Өлең, жыр, ақындар

Әдеби айтыс

Үлкен әдеби талқылау ұйымдастырылды. Әр түрлі жанрлар бойынша өткен бұл талқылау-айтысқа адам өте көп жиналды, жиылыс залында ине шаншар жер қалмады. Алдымен тарихи тақырыпқа жазылған шығарма талқыланатын болды. Баяндамашыға сөз берілді. Ол, негізінен, мақтады.

— Шығармада бәріңіз білетін Уай Пәлі батырдың жау батырларымен болған сегіз мың сегіз жүз сексен сегіз жекпе-жегі егжейлі-тегжейлі, нақты тарихи шындық тұрғысынан баяндалған, — деді баяндамашы. — Бұл — тарихи факт! Әсіресе, қалмақ батыры О, Сойқанмен жекпе-жегі толымды да болымды суреттелген. Қалмақ батырының ауыр найзасын қолының сыртымен қағып жіберіп, біздің батыр ай-шайға келтірмей, сақалынан ұстап, басын кесіп алады... Адамға қатты әсер етеді! Шығармада мұндай шыншыл көріністер молынан кездеседі...

— Өтірік! — деп айғай салды біреу залдан. — Біздің батыр қалмақ батырын ат үстінен жұлып алып, қол-аяғын байлап...

— Жалған! — деп айғайлады екінші біреу. — Бұл тарихи жекпе-жек, автор жазғандай, Жоқтөбенің оң жақ қапталындағы жазықта емес, сол жақ қапталындағы жазықта болған...

— Ешқандай бас кесу болған жоқ! — деді үшінші дауыс. — Өйткені, қалмақ батырында ешқандай сақал болмаған.

— Бас кесілген! — деді баяндамашы зәрленіп. — Тарихи факт!

— Кесілген жоқ...

— Кесілген! — деді автор қалш-қалш етіп.

— Кесілген жоқ...

— Бас... кесс-сіледі!. — деп автор мен баяндамашы қатар ысылдап, қан жауып кеткен қорқынышты, сұсты көздерімен дауыс иесін іздеді. Дауыс иесі — бұқты...

Дау сап тынды. У-шу пышақ кескендей тыйылды. Шығарма әдеби үлкен сыйлыққа лайық деп табылды.
 Іле-шала поэзия секциясынан тағайындалған баяндамашы белгілі ақынның өлең кітабын талдауға кірісті.

 — Бұл өлеңдерден сіз өрнекті тіл де, бейнелі сурет те, тартымды ой да таппайсыз, — деп бастады баяндамашы. — Мұның бәрі — кешегі күннің, ескірген поэзияның белгілері... Сырлы сезім, жан-дүние қозғалыстары, адам аңсары... қатып қалған қара өлең қалыбы, жынды ғып біткен жыр үлгісі, тіпті тақ-тақ етіп миды кемірген ұйқас та жоқ бұл өлеңдерде! Өйткені, мұның бәрі — жаңалық емес. Бүгінгі талқыланып отырған өлең кітабы — әлемдегі ең жаңа тамтракоплуотизм үлгісінде жазылған біздегі алғашқы туынды...

— Қандай... Қандай үлгі дейсің?! — деп шуласты түк көрмеген надан тобыр.

— Тамтракоплуотизм...

— ...

— Бұл сөздің түбірі африкалық тайпалардың көне ұрмалы аспабы — тамтамнан шығады, — деп, терминдердің білгірі ретінде аты шыққан баяндамашы көп білетін кісілердің әдетімен көзілдірігін шешті. Көп білетіндігіне ұялғандай, жұртшылыққа қарап, бір түрлі... жымиды. — Қазір әлемдегі ең жаңа ырғақтар, өздеріңіз білесіздер, афро-америкалық ырғақтар... Кеудемсоқ Еуропаңыз, түлкібұлаң Шығысыңыз осы ырғақпен екі иығын жұлып жеп, жінігіп билеп жатыр... Біздің авторымыз біздегі су жаңа поэзияның атасы һәм көкесі! Біздің авторымыз — біздегі алғашқы тамтракоплуотист! Ол, мәселен, баяғыша «Сап-сап, көңілім, сап, көңілім!» деп езіп отырмайды. «Қой, ей, жынды, сап-сап-сап!» дейді... Там-трако-там-там-там... Міне, қандай ырғақ!..

Ауыздары аңқиып, сілекейлері ағып кеткен әдеби қауым әлденеше минут бойы есеңгіреп үнсіз отырды да, кенет дүр-р көтеріліп, ду қол шапалақтады. Автордың қол-аяғын ербеңдетіп, бәрі жабылып, аспанға атты... Шығарма бірден, бір ауыздан үлкен сыйлыққа ұсынылды. Ақын — осы елдегі су жаңа поэзияның атасы һәм көкесі деп жарияланды.

Кезек фантаст-жазушыларға келді.

— Шығарма шалқар шабытпен жазылған, — деді кезекті баяндамашы. — Онда болашақ ғарыш кемесінің алыстағы аты белгісіз планетаға қалай жеткендігі баяндалады. Көріп отырсыздар, шығарма тақырыбы — өте актуальді... Маған әсіресе ұнағаны — автордың космостық техника жетістіктерінен хабардарлығы. Ол ғарыш кемесінің сыртқы пошымын, ішіндегі әрбір тетіктің, оның әрбір деталының жай-жапсарын — жалпы, техникалық құрал-жабдықтардың әрқайсысының атқаратын қызметін, жұмыс істеу механизмін біліктілікпен суреттейді... Ақыр соңында ғарышкерлер көздеген мақсаттарына жетіп, басқапланеталық тұрғындармен де кездеседі. Ондағы атмосфералық қысым мен табиғи жағдайлардың өзгешелігінен басқапланеталық тұрғындардың бастары тым үлкен, аяқ-қолдары мөлшерден тыс ұзын келетіні, көздері балықтың көзіндей дөп-дөңгелек болатыны да ғылыми тұрғыдан аса нанымды бейнеленеді... Шығарманың көркемдік шешімі ұтымды екені  еш дау тудырмайды...

— Сіз неге шығарманың кемшіліктеріне тоқталмайсыз?! — деп шуласты бір топ жазушы-фантасттар.

— Мәселен?.. — деп шақшиды баяндамашы.

Басы қазандай, аяқ-қолдары мөлшерден тыс ұзын автор ербиіп орнынан тұрып, балықтың көзіндей дөп-дөңгелек көздерімен дауыс шыққан тұсқа бағжиды.
— Мәселен... — деді дауыс иелерінің бірі, — ғарыш кемесінің ішіндегі ана бір тетіктің функциясы сіз айтқандай жете суреттелмеген... Біздіңше, сол — тіпті басы артық деталь. Сол тетіксіз де ғарышкерлер діттеген жеріне еркін ұшып жетер еді... Және бір мәселе — орта жолда ыстық планетаны жанап өтіп бара жатқанда, ғарышкерлер борша-борша болып терлеп, қатты қиналады... Бір желдеткіш орната салу автордың ойына неғып келмеген?

 Дау басталып кетті. У-шудан құлақ тұнды. Қырғын айтыс кеш батып, түн болғанша толастаған жоқ... Дегенмен, шығарма үлкен сыйлыққа ұсынылатын болып шешілді.

ӘДЕБИЕТ дейтін бір пақыр бар еді. Осы айтысқа ол да қатысқысы келіп еді... Орын жетпей, есіктен сығалап, жылап тұрды...


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер