеріміз де, арқа тұтар айбатымыз да өзің ғанасың ғой» дегендей бәрі де мұны кеуделеріне қатты қысады. Осыншалық мұңды ықылас баланы абыржытып та жіберген-ді. Қайсыбір сәттерде көрісіп жатқандардың кім екенін де айыра алмай, өзі де ебіл-дебіл болған бала ең соңынан Әлима әжесінің құшағына да жетті-ау, әйтеуір.
Әлима әжесінің дауысы қандай зарлы еді. Мына дауыс құшағындағы Молдабек түгілі, аула толы кісі түгілі, төбеден ұшып өткен құстардың да көңілін босатар-ау, сірә...
Молдабекті құшағынан жібермеген күйі аңырап отырып атасының өлер алдында: «Он бес әйел мен он бес қыздың ортасында Молдабегім қатынбасша боп өсетін болды-ау», — деп қиналғанын айтты... «Молдабектен артылғанын ғана киіңдер, Молдабектен артылғанын ғана жеңдер. Біздің әулеттің өсіп-өнуін Алла ендігі жерде осы Молдабектің тағдырымен ғана шешер-ау», — депті атасы... Әлима әжесін тыңдаса, атасы өлерінде басқа ешкімді айтпапты, Молдабектен басқаны әжесіне тапсырмапты.
Әлима әжесінің айтқандарына он бес әйел, он бес қыз бен зират басынан қайтқандар, самаурын қайнатып жатқандар, ошақ басында ас қамымен жүргендер, жалпы көңіл айта келген ауылдастары қосылғанда, аңыраған дауыс, Алла біледі, қораға симай, көктегі бұлттармен араласып кетті. Аязды күнгі желмен ілесіп, Алла біледі, зират басына да жеткен болар-ау. Жер құшағына енді ене берген Шоқа атасы да осы күңіренген дауыстарды есітіп: «Соңымда ел, әулетімде ие қалған екен-ау», — деп көңілі босап жатқан шығар-ау.
Әлима әжесінің құшағында отырып осының бәрін ойлаған баланың қазіргі қиялдары да көзінен аққан жастай қырық тарау еді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі