Спанкулова Нагүл Абикулқызы
Алматы қаласы, № 70 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі
Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі уақыттағы экономикалық даму деңгейі, әлеуметтік жағдайы, шетелдермен халықаралық байланысының нығаюы, әлемдік қауымдастықтағы беделінің артуы біліктілік деңгейі әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, бәсекеге қабілетті тұлға даярлаудың қажеттігін туғызып отыр. Еліміздің кез келген азаматы өз елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, мемлекеттік тілді толық білуі, меңгеруі қажет деп саналады. Адамдардың бәсекеге қабілеттілігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі олардың мемлекеттік тілді толық меңгеру екені даусыз.
Қазақ тiлi – кемел тiл. Тiлдiң кемелдiгiн көрсететiн негiзгi белгiлердiң барлығы да қазақ тiлiнiң құрылым жүйесiнен толық табылады. Қазақ тiлi – құрылымы мен жүйесi дамыған‚ сөз байлығы аса мол‚ ұлттық тiл деңгейiне көтерiлген қазақ халқының ұлттық тiлi‚ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi. Республикада мемлекеттiк тiл ретiнде қазақ тiлiне конституциялық мәртебе берiлiп отыр. Әлемдік тәжірибеде тілге мемлекеттік мәртебе екі жағдайда беріледі: бірі – тілдің қоғамдық қызметі шектеулі болғанда, оның мәселесін шешіп, дамыту үшін мемлекеттік қамқорлыққа алу мақсатында, ал екіншісі басым тілдің артықшылығын сақтау үшін беріледі. Мемлекеттік тіліміз – Қазақ тілін өз мәртебесіне сай қоғам өмірінің күллі салаларына енгізу, қолданыс аясын кеңейту бүгінгі күннің өзекті де келелі мәселесі. Тіл білу, тіл меңгеру дегенге белгілі бір тілдің грамматикасы мен сөздік қорын игеру жеткіліксіз. Өйткені сол сөз, сөйлемдердің немесе грамматикалық құрылыстың сөйлеу жағдаятының қай түріне орай қолдана білуді анық түсінігі болуы қажет.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қазақ тілін оқыту, оның әдістемесін жетілдіру мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Еліміздің осындай мақсат-ұстанымдарына қарай «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде саналатын мемлекеттік тілді балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық- саяси, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында батыл қолданысқа енгізіп, қазақстандықтардың өмірлік қажеттілігіне айналдыру. Бұл бағдарламада «Қазақстанның барша азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру көзделеді. Бұл жүйенің өзегінде үшқұрамды негіз бар - мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру, оқытудың инфрақұрылымын кеңейту және мемлекеттік тілді меңгеру процесін ынталандыру» делінген [1].
Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылым болып бірден қалыптасқан жоқ. Оның да өзінің тарихи даму жолдары бар. Қазақ халқының тарихында баланы ана тілінде оқыту және оқыту әдісіне көңіл бөлу ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннен басталды десек, бүгінгі деңгейге жету жолында басқа да бірқатар ғалымдар бұған елеулі үлес қосты. Ұлы ұстаз қазақ балаларына ана тілін оқытудың жолын, принциптерін, қағидасын, маңызын, жолдарын көрсетіп, әдістеме ғылымының негізін салды, артына мол қалдырды. Халқымыздың біртуар ұлдарының бірі, ағартушы-ұстаз А. Байтұрсынов –қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаушы. Ол – қазақ тілін дыбысқа бөліп оқыту арқылы сауаттандыру әдісінің негізін салды. Бұл салада бірнеше әдістемелік мақалалар жазып, соның негізінде 1920 жылы Қазанда «Баяншы» деген атпен әдістемелік кітапша шығарды. Мұнда автор мұғалімдерге «Әліппені» пайдаланудың, сауат ашу әдістерінің жол-жобасын көрсетіп берді. Сөйтіп ғұлама ғалым өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойып, бұларды біртіндеп шешуге кірісті. Ол алдымен қазақша сауат аштыруды көздеп «Оқу құралды» жазды, онан соң қазақ тілінің ғылыми грамматикасы «Тіл құралын» ұсынды, тілді дұрыс жұмсай білу тәртібін көздеп «Тіл жұмсарын», төртінші – сауат аштыру, тілді оқытудың әдістемесін жасауды алып, «Баяншыны» жазды.
Басқа ұлт өкілдеріне арналып жазылған алғашқы оқулықтың авторы, оқу- ағарту, тіл мен әдебиет, білім салаларында құнарлы еңбек еткен талантты әдіскерлердің бірі – Телжан Шонанов. Т.Шонанов – қазақ тілін оқыту әдістемесінде тіл білімін зерттеуші ғалым, әдіскер, тарихшы, аудармашы, педагог ретінде көрнекті орынға ие. Оның жазған кітаптары мен оқулықтары, әр салада жазылған 100-ден астам ғылыми еңбектерінде мектептегі білім жүйесі, әдістеме, 6 тіл мәселелері қаралады. 1933 жылы ғалымның қазақ тілін орыс мектептерінде оқытуға байланысты «Учебник казахского языка для русской школы» деп аталатын оқулығы жарық көріп, кейін бұл оқулық күн талабына сай бес рет қайта басылып шықты [2].
Қазақ тілі әдістемесінің алғашқы негізін салушылардың бірі – Ғали Бегалиев болды. 1940 жылы «Бастауыш мектептерде қазақ тілінің методикасы» деген еңбегі баспадан шықты. 1920-1930 жылдар арасында қазақ өнері мен білімінің негізін салған абзал азаматтардың бірі – Құдайберген Қуанұлы Жұбанов еді. Ол – қазақ тіл білімінің негізін қалаған көрнекті ғалым, тұңғыш филолог, профессор. Қ.Жұбановтың еңбектеріне 1966 жылға дейін тыйым салынып келді. Тек қана 1966 жылы «Қазақ тіліндегі зерттеулер» деген еңбегі жарық көрді. Қазақ тілін оқыту әдістемесі саласына айрықша көп еңбек сіңірген көрнекті ғалым – Шамғали Харесұлы Сарыбаев. Ол қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту мәселесін 1933 жылдан бастап арнайы қарастыра бастады. Ш. Сарыбаев бірнеше жылдық зерттеу жұмысының нәтижесінде «Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен» атты еңбегін жазып [3], сұрақ-жауап әдісін қолданып, тіл үйретудің тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдей отырып, 1943 жылы «Методика преподавания казахского языка в русской школе» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды [4]. Ш. Сарыбаев қазақ тілін басқа ұлтқа оқыту әдістемесі бойынша тұңғыш ғылым кандидаты болды. Ғалым орыс мектебінде қазақ тілін оқытудың ғылыми негізін салумен қатар, осы еңбегі арқылы оқытудың тәжірибесіне де көңіл бөлді. Өз еңбегінде ғалым тілші сан әдісті қолданып, оқу материалдарын оқушының сапалы, жүйелі, тиянақты түрде меңгеруіне жол ашты. Қазақ әдістемесі мәселелерін зерттеп, ғылыми еңбек жазған тілші-ғалым Сейіл Жиенбаев орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту мәселелеріне, әсіресе тіл дамыту, арнайы тақырыппен жұмыс істеу, сабақ беру әдісі, сөйлеуге үйрету, кітап оқу, жазу жұмыстары туралы мағлұматтар береді. С. Жиенбаев бірнеше оқулықтар мен әдістемелік кітаптардың авторы.
Қазақ тілін ұлт мектептерінде оқыту, жалпы басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселесі ХХ ғасырдың 30 жылдарында қолға алынып, түрлі оқулықтар, оқу құралдары, бағдарламалар шығарыла бастады. Осы жылдары қазақ тіл ғылымының белгілі әдіскер ғалымдары Т. Шонанов, Ш. Сарыбаев, С. Жиенбеав т.б. ғалымдардың оқулықтары, әдістемелік еңбектері жарық көрді. Қазақ тілін орыс мектептерінде оқыту әдістемесінің қалыптасуына әсерін тигізген алғашқы тілші- ғалымдардың бірі – М.С. Лапатухин. Ғалымның көптеген жылдардағы жүргізген зерттеу еңбегінің нәтижесі 1940 жылы шыққан «Очерки по методике казахского языка в русской школе» деген еңбегінде жарық көрді [5]. М.С. Лапатухинның еңбегі орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдістемесінің тұңғыш үлгісі. Бұл еңбек орыс мектептеріндегі қазақ тілінің рөлі, қазақ тілі сабағына қойылатын талаптар, сабақтың құрылысы, орфоэпияға, ауызша сөйлеуге, жазуға үйрету, лексика және грамматика, қазақ тілінен сыныптан тыс жұмыстар т.с.с. бөлімдерді қамтиды.
Республикамызда қазақ тілін оқытуды жақсарту туралы үкімет қаулысы 1987 жылы қабылданып, 1990 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесін алғаннан кейін қазақ тілін оқытуға көзқарас өзгере бастады. Қазақ тілін үйренуге көңіл бөлініп, бұл мәселенің зерттелуі, бағдарламалар, оқулықтар, оқу құралдарын жазу қолға алынды. Оқу орындарының барлығында қазақ тілін оқыту мәселесі де қолға алынды. Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуға арналған оқулықтарды, оқу құралдарын, тілашарлар мен сөздіктерді, бағдарламалар шығару сексенінші жылдардың аяғынан бастап қоғамдық саяси сипатқа ие болды. Қазақ тілін дамытуға үлкен бағыт-бағдар жасалып, жұмыстар жүргізіле бастады.
Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, осында қалыптасқан тілдік ортаға байланысты тілді үйренушілердің өзі – бастауыш топ, жалғастырушы топ болып бірнеше топқа бөлінеді. Қазіргі кезде жиі қолданыста жүрген оқулықтардың ішінде осы топтарға пайдаланып жүрген оқудық – Ш. Бектұров пен А. Бектұрованың «Қазақ тілі» оқулығы [6]. 1998 жылы Т. Аяпованың «Қазақ тілі» деп аталатын үш кітаптан тұратын кешенді оқулығы шықты. Кешенді оқулықтың мақсаты – «бүкіл әлемдік ең өзекті және ұтымды оқыту әдістерін қолдана отырып, оқушы білімін тереңдетуге көмектесу және сөйлеуге үйрету» [7].
Қазақ тілін оқытудың барысында мұғалім оқытудың формалары мен мазмұнын, міндеттерін шешуде, әдістемені анықтауда дидактикалық принциптерді басшылыққа алады. Принцип – principim латын сөзі - негіз, алғы бастама деген мағынаны білдіреді. Принцип — белгілі білім жүйесінің түп-негізі, алғы бастамасы, абстрактылы түрдегі ең қысқа жалпылама мазмұны. Ғылыми танымда идея, теория, әдіс сияқты таным түрлерімен өзара байланыста тұжырымдалады. Қазақ тілін оқытудың барлық деңгейлерінде бағдар беретін негізгі жұмыс бағыты осы.
Оқыту әдістемесі - педагогиканың күрделі саласының бірі - дидактика тарауында қаралады. Дидактика (оқыту теориясы) гректің didaktikos - оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оку үдерісінің зандылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді. Ресейлік ғалымдар И.Я. Лернер мен М.Н. Скатин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді:
- түсіндіру-көрнекілік немесе ақпараттық-рецептивтік;
- репродуктивтік;
- проблемалық баяндау;
- ішінара-ізденістік немесе эвристикалық
- зерттеушілік – деп оқытудың бес түрлі әдісіне тоқталған [8].
Тілді оқытудың ұтымды әдістерін іздестіру ғылымда қатысым әдісін алға шығарды. «Коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу ерекшеліктерін, тілдің әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді. Сонымен, «коммуникация» - қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді.
Қатысымдық әдістің негізгі мақсаты – сөйлеу әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу; әдіс оқыту процесіндегі тактиканы емес, стратегияны анықтайды, сондықтан- да ол (әдіс) оқытудың шартына тәуелді болмайды; оқыту әдісінің аумағы өте кең, сондықтан сөйлеу әрекетінің қай түрінде- болсын оқытудың барлық жақтары қамтылады; әдісте барлық қағидалардың басын біріктіретін ең басты, негізгі идея- болады. Басты идея методологиялық рөл атқара келіп, әдістің жүзеге асуы үшін барлық мәселелердің басын біріктіреді [9]. Қазақ тіл білімінде қатысымдық әдістің негізін қалаған профессор Ф.Ш. Оразбаева берген анықтамаға жүгінсек, «Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзінде асыратын әдістің түрі» [10].
Қазақ тілі оқушының қатысымдық біліктілігін дамытумен қатар, олардың қиялын, есте сақтауын жетілдіруге мүмкіндік береді, өзіндік оқу іс-әрекетін, өз бетімен білім алу және оны іске асыру дағдыларын қалыптастырады. Ф.Ш. Оразбаева басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту барысында қолданылатын қатысымдық әдісті өзіндік принциптер арқылы ажыратады. Олар:
- тіке байланыс;
- адамның жеке қабілетін ескеру;
- сөйлесуге үйретуде жүргізілетін жұмыстардың түрлерін айқындау;
- сатылап даму,
- динамикалық өзгеру;
- өзектілік.
Қатысымдық технология, негізінен:
а) оқу материалын меңгеруге бағытталады;
ә) оқушы тұлғасына бағытталады;
б) оқытушы мен оқушының ынтымақтастығына бағытталады, сол арқылы оқу мақсаты жүзеге асырылады. Қатысымдық әдістің пайдаланудың тиімді жолы – оның тіке байланысқа негізделіп, адаммен – адамның тікелей қарым-қатынасы арқылы тілді үйретуді жүзеге асыруында. Тілді оқытуда үйренуші мен үйретушінің арасында бір-бірімен көзбе-көз кездесу, ауызба-ауыз тілдесу, яғни, тікелей қатынас болмаса, сөйлесім әрекеті де іске аспайды. Тілді үйретуге байланысты қандай бағыт-бағдарды таңдап алу керек, оған қатысты орындалатын жұмыстармен тапсырмалар қандай, оны іске асыруда бұл жұмыс түрлерінің алатын орны мен қызметі қандай дегенді анықтап белгілемей, алға қойған мақсатқа жету мүмкін емес.
Оқу – адамның психикалық дамуының формасы, элементі. Кез келген оқыту белгілі бір мөлшерде адамды дамытады. «Даму» ұғымының психологиялық анықтамасы – жаңарту үрдісі, жаңаның өмірге келіп, ескінің жоғалуы деген мағынаны береді. Барлық табиғат құбылыстары сияқты бала психикасы да үнемі диалектикалық жолмен дамып, өзгеріп, бір деңгейден екінші деңгейге өтіп отырады. Ғалымдардың зерттеулері баланың даму процесіне 3 түрлі күш пен 3 түрлі фактордың қатысатындығын дәлелдейді. Олар:
1. Биологиялық фактор. Бұл ата-анадан ауысқан, туа бітті және өмір сүру барысында қабылданған дененің барлық мүшелерінің, оның барлық жүйесі құбылысының ерекшелігін білдіретін, бала организмінің ортамен қарым- қатынасының нәтижесі.
2. Әлеуметтік фактор. Бұл бала өмір сүретін орта, ең алдымен адамдардың ортасы. Бұл сондай-ақ, баламен қарым-қатынас жасайтын адамдардың сипаттары, мінез-құлық және ақыл-ой бейнелері, олардың мүдделері мен пікірлері, істері мен сөздері, талаптары мен дағдылары, ұмтылыстары, яғни бала өсіп дамитын орта.
3. Баланың өз белсенділігі. Даму процесіне әсер ететін бұл үшінші күш болып саналады. Оқитын пән қандай да жаңа, бағалы болмасын, мұғалімнің шеңберлігі қаншама жоғары болмасын, егер мұғалім баланың өз белсенділігін туғыза алмаса, оған ұсынылған іс пен еңбекте баланың әрекетке қатынасуы әрекет күткен нәтиже бермейді. Баланың организм ретінде дамуы мен жеке бас ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. «Баланың даму процесі, оның қоғамның белсенді де пайдалы мүшесі, азамат ретінде қалыптасуы осы үш фактордың қатысуымен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы осы факторлардың бірде-бірі, қандай да бір кемеліне келген болса да басқа екеуінен ерекшеленіп жеке әсер ете алмайды [11].
Дамыта оқыту жүйесі шығармашылық ойлауға, сапалы дамуға, қиялдауға, есте сақтауға, тіл дамытуға бағытталған. Бұл жүйесінің ерекшелігі: оқығанын пікірсайысқа салу; сабақ құрылымының оңтайлығы; дидактикалық ойындар; өзіндік іс-әрекеттің қарқындылығы; сабақта әр оқушыға өзін-өзі көрсетуге мүмкіндік беретін педагогикалық жағдаят құру. Дамыта оқытуда сабақ құрылымында да өзгешеліктер болады. Оқушының оқу- танымдық әрекетінің психологиялық ерекшеліктеріне байланысты сабақ үш кезеңге сай ұйымдастырылады:
І кезең - мотивациялық-бағдарлау кезең;
ІІ кезең - операционалдық-орындаушылық кезең;
ІІІ кезең - рефлексиялық-бағалау кезең.
Мотивациялық-бағдарлау кезеңде оқу міндеттері қойылып, оқушылардың сабаққа қызығушылығын оятатындай тапсырмалар мен жұмыс түрлері ұйымдастырылады. Операционалдық-орындаушылық кезеңде нақты оқу тапсырмаларын орындау арқылы оқушылар жаңа теориялық ұғымды өзара талқылайды, соның негізінде теориялық білімін бекітеді, оны қолдануға үйренеді. Ал рефлексиялық-бағалау кезеңінде оқушының теориялық түсініктерді меңгеруі тексеріледі, түзетулер енгізіліп, қайта қорытындыланады. Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын жетілдірудің маңызы зор.
Біріншіден – дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады.
Екіншіден – дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушының өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады. «Жақсы оқушы», «Жаман оқушы» ұғымының болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын арттырады.
Үшіншіден – оқушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды.
Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – «орындаушы», «мұғалімнің тасасындағы» объект емес. Ол – өз пікірін ашық айта, ойын дәлелдей, дәйектей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көзқарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы тұлға.
Дамыта оқыту технологиясының тұжырымдамасына сай, білім беру барысындағы оқушылардың даму мазмұны, мүмкіндіктері және даму қарқындары олардың оқу іс- әрекеттеріне байланысты анықталады. Өйткені дамыта оқыту процесінде оқушы өзін мұғалім дамытуға міндетті және солай болуы тиіс объект ретінде емес, өзін - өзі дамытуға,өзгертуге қатысатын субъект ретінде орын алады. Оқушы өзінің оқу процесіндегі белсенді субъект ретінде қатысуы ғана дамыта оқыту технологиясын басқа технологиядан басты белгі ретінде ажыратып тұрады. Демек, дамыта оқыту баланы тікелей (субъекті,объекті) жан-жақты дамыта отырып (жеке басын, дүниетанымын, ойлауы, темпі) оқытуға негізделеді.
Дамыта оқытудағы мұғалімнің басты міндетіне жататындар:
- оқу материалдарын оқушыға дайын күйінде көрсету емес, оқушымен бірлесіп,жалпы іс - әрекетті ұйымдастыра отырып, алға қойған міндеттерді түсіндіру, оларды шешудің тәсілдерін, жолдарын іздестіру арқылы өз іс- тәжірибесінде қалай қолданатынына көңіл бөлу;
- оқу әрекетін қалыптастыру, айналадағы дүниемен белсенді әрекеттестік, этикалық, эстетикалық қарым - қатынасқа дайындау, дара тұлғалық адамгершілік нормаларын меңгерту;
- оқу барысында баланың бойындағы дамытуды қалыптастыруды дағдыға айналдыру;
- оқу мен тілдің арасындағы байланыстылыққа аса көңіл бөлу; сөздік қоры мен тілдің арасындағы байланыстылыққа аса көңіл бөлу;
- оқушының сезіміне әсер етіп, логикалық ойын дамыту;
- жалпы оқушының жан-дүниесін дамыту [12].
Қазақ тілін өзге тілді адамдарға оқытудың ең тиімді жолы – тілдік қатынас заңдылықтарын қолдану екендігін қазақ тілін оқыту әдістемесінде алғаш рет зерттеп, дәлелдеген профессор Ф.Ш. Оразбаева болды. Ғалым қатысым әдісін басшылыққа ала отырып, сөйлесім әрекетінің оқылым, айтылым, тыңдалым, жазылым, тілдесім компоненттерін бір мақсатқа жұмылдыра дамыту арқылы ғана тілді үйренушінің саналы білім алып, сапалы әрекет етуіне мүмкіндік туатынын негіздеді. Қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде екінші тілді меңгерту қатысымдық тұлғалардың: сөздің, сөз тіркестерінің, сөйлемнің, мәтіннің үйренуші тілін дамытудағы орны анық белгіленген. Бірақ әр тілдің өзінің табиғи болмысына қарай оларды қолданудың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ тілін меңгертуде оқушылардың әрбір сөздің мағынасына мән беруіне ерекше көңіл бөлінгені дұрыс. Өйткені сөз – тілдік қатынастың ең маңызды құралы.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасында тiлдердi қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген.
2. Шонанов Т. Самоучитель киргизского языка для русских. 4-ое перераб.изд. Кызылорда, Каз.гос.изд., 1927. – 122 с.
3. Сарыбаев Ш. Орыс мектебінде қазақ тілін оқыту тәжірибесінен. Алматы,1940.
4. Сарыбаев Ш. Методика преподавания казахского языка в русской школе. Алматы, 1943. – 125 б
5. Лапатухин М.С. Очерки по методике казахского языка в русской школе. Алматы, 1940.
6. Бектуров Ш., Бектуров А. Казахский яык. Алматы, Рауан.1994 -240б.
7. Аяпова Т. Қазақ тілі. Алматы, 1998.
8. И.Я.Лернер, М.Н.Скатин. Дидактика средней школы. Москва, «Просвещение», 1975. - 146 с.
9. Пассов Е.И. Коммуникативный метод обучения иноязычному говорению. 2 изд. М. Просвещение, 1991. - 312 с.
10. Оразбаева Ф. Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі. –Алматы, 2000. - 256 б.
11. Тұрғынбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары, Алматы, 2000, 6-бет.
12. Қазақ тілді емес мектептерде тілдерді дамыта оқыту әдістері /Әдістемелік құрал. – Астана, 2013. – 85 б.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі