Ұзақты күн кино қызығына елтiп, экранға көп қадалғандықтан ба, екi көзi удай ашып, мөлт-мөлт жасаурап кеттi. Шекесi де зiл тартып, құлағы шулап бара жатыр екен. Жұдырық сыртымен көзiн уқалаған күйi орнынан созалаңдап тұрды да, аяғын зорлана сүйретiп басып, терезеге қарай беттедi. Жүзiнде шаршау бар. Көзi кiлгiреп тұр. Бiрер аттап терезе алдына жеткен соң басы кеудесiне құлап, бiрауық сұлқ түсiп тұрып қалды. Терезе алдына сүметiлiп неге келді, о жағын пайымдап жатқан бұл жоқ. Удай ашыған екi көзiн тарс жұмып сәл бөгелдi де, әлдене еске түсе кеткендей тарс жұмған көзiн аша сала терезе ернеуiне асылып, тысқа көз тiктi. Дәл терезе түбінде өскен кәрі қаратал талыстай қалың қабығы арса-арса боп, бойына біткен мың сан жапырағын ауырсынғандай мүлгіп тұр. Үйдің келесі бетіне ауып кеткен күннің қызуы қайта бастаған. Көршi балалар ойынға алаңсыз кiрiскен сыңайлы, аула жақ көлеңке беттен шат-шадыман күлкi естiлiп қалып жатыр. Оқудан босаған бала немені үйде тұсап ұстай алмайтын жазғы демалыс кез ғой.
Бағанадан удай ашып, кiлгiреген көз жанарында жылт көрiнiп, бұның да ойынға аңсары ауа қалып еді. Көшеге жүгiрiп шығып, асыр салған балалардың арасына қойып-ақ кеткiсi кеп тұр. Бiрақ, өрекпи қалған көңiлi демде су сепкендей басылып, кiбiртiктеп бөгеле бердi. «Мүмкiн есiк алдында ұрынарға қара таппай, екі иығын жұлып жеп Ерлан тұрған шығар». Алпамыстың жүнi жығыла қалды. Көшеге шықсам деген ойдан табан астында айнып, тұтқаға соза берген қолы керi қайтқан.
Ерлан бұдан бiр класс жоғары оқиды. Жетiншiге көшкен. Жетiншiге көштім екен деп, сабаққа бас қатырып жатқан ол жоқ. Үштiктен өзге баға оның маңдайына жазылмаған сияқты. Оны да «қағынып тұрған пәлекет қағындыға ұшырамай тұрғанда құтылып тынайық» деп, мұғалiмдер амалы құрып қоя сала ма қалай. Басына оқу қонбайтынын өзi де бiлетін болар, басқа оқушылар сияқты сөмке арқалап, оқулық тасып әуреге түсiп жатпайды. Мектепке әкелетіні жалғыз кiтап, жалғыз дәптер. Ол да әбден умаждалған, ышқырға қыстыра салады. Кластың атаманы. Оңаша шыға қалған төменгi кластың балалары оған қалта түбіндегі бес-он теңгесін беріп, ағажандап әрең құтылады. Бес-он теңге табылмай қалса, майқұйрықтан тебіліп қайтады. Алпамыс та талай рет қалтасы қағылып, талай рет тебіліп тынған. Сондықтан бесіншінің боқмұрындары Ерланнан алыстан орағытып қашады.
Анада ғой, аспаннан түскендей, ойламаған жерден сумаң етіп Ерлан тап бола кеткені. Қаннен-қаперсiз, бейғам келе жатқан бұны, әй-шәй жоқ, көкiректен періп кеп қалғаны. Қалпақтай ұшып түсті бұл. Шүйдесi тасқа оңбай соғылып, көз алды қарауытып кеттi. Есін жыйса, төбеден төнiп қарап Ерлан тұр. Бұжыр табан бәтеңке киген аяғын бұның кеудесiне салып алған. Нығырлап басып қояды.
— Сенде дүрбi бар дейдi ғой. Соны маған әкеп бересiң! — дейдi бұйырып. — Айт, қашан әкелесiң?
Өктем. Жайын аузы жиылмай, таңқы танауы желп-желп етіп делдие қалыпты. Алпамыс тұла бойын билеп алған үрейді қапелімде баса алмай, алақанымен жүзiн қорғаштай бердi.
— Қашан әкелесің?
— Дүрбi... дүрбi, — дей бердi Алпамыс ернi ерніне жуыспай күбiрлеп. Аузына басқа сөз түспеді.
— Тап осы қазір ап келесің! — Бұжыр табан бәтеңкемен қабырғадан оқсатып бiр тептi. — Ұқтың бей?!
Бұл түк дей алмады сонда. Сүйретiлiп орнынан тұрды. Үстi-басына жұққан шаңды қақпастан анадай жерде теңкиiп жатқан дөңбекке шойнаңдай басып барып отырды. Көзiне мөлтілдеп жас үйiрiлдi.
Рас болса, дүрбіні атасы соғыстан алып келген дейдi. Былғары қорабы әбден ақжемденіп тозған. Көп ұсталып, сыры кете бастаған. Бірақ, дүрбi болғанда қандай! Нағыз өзi. Ап-ауыр. Қос қолдап қысып ұстамасаң, жерге түсіріп алуың әбден мүмін. Көршi балаларға ешқашан көрсеткен емес. Өзi де қолына анда-санда бiр алатын-тұғын. Бiреу білiп қоя ма деп қаймығады. Біліп қойса «мен бір көрейін, мен бір көрейінмен» әр баланың қолында бір кетуі мүмкін ғой. Балконда тұрып алыста мұнартып жатып алған таудан көз айырмай, шатқалға ұзақ-ұзақ үңiледі. Сонда шатқалды өрлеп өскен қарағай бiткен көз алдына тым-тым жақын кеп тұра-тұра қалады. Қалың ағаш арасынан ашқарақ қасқыр ма, тiмiскi түлкi ме, әйтеуiр әлдебiр мақұлық әне-мiне шыға келетiндей. Әлде қорбаңдап қар адамы келе жата ма? Қанша үңiлсе де әзiрге көзге ештеңе iлiге қоймаған. Әзір ілікпесе де, әйтеуiр күндердің бiр күнiнде оны да көретiнiне сенiмдi. Мына жексұрынның соны сезіп қойғаны ғой.
Ақыры дегенiне жетiп, дүрбiнi алып тынды. Қызғыштай қорыған қастерлi мүлiк енді өзiнiкi емес, бiреудiң қолында кеттi. Шатқалдан мақұлық көрем бе деген қиялы да адыра қалған. Ішi қанша жерден қыж-қыж қайнаса да, дүрбiнi қайтарып алуға батылы бармай жүр. Оны айтасың, Ерланды анадайдан көрсе болды, бұрынғыдай емес жасқаншақтап, төменшiктеп қалатын әдет тапты. Тайсақтап тұрады. Өзінен өзі қуыстанып, жан-жағына алақтап, дегбірі құрып бiтедi. Тағы да бірдеңемді тартып алар, тағы да қап-қатты жұдырығымен періп қалар дегендей қорқа басып, жылыстап бара жатқаны. Сол себепті үйден шығуға өзінің де құлқы жоқ. Оның үстіне есік сыртан құлыптаулы.
Осы жаз мамасы компьютор сатып әперген-тұғын. Өзі жоқта көшеге алаңдамай үйде отырсын деп ойлап тапқан айласы. Мейлі ғой, мамасы не ойласа да өз еркі, ал, Алпамыс үшiн соның қызығы басылар түрі көрінбейді. Бiр өзiнде бiрнеше кино сыйып кеткен кiшкене дөңгелек дискiден көп нәрсе жоқ. Үйіліп жатыр. Шетiнен ал да құмарың қанғанша қарай бер. Кино болғанда қандай, кейіпкерлері кілең бір жан-жағын жайпап бара жатқан жүрек жұтқандар. Бірін бірі көрген жерде жұдырық ала жүгіріп, қаймықпастан айқаса кететiн төбелес те сонда, бiрiнiң қанын бiрi судай шашып, шімірікпестен сойып салатын, айылын жимастан атып тасатайтын соғыс та сонда. Бұндай киноны етек-жеңді жимастан, арқаны кеңге салып, жайбарақат отырып көре алмайсың. Қарадай қаның ыси бастайды. Жаның тырнақ ұшына тіреледі. Тiсіңді тісіңе қойып, қос жұдырығыңды еріксіз түйіп алғаныңды кино біткенде бір-ақ аңғарасың. Сосын қапелімде сабаңа түсе алмай, еліріп отырғаның. Алпамыс та таңның атысы, күннiң батысы, біреу тап сол араға матап тастағандай экран алдынан ұзап шыға алмайды. Мамасы тоңазытқышқа салып кеткен түскi асты iше салу да кейде естен тарс шығып кетедi-ау. Есiл-дертi көз алдында өтіп жатқан қырғында. Әсіресе, бiр қора қандықол қарақшының ортасына ит жыныңды келтiрiп ылғи да түсiп қала беретiн, түсіп қалған сайын ылғи да айызыңды қандырып әлденешеуiн әп-сәтте қанға бөктiрiп, жайратып тастап, сытылып шығып кете беретiн Жон деген жүрекжұтқанда. Өзi де ажал аузына талай рет барып келiп жүр. Әне өледi, мiне өледi дейсің, өлмей тірі қалғанын тілеп, ине ұшында отырғандай өзің де қылпылдап бітесің.
...Тұтқаға соза берген қолын керi тартып ала сала, компьютерге ұмтылды. Көп дискiнiң iшiнен Жонның киносын iздеп жатыр.
Міне, Жон! Қалай қорықпайды ә? Түк ойламайды ә! Қаннен қаперсiз. Алшаң-алшаң басады. Жайбарақат. Өзіне өзі сенгесін сөйте ме. Іші біліп отыр ғой, талай көрген кино емес пе. Қазiр ол әнебiр көк тіреп тұрған көп қабат алып үйдi айнала бергенде ту сыртынан тарс етiп тапанша атылуы тиіс. Тапаншаның тарс ете түсетіні, Жонның қаперіне кірсе не қыл дейсің, оны білетін Алпамыс қана. Әттеген-ай, Жон деген ақымақтың нағыз өзі ғой, тап бiр нағашы жұртына қыдырып келгендей-ақ, еш қауiп ойламайды. Алаңсыз. Қаралай ит жының қозатыны осындайда емес пе. Жең iшiне қару жасырған қарау неменің қыр соңынан қалмай, бағанадан iзге түсiп келе жатқанын қалай сезбейді ә? Әне, атты ғой... Өлтiрдi ғой... Алпамыс отырған орнынан қалай ұшып түрғанын өзi де аңғармай қалыпты. Сүйткенше болмады, Жон омақаса құлап түсудiң орнына, болмаса жалт берiп бой тасалай қалудың орнына, әдеттегі сабырлы қалпын сақтап, оқ атылған жаққа асықпай, маңғазданып мойын бұрсын. Қорғасын оқ қағып түсер демейді-ау. Анау шүрiппенi тағы бір тартып қалса ғой, жер сүзе құлағанын өзi де аңғармай қалар едi. Әттең-ай... атты әне. Алпамыс әлденеден қорғанғандай қолын ербең еткізіп, көзiн тарс жұмып ала қойды. Ашқанда көргенi жер жастанған Жон емес, аузы-мұрнынан қан шүмектеп, серейіп өлгелi жатқан қысық көз қарақшы. Жон болса, пистолетiн қойнына сұға салып, түк болмағандай бұрылып жүре бердi.
— Маладес!
Алпамыс қысық көз қарақшыны Жон емес, өзi атып өлтiргендей қуана қышқырып қалды.
— У-у-ау!
Бiрақ, Алпамыс үшін қаны бұзық арамза неменің көресiнi көрiп болмай, әп сәтте өмiрем қапқанынан өткен өкiнiш жоқ. Қаруы жоқ талай адамды басынып, әлімжеттік жасап, байлығын тонап кетіп жүр ғой. Жонды қайдам, ол жағын Алпамыс бес саусағындай жақсы бiліп отыр. Сондықтан да бар қылмысы өзi өлген соң ғана әшкере болатынына еш келiсе алмайды. Ың-шыңсыз атып өлтіре салғанша, шырқыратып, жанын қинаса ғой. Жо-жоқ, ондай адамды аяуға бола ма? Құлағын кесіп тастау керек, көзiн ойып алу керек. Бiр көзiн ойып алып тастап жатқанын екiншi көзi көрiп жатса тіпті жақсы. Аяқ-қолын бырт-бырт бұтап, мiне, былай, былай. Еліріп алған Алпамыс едендi тоқтамастан тепкiлей бердi. «Мә, саған! Мә, саған!»
Осы күндері Алпамыс Жонды тiптi, түсiнде көретiн боп жүр. Жон бұны өз бауырындай жақын тартып, қасынан тастамайды екен. Бұл да бауырындай боп кеткен оған ұқсап бағып, бетіне жан қаратпауға тырысады. Әсіресе, Ерлан десе жыны бар. Құтырып кетеді. Ерлан да бұның алдында дірдек қағып, аяғына жығылады екен. Анада оқсатып тепкенін, дүрбісін тартып алғанын Алпамыс қалай ұмытсын. Бас салып естен тандыра тепкі астына алады екен. Ондайда айызы қанып, ұйқыдан масаттанып оянады. Ал, кейде ойлаған ойы керiсiнше шығып, Ерланның табаны астында иленіп өзі жатады. Сол күні төсектен өксiгін баса алмай тұрады. Бұнысын мамасы сезбей қала ма қайдам, әйтеуiр ертесiне бұл туралы тiс жарып, сұрап көрген емес. Әлде, жұмыстан кешігіп қалмайын деп сүрнiгiп жүргенде мұршасы болмай, ұмытып кете ме? Бұл да түнде көрген түсiн баяндап жатпайды. Баяндап жатпаса да мамасы жалғыз ұлдың жан дүниесiндегi өзгерiстi сезiп жүретін сияқты. Содан болар-ау, есiктi сыртынан құлыптап, кiлттi қалтасына сала кететінді шығарғаны. Күндегісі сол. Мамасы қашан жұмыстан үйге оралғанша Алпамыстың осылай қамауда отырғаны отырған. «Мама, кiлттi тастап кетіңізшi» деп қанша мәрте жалынып-жалбарынбады дейсiң. Бiрақ, ол ұлының өтiнiшiне құлақ асса кәні. «Қой, мен жоқта көшедегі ызғыған мәшине қағып кетер», «Қой, бiр пәлеге ұрынып қаларсың», «Аман отырғаның жақсы» деп бетiн қайтарып тастай бередi. «Демалыс күнi аквопаркке апарам. Суға армансыз шомыласың. Одан қайтып келе жатып, аттракционға мiнгiзем, балмұздақ әперем» деп алдап қояды. Иә, иә, алдайды. Аквопаркке қашан апарып еді? Аттракционға да мiнгiзетін ниеті жоқ. Айтады, айтады да қояды. Демалыс күні әлгі айтқан уәдесiн тарс ұмытып, өмірі бiтпейтiн күйбеңге кiрiсiп жатқаны. «Мама, аквопаркке барамыз ба, қыдырамыз ба?» деп қыңқылдай бастаса-ақ: «Көкетайым-ай, аквопаркке барып гөлайттап жүретін жағдай қайда? Сенiң мына кiрiңдi кiм жуады сонда, үйдi кiм тазалайды, тамақты кім пiсiредi?» деп зар илеп қоя бередi. Осыдан кейiн сөзiне сенiп көр. Бұрынғыдай қыңқылдауды да қойды сосын. Айтқысы келмейді. Айтқаны орындалмайтын болған соң, ауызды ауыртып қайтеді, томсырайып, үнсiз қалатын әдет тапты. Шаруасына кедергi жасамай, тiлiн жұтып өзiмен өзi тоңтерiс отыратынына ырза бола ма, әлде уәдесiне тұрмаған өз кiнәсiн жуып-шайғандағысы ма, не болса да мамасы жұмысын бiтiрген соң бұны айналып-толғанып, әй-шәйға қаратпай басы-көзiнен шөпілдетіп сүйе бастайды. Сүйтiп отырып ақыр-аяғы көзiне жас алып тынады. «Жұрттың балдары сияқты алаңсыз бола алмадың-ау, ботам. Ауыш әкең арақ iшiп, қарасын батырғанша, ұлына ие болатын адам ғой, — дейдi дауысы жарықшақтана бұзылып. — Жұрттың папалары сияқты сенi аквопаркке апарып қыдыртатын адам ғой... қайт дейсiң маған?!»
Алпамыс оңашада қанша қиялдағанмен, әке бейнесін көз алдына сiрә да келтіре алмайды. Көрген адамы емес. Ес бiлгелi, мамасы айтпақшы, қараң қалғыр, осы бiр жалғыз бөлме тар пәтерде екеуден екеу тұрып жатыр. Әкесi туралы сұрамақ боп талай мәрте оқталуын оқталды-ау, бірақ, не бәлесі бар екенін қайдам, әйтеуір батылы бармай-ақ қойды. Анада шырт ұйқыда жатып шошып оянғанын айтам-ау! Бiреудiң солқылдап жылаған дауысы құлақ етін кемiрiп барады екен дейдi. Сүйтсе, еңiрегенде етегi жасқа толып отырған басқа емес, өз мамасы. Бұның оянып кеткенiн сезбедi ме, айылын жиған жоқ. Алпамыстың зәресi ұшып, көзi бақырайып кетсін. Түк ұқпаса да, төсегiнен тұра сала, ебiл-себiл боп алып-салып отырған шешесiн құшақтай алды.
— Мама... ма-ма. — Танауы пырс-пырс етіп жылап жiбердi.
— Ботам-оу, ботам! — Мамасы бұның оянып кеткенiн жаңа аңғарғандай селк ете қап, жылауын доғара қойды да, көкiректен жалын ата күрсiнiп салды. — Екеумiздi қаңғыртып кеткен тасбауыр әкеңнiң сүгiретiн жыртып тастап отырмын, ботам. Ұйықтай алмағасын... ит жыным қозып...
Мамасы дегенi жұп-жұқа, қағысқан арық қарасұр келiншек. Итеріп қалсаң, құлап түсердей жүдеу. Содан ба, көзiнiң айналасы қалталанып, көгiс тартады да тұрады. Үстiнде жуыла-жуыла өңсізденіп көнерген көйлек. Басқа әйелдер киiп жүрген киiмге еш ұқсамайды. Қайдан тауып алған деп жыны келеді Алпамыстың. Бұның жыны келді екен деп, шешіп алып, лақтыратын мамасы ма? Қас қылғандай үстінен тастамайды. Соны киіп ап, дедектеп жұмысқа кетiп бара жатады. Жұмыстан дедектеп келе жатады.
Көз айналасына қатпарлана қалған майда әжімге ұрлана қарап қояды кейде. Ұнатпағаннан сүйтеді. «Мамамның көзі неге көршi келіншектің көзiндей әдемi болмады екен» деп еріксіз ойға шоматыны бар. «Көп жылаған адамға әжім ерте түсетін шығар? Сонда неге жылайды? Жарқыратып жаңа көйлек кие алмағасын ба? Бұның бәрі папамның жоқтығынан ғой. Анау Ерланның, анау Асхат, Сұлтанның папаларындай папам болғанда ғой, әдемі көйлектің неше түрін киер едi мамам, — деп мұңға батады. — Жаңа көйлек кисе, көз айналасына қыртыс та түспес едi».
Өзiнiң тентек балалардан тайсақтап, үйкүшiк боп қалғанын да әкенiң жоқтығынан көредi. «Шікін-ай, Ерлан мен Асхаттың әкелерi сияқты, менiң де әкем болғанда ғой» деп iшi күйіп, қызғаныш бас көтерiп қояр едi сонда. Мамасы әке сүгiретiн жыртып тастап, көзiн бiржола құртқалы әлгi ауық-ауық бас көтеріп қоятын қызғаныш та ада, тірі жанға тіс жарып, айтып көрмеген тәп-тәтті қиялы да жым-жылас. Содан берi көкiрегiнде әлдебiр ащы түйiн пайда болған. Әке бейнесінен күдерiн бiржола үзген. Содан берi Ерлан да, Асхат та, тiптi мектептегi бала бiткен кездескен жерде бұның кемшілігін келеке қылатындай. «Мамаң екеуiңдi бейшара қып әкең тастап кеткен» деп. Сөйтіп айта ма деп, оңғы кезде ойынға қосыла алмай, оқшау қала беретiн боп жүр. Тiптi, бірге ойнайтын көрші балаларды сол үшін жек көрiп те кеттi.
Ендi бiр сәт жаңағы өлген қарақшы дегенi көзiне Ерлан боп елестегені. Оны тапаншамен бiр-ақ тартып жер қаптырған Жон емес, өзi сияқтанып, көкiрегiн әлдебiр алапат күш кернеп ала жөнелгені. Тамағына кептеліп қалған түйін әп-сәтте жібіп сала бергендей, көптен қайтпай жүрген кегi қайта қалғандай, санын шапаттап әй бір масаттанғаны. Өзiн артынан келгенді шаншып тастайтын, алдынан келгендi жаншып өтетін батырдай сезiнiп, бойына күш-қайрат құйылғандай шиыршық атсын. Шiкiн, қолға тек пистолет берші... пистолет болса ғой, жалғыз Ерлан емес, ақысы кетiп жүрген кластастарының талайын тыраң еткiзiп, табан астында атып тастар едi ғой! Ойланбас еді. Айызы сонда бiр қанар едi-ау! Дүрбiден айырылдым деп өкiнбес едi-ау!
Алпамыс ерiксiз сүңгiп кеткен қиялдан айыға алмай, сарсаңға түсіп отырғанда, Жонның киносы аяқталып, басқасы басталып кеткен екен. Бұны да неше мәрте көрiп тастаған. Адам жегiш үбiжiк туралы. Әне, сол үбіжік қала шетінде оқшау тұрған үйді айнала торып, теңселіп жүреді де қояды. Ылғи осы. Қас қарайып, мырт үйірілді дегенше аспаннан түскендей сап ете қалады, таң бозара жерге сіңгендей ғайып болады. Адамның аяғы сияқты екі аяғы, адамның қолы сияқты екі қолы бар. Үстi-басы сабалақ-сабалақ қылшық. Ит дейтін ит емес, қасқыр дейтін қасқыр емес. Бет-аузы мыж-мыж. Түн қараңғысымен қарауытып көрініп, үйдің маңын шиырлаудан шаршамайды. Екi көзi қызарып, азу тiсi ақсиып, әйнектен үңiлiп тұрғаны. Бөлмеде бір балақан балбырап ұйықтап жатыр. Түкті де сезер емес. Терезе сом темiрмен торланған. Есiк тарс бекiтулi. Алдырмайды. Ал, анау пәлекет, адам етін аңсай ма, ауық-ауық жұтынып қояды. Арандай аузын қайшылап, ызалана ырылдап есік күзетеді де жүреді. Таң ата тауға қарай жосылтып бара жатқанын көресің. Екпінінен ысылдап жел еседі. Тау жақтан қасқырша ұлыған, аюша ақырған әжептарқы дауысын естисің.
Сорлы балақан өзiн үбіжік аңдып жүргенiн қайдан бiлсiн? Қарғыс атқан бiр түнi ақыры үйге түсіп, шеңгеліне іліккен бойда қолын қол, бұтын бұт қып боршалап қылғыта салатынын қайдан сезсін? Шешесi байғұстың да қаперiнде қауiп жоқ. Сондан ба, әйтеуір тырнақтай баланы бөлмесiнде жалғыз қалдырып, өзi бөлек төсекке қисаяды.
...Бұлар тұратын пәтер бiрiншi қабатта. Терезе түбінде өскен кәрі қаратал бөлмеге күн сәулесін түсірмей көлеңкелеп, әйнекті толайым жауып тұрады. Күн кешкіре бастасымен бөлме iшi тез күңгiрттенiп, көңiлге үрей кiре бастайтыны бар. Бүгiн де үбіжік кинодан көз айыра алмай бұрышта бүрiсiп отырған. Кенет терезе алдына қанаттарын сарт-сұрт сабалап қос кептер таласа-тармаса қона кеткені. Онсыз да сансын үбіжік жаулап ап, қарадай дiрдек қағып, үркіп отырған Алпамыстың жүрегi су-у ете түссін. Тұла бойы түршiгiп, ілезде суынып сала берсін. Аяқ-қолы сал боп қалғандай жансызданып, бір жағына қисайып құлай берді. Есiн жиса, сыртқы есiк жақтан тықыр-тықыр еткен дыбыс естіліп жатыр. Бұл әуелi ол тықырдың не тықыр екенін ұға алмай еріксіз құлақ түрген. Аузы аңқиып отырып, ойына үбіжік орала кетсе болар ма? «Үбіжік» деп, сыбырлады. Кебірсіген ерні жыбыр етті. Жүрегі қалтырап, төбе шашы тік тұрды. Сол... соның дәл өзі! Сол ғой! Сояудай тырнағымен осқылап, тырналап жатыр. Бұлардiкi жұрттiкiндей балталасаң алынбас темiр есiк емес, ашып-жапқан сайын бір қышқырып қалатын қиқы-жиқы құрама ағаш есiк. Кенет долданып кетіп, бар пәрменімен бiр персе ғой, онсыз да қаусап тұрған есік күйреп түсер едi. Соны ойлағнда Алпамыстың жон арқасы шымырлап ала жонелді. Ұйып қалған аяқ-қолын әрең жазып, орнынан жер тiреп зорға тұрды. Тiзесi дiрiлдеп асханаға бет алды. Тәлтiректеп асханаға жеттi, түртiнектеп үстел үстін сипалады. Қолына балта ілікті. Мамасы ет шауып жүрген балта. Балта қолға түскен соң батылданғандай болып едi, бірақ сол арада өз иегi өз еркiне бағынбай кемсеңдеп, жылап жiбергені. Көз жанары жасқа толып алыпты. Тықыр болса басылар емес. Үбіжіктің сояудай-сояудай тырнағы көзіне елестеген Алпамыстың тынысы тарылып, көзi шарасынан шығып шегіншектеп барды да, арқасын қабырғаға тіреді. Есiктiң көзiнен сығалап қарамақ боп бір оқталды да, ол ойынан табан астынан айныды. Есік ашылып кетіп, үбіжік кіріп келе ме деп үрейі ұша қорықты. Сығаласа да тас қараңғы кiреберiстен ештеңе көрiп жарытпайсың. Балтаны басынан асыра жоғары көтерген қалпы, демiн iшiнен алып, қалшиып қатып қалыпты. Осы кез есiк ашылып кеттi. Салдыр-күлдiр етiп бiреу табалдырықтан бері аттай берген. Алпамыс өз көзіне өзі сенбеді. Қорқынышты үбіжік бет-бейнесін ілезде өзгертіп, мамасына айналып үлгеріпті. «Мамамды жеп қойған, сосын мамам боп кеткен, — деген қияли ой келді басына, — әне, ерні қан-қан. Енді мені жейді».
Үбіжік — мама қолындағы сөмкені босағаға тастай салып, өп-өтірік күлімсіреп, бері бұрылды. «Ботам-ау, көкшім-ау!» дейді. Дауысын мамасының дауысынан айнытпай қалай салады ә. Алдап-сулап ұстап алмақ қой.
Алпамыс жандәрмен төргі бөлмеге тұра қашты. Соңынан үбіжік — мамасы қуып кірді. Көзі алақ-жұлақ етеді.
— Алпамыс, ұлым, не болды саған, неге қаштың? Өкпелеп қалдың ба, мамаңа. Бүгін айлық алдым. Айлығым өсті ғой. Саған не әкелгенімді көрші.
— Келмеші қасыма, — деп сықсыңдап жылап жіберді. — Мамам емессің сен, үбіжіксің сен.
— Қой, жаным! Не деп тұрсың? Мамаңмын ғой мен, сорлы-ау... мамаңмын!
Алпамыс қолындағы балтаны қыса ұстап, бұрышқа тығылды.
— Мама, сен мама емессің. Мама боп келген үбіжіксің.
Жанары жасқа толып, көз алды бұлдырап, түк көре алар емес.
— Не дейді, жаным-ау? Үбіжігі несі? Үйде жалғыз қамалып отырып... бірдеме иектеп кеткеннен су ма? Піссімілла. Піссімілла. Кел, аластайын. Ұшықтайын.
Мамасы аттап басып, ұлының жанына жетіп барды да, тізерлей кетіп, алақанымен маңдайын сипай беріп еді, Алпамыс қолындағы балтаны құлаштап тұрып сiлтеп кеп қалды. Сілтеп кеп қалды да, аяғының астына ах... деп құлап түскен үбiжiк емес, бет-аузын қан жуған мамасы екенiн танып қап, шошына шыңғырып жiбердi.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі