Мұсылман Ренессансы (Х ғ.) дәуірінде мәдениеттің қарқынды өсуіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі сауаттылықтың салыстырмалы түрде кең таралуы, аударма қызметі, қолжазбалар жинау және жеке қоғамдық кітапханалар құру болды. Бірақ бұған дейін қолжазбалардың үлкен коллекцияларынан жиналған кітапханаларда, кейінірек Шығыста ғана емес, дамыған батыс елдерінде де жарық көрген кітаптардан білім алу дәстүрі болған.
Аристотельден кейінгі "екінші ұстаз", ортағасырлық шығыс философиясының ірі өкілдерінің бірі Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми білімі мен дағдыларының өзінің 20 жасқа дейін өмір сүрген Отырарда дамығаны және ол атақты Александрия кітапханасынан кейінгі кітаптар мен қолжазбалар саны бойынша әлемдегі екінші, сол кездегі ең бай кітапханадағы философиялық және ғылыми шығармалармен танысуға мүмкіндік алғандығы белгілі.
Халқымыз «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» деп, адамзатқа тән ұлы құндылықтың басы болған кітаптың қасиетін жеткізе отырып мақалдаған еді. Қайталанбас сөз шебері, қазақ халқының ұлы ақыны және ойшылы Хакім Абай:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге ..., – десе, орыс ақыны Александр Пушкин: «Кітап оқу — міне, үйренудің ең жақсы түрі» деп түйіндеген. Адамзатқа ортақ әйгілі тұлғалардың, көкірек көзі ашылған ғұламалардың кітап туралы айтпағаны кемде-кем.
Рухани жаңғырудың дүбірлі көшінде келе жатқан Қазақстан халқы үшін кітапхананың қадір-қасиеті қашан да жоғары болып отыр. Сан мың жылдық тарихымыз кітапта хатталып, сол арқылы ғасырлар қойнауында сақталып келеді.
Күллі адамзатқа ортақ руханият теңізі сынды кітапхана туралы сөз етуден бұрын біз мына екі түйінді батыл сеніммен айта аламыз. Біріншіден, Ұлы Жібек жолының бойында өмір сүрген қазақ халқы – ежелден жазу өркениеті дамыған, алғабасар ұлттардың бірі.
Екіншіден, Қазақ елі – кітапхана тарихы жағынан да әлемнің көшін бастайды. Біздің туған жерімізде алғашқы кітапханалардың бірі пайда болды және Ұлы ойшылдар осы білім көздерінен «нәр алды».
Бүгінгі таңда Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» – деген сөздері өте өзекті және бізді қазіргі ұлттың рухани биіктеріне жетуге шабыттандырады.
Соңғы жылдары Қазақстанда кітапханашы маманды жойылудың аз-ақ алдына дейін барды. Бірақ қазіргі уақытта бұл жағдай біртіндеп түзелуде. Біз әлемнің жетекші елдерінің кітапханатанудың үздік үлгілеріне ұмтыламыз, ал көп жағдайда біздің кітап және қолжазба қорларымыз олардан кем түспейді. Қорында миллиондаған кітаптары бар кітапханаларды арнайы мамандар басқарып, құнды мұраларды қадағалап, ертеңгі ұрпақтардың қолмен ұстап, көзбен оқуына бар жағдайды жасау керектігіне ерекше көңіл аудару парыз. Әрине, солай істелгендіктен елімізде халықаралық деңгейдегі кітапханалармен иық тіресе алатын ірі-ірі кітапханалар бар. Енді ол кітапханалардың қорын күн сайын молайтып, оқырмандарына қызмет көрсетуі үшін, ол жерде кітапханашының рөлі қаншама маңызды екені айтпаса да түсінікті. Солай бола тұрса да, кітапханашы мамандығының ойламаған жерден қысқартылғаны кітапсүйер қауымның көңіліне кірбің тудырғаны жасырын емес.
Бүгінгі таңда осы мәселе ақырындап сейіліп келеді десек те болады. Бұл қуанышты беталысты ең алдымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Тарих, археология және этнология факультеті бастады. Жаңа мамандықтың ашылуы дәстүрлі кітапханатану мәселелерін шешіп қана қоймай, электронды кітапханаларды дамытуға қабілетті «жаңа буын» мамандарын дайындауға мүмкіндік береді. Бұл болашақ кітапхана мамандары ел руханиятындағы бостықты толтырып, кітапханаларымыздың жандануына, еңсесін тік көтеруіне, осы заман технологияларымен жүйеленуіне әсері болар деп бек сенеміз.
Қазақстанда құрылғанына ғасырдан асқан кітапханалар бар. Мысалы, ҚР Ұлттық кітапханасы өткен қазан айында ғана 110 жылдық мерейтойын атап өтсе, ал ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым Ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы алда 90 жылдығын тойламақ. Республикамызда және ТМД елдерінде Сирек кітаптары мен қолжазбалар қоры жағынан көш бастайтын Орталық ғылыми кітапхананың қорында 6 миллионға жуық кітап қоры бар, оның ішінде 91 мың сирек кітап, 22 мың тақырыптан тұратын қолжазбаның болуы – еліміздің, қазақ халқының ұлы мақтанышы.
Бұдан 2000 жылды артқа тастаған адамзатқа ортақ құнды мұра Торадан (Тәурат) тартып, өткен ғасырдың орта шеніне дейін жазылған небір жауһар мұралардың қолжазбалары Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан табылады. Жоғарыда аталған 22 мың тақырыптың ішінде ең көнелері болып, Математикалық есептеу (XIX ғ. парсы тілінде), Пайғамбарлар мен Қожалар шежіресі (XIX ғ.), Хандар шежіресі (ХVІІІ ғ. Ені 45 см., ұзындығы 3 метр) аталса, ХІІ-ХVІІІ ғасырларда жазылған ұзындығы 26 метр Тораға (Тәурат) әлемнің әр жерінен естіп-білген кісінің таңдай қақпайтыны жоқ. Ш.Уәлихановтың төл қолжазбаларының 40-тан астам фотокөшірмесі, Ұлы Абай шығармаларының 100-ге жуық қолжазбасы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының төл қолжазбалары, Шәкәрім қажы шығармаларының қолжазбалары, т.б. ұлт мақтаныштарының көзіндей болған асыл мұралар аталған кітапхана қорында бар. Ал, сирек кітаптар туралы деректер жіпке тізген маржандай жазып, шағын жазбаға сыйғызу да мүмкін емес. Әлемдік рекордтар қатарында аталатын ең үлкен кітап, ең кішкене кітап, діни кітаптар қатарлы екінің бірі біле бермейтін тылсым дүниелер де осы кітапханада. Сирек кітаптардың ішінде тек қазақтың төл мұраларынан Абайдың 1909 жылы Петербургта шыққан тұңғыш кітабы, ХІХ ғасырдың басы, орта шендерінде Қазанда, кейіннен Тәшкенде басылым көрген қазақтың алғашқы кітаптары түгелге жуық кітапханамыздан табылады. Айталық Шәді Төре Жәңгірұлы, Жүсіпбекқожа Шайхсламұлы, В.В. Радлов, Мәлекей Жұмашұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Шәкәрім қажы қатарлы авторлардың тым ерте басылым көрген кітаптары, Алаш арыстарының мыңға жуық еңбектері мен оқулықтары, аудармалары, «Дала уалаяты», «Түркістан Уалаяты» газеттерінен бастап, «Айқап» журналы, «Қазақ», «Сары арқа», «Еңбекші қазақ» газеттері, т.б. басылымдардың түпнұсқалары сап алтынның жүзіндей болып, бүгінгі руханиятымызға қызмет өтеп, Сирек кітаптар сөресінде тұр.
Еуропа елдері, Қытай және Жапонияның өзінде табыла бермейтін сирек кітаптар шетел ғалымдарын қызықтырып отырғанын біреу білсе, кейбірі білмейді. Араб, парсы, түрік (осман) тіліндегі құнды кітаптардың, тарихы тым ертеде жатқан жазбалардың бар екенін естіп, алыс-жуық өзге ел ғалымдары тамсануда. Ал өз елімізде осыншама ғажайып құнды мұралар бар екенін өз халқымыздың тереңдеп білмеуі ащы да болса ақиқат. Оған мемлекет жағынан арнайы көңіл бөлініп, кітапхана саласының ірілі-ұсақты жұмыстары қызу жүріліп, кітапхана мәртебесі, кітапханашылардың қоғамдық орыны көтерілген кезде, біздің елдің де ғасыр керуенінде көш бастап алға шығары даусыз.
Кітап біздің өркениетіміздің дамуында маңызды рөл атқарады. Ғасырлар бойы жинақталған алып кітапхана – бұл адамзаттың сенімді жады, онда оның жетістіктері мен армандары, түсініктері мен қателіктері бейнеленген. Бұл кітапхана тас пен металда, сазды тақталарда және ағаш тақталарда, папирус шиыршықтары мен пергамент кодекстерінде, пальма жапырақтары мен қайың қабығында, Жібек пен қағазда жасалды – материал мен өндіріс әдісі өзгерді, бірақ оның мақсаты өзгеріссіз қалды: білім, тәжірибе, көркемдік құндылықтарды сақтауға және беруге қызмет ету.
Жакишева Сауле Аукеновна Тарих ғылымдарының докторы, профессор
Абикова Гульшат, Колбаев Нурболат әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих, археология және этнология факультетінің докторанттары
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі