Елі үшін еңірген, халқын шексіз сүйген ұлтшыл ағамыз Сұлтанбек Қожанов есімі қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырғаны анық. Сұлтанбек Қожанов – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист және редактор. Түркістан автономиясының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін зор еңбегін сіңірген күрес қатысушысы. 1919-1920 жылдары Түркістан қаласында уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған және азық-түлік комитетін басқарған. Сол жылдары Қазақстанда әлі аяқталмаған «үлкен жылан» деп аталатын жұттың зардабын шеккен аш-жалаңаштарға азық-түлікті әділетті бөліп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген.
Сұлтанбек атамыз өміріндегі маңызды орын алған оқиға 1921 жылы 3 желтоқсанда Бүкілресейлік Кеңестердің IX съезінде делегат болып қатысуы еді. Сол съезде жалынды сөз сөйлеп, орынды тың ойлар ұсынған. Үзіліс кезінде В.И. Ленин кабинетіне шақырып алып: «Жарайсың, қызу қанды қырғыз!» – дейді. Сонда атамыз: «Біз қырғыз-қайсақ емеспіз, олай деу бізді кеміткендік болады, біздер қазақпыз. Нағыз қызу қанды қазақтар әлі далада жүр, олар Сізге жеткен жоқ. Олар әлі Сізге келеді», – дейді. Осы жолы Ленин С.Қожановқа: «Елге оралған соң халық-ағарту мәселесімен терең айналысыңыз», – деп кеңес берген екен.
1921 жылы қазанда Сұлтанбек Қожанов – Халық ағарту комиссары болып тағайындалды. Ол білім беру саласында жергілікті халықтың тілінде оқытуды талап етті. Ол Түркістанның баспасөзі мен ұлттық театрының дамуына зор үлес қосты. Қожанов «Ақ жол» газетінің шығуын ұйымдастырды және осы газеттің алғашқы редакторы болып тағайындалды. Ол ауыл шаруашылығының жағдайына ерекше назар аударды. 1922-1924 жылдары ол Түркістан КП Орталық комитетінің хатшысы, атқару комитеті төрағасының орынбасары, Орта Азия Орталық Комитеті бюросының мүшесі болып жұмыс істеді. Қожанов өзін Орталық Азиядағы ұлттық-аймақтық делимитация кезеңінде өзін мемлекет қайраткері ретінде танытты.
1925 жылдың ақпанынан бастап Қожанов Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Сұлтанбек Қожановтың ұсынысы бойынша Кеңестердің 1-ші съезі қазақтардың шын атауын қалпына келтіріп, патша заманында бұрмаланған «қырғыз» атауын «қазақ» деп түзетіп, астананы Қызылорда қаласы деп өзгертті. 1925 жылы қарашада Қожанов Бүкілодақтық большевиктердің коммунистік партиясының орталық комитетіне шақырылды және ұлттық республикалар үшін жауапты нұсқаушы ретінде Кавказға, 1928 жылы Ташкентке жіберіліп, Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының филиалын ұйымдастырды. 1929 жылы Сұлтанбек Қожанов Орта Азия мақта суару политехникалық институтын құрды және оның алғашқы ректоры болды. 1929-1931 жылдары ол Орта Азия мақта-жіп фабрикасының директоры болып жұмыс істеді. 1931-1932 жылдары Қожанов БКП (б) Орталық Комитетінің аппаратында жұмыс істеді.
Қазақстанның астанасын таңдау, шекарасын бекіту мәселелерін шешуде өз ойларын батыл айтып, бірнеше айтыстарға қатсысып, көп еңбек сіңірген. Көзі тірісінде қазақтардың көсемі атанған Ахмет Байтұрсыновтың 50
жылдық мерей тойын сол кездегі астана Орынбор қаласында атап өтуге республика басшыларының тыйым салуларына қарамастан, Сұлтанбек Қожанов 1923 жылы Ташкент қаласында өткізеді. А.Байтұрсыновқа арналған мақалаларды «Ақ жол» газетінде бастырады. Осы жылдары Кеңес өкіметіне қарсы өлеңдер жазып, сол үшін түрмеге түскен Мағжан Жұмабаевты да Ташкентке шақырып, жұмысқа орналастырады, кітабын шығартады. Қазақ халқы үшін басын бәске тігіп, үлкен ерлік, азматтық көрсеткен жан.
Тікелей Қожановтың қажырлығының арқасында Түркістан республикасының құрамында құрылған Қазақ АССР-ына Қарақалпақстан, Сырдария облысы, Мырзашөл, Бостандық, Шыршық аймақтары кірді. Өкінішке орай, ол жерлерден Қазақстан кейінгі жылдары Өзбекстанның пайдасына біртіндеп айырыла бастады да, Н.Хрущев басқарған заманда Қазақстан бұл аймақтардан түгелдей айырылып тынды.
1937 жылы 16 маусымда С.Қожанов қамауға алынды. Сот ісі Мәскеуде өтті, 1938 жылы 8 ақпанда ол өлім жазасына кесіліп, 10 ақпанда Мәскеудегі Бутырка түрмесінің жертөлесінде атылып, өмірімен қош айтысты. 1958 жылы азамат ретінде ақталғанымен, Сұлтанбек Қожанов еңбектері 1990 жылға дейін жабық болды.
Осынау асқақтаған арманмен елі үшін кеудесін оққа тосқан бабамыздың есімі ұрпақтан ұрпаққа, жұрттан жұртқа таралуы тиіс. Қазіргі ұрпақтың міндеті – осы жарқын тұлғаның жарқын өмірі туралы ақпаратты халыққа жеткізу. Мына біздерге бейбіт өмір сыйлауға барын салғандарды ұмытпай, есімдері мен еңбектерін мәңгі жадымызда сақтағанымыз жөн.
Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Мөлдір МАРХАБА, 1-курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі