Адам көзін көркем табиғаты мен әсем ғимараты арқылы жаулайтын, адам санасын білімі мен біліктілігі арқылы нұрландыратын қара шыңырақ ҚазҰУ-дың өзгелерге ұқсамас өзгешеліктерін айтып тауысу мүмкін емес шығар сірә...
Бұл білім мен ғылым ордасы – кірген бойда жанарыңды алып тауларының шыңына сүйреп, бойыңа бір күш беріп, көзіңді тойдырар көрікті табиғатымен кез-келген жанды өзіне қаратады. Әр мезгілдің уақытында келіп тұрар құстары да, биік ғимараттарды айнала ұшып, өзіңді елең еткізеді!
Сапырылысып, арлы-берлі жүріп жатқан студенттерінің арасынан өзге түгіл, өзіңді жоғалтуың әп-сәтте! Себебі, бұл білім ордасында, болашақтың дамуына өз үлесін қосуға асық болып жүрген білімпаз студенттер өте көп. Біраз айнала жүрсеңіз, шетел азаматтарын да жол бойынан кезіктіресіз. Өйткені, бұл білім ордасында көрші елдермен қатар, шетелден келген білімді студенттер қатары да баршылық. Сонымен қоса, әлемнің озық елдеріне барып, тәжірибе мен теорияны қатар дамытып жатқан студенттерді де осы орайда қоса кеткен абзал.
Жаз мезгілінде, қақ ортасында тұрған субұрқағы суын шашып, жаздың жадыраңқы екенін аңғартып тұрады. Жан-жағы толған көз тойдырар, мұрын жарар әсем гүлдер мен алып ағаштар һәм жасыл түсті көз алар шыршалар. Ғимараттар ішіндегі ең алыбы саналатын, күн шуағына өзінің алып көлеңкесін түсіріп, кеш батқанда жарығын беріп тұратын – ректоратты айтсаңызшы... Басынан бастап, тау беткейіне қараған жаққа дейін қоршалған, үлкенді-кішілі, ұзынды-қысқалы білім факультеттері. Сол факультеттерге қарама-қарсы тұрған – Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы. Сыңғыр даусы бар яки кез-келген аспаптың құлағында ойнап, сахнаны сайратамын деген студенттерге үлкен мүмкіндік жасалынған. Әркез іші – ерекше көңіл-күй сыйлайтын мерекелік концерттер мен ұлы тұлғалармен, мәнді де сәнді сұхбаттар жүргізілетін салиқалы кештерден босамайды.
ҚазҰУ-дың ең көркем әрі жанарыңды жаулар ғимараттарының бірі – әл-Фараби кітапханасы. Есік алды білім қуған студенттер мен біліміне білім қосуға асық болып жүрген, ұстаздардан босамайтын бұл кітапханадан, іздегеніңнің бәрін таба аласың. Тіпті, ішінде жүрек жалғар жері де бар. Алып әйнекті терезелеріне қарап, біліміңді толықтырып, ойыңды қағаз бетіне түсіріп, өзің іздеген білім құралдарын алып, беймарал жұмыс жасауыңа болады. Керек десеңіз, электронды кітаптар арқылы да жұмысыңызды тез аяқтауыңызға болады. Оқимын деген әрбір тұлғаға, бұл жерден жан-жақты көмек пен мүмкіндік жетерлік.
Сәл жоғары көтерілсеңіз, студенттерге көмек көрсететін «Керемет» деп аталатын ғимаратқа жетесіз. Ішіне кірсеңіз тәтті тағамнан бастап, студенттерге керек заттар сататын дүкендерді де, әсем болам дейтіндерге сән салондарын да, кітап оқып, жанын жадырататын студенттерге кітап дүкендерін де, тіпті ем қондыратын емханасын да, көре аласыз. Ал, бұл ғимаратты қоршалай тұрған, студенттер үшін жылы орын мен ыстық естеліктер қалдыратын – жатақхана. Жалпы қарап тұрсаңыз, бұл оқу орнында бәрі заманауи, бәрі қазіргі уақытқа сай жасалынған. ҚазҰУ-дың бұданда басқа ауыз толтыра айтар ерекшеліктері жетерлік!
Кезінде де, қазірде де әркімнің қолы жете бермейтін және таңдана да, мақтана да айтатын ұстаздық еткен Мұхтар Әуезов сынды қазақтың ұлы жазушылары мен халықаралық спорт шебері Ермахан Ыбрайымов сынды атақты тұлғалардың аяқ іздері басылып өткен бұл білім ордасында, кез-келген жанның білім нәрімен сусындағысы келетіні даусыз.
ҚазҰУ – расыменде білімгерге жаңа мүмкіндіктерге жол бастар ғылым мен білім ордасы! Бұл ордадан алған әрбір білімде, әрбір әсерде һәм лепте, адам жадында мәңгіге ерекше болып сақталары хақ! Осындай ерекшеліктерімен, әсем Алматының көркіне көрік қосып тұрған ғылым мен білім ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне сізді де шақырамыз! Жайдарлы жүзіңіз бен шуақты көзіңізбен, осы айтылғандарды бір тамашалап өтіңіз!
Марат Шолпан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, филология және әлем тілдері факультетінің, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс студенті.
Әдеби кеңесші: Рамазанов Талғат Бекболатұлы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, докторант.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі