Ташпан әр айдың соңғы екі-үш күнінде ғана қауырт жұмыс істейді. Басқа күндері шаруа түгілі, Құдайдың өзінен қолы бос. Әлгі екі-үш күндік жұмысы — қаладағы пәтер жалдаушыларынан ақша жинау.
******
Ташпан үшін әр айдың соңғы күндері мереке. Өйткені, бір ай бойы зарыға күткен бұл күндерінде шаһардағы жеті пәтерінің жалдау ақысын шашауын шығармай қалтасына басып, көңілі жайланып, шіреніп, желкесі күжірейіп қалады. Арагідік жалдау құны арзандау бір бөлмелі ескі пәтерінің ақысын жоққа санап, елуге келсе де ақыл-есіне ие бола алмай қыз-қырқынға қылмыңдап, кафелетіп шашып жіберетіні бар. Ертесіне кеткен шығынға іші ашып, өкпесі күйе өртене, аһілеп-уһілеп төсек тартып жатқаны. Араға бірер күн сала шемен шері аздап тарқап, басын көтереді, әлгі қылығын жомарттыққа, өзіне-өзі көңіл бөлгенге балап, жұбанады. Әлгі күйініші екі-үш ай өткенде ескіріп, ескі пәтердің ақысын тағы жоққа санайды. Осылай қайталана береді. Сөйтіп, бір қылмыңдап, бір өкініп, бір жұбанып жүргені.
Таныстарының бәрі Ташпанға қызыға әрі қызғана қарайды. Оның тыныс-тіршілігінің ырғағын білетіндер: «Шіркін-ай, Ташпандай болар күн қайда? Миы қатып, белі ауырып, өкпесі өшіп жұмыс істемей-ақ үйінде отырып-ақ мыс-мыс ақша табады. Ештеңеге алаңдамайды. Қарны да, көңілі де тоқ», деп ойлайды. Бірақ Ташпанның өзі үшін жағдайы жұрт ойлағандай емес. Оның ішкі шерін, уайым-қайғысын білсеңіз, «одан артық бақытсыз жан жер бетінде бар ма екен?» деп кемсеңдеп қаласыз.
Ташпанның бар қайғысы, бар арманы, ұлы мұраты, жүрегін тілгілеген тілегі — жалға беретін пәтерлерінің санын көбейте түсу, ескілерін жаңаға ауыстыру. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын оның осы қалада жалға беретін үш пәтері болатын. Олардан түсетін ақша соқталдай үш жігіттің бір ай бойы аянбай төккен маңдай терінің өтеуіне алатын еңбекақысынан асып түсетін. Бас ауыртпай, қылшығын да қимылдатпай осылай ақша табуға әбден дәндеп алған Ташпан әлгі «үш жігіттің» тапқанына қанағаттанбай, жиған-тергенін бала-шағасына қимай, оларды ас-судан, киімнен қыса жүріп, пәтер санын арттыра берді. Айналасы жеті-сегіз жылдың ішінде амалын тауып, «пәлен пәтерге ие болсам, сонымен тоқтаймын, солардың жал ақысы жетеді» деген қанағаты, межесі жоқ ол жеке меншік пәтерінің санын жетіге жеткізген.
Бүгінде осылайша, білдей «жеті жігіттің» тапқанын көмейіне тығып, көңілін жұбатқансиды. Бірақ ашқарақ көңіл бұған жұбана қояр ма?
Ташпанды түсіну қиын. Оны бір жағынан аяйсың да. Өйткені ол пәтерінің санын көбейтемін деп жүріп көп нәрсені жоғалтты. Мұнысын өзі бір сәт те ойлап көрген емес. Егер оған біреу әлгі жоғалтқандарын тізбектеп айтып берсе, Ташпанның оған келісерге дәрмені жоқ.
Ол не жоғалтты? Ұлы мұратының жолында басын бәйгеге тіккен, өз «идеясына» берілген Ташпан ағайын-туыстан әлдеқашан ажыраған. Өздерін ашкөздікке арандап, қанағатсыздық қасіретін жамылған әкелері туған перзенті емес, шығын әкелуші әлдекім деп санайтынын, су татыруға ниеті жоқ екенін бірте-бірте ұққан балалары өз күндерін өздері көруге бекініп, беттерін ары бұрған. Әке мен балалардың арасындағы Алладан бұйырылған жаһұт та жасампаз, кіршіксіз, тәтті де терең байланыс, жақындық сезім пендешіліктің озық үлгісі кесірінен қайта қалпына келместей қурап тынған. Оның орнын сырттай сыпайы сыйластық, мәнсіз қарым-қатынас басқан. Есейіп кеткен балалардың саналарында жиі жаңғыратын, әкелеріне қатысты тәтті елестері де олардың әке мен бала арасындағы үзілген рух байланысын қайта жалғай алмайтын халде.
Күйбең тіршілікке ес-түссіз күйлеп кеткен Ташпан әйеліне де жат болып кетті. Бұлар ерлі-зайыпты деген аты болмаса, екеуі екі бөлек әлемде күн кешіп жатқалы біраз болған. Кезінде бірін-бірі сүйіп қосылған олардың қазір жан дүниелері қабысудан кеткен. Әйелі өз алдына үй болып, отау көтеріп кеткен балаларын көбірек жағалап, немерелерінің күтімімен жүреді. Ал Ташпан үшін немере атаулы — шығын. Олардың күлкісі — миды ашыту, еркелегені — кедергі.
Өз отбасынан әлгі ұлы мұратын артық көрген Ташпанға жиған-тергенін тек пәтерін көбейтуге ғана жұмсаудан басқа ешқандай ой жоқ. Оған салса, қаладағы бүкіл пәтерді, бірін қалдырмай сатып алып, олардың барлығын жалға беріп тастауға бейіл. Мейлі, оған да қол жеткізсін, бірақ одан кейін ше?..
Жылдар өте Ташпанды ағайын-туысы, балалары, әйелі осылай жоғалтып алды. Оны ағайын-туысы, балалары, әйелі жоғалтып алды. Олар үшін баяғы Ташпан жоқ, өлген. Бұрынғы Ташпанды бүгінгі Ташпанның ішіндегі ашкөз де қорқау қасқыр талап, құрбан еткен. Бүгінгі Ташпан баяғы Ташпанның сүйкімсіз сүлдері. Бұл екі Ташпанның арасын қираған көпір, соқыр тұман бөліп тұр. Екеуі ешқашан бірін-бірі таба алмайтын халге түскен. Бірін-бірі іздеп те әуре болмайды.
Ташпаннан көз жазып қалған тағы біреу бар. Ол — бар шығынын көтеріп оқытқан, білдей білікті маман етіп шығарған мемлекет, қоғам. Өзі баптап, өсірген, содан соң қызметінен дәмелі болып, жемісін енді жеймін дегенде перзентін жоғалтып алған әке-қоғам оның қазір не істеп жүргенін білмейді де. Егер мемлекет бұрын үміт артқан баласының бар күш-жігерін қарақан басының қамына ғана жұмсап, есіл білімін, қабілетін қапасқа қамап, талайларды теспей сорудың айласына түбегейлі бет бұрғанын көріп қалса, оған тоқтам сала аламайды да. Өйткені заман солай — ДЕМОКРАТИЯ, НАРЫҚ.
******
Осыдан екі күн бұрын алты пәтерінің жал ақысын бірер сағаттың ішінде жинап алған Ташпан бүгін жетіншісінің ақысын алуға үйінен шықты. Қабағы қатулы, ашулы. Мұнысының үлкен себебі бар. Жетінші пәтерін жалдап тұратын жесір келіншек берешек ақшасын екі күнге кешіктірген. Ашулануының себебі осы. «Кешіктіргенді көрсетемін оған. Менің кім екенімді білмей жүр екен. Осы жолы соңғы рет ескертемін. Келесіде тағы бір рет кешеуілдетсе, қуып шығамын. Бұдан кейін күйеуі жоқ, соңынан боқмұрындарын шұбыртқан, айлығы мардымсыз еден жуушы міскіндерді жаныма жолатпаспын», деді іштей күбірлеп.
Сыртта аяз қысыңқырап тұр. Бозала таңнан бозарған аспан еңсені басып, жан сыздатады. Қаптаған көпқабатты үйлердің тасасына жасырынуға бет алған батар күннің бозғылт сәулелері жапырағы тоналып, сидиған бұтақтары қалған тал-дарақтардың ұшар басында қонақтаған құзғындардың тұмсығы мен жонында жылтырайды. Аяқтарда тапталған, жолдардан күрелген күйелеш қар кір басқан көңілдің дәл өзіндей.
Ол пәтерақыны жалға алушылардан өз қолымен барып алады. Банктегі есеп-шотына, яғни карточкасына аудартқызбайды. Бұл ұстанымына берік. Мұндағы себеп, ай сайын пәтерлерінің жағдайын өз көзімен көріп, тексеріп тұру. Бұдан да үлкен себеп бар, ол — кіріптар жалға алушы жақыбайларға кісілік көрсетіп, оларға тәкаппарлана қарап, өзін зор санап, ісініп-кебініп, қыр көрсетіп, бір жетісіп қалу. Бұл әрекетінің екпіні, одан алатын ләззаты Ташпанды біраз күн талтаңдатып, ірі сөйлетіп, маңыздандырып тастайтын. Мұндай оңай «олжадан» Ташпан пақыр сияқтылар өлсе бас тартсын ба?
Ташпанды пәтерді жалдап тұрушы келіншек жымия сәлем бере қарсы алды. Берілген сәлемге мән де бермеген Ташпан аяқ киімін шешпестен төрге озып, бөлменің ішін көзімен мұқият шолып шықты. Бәрі орнында. Қырық жылғы диван мен көне шкаф, экраны алақандай ескі теледидар, терезені жапқан етегі қысқа әрі енсіз перде, еденге төселген жұқа палас — Ташпанның дүниесі. Бір бұрышқа жиналған көрпе-төсек қана пәтер жалдаушының мүкәмалы.
Бұдан кейін қожайын шірене басып келіп асхананың есігін еріне ашты. Мұндағы дүниесіне де ішіп-жей қарап, түгелдеді. Бәрі өз жайында. Оң жақ бұрышта шағын тоңазытқыш ыңылдайды. Ас-ауқат пісіруге арналған плита тап-таза. Тамақ ішуге арналған үстелді жағалай бір ересек, екі төрт-бес жасар бала отыр. Алдарында бес-алты тілім нан мен жалпақ легенге салынған, едәуір бөлігі желінген макорон. Қожайын балаларға, дастарханға қабағын шыта жақтырмай қарады. Сол сәтте кішкентай бала еңіреп жылап жіберді. Оны ересектеуі әп-сәтте жұбата қойды.
Төрт-бес айдан бері аракідік төбе көрсетіп тұратын таныс-бейтаныс кісіге жасқана қараған балалар орындарынан тапжылмай қалған. Бейне бір отырған жерлеріне желімделіп қалғандай. Сол сәттерде жүзіне жымию мен қысылу қатар ұялаған ересек бала көзін жыпылықтата кібіртіктей сөйлеп, жайсыз қонаққа нан ауыз тиюді ұсынды. Ұсыныс ескерілмеді. Қожайын шығар есікке беттеді.
— Қай күні пәтерақы дайын ба деп хабарласқанымда сенің «жоқ» деп жауап қатқаның ашуыма тиді. Енді бұлай қайталанбасын... Ештеңені бүлдірмей, үйді таза ұстап отырғаныңыз үшін ашуымнан қайттым, — деді ерекше бір мырзалық көрсеткендей болған Ташпан.
Келіншек:
— Пәтерақыны төлеуді кешіктіріп алғаным үшін кешіріңіз. Бұл жолы айлығымыз екі-үш күнге кешігіп түсіп...
— Маған ешқандай сылтау айтпа... Жұмыс істейтін жерің саған айлығыңды қашан беретініне мен бас қатыруым керек пе? Одан басқа менде тірлік жоқ па? Енді тағы бір рет пәтерақыны кешіктірсең, айналайын, басқа тұратын жер іздей бер.
— Аға, енді қайталанбайды. Әр айдың отызында дайындап отырамын.
— Адамның жақсылығын түсіну керек. Сен сияқты балаларын соңынан шұбыртқан әйелді ешкім пәтеріне кіргізбейді. Оны жақсы білесің. Ал мен сенің жағдайыңды түсініп, үш балаңның бар екенін біле отырып, пәтерімді беріп отырмын. Осы жақсылығыма сен де лайықты жауап қатуың керек.
— Иә, аға, сізге рахмет. Бұл жақсылығыңызды ешқашан ұмытпаймын.
— Жарайды, ақшаны әкел...
Ташпан елу мың теңгені мұқият санап, қалтасына салды да қоштаспастан өз жөніне кетті. Келіншек терең күрсінді де есікті іштен жауып алды. «Бір ай күткен айлығымды жамбасақыға төлегенім — балаларымның несібесін өтегенім ғой. Жәрдемақы өлтірмес...», деп өзін-өзі демеді. Бағаналы бері үлкендердің әңгімесін үрпиісе тыңдап тұрған балалар шешелерінің жаудың бетін оңай қайтарғанына қуанып, ойындарына қайта бас қойды.
Енді келесі айдың соңына дейін қолы бос, пәтерлерінің ақысын түгел жинап алып көңілі көншіген Ташпан жеңіл көлігіне шірене жайғасты. Ішкі әлемін желік қысты. Үйде жападан-жалғыз іші-пысып, теледидарға телміріп отырған өзінің кескін-сұлбасы көз алдына келді. Бұл көрініс өзіне жағымсыз әсер етті. Енді қайтпек? Ол әлгі желіктің жетегіне ілесуден өзге шешім қабылдай алмады. Мұнысының соңы өкінішке ұласатынын біле тұра өзін тежеуге мұршасы келмеді...
Жесір келіншектің бір ай бойы үш қабатты мектептің еденін, әжетханасы мен бұрыш-бұрышын тырбана тазалап жүріп тапқан елу мың теңгесі қас пен көздің арасында харам ас пен лас қызмет үшін төленіп, ойсыз да жын-ойнақ қаланың бір бұрышындағы жемір жертөле-кафенің кассасында жатты.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі