Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.
Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.
1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Көп сөздерін ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың ара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғаны біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да Абай түсіндіріп, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Оның сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі оқулыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыны да сынайды. Абай сөзі заманындағы ақындардан оқшау, олар сөзінен үздік, артық. Ол оқшаулық, басқа ақындардан Абайдың жалғыз сөзінде ғана емес, өзінде де болған. Абайдың қандай болғанын көзбен көрмесек те, көргендердің айтуынан білеміз. Сөзінің қандай екендігін сөйлеген соң, өзінің де қандай екенін айтып,түсіндіріп өткеніміз теріс болмас.
Абай 1845-ші жылы туған. Жылы жылан екен. Ибраһим деген атын бұзып, Абай деп ат қойған шешесі екен. Шешесінің сүйіп қойған аты ел арасында шын атынан көбірек айтылады. Абай 10 жасынан 13 жасқа шейін қырда мұсылманша оқыған. 13 жасқа шығарда Семейде Ахмед Ризаның медресесінде оқыған. Медреседе оқып жүргенде 3 айдай орысша да оқыған. 4 жыл мұсылманша оқып, 3 ай орысша оқып, сонымен оқуды қойған. 15 жасында-ақ, балалық қылмай, үлкендердің қатарына кіре бастаған. Қазақты меңгеріп, халыққа араны жүріп тұрған төрелермен әкесі Құнанбай таласқанда, Абай әкесіне серіктікке жарай бастаған. 20 жасында ел ішіндегі белгілі бір шешені атана бастаған. Зеректікпен естігенін ұмытпаған. Ел ішіндегі сақталған қазақтың бұрынғы өткен билерінің билігі, шешендерінің сөйлеген сөзі, көсемдердің істеген ісі, үлгілі сөздер, ұнасымды әзілдер, мақалдар, мысалдар сияқты нәрселерді Абай көп біледі екен. Абайдың өзі тексергіш болған соң, оның өлеңін тексеріп, қата шығарып ешкім жарыта алмайды. Абайдың қандай сыншы, сөз тексергіш екендігін төмендегі сөзінен байқауға болады:
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол - ақынның білімсіз бишарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.
Әуелі аят, хадис - сөздің басы,
Қосарлы бейітсымал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын Пайғамбар мен оны Алласы.
Мешіттің құтпа оқыған ғұламасы,
Мінәжат уәлилердің зарналасы.
Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,
Әрбірі келгенінше өз шамасы.
Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,
Сонда да солардың бар таңдамасы.
Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын
Қазақтың келістірер қай баласы?
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап.
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,
Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.
Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,
Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап,
Жат елде қайыршылық қылып жүріп,
Өз елін бай деп мақтар, Құдай қарғап.
Қайда бай, мақтаншаққа барған таңдап,
Жиса да бай болмапты қанша малды ап.
Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,
Былжырақ көрінеді соларды аңдап.
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгімеге
Тыңдар едің әр сөзін мыңға
Абайдың асылын танып, дұрыс баға берген нәрсесі жалпы өлең емес, көп нәрсені Абай сөз қылған; сол сөздерінің ішінде Абайдың әр нәрсенің асылын танығаны, білгені көрінеді. Абайдың өлендері қазақтың басқа ақындарының өлеңінен үздік артықтығы әр нәрсенің бергі жағын алмай, арғы асылынан қарап сөйлегендіктен. Басқа ақындардың сөзге шеберлігі, шешендігі Абайдан кем болмаса да, білімі кем болғандығы даусыз. Абай сөзінен Әбубәкірдің "шайды, кебісті әркім тұтынып кеткені асылды қорлау болды" деп қайғырған сөздері табылмайды. Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына қарамай, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Мысалы, "Аттың сыны" деген өлеңінде сыпайышылық жүзінен құлаққа жағымсыз тиетін сәздер бар; бірақ аттың сынына керек мүшелері болған соң, оларын айтпаса, аттың сыны толық болып шықпас еді. Абайдың "Аттың сыны" деген өлеңін оқығаныңда, көз алдыңда сол жақсы аттың өзі тұрғандай, пішіні келіп елестейтіні, жақсы атқа бітетін мүшелердің бірін қалдырмай жазғандықтан. Абай көп нәрсені білген, білген нәрселерін жазғанда, "мынау халыққа түсінуге ауыр болар, мынаның сыпайышылыққа кемшілігі болар" деп, таяқтан тартынбаған. Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әртүрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін, жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған. Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар, құты, осының мағынасы не деп сұрағандары да бар. Сол өленді алып қарасақ, айтылған пікірде, ол пікірді сөзбен келістіріп айтуында еш кемшілік жоқ.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлтты Университеті Тарих кафедрасынын доценті: Т.Ғ.Қ Жұмаділ Махаббат Тоқтарқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің 1-ші курс студенттері
Қажетті сілтемелер (қарап көріңіз):
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі