Өлең, жыр, ақындар

Қаладағы қыз

Қаншайымның қалаға келгеніне алты ай. Баласын ауылдағы шешесінің қолына қалдырып жұмысқа кірді. Шешесі алпыстан асқан ақ шашты жасында мінезі адуынды болған сөзшең адам.

— Ертелі-кеш арқамызға таңып колхоздың қара жұмысын істеп жүріп ешкімге қақтырмай өсіріп едік. Қартайғанда өзімізді бағып-қағып қолымызды жылы суға сала ма десек, енді балаңды бақтыруға айналдыңдар ма, — деп сөйлеп қалғанмен қызының көңіл-күйін аналық жүрегімен түсініп, бізде қанша қауқар қалды, күніміз енді сендерге қарауға таяды дегенге келтіріп орынды өкпе айтқан.

Аяғын апыл-тапыл басып жүре бастаған Алтай жылау дегенді білмей мазалы болумен қоса тәтті қылықтары күн сайын молайып өсіп келеді. Әкесіне ұқсаған қаралығы болмаса жүріс-тұрысы, бет-әлпеті аумаған тура Қаншайым.

— Шешең қайда? — деп сұрап қояды апасы.

— Ау-у, — деп Алтай қолын сілтейді.

— Қарғам-ау, — дейді апасы айналып толғанып — шешең де ертеңдер кеп қалар. Азамат боп сен де ержетерсің, оқимын деп тоқимын деп қала жаққа кетерсің, Сәрсенбай шалдың немересі құстап шопыр болармысың, — деп ұршық үйіріп отырып та, ойнатып отырып та  ыңылдайды.

Мектеп бітіргенде екі бетінен қаны тамған Қаншайым қалада оқып жүргенде кемелденіп бұрынғысынан да ажарланып құлпыра түскен. Бірақ қазір сол сұлулықтан қалғаны сырт пішін ғана. Жас жанарының ажары солып, ертеректе алыстан мұнартқан таудай боп тұратын арман мен сенім дүниесі бүгінде солғын тартқан.

Өткенде кішкене Алтайдың Қаншайымға талпына бергенін көріп:

— Түу, қарасаңшы бір уақ балаға, — деген қызының қаттылығына шешесі шыдай алмай.

Ақық кемпір со жолы қызына реніш, өкпесін шындап айтты:

— Қарағым, оқимын, — дедің, оқыттық, жеткіздік. Тұрмыс құрам дедің қарсы боп жолыңды бөгеген жоқпыз. Бізде қарызың қалған жоқ. Әкең екеумізге өкпең болмасын, бір аяғымыз көрде, бір аяғымыз жерде жүрген адамбыз, салмағыңды ендігі жерде бізге артпа. Қанша қауқар қалды бізде, кәрі ағашқа жас ағаш сүйеу болған деп бізге сүйеу бол қайта. Дәм жазып барған жеріңнен қайтпа деп ем, оқимын, олар қарсы болды деп ренжідің, ақыры мынадай болды. Бір жылдан бері соңынан адамымыз бар еді деп не күйеуің, не енең, не бір туысың іздеп кеп табысуды ойламады. Туған баласын кім жамандыққа қисын құтылғанына қуанатындай қай қылығың бар екенін білмей түнгі ұйқым төртке бөлінеді. Ал өзіңнің қандай ойың бар екенін тағы айтпайсың. Жалғыздық деген тек құдайға ғана жарасады қызым. Біреумен дәм тұзым жараспады деп тығырыққа тірелмей күйеуіңе хат жазып ажырас та енді аузың күймейтіндей басыңды сыйлайтын біреуді тауып етегінен ұста, — деген.

Қызы шеше ақылын бар ынтасымен беріле тыңдап іс тігулі жайбарақат отырған қалпымен үй тұрмысына енді бейімделе бастаған ыңғай танытады. Есіне өткен-кеткен бірдеңелер түсіп ойнақы бір әуенді ыңылдай әндеткен Ақық кемпірдің көңілі толқып басылғандай арманды, сағынышты, мазасыз бір күйде.

Бүгін де сол бір мазасыз күйдің жалғасы түнімен ұйқы бермеді. Таң бозынан оятты. Қобыраған ақ шаштарын жинап, буын-буыны сықырлап кеп етегі төгілген көйлегін киді. Камзолын жүре іліп ауыз үйге шыға бергенде әлденеге сүрініп құлай жаздады. Бойын жазып төргі есіктің босағасына сүйеніп шалына дауыстады.

— Ау, Құлманбет. Тұрмаймысың енді. Ойпырмай, сенің ұйқың-ай, осы. Ана үлкен бұзауды тартпасаң бой бере ме маған…

Тыншу тас үйден таңғы далаға шыққанда тынысы кеңіп, сергіп, қимылы ширап жүре бергендей. Қазандықтың күлін шығарып, құмғанға су құйды. Көрпе салған аласа орындықта отырып, салқын сумен рахаттана, асықпай жуынды. Түнгі ақ жауын солып тұрған төңіректі тазалап, кірінен арылтыпты. Үй жанындағы бойшаң теректердің теңгедей жапырақтары желмен теңселіп, бұлғақтап, күбірлеп сөйлескендей болады. Түннен қалған жаңбыр бардай аспан әлі бұлттан арылмаған. Қораның артымен ойпаңға қарай қойларын айдап бара жатқан Ысқақты көріп Ақық та қой қораның есігін ашты. Қозы-лағы аралас  жиырма-отыз қой-ешкі орындарынан тұрып, еріне қимылдап тар есіктен кимелей сығылысып шыға бастады.

Жол жиегіндегі көгалда екі жүз қаралы қойды иіріп қойып, ауыл үлкендері мал кезегінің жайын әңгімеледі. Алдыңгүні кезек баққан Қоңқабайдың ұлдары жарты малдан айрылып қалып, ауылға үлкен шу болды. Аттылы бар, жаяуы бар тау-тасты түгел арылтып, сол жоқты сұраудың күшімен жайлаудан әрең тауып әкелген.

— Бұл Қоңқабайда ес жоқ. Жоғалған малды тап, ізде десе мен қайдан табам деп жатып алыпты, — деп Ысқақ күйгелектене сөйледі.

— Енді қайтсін көлігі болмаса,— деп таяққа сүйенген бүкір кемпір аяныш білдірді.

Алқа-қотан тұрған үлкендердің төбесінен қарағандай биік денелі, адамға суық қарайтын өзбек тақиялы Нұртас мұны жақтырмай:

— Өзінде болмаса сұрамай ма, бар елден, — деді.

— Сұрамай ма дейді. Биеңді сұраса сен берер ме едің мінуге, — деп көзәйнекті шал дау айтып жатыр.

— Е берем, неге бермеймін.

— Берерсің қатқаныңды. Мырза болуын айтшы өзің, сенен қыста қар сұрап ала алған адам бар ма!

Жиылғандар “бұлар енді басы қосылса өстеді” деп мырсылдап күле бастады. Құйрық жалы күзеулі Торшалақ құнан мінген тәмпіш қара бала шашырап өріске беттеген қойды жайлау жаққа беттетті.

Бұл мезетте ауыл ұйқыдан оянып, сиыр сауылып, мал өріске беттеп жапатармағай шу үдеп тұрған. Ақық ақсаңдай басып екі сиырды шалы Құлманбеттің көмегімен әрең сауып қазандыққа от жағып, сүт пісіріп, шай қайнатты. Семіз тайыншаны ерткен шаңырақ мүйізді сары қасқа сиыр иесінің айдауымен соқпақ жолға түсіп, Айдар жазығына қарай бет түзеді. Қорадағы екі бұзау “шынымен бізді тастап кеттің бе” дегендей азан-қазан мөңіреді. Ақықтың қызыл күрең шайына қанып алып, заты жуас Құлманбет Ысқақтың жаңа арбасын сұрап жегіп, Қаңбақтан қи ойып әкелуге кетті. Әлгінде оянған немересін жуындырып, қаймақ, бауырсақ жегізіп, сүт ішкізіп Ақық бүгін қаладан Қаншайымның келетінін ұмытып та кеткен екен, ит үрген соң далаға шықса аялдамаға қаладан келген автобус тоқтап тұр. Түскендердің ішінде Қаншайым бар ма деп қарайлады. Бала ерткен кемпір, сөмке көтерген ерлі-зайыптылар, таяқ ұстаған шал, орыстың ит жетектеген сар шашты қызы. Қаншайым түспеді.

Күн жоғары өрлеп барады, қызуы да күшейе түскен, тағы қапырық бола ма қайтеді. “Алтай ыстық шайға күйіп қала ма” деп Ақық үйге қайта кірді. Жаюлы, дөңгелек жер үстелді жинап, төр алдына құрақ құрап, қызы  Қаншайымның неге келмегенін ойлады.

Ақық қартайған соң ба жастардың өмірін түсінуден қалып барады. Өткенде-ақ  қызының құлағына құюдай-ақ құйып жіберіп еді. Міне бүгінгі екі күн демалыста тағы да жоқ. Япырау, екі күн демалыста қаланың қорап үйінде іші пысып өлмей қалай шыдайды бұлар. Өзінің туған баласынан, туған үйінен безетіндей бұл өмірде одан өзге қызық бар ма? Е-е-е, қайран жастық-ай. Адастырған, шалыс бастырған тағдыр-ай. Ақық кейде ойлай-ойлай келе, әу баста, Қаншайымды оқуға жібергеніне өкінеді. Өзі еді қаладағы бауырына ”Осы қызымды оқытып адам қатарына қоспадың бар ғой өкпелі боламыз” деп салмақ салған. Қаншайым демеп түсірген оқуды да әлденеше рет шығып қала жаздап, сынақтан өте алмай зордың күшімен бітірген. Енді қызым жұмысқа кірді ғой десе ақша тауып, ақыл тауып өзімізге пана болады ғой десе баяғы қызының сол бала күнгі ойсыз тірлігі ойсыз тірлік. Тіпті өз балаңның өзіңді жеп қоярдай ашуланғаны қиын екен. Бірде қалаға кететін ақшасы болмай қалғанда пенсияға қарап отырған Ақыққа сұрағанымды тауып бере қоймадың деп кедейліктен, тұрмыстан көрген тарлығын айтып, бүйтіп жаратқанша, неге жаратпай қоймадың, — деп жылаған. ”Құдай, — деп Ақық сол жолы жағасын ұстап, Құлманбетке мұңын шағып, сырын ақтарған — баламды білем дегенім өтірік екен. Шетте жүрген соң білмейді екеміз ғой. Ел кимегенді кигізіп, ел көрмегенді көрсетіп өсірдім деген қызым сөйтті…

Осы үйдің қожайыны емес Ақық кемпірдің құдды бір малайлыққа жалдап алған қолбаласындай Құлмамбетте не ерік болсын тыңдап-тыңдап алып, енді кішкене басымды тынықтырып келейін деген кісіше далаға шығып жүре берді. Кешкі шай үстінде күндізгі әңгімені қайта бастап, кемпірі оны сөзбен қайта тірілтті:

— Жұртқа жұғымың жоқ. Басқа шалдар қақшаң қағып, атқа мініп пішен күзетіп, орақ тартып, мал бағып жүр. Өмір бойы қу темірмен алысып-алысып жалғыз қызыңа баспана алатын ақша таба алмай, біресе белім, біресе тізем деп қара басыңның жүргеніне мәз болмай, Қараменденің қаладағы үйі бос көрінеді, қызыңа соны уақытша болса да алып бере тұр, — деген.

Өзіне біреу жүк артып жатса да жүре беретін Құлмамбет кісіге салмақ  салуға жоқ еді. Мойыны сорайып, қалпағы жапырайып сол күні үйге бір кіріп бір шығумен болды. Ақыры Ақықтың айтуымен Қарамендені кемпірімен қонаққа шақырып, ала қойдың басын тартып қаладағы бос тұрған үйін Қаншайымға жарты жылға алып берген. Содан бері қыс өтіп, жаз шықты. Дүние болса неше қабат қымбаттап, үміт жалын сыйпатпай барады.

*       *       *

Қаншайым осы жұмада ауылға жиналған. Жастықтың әсерімен ”аяғыма тұсау болды” деп өзінің жалғыздығы мен ешкімге керексіз күйіне осы баланы кінәлідей көріп, елжірей бермейтін басы бұ жолы Алтайды қатты сағынды. Өмірдегі қызық-қуаныш деп қуғанының бәрі бекершілік боп, жабырқаған сәтте балапанын көкірегіне қысып иіскеп, сүйіп, құмарымнан шықсам басқа ештеңе тілемес едім деп армандайды. Дүкендерді аралап жаздық аяқ киім, жұқа көйлек, кұнқағар қалпақ сияқты бір қабат киім-кешек алды. Әке-шешесінің тапсырмаларын да ұмытпады. Студент кезден ұстап келе жатқан үлкен көк сөмке лықа толып, босағада иесін тосып үш күн тұрды.

Екі айдан бері ат ізін салмай адастырып кеткен Сәлмен сол күні ойда-жоқта сап етіп бәрін ұмыттырды.

— Ауылға жиналдың ба, ой автобуспен шаң боп қайтесің кешке машинамен өзім апарып келем. Арнайы сен деп келгенімде тастап кетесің бе. Ренжімеші маған. Саған берген уәделерімді орындай алмай, ақша тауып, оңтүстіктен біраз жеміс тиеп, табыспен оралдым. Менен күткен тілектерің де көп еді ғой, орайы келді. Қаншайым орындаймын енді.

Аш беліне түскен ұзын шаштарын өріп айна алдында отырған Қаншайым тәкаппар ашумен оралымды қара жігітке сынай қарап қалған. Талай түндер күтіп ақыр келмеген соң енді ұмытармын, келсе қуып шығармын деп ойлаған. Оның үстіне әйелі, үш баласы бар. Сөйте тұра ”сені сүйемін, сен дегенде мен байғұста ақыл-ес жоқ” деп өліп-өшкенде сенбесіңе қоймайды. Сенбейін десе иіліп жастық, жайылып төсек болады, сенейін десе апталап, айлап, ат ізін салмай жүріп алады. Соған қарамай Сәлмен Қаншайымды талай рет ресторанға да апарды. Небір шетелдік шарап ішкізіп, коммерциялық дүкен сөрелерінде ғана тұратын қымбат киімдерді әкеп тастады. Тіпті өмірі көрмеген түрлі-түсті телевизор да сыйлады. Сонда осының бәрі Қаншайымның сұлулығы үшін ғана емес, көңілі үшін де емес пе. Шын сүйіп, бәрін жасау деген осы шығар. Әйтеуір Сәлмен қоштасарда Қаншайымнан:

— Не тілейсің, не қажет, — деп сұрайды ылғи.

— Ештеңе қажет емес, тек өзің келіп тұршы, — деп жалынатын Қаншайым. Сәлмен жоқ болған кездерде алаңдап іздеумен, үйде отырса терезеге, әрбір тықыр еткен дыбысқа, көшеде жүрген жүргіншілерге, өткінші машиналарға елеңдеумен шаршайды. Өткен өмірінің күйініші мен қызығын қалай тез ұмытса, жаңа өмірдің азабы мен рахатына соншалық тез көндікті. Тіпті, осыным дұрыс па деп те жатпады. Бір жағы оған себеп Сәлменнің оралымдылығы болса, тағы бір себеп ас та тоқ молшылық еді. Өйткені бұл ондайды өмір бойы көрмеген. Ғұмыр бойы армандасаң қол жетпейтін қазына өз аяғымен келгендей. Бұралып тұрып тоқпақтай бұрымын өріп болған Қаншайым бар қайғы-мұңын ұмытып:

— Маған не әкелдің, — деді назданып. Жағасыз қызыл халатының ашық өңірінен қаршығадай төсі, аппақ мойыны айрықша көрінді. Аяғын жұмсақ басып, езуіне күлкі үйіріп еді. Сәлмен аппақ саусақтарынан ұстаған күйі мұны сағынғанын, сұлу боп кеткенін, бірге болғысы келетінін айтты. Қаншайымның буын-буынына мақтау сөздерден пайда болған масаңдық биледі. Дереу бойын жиып алды да:

— Сәлмен қайт үйіңе, — деді салқын ғана.

— Қаншайым о не дегенің, не жазығым бар, неге қуасың, саған не әкелгенімді білесің бе? — сөмкені алдына тоса берді. Қаншайым еріксіз ашық  күлкісімен сықылдап күлді де:

— Сенің құлдарша аяққа оратылғаның жарамайды. Мырза, бай жігіт тәкаппар болса жарасады, — деді.

— Сен тәкаппар бол, мен саған жан-тәсілімен қызмет етемін.

— Жоқ ол маған ұнамайды…

— Сонда қалай…

Жауап орнына Қаншайым басын шалқайта бере мөлдіреген қарақаттай көздері жарқылдап тағы күлді. Сәлменнің жүрегінен әлдене үзіліп түскендей. Терезеге қарап көңілсіз отырып қалды.

— Ойнап айтам, — деді Қаншайым жұбатқандай ерке бір дауыспен. —Қыдырайықшы Сәлмен, бүгін, ертең бірге болайықшы! Бармаймын ауылға, құрып кетсін бәрі.

— Рас па, шынымен солай шештің бе?

— Қайда барамыз?

— Қонаққа барайық.

— Тағы да Эдикке ме?

— Жоқ Тоқтардың бауыры үйленеді.

Қаншайым үстіне жұқа көйлек киіп, сыртынан киетін жемпірін сөмкеге сап алды. Қысқа юбка мен аппақ жұмыр аяғына жарқыраған қара туфли киді. Екеуі қараңғы подъезбен төмен түсіп, аулада тұрған қызыл ‘’Жигулиге’’ отырып, батыс жаққа бет түзеді. Көше шамының жарығымен ойнап жүрген балалардың шуылынан құлақ тұнады. Күн батып қараңғы түсті. Кешкі қала түнгі ұйқыға дайындалып, Аялы өзенінен ескен самал жел күндізгі ыстық, қапырық ауаға кең тыныс әкелгендей ағаштарды теңселтіп желпи соқты.

*   *   *

Демалыс күні Құлмамбет қой кезегін өткеріп, шаршап кеп төр алдында қалғып жатқан. Сақырлаған құрсаулы ескі шәйнекті шоқтан алып жатып Ақық кемпір шалын оятты. Көзі қызарып кеткен Құлмамбет ыстық шайды енді ала бергенде есік ашылып, жарқырай киінген Қаншайым кірді. Кінәлі күлкімен әке-шешесіне жәудірей қарап:

— Кеш жарық! — деп иіліп кеп Ақық қемпірдің маңдайынан сүйгенде кешеден бергі өкпе-ызасын ұмытып кеткендей.

— Балам-ау, қайда жүрсің осынша тосқызып, — деп үш ұмтылып әрең тұрып, қызын екі бетінен алма-кезек шөпілдете берді. Біраздан кейін таяу маңда тұратын тұңғыш ұлының қыздары ”ойнатамыз” деп әкеткен Алтай да келді. Үйдің іші іркес-тіркес алты-жеті баланың шуылына толып қалды. Қаладан Қаншайым әкелген базарлықты бөлісті.

Сүт пісіруге деп жаққан отын үстемелеп Ақық кемпір қазан көтерді. Ет желініп, дастарқан басында әңгіме шертілді. Өткен-кеткен қызықтар айтылды. Қаншайымнан бес жас үлкендігі бар Тоқтарбектің көп сөзде жұмысы жоқ, біртоға. Шешесіне айтқан сөзі ”қызың кеп қуанып жатырсың ба?” болды. Қаншайым тамаққа да, әңгімеге де мұршасы болмай келгелі айналдырғаны Алтай. Сөйлегені, жүргені, киген киімі — бәрі қызық.

— Апа, Алтайды алып кетсем, қайтеді, — деп еді Ақық кемпір жұлып алғандай:

— Әй қарағым балада жұмысың болмасын, өзі енді-енді бауыр басып келеді, — деп тойтарып тастады. Қаншайым сәбидің кейпіндегі, болмысы мен тәтті қылығындағы ештеңемен теңеуге болмайтын тазалық пен пәктікті сағынған. Бұрын шешесі келгенде тосырқап қарайтын Алтай осы жолы анасын мойнынан қос қолымен тарс құшақтап айрылмады, кірсе кіріп, шықса шығып, екі елі ажырамады. Ақық кемпір шойнаңдап жүріп, келіннің көмегімен дастарқан жиып, төсек салып болғанда, қызының кетуге жиылған түрін көріп аңырып қалды.

— Қарағым-ау, жеті түнде немен қайтпақсың?

— Дос қызымның мәшинесі келеді. Осында күйеуінің досы бар екен соған кепті.

— Қонып таңертең кетсең болатын еді ғой, — деп Ақық ысқа қақталған қой етін, құрт, май, қатық, ірімшік орап сөмкеге сала бастады. Түнгі жарық жағылған түпкі бөлмедегі кішкене төсекте жатқан Алтай пысылдап алаңсыз ұйқыға кірді. Қаншайым айналсоқтап кете алмай жүрегі сыздап ауырып, көзінен қыймас жасы парлап кетті. Есік алдына барып, тағы да артына қарады. Тастап кетуге қыймай айналып, тағы кереуетке таяды. Кеудесіне сыймаған ащы бір мұңды ұстап тұра алмай өксіп жылап жіберді. Төс қалтасынан орамалын алып, іштегі қайғысын ешкімге көрсеткісі келмей көзін сүртті. Көрші бөлмеден Ақық кемпірдің:

— Қаншайым, көлігің келді, — деген дауысы естілді. Шақырғанына жауап бола қоймаған соң, мәсісін сүйрете басып қараңғы бөлмеге үңіле қарап, кереует алдында жастыққа бетін басып, бүкшиіп отырған қызын көрді.

— Бір жерің ауырып отыр ма, қарғам, — демек еді, Қаншайым орнынан ширақ тұрып, тысқа беттеді. Жолға алатын заттарын түгендеп, үй-ішімен қоштаса бастады.

— Қарағым-ау, жүдеп-жадамай үйге келіп тұрсайшы, ол қаладан не іздейсің, — деді Ақық.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз