Өлең, жыр, ақындар

Ақтоқым

Қаңтардың қысқы күні қырқаға иек артып, құлақтанып біраз тұрды да құлай салды. Он шақты көлік, төрт-бес әйел, кептеген аяққаптай домаланған күпілі бір бала мен бір кепкен шал текшеге көтерілгенде дүние көгілдір тартып еді. Қысқы ымырт Алтайға қашан да қарақұрықтамай, бозалаңдап кіреді де қар бетін көкшіл сағымға бояп, ай туған соң жер дүние қайтадан шаңқайып шыға келетін әдеті. Бүгін ай қорғалап туатын болса керек, орман іші күңгірттеу, тау сілемдері жер шетіне көшіп бара жатқандай тым алыстан мұнартады. Бір жұма бойы толас бермеген алақаншық боран таң ата ғана жығылған, енді қызыл шұнақ аяз бет қаратпай жалап тұр. Тірі жан түгілі тоң қарағайлардың өзі торс-торс айырылып, жер құйқасын тітірентіп қояды. Ауа қорғасындай қолқаңды қарып түседі.

— Әй, шұнақ! Оңға бұрыл, оңға!..

Шалдың шақар даусынан тайга селк ете қалды. Қарағай басынан қар сусыды. Таяқ тастам жердегі шөп маясының түбінен бір топ елік үрікті. Соңғы текешік жалтақтап қарай беріп еді, мүйіз тармағының бір сыңар молақ тұқылынан Ақтоқымды таныдым.

— Әй, шұнақ, нағып тұрсың енді?! — деп шал екінші рет шар ете қалғанда құйрығының ақ қылшығы делеңдеп Ақтоқым бытқылға сіңіп жоқ болды.

Сол Ақтоқымның өзі. Тек сирағы сыптай боп ұзарып, тұрқы созылып кеткен тәрізді. Қарамай кеткеніне көңілім қолқ етіп орта түсіп қалды. Амал жоқ, торы биені қос өкпеден тепкілеп жүріп оңға бұрдым. Науаланып қалған қасат жолдан шығысымен-ақ торы бие оппаға шөкелей кіріп жатып алды. Қыстың күні шана үстінен көрі аттың жайдақ сауыры жылы. Аяғыңның басын аяз бүргенмен әйтеуір тақымың тоңбайды. «Жарбайып сен де түспей қойдың-ау!» — дегендей торы бие бұрылып бір көз тастады да мыңқ етпейтінімді сезген соң күртік қарды кеудесімен ырғап-ырғап, амалсыз ілгері жылжыды.

Мая түбі шиыр, белдеулеп жеп қойыпты.

— Ата, мен Ақтоқымды көрдім!..

— Әй, шұнақ, мен саған таудың тағысын санап бер дедім бе?!. Шанаңды доғар да биеңмен жол тапта! — деп шал тағы да зекіп тастады.

Бойы бір тұтам боп осы бір шал кіжінеді де жүреді. Өмірі ренжімей тіл қатып, ренжімей шаруа тындырып көрген емес.

Бес тал сақалы көк сүзіп, сығырайған кішкентай көздері инедей қадалып кеп тұрғаны. Құлағымыз қалқандай болса да шетімізден «шұнақ» деп сөгеді. Әуелде түсінбеуші едік, енді естіген құлақта жазық жоқ, жарты ғұмыры кісі есігінде жалда өтіпті де өзінің де бар естіген «жылы» сөзі «шұнақ» болған соң ендігі жұртқа айтар ілтифаты да осыдан аспапты. Балаларға беделі бәлендей емес; көктемгі егіс, жазғы пішен, күзгі орақта торғайдан бұрын оянып, көктемгі ызғар, жазғы шық, күздің бозқырауына қарамастан қара қостағы бала-шағаны сирағынан суырып алып құлқын сәріден жұмысқа айдайды. Келіннен иба, кемпірден иман да күтпейді, қысы-жазы үстінен бір киім түспейді, тамақ талғағанын да көргеміз жоқ: жұрт аздаған қажақ-құжағын диірменге тартқызып тандырға нан жауып отырғанда, шалымыз арпаның талқанын қауызымен қаужап жүре беретін. Қашан көз іліп, қашан аяқ суытатыны да белгісіз, не шаршадым, не шамам келмейді демейді, өзінен басқа бір адамға сенбейді, бітпей қалатындай барлық іске араласып, қыл аяғы колхоз кеңсесіндегі ара-тұра өтетін жиналыстан да қылқиып қалмайтын. Әттең сауаты кем, әйтпесе... тақымың талып, құрығың тозып, өгізден енді түсіп жатқанда газет оқып бере ғой деп тақымдайтынын қайтерсің...

— Япырай, мынау өзі ынжық екен ғой! — деді шал күйбеңдеп қалған мені жақтырмай, сосын айырдың дүмімен торы биені жұқа шаптан нұқып жіберді, — әкет әрі, аяқ астына оралмай!..

— Буаз бие құлын тастап кетпей ме, анау күрең шолақты салсақ қайтеді, — деді мая төбесінің қарын құлатып жатқан келіндерінің бірі.

— Өлмейді, — деді шал. — Қарыны кебежедей неме, қар бұзуға әбден!..

Сонымен торы бие екеуміз науа жол мен мая арасындағы оппаны таптауға кірістік. Үңірейген орманның үрейі жаман; маядан ұзасақ — жау күтіп тұрғандай жалтақтап, жүрісіміз өнбей қалады да кері қайтқанда — ту сыртымыздан кеп жалмауыз ұстап алатындай тыпырлап жан теріміз шығады.

Сол жылы қар қалың, қыс қатты болып еді. Көрші отырған екі ауылдың арасына жол салу үшін тебінде жатқан жылқыны айдап түсіретін. Жылқы жарықтықтың шаруадан қалған күні бар ма, бір колхоздағы маңдайға басар жалғыз айғырдың үйірі тақымнан босаса — шанаға, шанадан шықса – арба мен соқаға жегілетін. Өз аузымен оттап, өз аяғымен күн көретін есті хайуанның соғыс жылдары мойны құрғап, сауыры кеппеген. Бұрын қысырақ пен тай-жабағының жал-құйрығына қайшы тимеуші еді, енді арқан мен тәжіден бастап күрмеуге келмейтін қысқа жіпке дейін қыл-қыбырдан есілетін болған соң қарыны жер сызған мама биелер де қылтасын жаба алмай етегін түріп шыға келді. Малдың аты мал, торы биенің табаны тозар деймісің, бәрінен де жеті түнде жын қаққандай тұтам жерге әрлі-берлі салақтатып қойған қырсық шалға иттей ыза боп жүрмін ішімнен. Боран басылысымен, мал аштан ұлып тұр деп тағат таптырмай осында айдап келген де шалымыз. Бір жұма соққан боран адамды да, азғантай малды да ауылдан ұзатпай қойғаны рас, бірақ жаның ашынғанда малдың ашыққанына қарамайсың. Баяғыдан қысырақ бітпеген қырсық шалдың малсақтығын айтсай!..

Торы бие мен екеуміздің қас-кірпігімізді қырау шалғанда қырқадан қиылып таусылған айдың кетігі көрінді. Шап шағыр көк жүзінде шанжау-шанжау жұлдыз қалтырайды. Ұлытаудың қойнауы ұлыған иттей көңіл азынатады. Қар жамылған қара орманда жылт жоқ, ақ сәлдесін бүркеніп алып бұйығып жатыр. Мынау қиясына көз тіксем бөркің түсетін зеңгір тау мен қиырына көз салсаң қиялың жетпейтін шексіз орманда өзіңді құмырсқаға теңейсің. Әсіресе түн баласында, аязды қыстың түнінде...

Менің көз алдыма сонау меңіреуден сая таппай жүрген Ақтоқым елестеді. Қар қалың жылы үңгірдегі аю мен қаңқасы жеңіл қояннан басқаның бәріне қиын десетін аңшылар. Соның ішінде бұғы, елік пен күдір көп қырылатын көрінеді. Тайганың қары кейде үш-төрт метрге де жетеді, сол кезде тұяқты мақұлық омбыға қамалып, көрінген жыртқышқа жем болады екен. Биылғы қарды метрлеп ешкім өлшеген жоқ, бірақ қаңтар түскелі бері елік атаулы ауыл маңынан шықпай жүр. Қиқым теріп, шөп тасыған шананың соңынан қалмай, іргеге дейін еріп келіп қайтатын. Топ ішінен Ақтоқымды да көрдік деп еді жұрт.

Ақтоқым биылғы көктемде көзін ашпаған балапан болатын. Саумалдық тере жүріп тоғай ішінен тауып алғанбыз. Ит-құс па, бірнәрсе талап тастапты, жаралы тоқымдығына кейін ақ жүн шықты да содан Ақтоқым атанып еді. Әуелде шалажансар байқұсты ауыздандыру да азапқа түсті. Қолдан сусын алмады, ешкілер бауырына салмады. Ақыры көрінген үйдің ешкісін жығып сап, төрт аяғынан керіп тұрып зорлап емізетінбіз. Бақырауық әжелеріміздің талай-талай таяғын да жеген кездеріміз болған. Үйреншік пе, сүзіп тастайды дей ме, кейін Ақтоқым түрегеп тұрған ешкіге тиіспей, жусап жатқандардың емшегін бір тартса да құр жібермейтін қызық мінез шығарды. Тек есейген соң ғана бұл тентектігін қойып, бөріктен жем жеуді үйренді де, кейде басымыздағы малақайымызды ала қашып, көпке дейін бермей ыза қылатын. Қылығы қызық төрт аяқты болса да кісі сияқты ақылды, ойыншыл, екі көзі мойылдай қап-қара, кәдімгі жәудір көздің сұлуы еді.

Сөйтіп жүргенде пішен басталды, одан орақ науқанына кірісіп кеттік. Ақтоқым алажаздай бізбен бірге қарақоста түнеп, көже-көпсекке балаларымен бірдей ортақ болды да қырманның қызыл дәніне тойған соң мүйізі жетіліп, күзге қарай дәу теке боп шыға келді. Жаз бойы көрмеген соң ауылдың барақ иттері жатырқап қалған екен. Алғашқы күні-ақ қып-қызыл төбелес шығарып, мүйізінің бір сыңарын сындырды да танауын тістеттіріп пұшық атанды. Осыдан соң біз оны қорадан шығармайтын болдық. Бірақ Ақтоқым бұған қатты өкпеледі, бұрынғыдай емес, көңілі пәс, жемге де марғау, бөтен кісі көрсе алдыңғы екі аяғымен жер тепкілеп тасаға тығыла береді, ақыры алғашқы қар түскенде бүкіл ауылдың иттерін бөрліктіріп түні бойы тауға қарап үріп шықты. Ертеңгісін мектеп директоры: «балалар, түзге жаралған тағы қораны қашан да жатсына береді, обалына қалмай еркіне қоя беріңдер», — деді...

— Ай, шұнақ!.. Айға бата қып тұрмысың?! Андағы шартығыңды жекпеймісің шанаға!

Шал жымырық құлақ итқұлақшынын милықтата киіп шәлтиіп тұр екен. Мен торы биенің қамытына дәртені бекітіп, онан шаужайлап шығарғанша басқа көліктер әудем жер ұзап кетті де кіренің ең соңында қала бердім. Тағы да қырсық шалдың кесірі сияқты көрінді; түзге шыққанда алдына салады да ауылға қайтқанда артына тастайды. Қыстың күні таудан шөп тасығаннан қиямет жұмыс жоқ. Жолдың қиясы мен еңкуі бірде қиралаңдатып, бірде қуып, мазаңды алады, ауып қалсаң серігің келіп көмектескенше жатқаның, оның үстіне әр жыртығынан құбыжық сығалайтын мынау үңірейген орманның зәредей қорқынышы тағы бар. Не болсаң ол бол деп шөп үстіне шықтым да делбені бастырыққа қыстырып жата кеттім. Торы бие аман болса мыңқ етпе!..

Тозған айдың сынығы жел үрген батпырақтай аспанға шырқап барады екен. Үркер төбеге келіп қапты. Шар күмбез суықтан сынып кетейін деп тұрған сияқты. Терістен қызыл есті де қарағай басы шулады, жоғарыдан сусып түскен қар қылауы айдың жүзіне кемпірқосақ кигізіп, әуеде миллион ине қайшыласып ұшып жүргендей көрінді. Қимылдаған соң денем жылынып, жұмсақ шөпке жамбасым тиісімен-ақ ұйқым келді. Жақын жерден орманды күңірентіп елік үрді. Ақтоқымның даусына ұқсайды. Менімен қоштасып қалайын дегені де... Көзімнің ілінгенін де ілінбегенін де білмеймін, маужырап жатқанымда тағы бір үн құлағыма шалынды. Ит-құстың ұлығанын естігенім осы еді, жүрегім аузыма тығылып, енді болмағанда шананы торы биемен қоса тастай қашайын деп тұра бергенімде:

— Қолыңды әкел, — деген шалдың дауысы шықты.

Әдейі тосып тұр екен.

— Немене қорықтың ба, — деді шана үстіне шыққан соң. Қорықпа үйірлі қасқыр болса да шұбырынды кірені торымайды.

Әлгінде ғана әзірейілдей көрген шалыма әкем келгендей ішім жылып сала берді. Сонда да қорққанға қос көрінеді деп жан-жаққа жалтақтаумен жатыр едім, әлден уақытта өкпе тұстан қараңдаған бір топ шоғыр науа жолға орғып-орғып шықты да шана соңынан шұбыра кеп қуды.

— Ойбай, кеп қалды!..

— Не кеп қалды, — деді шал теріс қараған күйі.

— Қасқырлар кеп қалды.

Шал айылын да жиған жоқ.

— Ә, ол қасқыр емес, елік қой, — деді. — Жануарлар жандары қысылған соң біздің қарамызға ілескені де...

...Сол күні ауыл іргесінен түні бойы қасқыр ұлып, таң атқанша ит атаулы дүрлігіп шықты. Ертеңгісін мал жайғап кірген апам:

— Япырай, мына қыс тағыға дейін қотанға қуып тықты-ау, — деп кейіп жатыр екен.

Мен Ақтоқым қайтып келді ме деген үмітпен тысқа атып шықтым. Күресін басында Ақтоқымның сынық мүйізі мен тыртық танауы ғана қалыпты.

Әттеген-ай, ауылдың барақ итіне жем болғанша бөрінің бөтекесінде кеткенің жақсы екен-ау деп өкіндім...


Пікірлер (2)

Бекзат

қызық

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер