Өлең, жыр, ақындар

Өлгендер қайтып келеді

— Отағасы, жиналыстарың аяқталды ма? Тез келдің ғой.

— Жиналыс емес, ауыл өсегін тасып жүрген бір қуаяқтардың тірлігі дерсің. Ешкімге сөз бермей, жан баласын тыңдамай кетті ғой, — Егемберді аудан әкімдігінің «келе жатыр» деген дақпырты зор, елді көп күттірген жиналысына көңілі толмағанын даусынан аңғартты.

— Е, оның несіне ренжисің? Олар бәрі жақсы десе, жақсы болғаны. –Бәйбішесі отағасының көңілін аулағаны, не билік өкілдеріне сонша сенгені белгісіз, сабырға шақыра сөйледі.

— Көреміз биылғы көктемде не жаңалық болатынын. Бәрін қағазда ғана сайратпаса болды. Айтпақшы ертең мен ауданға жүремін. Жұмыс жайына қажет заттар алуым керек.

— Әке, мен де барайыншы. «Апаңа көмектесіп, елгезек болсаң, өзіммен бірге алып жүремін» деп уәде беріп едің ғой, — деп үлкен ұлы Олжабай сөз орайын пайдаланып, әкесі мен шешесінің әңгімесін киіп кетті.

Қызылағаш таңы күндегідей арайлана, сырбаздана атты. Түн сұлуы Ай жарық нұрдың падишасы Күнге тіршілік атаулының амандығын аманат еткендей ығыса берді. Күн ұясынан көтерілмей жатып, тірі жан біткеннің бәріне шуағын төгіп, бір түгендеп алғандай. Әдеттегі ауыл тірлігі басталмай тұрып, Егемберді Олжабайын уәде бойынша ертіп, жолға шықты. Үйде Зейнеп пен кішкентай ұлы Кенжетай қалды. Шешесінің етегіне оратылып жүріп, Кенжетай ойынға да үлгеретін. Күні бойғы сылбыр тірлік кешке қарай тіптен көбейіп кеткендей. «Таңның атқанынан кештің батқаны тез» деп күңкілдеген Зейнеп малын қоралады. Не жұмыс істесе де, көңілі алаң. Отағасы әлі келмеді. «Жолаушының бөгелгенінен сүйін» деп өзін іштей жұбатса да, жүрегі өрекпіп қояр емес.

Тіршілікті бар шуағымен аймалап, аялаған күн қып-қызыл шапақтарын шашып, жер бетін қимай тұрғандай. Бүгінгі түнді аппақ сәулесімен бөктіруге ай да асығар емес. Киелі күннің аманатына қиянат жасағысы келгендей, кеш қарауытып, күңгірттеніп басталды.

— Жеңеше, ағам әлі келмеген бе? — Үйге көңілді кірген отағасының кіші інісі Қосжан Кенжетайды құшағына алды.

— Иә, әлі келген жоқ. Бұлай кешікпейтін еді. Төрлет, шай дайындайын.

— Жеңгемнің шайы бал татиды ғой, шіркін. Ішіп бір арманда, ішпей екі арманда жүрміз, міне,

— Қалжыңыңды қоя тұршы, Ерке бала. Бір жайсыздық болып қалатындай жүрегім қысып тұр. — Зейнеп еңсесін езген қайғысы бардай алаңға беріле сөйледі.

— Түу, жеңге, ағам күні бойы жаныңызда болмағанға жүрегіңіз қысып тұр ма? Қызғанышты қойып, маған бал татыған, қаймақ қатқан шайыңыздан беріңіз! — Қосжан жеңгесін әзілмен бастырмалатып, езу тартқаннан басқаға амалын қалдырмады.

— Апа, Қосжан ағам қонақ қой, иә? Қонаққа көп кәмпит саалсыз ба? — Өз жайын қамдаған Кенжетай қулығын асырғысы келіп отыр.

— Кенжеш, Қосжан ағаң кәмпитті ұнатпайды. Сол үшін дастарханға тәттілер салмаймыз.

— Апа, кәмпит! Апа, кәмпит! — Қыңқылдап жүріп өз дегенін орындатып үйренген Кенжетай жуық арада сабасына түсер емес. Ақыры Қосжан Кенжетайдың жанында қалды да, Зейнеп дүкеннен тәттілер алуға сыртқа шықты.

Көңіліндегі белгісіз түйткілді әлденеден тарқата алмаған Зейнеп ауылдың қараңғы көшесінде түртінектеп келе жатыр. Киелі күннің «тіршілікті сәулеңнен кенде етпеші» деген тілегіне қараулық еткісі келгендей бүгін ай ағараңдап болса да көзге түспеді. Тіпті түнгі аспанның сәнін келтірер жұлдыздарды да түнек бұлтқа тұмшалап тастапты. «Белгісіз мұң арқалатқан бұл күн де өтер, ертең-ақ аппақ болып таң атар» деп өзін іштей жұбатқан Зейнеп дүкенге жақындай бергенде кенет бүкіл ауыл иттері ұлып ала жөнелді. Тұла-бойды түршіктіріп ұзақ ұлыды. Әлдебір жамандықтың келіп қалғанынан хабардар еткісі келгендей төрт аяқтылар тым-ақ ащы азынады. Бұл азынау үн Зейнептің жадында бір сәтті жаңғыртты. Анасы о дүниелік болғанда дәл осылай көкке қарап, көкірегін тырнап зарлағаны есіне түсті. Ол кезде өрімдей жас еді-ау... Өз өмірін анасынсыз елестете алмай, оның көз алдынан кеткеніне сене алмай, ешкімге жұбату бермей егіліп еді сол күні. Ғұмырында үлкен қасірет шеккені де сол күн. Ол кезде Зейнеп анасын жоқтап еді, ал бүгін мына иттер дәл сол дауыспен... Өз ойын аяқтауға сескеніп, жарығы жылтыраған дүкенге кіре берді. Мұнда да ауыр тыныштық билеп алыпты.

— Сәулеш, кеш жарық! Жақсы кәмпитің болса берші. Кенжешім қиғылық салып жатыр. — Зейнеп сатушымен сөйлесіп, ойындағы манағы секемін сейілткісі келіп-ақ тұрды.

— Кенжешіңнің қиғылығы қиын соғатын түрі бар саған. Дүкенде кәмпит таусылып қалған. Ертең тауарға барамын деп тұрмын. — Сәулеш жадыраңқы жүзбен тіл қатты.

Жоғын жолықтыра алмаған Зейнеп қыр көшеге түсті. Кенжешіне қалай тәттісіз барсын?! Кәмпит іздеп шыққан сапары неге сәтсіз болсын?! Дәрігерлер «екінші рет құрсақ көтерсең өлім құшасың» деп өрекпіп өре түрегелгенде, Құдайдан «Олжабайым жалғыз болмасын» деп жылап-сұрап алған Кенжетайы емес пе?! Адамның айтқаны келмей, Алланың қалауы жеңіп, Олжабайының соңынан ерген былдыр тілді тәтті кенжесі емес пе?! Ал Зейнеп баласы кәмпит емес, жан пида болуын сұраса еш ойланбайтын ана болатын.

Қыр көшеге де жетті. Үлкен дүкеннің жарығы алыстан көзге ұрады. Бұл дүкеннен іздегенін табатынына бек сеніп, аяғын тездете басты. Күтпеген жерден түсініксіз дүмпу естілді. Бұл дүмпу әйелдің жүрегіне қасірет қанжарындай болып қадалды. Не сұмдық болғанын анық бажайлай алмаса да, бір зұлматтың орын алғанын анық сезіп, үйіне қарай жан ұшыра жүгірді. Тек ұлының өміріне деген қорқыныш байқұс ананың адымын аштырмады. Әл-дәрмені құрып, буыны дірілдеген Зейнеп үйіне қарай тырмыса берді. Ауа қарманып, құр тырбанған ананың құлағына ұлыған иттердің үні мен жылаған сәби даусы анық естілді.

Жердің үстіндегі өмір нұрын, тіпті бүкіл тірі жан атаулыны тыныстан ада етемін деп, жарық нұрда есесі кеткендей түнекті орана жеткен бұл жойқын тажал ауыл іргесіндегі су қоймасынан шыққан еді. Су қоймасына адам қолымен қамалған ажал аждаһасы бүгін ауыздығын сыпырып тастап, еркіндікке еліре шықты. Қоймадан биік толқын болып атыла шығып, арындап ауыл шетіне ілінді. Ата дұшпанын алқымнан алғандай болып жайпай жетті. Жолындағы көк шөпті де аяп жатпады. Тапап өтіп, азан-қазан шуға толған ауыл ішін кезіп кетті. Қыбырлаған құмырсқа да су долысынан құтыла алмады. Дүлей тасқын аяр шеңгелін тарылтып, бойында жаны бардың бәрін ажал алақанында ойнатты. Қашып құтылуға қауқары қалмаған ауыл адамдарын мазақ еткендей күркіреп күліп, «қарсы тұрар қайсың бар» деп кекеткендей жолындағыны жапырып жөней берді. Үйінен қашып шығып, қолындағы нәрестесін өлімнен қорғамақ болып баурына қысқан бір жас ананы алапат тасқын толқынымен түйреп әкетіп, келесі толқынға қақпақыл етті.Аяуды білмейтін жендет анамен құдірет теңестірігісі келгендей оның баурындағы нәрестені айырып әкетпек болып жұлқылады. Ажал дариясына алдымен сәбидің сүңгігенін көруге асығып, ананың әлуетін қашырып, өз айласын асырып ойнақ салды. Қанша құтырынғанымен, ананың құшағындағы сәбиді ала алмады. Ана құдіретімен күресте жеңіліске ұшырағанына жынданып, құшақтары айқасқан ана мен баланы тасқынға шым батырды. Әбден күшіне енген түнек тасқын жолында кездескен тағы бір баланы әкесінің құтқаруына жеткізбей суп-суық құшағына алды. Көз алдында шырқыраған баласына жәрдем ете алмаған шарасыз әкені үй-орманымен бірге жұтып жіберді. Айыр тілін сумаңдатып, ауыл ішін тойымсыздана тінткілеген сұм тасқын ажалдың ұпайын түгендеп беріп, өзімен күші тең келмейтін қарсыласын жер қаптырып, өлімші күйден өлім әлеміне лақтырып, ауыл үстінде айызы қанғанша жын ойнақ салды. Қарсы кездескен тіріні өлі етті, түзуді бүкір етті. Ажалдың биін түрлендіре билеп, ауылды аласапыран етіп кете берді. Соңында құлаған, қираған үйінділер мен бұлтқа бүркеніп бетпақтанған айға қарап ұлыған иттердің үнін қалдырды. Ит екеш ит те ертеңін ойламаған есерсоқ Адамның қолынан оңтайлы сәтте жүгенін сыпырып, тулап қашқан тажалдың ойранын аза тұтып ұзағынан ұлып жатты.

Тасқын лап келгенде Зейнеп үйіне қарай ұмтылған еді. Бірақ аяғы әлденеге сүрініп кетіп, қатты затқа басын соғып, есінен танып құлаған болатын. Әйелдің есін жиғызған жарасының жеңілдігі емес, наурыз айындағы әлі жыли қоймаған көктемгі жердің суық ызғары болатын. Ажал толқындары қыр көшені емін-еркін қирата алмай, тек ой көшелерді ойсырата апатқа ұшыратты. Зейнеп аяғын тәлтіректей басып, тас түнекте үйінің бағытына қарай бет алды. Жүргенінен құлағаны көп. Шекесінен шып-шып аққан қаны көзіне құйылып жатса да, әр құлағанда жерден жеген таяғы тәніне батса да, өлерменденіп қайта ұмтылды. Ауылды ұрымтал тұстан аңдып келіп тап берген өлім өзені енді ес жидырмай шор-шор ағып жатты. Зейнеп есіл-дерті баласы болып алға ұмтыла берді. Жан-дүниесі қатты аласұрып, сәлден соң болып жатқан жайтты ақылмен зерделеуден қалды. Сүрініп кетіп қанды суға құлап түсті. Құлап жатып қолына ілінген жұмыр затты жалма-жан баурына басты. Тура бір сәбиін әлденеден құтқарғысы келгендей құшағына қысып тұрып «Кенжешім, тоңып қалыпсың ғой әбден. Келдім, міне, құлыным! Енді жаурамайсың!» — деп шырпыға мейірленіп сөйлей жөнелді. Бір сәт қанды суды белуарынан кешіп тұрып бойын тіктеп алды да, «Кәмпит? Балам, мен кәмпит әкелмедім! Кешірші апаңды! Кешірші!» — деп аңырады. Көкке жетердей күңіренген ананың шерлі үніне иттерінің ұлыған даусы қосылды...

...

Жерошақ басында екеу отыр. Бүк түсіп отырған әйел отқа қарап қадалып қалған. Ойланып емес опық жеп отырғандай. Қозғалыссыз отырған әйел қу шырпыны сығымдай ұстаған. Ата жауына атылар оңтайлы сәтті күткендей іштей шиыршық атқан бір күй. От жалыны әйелдің жүзінде билей түсіп, біресе оның жүрегінде шөккен шерді аңғартып қалса, біресе өзегін өртеген запыран өкініш өрнегін жанарында шық болып ойнатты. Бұл отырған Зейнеп еді. Азалы күні ақылынан алжасқандай ауыл ішін зарлай кезіп жүрген жерінде Егемдерді мен Олжабай жолықтырып, сабасына түсірмек болған еді. Кенжешінен еш хабар болмай, қайғыға бөккен отағасының қасіретін әйелінің мына бейшара күйі тіптен еселеп жіберген болатын. Қара орманы су астында қалған, інісі мен бүлдіршін ұлынан бір-ақ кұнде көз жазған отағасының жүрегінде аты-жөні жоқ жек көрушілік сезімі оянды. Көңілі қалмай қайтсін, құжатсыз қалғандарын айтып әкімдікке барғанда «Сенің Егемберді екеніңді, ал ана есі ауған әйелдің Зейнеп екенін қайдан білейік? Дәлелдейтін құжаттарың бар ма?» деген арсыз күлкіге қалған. Ошағын ойсыратып кеткен ойранды мекеннен көңілі суып, Егемберді «бармаймын, Кенжемді қалай тастап кетемін?!» деген әйелінің бебеуіне де қарамастан осы жалғыз үйлі фермаға малшы болып жұмысқа орналасты. Шаруа қожалығы Дәулет дархан мінезді көрініп, әрі құжат жағын реттеуге де көмектесуге қауқарлы екенін айтып, осында алып келген. Содан бері отбасы үшін азапты күндер басталды. Олжабай балалық күйден арылып, ата-анасының қабағына жаутаңдаумен жүр. Тәтті қылықты бауырының нақты қайда кеткенін білмесе де, іштей оның бір сұмдыққа тап болғанын бажайлайтын бала жүрегі. Әсіресе анасының тірі аруаққа айналып, елеске еріп естен танғаны бала жанын қинап бітті.

— Апа, сүт тасып кетті! — Олжабай анасының иығынан қақты. Оған селт еткен Зейнеп болмады.

— Апа, сүт тасып, бетіне сап-сары болып қаймақ қатты. Қазанды үйге апара берейін бе? — Олжабай бұл сұрағына да жауап ала алмады. Кенет Зейнеп орнынан жылдам тұрып, сүт толы қазанды үйге алып кірді. Еңсесі төмен тар үйге кіре салысымен, тездете шам жақты. Асығыс дастархан жасауға кірісті. Қимылында «үлгермей қалсам қайтем?» дегендей бір қауіп бар. Малды қоралап үйге отағасы да енді. Дастархан басында үшеу ғана отырса да, Зейнеп төртінші бір адамға кесе қойды. Жанында бір кеседе қаймақ толып тұр.

— Кенжешім жаңа піскен сүттің қаймағын жақсы жейді. Суып қалмасын деп шайды шапшаң дайындағаным сол, — деп шам жарығына қарап күлімдей сөйледі.

— Зейнеп, сен тірі қалған балаңды мүлде аямайсың. Оның қамы сені алаңдатуды қойған. Олжабайдың көзінше бар айтарың — Кенжеш.

— Мен Кенжеш десем одан біреу зиян шеге ме екен? Қәне, кім бар менің баламды сағынып күткенімнен қиналып қалған? — Зейнеп даусын көтеріп, ширыға бастады.

— Қайғыдан қан жұтқан жалғыз сен емессің. Кенжеш-менің де үлкен қайғым, Олжабайдың сағынышы. Бірақ соның бәрін сен аттап өтіп, аңғармағансып шер біткеннің уын өзің сіміріп, бізге де еріксіз сіміртіп жүрсің!

— Кенжеш менің қайғым емес, сыздаған сағынышым. Оны көрмегеніме қанша күн, қанша түн өтті?! Есебінен жаңылдым. Оның хабарынан, амандығынан беймәлім жерге сырғақтап келіп, мені тұншықтырған сенсің. Ұлым ана ауылда үйімізге келген болар! Одан да бейхабармын. — Әйел шам жарығынан жүзін теріс әкетіп, қараңғы бұрышға қарап бірбеткей күйде күбірледі. Құдды бір отбасының жанында емес,айдауда жүрген ғаріптей таусыла күңкілдеді. Осы сәт Егембердінің шытынап жүрген шыдамы шыдас бермей сөгіле берді. Ол Зейнептің ұлына деп қойған кесесін алып құлаштай лақтырды. Әкесінің бұл әрекетіне Олжаюай шыр ете қалды. Үрейі-анасының жанын бұрынғыдан да бетер жаралап алмауы. Бірақ Зейнеп жыламады. Сынған кеседен сап-сары қаймақты уыстап алды да, «балапанымның ырзығын ешкім төге алмайды» деп басқа кесеге ауыстырып сала қойды. Шам сөнді. Ішілмеген шай, жиналмаған дастархан бір берекесіздікті білдіріп қала берді.

Зейнептің «ұлыммен қауышар сәт жақындай түссін» деген тілегін орындағысы келгендей жаңа бір таң атты.Алайда жаңа таң жақсылық сыйлай алмады. Сол бұрынғы күйбең тірлік, қалтыраған үміт, шытылған қабақтар. Таңғы шай үстіндегі үнсіздік жалғаса берер ме еді, қожайын Дәулет кіріп келді.

— Ә, қалайсыңдар? Мал басы аман ба? Басқа фермаларды аралап, сендерге жеткен бетім осы, — деп қырқылдай сөйлеп дастарханға жайғасты.

— Мал-жан аман. Ит-құс тиген жоқ. Тыныштық әйтеуір, — деп Егемберді жауабын қысқа қайырды.

— Онысы жақсы болған екен. Бүгін шаруа қауырт болайын деп тұр. Егемберді, сен малды өріске ұзатып жай. Олжабай, сен де бар. Әкеңе көмектес! — Дәулет әмір бере әкіреңдеп үйдегілерді тегіс сыртқа шығарды. Егемберді шыға бере төрде тұрған Зейнептің баладай баурына басып еміренетін шыбығын ала кетті.

Үн-түнсіз тірліктерін тындырып болған Зейнеп үйге кірді. Төрде өзі қойған жерде шыбықтың жоқ екенін көріп шыңғырған күйі сыртқа атылды. Тура бір туған перзентін әлдекім күшпен алып кетіп бара жатқандағы ана жанталасы. Көлігімен қайта айналып келген Дәулет әйелді тоқтатты.

— Ей, не болды далбасалап? Жын көргендей жұлқынғаның не?

— Кенжем, балапапынм! Егемберді әкетті! — Зейнеп қолын сермеп отағасы кеткен тұсты нұсқады.

— Шыбықты әкетсе не бопты? Жаныңды алып кеткен жоқ қой бастысы! — Дәулет кебеже қарнымен әйелді қаға-соға ішке кіргізді. Әлуетті қолдарымен дәрменсіз әйелді сүйрелей жөнелді. Зейнеп бар пәрменімен тысқа шықпақ болып қанша тырмысса да, еркектің қарулы қолынан құтыла алмады. Дәулет арам ойын іске асырмақ болып, жұмысшыларын әдейі алысқа түрлі тапсырмалармен жұмсап жіберіп өзі қайтып оралған еді. Ожар қолымен Зейнепті сипалай бастады. Бұл сәт Зейнеп күйеуі шыбықты емес Кенжетайын алып кеткендей шырқырай берді. Бейкүнә әйел тіпті тағдырының өзіне тағы бір теперіш тарту етіп тұрғанын түсінген де жоқ.

— Жібер! Кенжеме барам! Босат! — деп тіс арасынан тістене сөйлеп алыса берді арсызбен.

— Есуас қатын, апталдай еркектердің өзі тасқынға кетіп өлгенде сенің құрттай балаң аман қалып па? Арманың адам сенгісіз екен. Ха-ха-ха!

— Менде нең бар? Далаға барам! Ұлым күтіп қалды! — Зейнеп есерсоқ еркектің түпкі ойын түсінбей арпалыса берді. Дәулет әйелді жығып алып жаман ойын жүзеге асырмаққа кірісті. Тек сол сәтте әйел шыр ете қалды. Мына кеспірсіздің өзін ұлынан емес арынан айыруға жеткенін жанымен сезді. Сол сәт қайғының қара бұлты батпандай болып шөккен Зейнептің жаны тірілді. Зейнеп тірілді. Сүлесоқ, дел-сал халден арылып, қиянатқа қарсы күресу керектігін сезді. Сезді де тайдай тулап тұра келді. Жан дәрмен дегенде асадал тұсқа таяп, қорғанар зат іздеп қарманды. Қолы құр қалмай кішкентай кездікке ілінді. Есер неме есіріп келіп тағы таянғанда кездікті жалаң еткізіп ашып үлгерді.

— Ажалыңа асықсаң кел! Мен бір рет баламды қорғай алмай қапыда қалдым! Бұл жолы мүмкіндігімді қалт жібермеймін! Олжабайымның анасы арсыз, Егембердінің жары санасыз болмауы үшін күресем! Мен жеңем бұл күресте! — деп айбындана ақырған әйелге Дәулет батып бара алмады. Бар бітіргені былапыт сөйлеп, алыстан түкіру ғана болды. Бұғаудан босанған тұтқындай үйден атып шыққан Зейнеп ері мен ұлы кеткен өрісті бағытқа алып құстай ұшты. Қолында кездік. Өмірдегі жақындарымен қайта табысуға асыққан әйелдің аяғына шөп те оралғы болмады, тікен де қадалып тұсау болмады. Қайта табиғат та әйел жанымен үндесіп, үйлесім тапқандай, жолына күзгі құрақты ізгілік соқпағы етіп төсеп, алдынан самал жел соқтырып, сергектік райын сыйлады. Титтей кешіксе ұлы мен қосағынан мәңгіге айрылып қалардай зәре-құты қашқан Зейнеп оларды тез-ақ тауып жетіп барды. Қолына кездік алып аяғына шаң ілестіре жеткен әйелін көріп Егемберді шошып атып тұрды. Олжабай анасына қарсы жүгірді. Ана кездігін тастамастан ұлына құшақ жайды.

— Құлыншағым-ау, анаңа томаға-тұйық жүрді деп ренжідің бе? Түндерде ертегі айтып, мейірлене сипап ұйықтатпады деп торықтың ба? Қамымды жемей, жылы жүз бермей кете ме деп қорықтың ба? Кешір, балам, анаңды!

— Апа! Апа! — Жарты жылдан бері анасының шешіле сөйлегенін көрмеген, қыстыққан үрей билеген Олжабай сансыз сезімдер жетегінде анасына тығыла берді. Баланың көз алдына Қызылағашта жүрген кезі күлімдеп келе қалды. Інісі екеуі аула ішінде асыр салар еді. Екеуі әлдебір затты бөлісе алмаса дереу анасына жетіп барып шағымданар еді. Анасы қос ұлының да өзіне шағымданғанына шаттана күліп, екеуін бірдей баурына басар еді. Тура сол сәтте осы ыстық құшақ пен ана исін сезетін. Бала жаны пәниде сағыну мен азап шегу бар екенін білместен бақыт пен шаттық аулын кезетін. Аналарына мәре-сәре болып еркелеген қос бауыр бөлісе алмаған ойыншықтарын бөлісіп, тәттілерін де тату отырып жейтін. Міне, сол елес жақындап келіп, Олжабайды шынайы сипатымен сиқырлап алардай арбай жөнелді. Кездік ұстаған қолымен ұлын құшақтаған әйелін көріп Егемберді сескеніп қалып жүгіре басып жетті.

— Таста кездікті! Баланы жазым етесің! — Ағыл-тегіл жылап, жүректегі шемендерін жаспен бұлаған ана мен баланың құшақтарын Егмберді жаза алмады.

— Жоқ, тастамаймын! Мен осы кездікпен Олжабайымның анасының арын қорғап қалдым! Осы кездіктің арқасында сенің әйеліңнің намысына сызат түскен жоқ! — Зейнеп жасын сүртпестен баурындағы баласын құшқан күйі орнынан тұрды. Кездікті алып құдірет күшіндей көріп сүйіп-сүйіп қойды. Сүйіп тұрып Құдайына ризашылығын айтып көкке қарап қолын жайды. Жанарында жасы жарқылдаған, ебіл-дебіл болып жайылып кеткен шашы желмен жалбыраған, көздерінде от ұшқындаған әйелі Егембердіге осы сәт хас сұлудай көрініп кетті. Қаншама уақыт қайғысын жұбатып та, тіпті айғаймен қорқытып та қашыра алмаған жарының жарқын жүзбен тіл қатқанына балаша қуанған отағасы Зейнеп пен Олжабайына құшағын жая ұмтылды.

— Кездікті кезенетін жауым болса тағы да, қорғап қалам мәуесі мол бағымды! Қапы қалмай, өзек талмай жетем күлім шағыма! — Зейнеп тіршілік анасы Күннің алдында ант етіп тұрғандай аппақ нұрға шомып ажарлана түсті.

— Апа, әке, ауылға қайтайықшы! Сағындым! — деп Олжабай жыламсырады. Кімді қалай сағынғанын атап айтпаса да, үшеуі де біліп тұрды.

— Отағасы, осы уақытқа дейін Кенжешім деп қан жұттым. Қайғы зәрін сенің жүрегіңе у етіп құйдым. Тірі өлік болып, жаным шерге толып, сендегі сұлу көңілдің гүлі солып, баз кештірдім бәрінен! Енді ол Зейнеп жоқ! Өзіңе сүйеу болып, жүзіңді жарық қылып аттанайық ауылға! – кесімді сөйлеп айлар бойғы «есін жимаса, елес қуып жүре берсе күнім не болмақ» деген қорқынышын қуанышпен алмастырған жарына Егемберді бас изеуден арыға аспады. Тоғай түбіне сүйеп қойған Зейнептің баладай көріп еміренетін шыбығын Егемберді өзі алып келіп әйеліне ұстатты. Енді ол шыбық Егемберді үшін болашағына деген қорқыныш пен қауіп-қатердің нышаны емес еді.

Үшеуі қол ұстасып емексіген кем көңілдерін демдер жұбаныш іздеп ауылдарына қайтып келе жатты. «Өз ауламда бұрынғыдай асыр салып ойнаймын. Кнжетай да келген шығар бізді сағынып,» — деп ойлады Олжабай. «Иә, аулыма барам, бірақ ажал тапқан баурыма бара алмаймын,» — деп қамықпа ойға берілді Егемберді. «Ауылға барар жол үмітке толы. Кенжешімнен бір оң хабар естіп қалардай жүрегім алып-ұшып келе жатқаны,» — деп үмітінің талына тағы да жан бітірді Зейнеп. Шаңырағын қайғы құлатқан отбасы өліара шақтан соң өмірге қайта келіп, іргесін бекіте бастады.

...

Қанды су Қызылағаш аулына қайтып айналып келмесе де, өлім елесі ауыл ішін кезумен болды. Белгісіз үрей әрбір түтінге таяп келіп тұншықтырғысы келгендей күбірлейтін. Бұл жолы ауылды дүр сілкіндірген-өлдіге жорылған Егемберді мен әйелінің үлкен ұлдарын ертіп дін аман оралуы. Тек кіші ұлдары ғана қастарынан көрінбеді. Сол аласапыран күні бұл шаңырақтың су түбіне шөккенін ешкім көзімен көрмесе де, солай деп сырттай тон пішіп қойған еді. Қазір Қызылағашта қуыршақтай үйлер қаз-қатар тізілген. Көшелеріде түзуленген. Қарғыс атқан тасыр күндегідей тас қараңғы емес көше шамдармен жарықтанған. Жоғары басшылық ауылды қанша сылап-сипағанымен, тұрғындардың жан жарасын мүлде жаза алмады...

— Ойбай-ау, бауырым, бармысың?! Сені бүкіл отбасыңмен өлді деп ойладық қой! Тірі екенсің ғой! Осындай ғажап менің басымда да болсашы! Үш бірдей баламнан айрылып сорлап қалдым емес пе! — Көршілері Келдібай бастаған бір топ ауылдастары өз үйлерінің орнына келген үшеуін көріп еңірей көрісті.

Иә, Қызылағаш әлі де қайғының құрсауында еді.

— Келдеке, Алланың бұйрығы осындай болды. Не деп жұбатайын өзіңді? Менің де көңілім жарты. Кенжемнен айрылып... — Егембердінің сөзін аяқтатпастан Зейнеп киіп кетті.

— Жоқ, ұлымыз тірі. Қазір осы маңайдан шыға келетінін ішім сезіп тұр. Оны өлді деп аузы қисаймай айтатындарға таңым бар. Оның өлгенін не бір дерегін анық білетіндер бар ма? Қане, қайсың баламның суық денесін көрдіңдер? –Ауыл адамдары күңірене шулап кетісті.

— Менің қос қызымның денесін көрген де ешкім жоқ. Бірақ бәрі өлді десіп отыр. Ұшты-күйлі жоғалғандардың қатарына жазды да қойды әкімшілік.

— Менің әке-шешем опат болған. Денелерін әрең тауып едік. Мен қалада болып аман қалғаным болмаса...

— Ошарлы отбасынан айрылған адамды аман қалды деп атау да аянышты. Жүрміз ғой құр сүлдеріміз!

— Менің жеткіншек болып қалған балам көз алдымда шырқырап түнекке батпады ма?

— Көңілді суытудан басқа лаж жоқ қой, жоқ!

— Бар! Мен ешқашан сәбиімді өлімге қимаймын. Оны тірі деген бір үмітпен өқмір сүрем. Мен үшін басталған өлімнен кейінгі өмірдің сыбағасы ауыр болатынын іштей пайымдап тұрмын. Бірақ Кенжешімнен көңіл суытуға батпаймын! — Зейнеп мына жаны жаралы, үндері азалы топты қанша аяса, сол қатерге ұрындырған тағдырын соншалықты жек көріп тұрды.

— Қалай ұмытамыз опат болған ет жақындарымызды? Оның үстіне бізді, қайғымызды мазақ еткендей ауылдың қақ ортасына антұрған апатты еске салатын ескерткіш орнатпады ма бұл жазғандар?! Ескерткішке тасқын судың суретін өрнектеп келмеске кеткендерді мәңгі аза тұтсын деп қорлады емес пе?

— Ескерткіш? Әкесі, жүр жетейік ескерткішке! Олжабай, тездет,балам! Кенжешім амандығын білдіріп қалар дәл бүгін! — Топтан қиыстай шығып, орталық көшедегі ескерткішке қарай жүгірген үшеуге жиналғандар аяныш пен қызығушылыққа толы көбен қарап тұрды. Иә, еш жазығы болмаса да қынадай қырылғагдар мына үшеуі сияқты қол ұстасып тіріліп келсе, мына жер ұлан-асыр тойға айналар еді-ау!

Ескерткішке тез-ақ жетіп тұра жанына барып аялдаған үшеу өздері үміттенген сүйінші хабардан ада суық кейіпті көріп состиып қалысты. Зейнеп биік етіп тұрғызылған тасқа таяп келіп жүресінен отыра кетті. Мына тастың күнге шағылысқан солғын сәулелері Егембердіге ажал оғындай көрінді. Әкесінің қолынан қысып ұстаған Олжабай жақын келуге әлденеден бата алмай қатарласып тұра берді. Зейнеп өзі тастамай алып келген шыбықты көкірегіне басып тұрып ескерткішке тік қарап сөйлеп кетті. Сөзіндегі толған зар, даусындағы тұнған шер күзгі аспанда әуеледі: «Құлыным, сені қара таспен бастырып тастаған ба? Қайтып тұра алмастай етіп жаншып тастаған ба? Осынша уақыт сені ажалға қимаған, сенсіз мына жалғанға сыймаған көңілім дәл қазіргідей оқыстан суныады деп ойлаппын ба мен байқұс? Ауылдан өлім исін анық сезіп тұрмын! Сол өңсіз түстің арасынан сені де көрдім, қайтейін, балапаным! Қол созым жерде тұрып неге бұлдырап барасың? Сені ешкім ұмытпасын деп «ақылды ағаларың» мына тасты орнатыпты! Сол «ақылды ағалар» тасқынға тап осындай қорғаныс құрмады ма? Ақылының жеткен жері осы ғана екен арсыздардың? Сені мәңгіге бүлдіршін еткен сол «ақылмандар!» Көсемнен сана қашқанда елді албасты басады деген! Қоймадан шыққан ажал перісі Қосжан ағаң екеуіңді ертіп әкетті ме? Әлде бармаймыз деп қос бауыр жанталас хал кешкенде, жарық жалғанның соңғы нұры өшкенде тілім-тілім етті ме? Соңғы сәтте ағаңның баурына тығылдың ба? Қосжан ағаңның сен дегенде шығарда жаны бірге еді ғой. Ағаңды құшып ажалмен бетпе-бет келгенде анаңды күттің бе, күнім? Әкеңді шақырып көмекке бебеу қақты ма зар үнің? «Құтқаршы, аға» деп шақыруға Олжабайды үлгертпеді ме ажал сұм? Тәтті әкелем деп кетіп, саған қолы қайтып жетпеген сорлы анаңды жек көрдің бе? Кешірші бейбақ анаңды! Келдім бүгін ақыры, бірақ тағы да кешірім ет! Тәттім де жоқ әкелген, уысым толмаған шекерге! Еркелеп қарап жүгіріп шығып, кәмпитке қайта жұмсамасыңды білемін бекерге! Саған деген сағаныш пен құтқара алмаған өкінішімнің жасын төгіп күніне, келіп тұрам мына тастың түбіне! Сені бар деген үмітімнің өлексесін жүрегімнің түбіне терең жасырдым! Жалған дүние менен, сорлаған бізден айласын асырды!»

Анасы сонша солқылдап жылап жарты жылда шығармаған бар жасын бұлап әлсіреп барып түбіне сұлап түскен ескерткішке Олжабай жауыға қарады. Әйелі азалы үн көтергенде сұрланып қана тұрған Егембердіден қажыры қашып, жүрек түкпірінде тұншыққан нала күй тасып ерік берді көз жасына. Кенжешінен көз жазғанына кімді кінәларын білмеген Егемберді еңкілдеп жылап тұрды.

Үш мұңлықтың үзіліп-созылып шыққан зарына тас екеш тас та шыдамай қақырай жөнелді...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз