Біздің ауылдың оңтүстік шетінде Кәментоғай деген терең сай бар. Сайдың іші ит тұмсығы өтпестей боп сыңсып өскен, ну жыныс қалың ағаш: күміс жапырақты көк теректен бастап қайың, үйеңкі, қарағаштың бірнеше түрі, итмұрын, ең аяғы жабайы өскен шілік талдарға дейін бар, жап-жасыл боп тұнып, көзді арбап тұрады. Бұл тоғай соғыстан кейінгі елуінші жылдарда пайда болды. Онан бұрын сай ішінде қарақоға мен балқұрақ қана өсетін, түбі түйе түссе шыға алмайтын бығып жатқан тартпа қорық батпақ болушы еді. Адам мен мал маңайына жоламай, анадайдан айналып өтетін.
Бір жазда көрші колхоздан Кәмен деген көп балалы біреу көшіп келді де, терең сайға тік құлама жарқабақтың үстінен екі бөлмелі кірпіш там салып алды. Күзде, дәл қар жауардың алдында, жер тоңданып қатқан кезде батыр тұлғалы Кәмен өзінен басқа адамның қарымы жетпес үш құлаш шалғысын алып сайдың табанындағы қалың өскен балқұрақ пен қарақоғаны тып-типыл ғып шауып тастады. Онан соң әлгі қорық батпақты жағалап жүріп толып жатқан ұсақ шыбықтар шаншыды. Оның бұл әрекетіне күле қараған ауыл адамдары:
— Оу, жаңа туысқан, бұл жерді тоғай еткенде саған түсер пайда не? — дескен әжуалап.
— Не пайда түсер дейсің, өсе берсін, — деді Кәмен. Әрине, о кезде бұл жердің, тоғай боп кетеріне ешкім сенген жоқ, тіпті сенбек түгілі түстеріне де кірмейтін және мұндай еш пайдасы жоқ қаракет те біздің ауыл үшін тек келемеж күлкіге тиек етер әжуа ғана жай еді.
Осыдан бастап ауыл адамдары бұрынғы Қоғалысайды «Кәментоғай» деп атады. Әу баста жұрт бұл атпен күлкі үшін атаса да келе-келе ол келеке-күлкі жайына қалып біртіндеп ескі Қоғалысай аты ұмытылып, оның орнына «Кәментоғай» деген жаңа аты шынымен жарасым тауып, үйлесіп, ақыры, мүлде сіңісіп кетті. Жылдар өтіп жатты. Кәмен болса көктем сайын бой бергісі келмей қаулап өскен құрақ пен қоғаны қайталай отап, қорық батпақтан кеберсіген аумақты кеңейте түсумен болды, және босаған жерге ылғи шыбық үстіне шыбық шаншып отырды. «Бұл нендей ағаш, бұл не әжетке жарайды-ау?!» деп таңдап та жатпайды, қолына іліккен шыбық болса-ақ апарып сайдың табанына шаншып жатқаны. «Өсе берсін» — деп қоятын. Күректей қолдың мейірімін сезгендей әлгі жас шыбықтар келер көктемде бұралып жапырақ жайып бірін-бірі жарыса қуалап өсе беретін.
Басқалардың тамырымен қазып әкеп орнатқан ағаштары ала жаздай бүр жара алмай сидиып семіп тұрғанда Кәменнің сынық бұтақты шанша салып өсіруі таң қаларлық жай еді... «Апыр-ау, бұл шіркіннің ағаш өсіруде не сиқыры бар екен-ей», — десетін көршілері.
Сайды кеулеп өрлей желкілдеген жас тоғайдың аумағы жыл өткен сайын ну жынысқа айналып кеңейе берді. Біртіндеп бой түзеген жас шыбықтар көзді арбаған сұлу сүмбіл теректерге айналды. Сәл жел тұрса жапырақтары суылдап төңірек шуға толып кетеді. Шілденің қапырық ыстығында көлеңке іздеген адамның аңсары енді сол тоғайға ауатын болды. Бір ауық ағаш арасының саялы көлеңкесінде дем алғысы келген ауыл адамдары ендігі жерде қолы босап кетсе ойланбастан тура Кәментоғайға тартатын. Құс біткеннің ордасы болған жас тоғайдың іші шынында да жанға сая, көңілді еді.
Адам ғана емес-ау, бүкіл табиғаттың өзі осынау алақандай жердегі жас тоғайға еріксіз қайырылатын сияқты еді. Самал жел тұрса Кәментоғайдың үстінен ғана сусылдап есетін болды, әнші құс келсе Кәментоғайға ұялайтын болды. Тіпті бұрын біздің ауыл естімеген, білмеген беймәлім көрікті құстар пайда бола бастады.
Биік жердегі ағаштарға сай түбіндегі сылдырай аққан бұлақтан суды қолмен тасып құюға тура келген. Бұл жұмысты Кәменнің толып жатқан қара борбай балалары атқарады.
Бір қызығы: тоғаймен бірге жылдар өткен сайын Кәменнің балалары да көбейе берді. Олар ертеңді-кеш шелек сүйретіп тоғайдан шықпайды. Үйректің балапанындай үпір-шүпір боп бық-бық етіп шулап жүргендері де бір қызық. Әйелі «Батыр ана» орденін алғаннан кейін, екі рет егіз баладан туды, онан кейін араға екі жыл салып үш ұл бірдей қатарынан дүниеге келген, газеттерде айлар бойына Кәменнің семьясы туралы нелер қызық мақалалар басылды. Радио-телевидениеден қаншама тілшілер келді, кино да түсірілді, әй, армансыз-ақ шулатты-ау!..
Әрине, жазу да, киноға түсіру де — бәрі де жақсы ғой, бірақ осынша толып жатқан баланы тәрбиелеп, өсіру тауқыметін есіңе алғанда төбе шашың тік тұратын. Кәменнің үйінде бірер сағат отырып шыққан адамның өзі екі құлағы тұнып, басы айналып, есеңгіреп қалатын. Үлкені бар, кішісі бар, өңшең қара сирақ балалар: бірі секіріп, бірі төбелесіп, бірі тырқылдап күліп, бірі бақырып жылап қашан да азан-қазан болып шуылдасып жатады. Ал Кәмен мен әйелі болса өздерінің бұл тұрмыстарына дән риза. Бір қабақ шытып кейіген жандар емес. Әйелі ертеден қара кешке дейін күйбең-күйбең: балаларының кірін жуып, киім-кешегін жамап-жасқап, тамағын пісірумен-ақ болады, ал Кәмен жұмыстан қайтса-ақ, әуелі үй төңірегіндегі шаруаларын тындырып жайғастырады да, онан соң демалудың орнына, қалың шудың ортасына кеп кіріп балаларының талапайына түседі. Бірі басына шығып, бірі мойнына мініп, асыр салып домалаңдаған балаларының астында алып денелі Кәмен — үлкен тай тулақ құсап жататын. Бұндай сәттерде балалары еркеліктің шыңына шығатын, оны құлағынан, мұрнынан жұлқылап, бүйіріне тепкілеп, істемейтіндері қалмайтын; біресе ат болады; сөйтіп балалары онымен әбден сілелері қатып шаршағанға дейін ойнайтын да, ақырында әкелерінің төңірегінде ұмар-жұмар боп бұйыққан қозылардай бірінің басы, бірінің аяғы айқасып, бірі бүктісе тоңқайып, бірі шалқасынан түсіп, қарны жалтырап ұйқыға кететін.
Әкесіне бүйтіп тек кішілері ғана емес, тіпті ес кіріп, естияр болған үлкендері де қатты еркелейтін. Бір ретте шаруа жайымен үйлеріне кіріп келгенімде өз көзіме өзім сенбей аңырып тұрып қалдым. Кәмен тақыр еденде жүрелеп отыр да бой жетіп қалған үлкен қызы — Әйкен әкесінің иығына мініп ап: «Әке, тұршы кәне! Күшті болсаң мені көтеріп тұршы» деп бүйірге тепкілеп, інілеріне бас болып айқайлап отыр екен. Мені көріп, естияр қыздарының мына қылығына қысылып қалған шешесі:
— Жә, былай тұр! Өй, әдепсіз неме... — деп ұрсып тастады. Бетін басып ұялған Әйкен, тасыраңдай жүгіріп сыртқа шығып кетті. Кәмен болса:
— Ұрыспасаңшы балаға, — деп қойды әйеліне.
— Қойшы әрі! Еркелеткеннің жөні деп, о не? Қыз дегенге бір ауық қаталдау болсаңшы деп қанша айттым, — деген әйелі бұрқылдай түсіп.
— Пәлі, шіркін сөзіңе болайын. Өзі қыз болмағандай сөйлеуін, — деп Кәмен де беріскен жоқ. — Қыз бала деген ата-ананың аз күнгі қонағы емес пе, қайта ұлдан гөрі соларды көбірек еркелеткен жөн.
— Иә, со бойжеткенше, мойныңа мінгізіп жүр.
— Бойжеткені несі, ей!.. Әлі бала емес пе. Осы сен, қатын, соңғы кездерде балаларға тым қатал боп барасың-ау, ә?..
Менің көзімше дауласқысы келмеді ме, кім білсін, әйелі күңкілдей сөйлеп тысқа шығып кетті. Кәмен басын шайқап күліп қойды.
— Біз де кейде өстіп шекісіп қаламыз, — деді ақтала сөйлеп.
Келер жазда Кәменнің үйіне уақытша сәл бір кірбің енді. Әлгі «әлі бала ғой» деп жүрген тұңғышы Әйкен көрші колхоздағы біреуге күйеуге қашып кетіпті. Мұндай жаңалық сымсыз телефон арқылы біздің ауылда тез тарайтын. Бұл жолы да қызыл іңірде қыз қашты да, ел орынға отырмай-ақ осы хабар бүкіл ауылға мәлім болды. Кәменге көңілі жақын деген ауыл азаматтары аттары барлары бір-бір атқа мініп, қолдарына сойыл ұстап, қала берді мотоциклдерге мінгесіп, машинаға тиеліп, ілездің арасында қызды іздеуге жиналып та қалған. Егіле жылаған Кәмен өзі бас боп атқа қонды, жігіттерге жалына тұрып:
— Айналайындар, ұстасаңдар ешкімге қол жұмсамаңдар. Тек әйтеуір Әйкенімді үйге алып қайтсаңдар болды, — деп өтінді.
Қуғыншы аттылардың жан-жаққа шапқылаған тұяқ дүбірлері, фарлары жарқ-жұрқ еткен мотоциклдер мен машинаның тырыл-гүрілдері ен даланы жаңғырықтырып осы аймақтағы ауылдарды тегіс дүрліктірді. Бірақ қыз бен жігіт суға сіңгендей із-түзсіз ұстатпай кетті. Түні бойы ат тізгінін тартпай ой мен қырға шаба-шаба әбден қалжыраған Кәмен ертеңгісін үйіне кеп құлап түсті. Сол жатқаннан үш күн бойы орнынан тұрған жоқ.
Үшінші күні жұбатып басу айтушылардың бірі боп ауыл ақсақалдарымен бірге Кәмендікіне мен де бардым. Кәмен басын көтерді. Мұндай боркемік адам болар ма? Үш күннің ішінде сылып алғандай-ақ жүдепті. Кішірек көздері шүңірейіп, жақ сүйектері шошайып, қоңқиған мұрны ғана қапты.
— Батыр-ау, қой енді. Түк көрмегендей мұнша күйремегің не?! Бір балаң екеу болыпты, қайта қуанбайсың ба? Қосағымен қоса ағарсын деп жақсы тілеуіңді айтсаңшы, — деп ортамыздағы ақсақал адам оған зекіп қойды.
— Қашып кеткені батады, қашып кеткені, — деді Кәмен даусы әзер шығып. Осы тұста шай қамында жүрген әйелі:
— Қайдан, қашпаса сен жіберетіндей болдың ба?! Бір-екі рет қызыңның тілегін білдірмек боп: «Әйкенжанның сондай ойы бар сияқты» деп құлақ қағыс еткенімде, жарылып кете жаздамап па ең, — деді оны кінәлап. — Айналайын, қарғашым, әлдекімдерге ұсап қашып-пысып кетті ғой, ақыры...
Әйелі сөзінің соңын сыбырлай жұтып, көз жасын теріс қарай тұрып сығымдап алды. Кәмен де бұдан әрі өзін-өзі ұстай алмай, төмен қарап отырған күйі танауын қорс-қорс тартып қоңқылдап:
— Бала еді ғой, әлі бала еді ғой, қарғашым, — дей берді.
Ойлап отырсам сонан бері де біраз жыл өтіпті. Кәменнің тоғайы бұл күнде бұрынғысынан да кеңейіп өсіп кеткен. Күміс жапырақты зәулім көк теректердің бойы терең сайдың деңгейінен әлдеқайда асып тұрады. Ауылымыздың көркі десе де болғандай. Бұрын біздің ауыл ағаш атаулыны өсіріп көрмеген. Ал қазір көшенің әр тұсынан, дәл сол Кәменнің теректеріне ұқсаған сүмбіл жас теректер көзге жиі түседі. «Менің тоғайымның бұтақтары ғой», — дейді Кәмен.
Кәменнің қара борбай балалары да шетінен ер жетіп өсіп келеді. Бой жетіп қалған қыздар, жасөспірім бозбалалар тоғайдың төңірегінде көп-ақ. Өткен күзде үш ұлы бірдей әскер қатарына шақырылған, оларды Кәмен өзі аудан орталығына дейін азық-түліктерін арқалап барып, сәт сапар тілеп аттандырып сап қайтты. Аудандық соғыс комиссариаты бір ұлын бірер жылға кейінге қалдырмақ болған екен. Кәмен өзі көнбепті: «Оны өз қатарынан кейінге қалдырып, обалына қап қайтем?! Барып, міндетті борышын кезінде өтеп қайтсын», — депті. Тағы бір жаңалық: өткен жылы Кәменнің Әйкенге тете тағы бір қызы — Мәйкен өзіміздің колхоздың екінші бригадасындағы есепші жігітке тұрмысқа шыққан. Кәмен мен әйелі бұл қыздарын ұзатарда да Әйкен қашып кеткендегідей қатты қапаланды. Сонда Кәмен: «Ә, баланың көп болғаны жақсы-ау, бірақ осылардың ұлын ұяға, қызын қияға қондырамыз дегенше біз бейбақтарда шаш та қалмас» деп, қамыға отырып сырын айтқан маған. Бірақ не дегенмен өмірдің өз заңы бар ғой. Кімді де болса бағындырады. Сол заңға Қәмен де мойынсұна бастағандай еді.
Биыл пішен басталғалы Кәмен екеуміз мая салып жүрміз. Дала қосында бір жатамыз. Ертеңді-кеш жұмысқа бірге барып, бірге қайтып, өте жақын араласып кеттік. Мен жұқалтаң бір жігітпен маяның үстіндемін де, ұзын бойлы Кәмен айырмен төменнен бізге шөп көтеріп беріп тұрады. Мұндай да қайратты адам болады екен! «Әуп!» деп шіреніп тұрып сілтеген кезде бір шөмеле шөпті маяның үстіне бір-ақ лақтырады. Біз маяның үстіндегілер екеулеп жүріп әзер жаймалаймыз. Сондайда мен: «Боркеміктік осы қайратпен бір бойына қалай сыйысып жүр екен» деп таң қаламын.
Бүгін күндегідей емес, Кәмен таңертеңнен-ақ жұмысқа көңілсіз кірісті. Ұйқысы қашқан адамдай өңі сұрланып, ауық-ауық айырына сүйене тұрып, ауыл жақтан келетін қара жолға елеңдеп қарай берді. «Апыр-ай, өз-өзінен жүрегімнің аузыма тығылып тұрғаны, қуанышқа болғай...» — деп күбірлеп қояды.
Енді бірде ол мазасы болмай тұрғанын бригадирге де білдірді. Сәті түсіп, Кәмен екеумізді бригадир бір күнге ауылға барып дем алып қайтуға босатқаны. Көліктің реті болмаған соң, біз бес-алты шақырым жерге жалғыз аяқ сүрлеумен төтелетіп, жаяу тарттық.
Сәске түс боп қалған кез. Күн шыжып тұр. Белуардан өскен көк майса шабындықтың ортасында келеміз. Шырмауық шөптер аяғымызға оралып зың-зың еткен шыбын-шіркей, шілделіктер аттаған сайын жыртылып айырылады. Балқурай мен сиыр жоңышқаның ұсақ гүлдері балауызданып тұр, жабайы аралар олардың бірінен біріне ұшып, желімге қонғандай жабыса қалады. Аңқыған жұпар иістен бас айналғандай. Ыстық аптаптан талмаурап қалғып-шұлғып ілби басамыз. Ұйықтаған күйі жүріп келе жатқандаймыз. Сондайда аспандағы адасқан қаздай әр тұстан қалықтаған ақша бұлттардың бірі кеп дәл төбемізде айналып тұрып алады, көлеңке түсіп селт етіп оянғандай боламыз, маңдайымыздан қоңыр самал жел сипап желпіп өтеді, бойымыз сергіп, бұлттан ары бояп қойғандай шымқай көк аспанға қараймыз.
— Шіркін, заман осы ғой, міне. Адамға мұнан өзге не керек, — дейді Кәмен. Сөйтеді де алқынғандай боп кеудесін ұстайды: — Әй, мына жүрегі құрғырдың аузыма тығылып келе жатқаны-ай... қуанышқа көрінгей... — дейді.
Кәменнің тынышы болмай келеді, ауық-ауық алқына тоқтайды. Ірк-ірк еткен ірі денесін тер басып кетті. Әлден уақытта:
— Біз бір атадан он бес ағайынды едік, — деді бас жоқ, аяқ жоқ. Онан іркіліссіз сөйлеп келеді. Даусы жасып аянышты шықты. — Не керек, тоз-тоз болдық қой. Біреулері ертеректе аштан өлді, біреулері ауырып өлді, енді біреулері соғыстан қайтқан жоқ. Сонан жалғыз, мен-ақ қалдым. Шіркін-ай, небір сабаздар еді, бір де бірінің артында тұяқ қалмады-ау... Әйтеуір, менің соңыма ерген біраз күшіктерім бар, тіл-көзден солар аман болса екен деп тілеймін де... Бәрінен де соғыс деген пәле болмасын десеңші. Сен газеттерді құр жібермей оқып жүресің ғой. Саясаттың беті оң ба?..
— Оң болады ғой. Кәмеке. Күш деген кімді ақылға салмас дейсіз, — деп мен өзім оқып білген біраз жайларды әңгімелей бастаймын.
— Күш деген жақсы ғой, бірақ барлық жақ бірдей күшейе берсе оның несі жақсы дейсің, — деді Кәмен менің, сөзімді бөліп. — Менің ойымша со соғыс деген пәлеңді бала-шағасы жоқ қулар шығаратын болу керек.
Әңгімелесе жүріп дәл Кәментоғайдың тұсынан сайға түстік. Үпір-шүпір боп шуылдап ойнап жүрген өңшең бір қара домалақ балалар бізге қарай лап қойды. Келе бірінен кейін бірі Кәменнің аяғына оралып, ол еңкейіп біреулерін сүймек болған кезде, бойы жеткендері тырбаңдай жабысып арқасына, мойнына мініп алды. Кәмен балаларының бірін де жерге түсірген жоқ. Мойнына, иығына, арқасына мінгізіп, қалғандарын қолтығына қысып көтеріп жүрді. Оның бойындағы алып қайраттың, ең әуелі, дәл осындайда қажет екенін мен сонда бірінші рет ұққандай болдым. Есігінің алдына жеткенімізде бұл үйден бұрын мен көрмеген тағы бір қара домалақ бала әлтек-тәлтек басып қарсы шыққан. Басқаларындай «әкелемей» «аталап» жүгірді.
— Қарашығым, қарашығым, — деп Кәмен оны да жерден іліп алды.
Біраз күн көрмегенге балалары да сағынып қалса керек, әкелерінен айырылар емес: бірі құлағынан тартып, бірі мұрнынан ұстап, енді біреулері жеңінен жұлқылап есін шығарып жіберді. Кәмен болса екі езуі екі құлағына жете ыржиып, солардың талауына түскенше рақаттана масайрап отыр. Әлгінде ғана шаршап, шөліркеп келгені де мүлдем есінен шығып кеткен сияқты. «Аталап» шыққан екі кішкене баланы нұсқап:
— Сіздерде мұндай бала жоқ еді ғой? — дегем. Кәмен ол баланы ерекше мекірене иіскеп:
— Тұқым ғой, бұл менің бұтағым ғой... — деді.
Осы кезде үйден Кәменнің әйелі де шықты.
— Әй, атасы, сүйінші... Сүйіншімді әпкел, — деп өзі бір хатты ұсына берді. — Жаңа ғана Әйкенжанның ауылынан бір шопыр бала келіп, беріп кетті. Айналайыным, аман-есен босаныпты...
Кәмен хатты жұмарлай ұстаған күйде:
— Бәсе, бәсе... — деп күбірледі. — Ертеден бері жүрегім аузыма тығылып мазам болмап еді... Бәсе...
Сәлден кейін көңілі қуаныштан орныққандай болған соң, хатты ашты.
— Мына шіркін қалай жазған ей, адам танымайтындай етіп. Сы-ә-лы-е-м-ы... сәлем, хы-а-ты, хат... — деп ежіктеді де бұдан ары әйеліне:
— Япыр-ай, әлгі күйеу баланың өзі кеп, айтпағанын қарашы-ай! — деді.
— Күйеу бала таудағы малға тұз тартып әкеткен көрінеді.
— Ә! Бәсе! Әйтпесе, о шіркін сүйінші сұрап өзі жетіп келер еді, ендігі, — деп Кәмен мәз боп күлді. — Ол шіркіннің мінезі сондай, аңқылдақ.
Ол қолындағы хатты аударыстырып ұстаған күйде:
— Ал, кемпір, не істейміз? — деді, әйеліне сұрақты кескінмен бұрылып.
Оның ойын бірден ұққан әйелі:
— Құда-құдағидан ұят болар, бірінші баласын алдық қой, — деген.
Кәмен де бірден келісті.
— Иә, иә, ұят қой, амал қанша, — деп қостай түсті де, артынша көңілі басылғандай күрсініп қойды.
— Тұқым ғой, тек, тірі болсын... Сен кемпір, ондық-мұндық қант-шай, жентіңді алып, бүгін-ертең барып қайт. Мен кейінірек, пішен аяқталған соң барармын, — деді.
— Бүгін-ертең қайдан барам. Әлгі қыз бен ұл екеуі бірдей қосарланып институтқа түсуге барамыз деп жүр емес пе. Биылша ұл ғана барсын деп едім, әнеу күні өзің сені де жібереміз деп қызды да желіктіріп кетіпсің, — деген әйелі кейіс үнмен.
— Енді қайтесің, қатарынан қалғысы келмей тұрса.
— Е, қойшы, сонда да осы сенің емешегің ерекше үзіліп тұрады. Со қыздың биылша үйде-ақ қалатын жөні бар еді.
— Биылша дегенмен кейін-ақ оның мүлде қалғаны ғой оқудан, кемпір. Жә, осы бізге біткен қыздың бәрінің маңдайына орта мектеп бітіріп күйеуге тиюді жазып қойып па? Ең болмаса, біреуі жоғарғы оқуға барсын да. Бәлкім, мұнан кейінгі қыздар содан үлгі алып оқуға ұмтылар. Солай емес пе? — деп Кәмен сөзіне қостау күткендей маған қарап қойды. — Ал жол қаражатына, мына көршілердің біреуінен қарыз ала тұр. Осы айдың аяғында қайырып береміз ғой, қазір мына пішеннің еңбегі жақсы жүріп жатыр. Сөйт, — деп осымен бұл әңгімені тұжырғандай рай танытты.
Мұнан әрі отыра беруді қолайсыз көріп кете бермек едім, Кәмен етегімнен ұстай алды.
— Әй, бидай көже ішіп кет.
— Рақмет.
— Жә, рақметіңді сонан кейін айтарсың.
— Ойбу, сөзге айналып мен де отырып қаппын ғой, — деп әйелі дегбірі қалмай ұшып тұрып үйге қарай кетті.
Сәлден кейін екі үлкен тостағанға шіпілдете құйып бидай көже алып шықты. Айран қатқан ашқылтым көже мұздай салқын екен, тісті сырқыратып жіберді. Шөліміз қанып, бойымыз салқындап мүлде рақаттанып қалдық.
— Балалардан хат бар ма? — деп сұраған енді Кәмен әскердегі балаларын есіне алып.
— Егіз екеуінен бар, әлгі Қазтайдан жоқ. Түнеу күнгі ұрысқанымызға өкпелеп қалды ма, жаман неме, қайдам.
— Өзінікі де жөн бе енді?! Әскерде жүріп қызбен суретке түскен деген немене?
Кәмен енді маған бұрылып әңгімелерінің жайын түсіндіре бастады.
— Әлгі үлкенірек ұлымыз Полтавада служить ететін. Сонда бір орыстың қызымен суретке түсіп, сонысын осындағы тетелес інілеріне жасырып салып жіберіпті. Жаман неменің мақтанғандағысы да. Балалы үйдің ұрлығы жата ма, тәйірі, кішілері ұрлап әкеп оны шешесі екеумізге көрсеткені. Күшіктің сонысына ашуланып, ұрсып хат жазып ем: қыз қуып сандалмай жайыңа жүр, әскери қызметіңді дұрыс атқар деп. Оның үстіне осында өзімен бір класта оқыған мына көршіміздің жап-жақсы қызы бар, әуелгі кезде сонымен хат алысып тұрады деп еститінбіз. Оған мына шешесі екеуміз кәдімгідей іштей қуанып жүретінбіз де. Сонан кейін істеп жүрген ісін қарашы күшіктің... — енді қайтадан әйеліне бұрылды: — Айтпақшы, байқастап көрмедің бе, мына Тасыбектің қызына кешірім сұрағандай боп хат жазбап па?
— Жоқ. О, байғұс, хабар күткендей жаутаңдап өзіме қарайды. Әй, жақсы бала-ау, тәрбиелі, көргенді... Айрылып қаламыз ба, деп қорқам. Әттең әлгі көкшешегім қолымда болса жанын шығаре-еп тұрып, осы Тасыбектің қызына үйлендірер ем-ау.
— Иә, жақсы бала, — деп Кәмен де қостап қойды.
Мен де жөніме кеттім. Былай шыққан соң бұрылып артыма қарадым. Кәмен үйінің іргесіндегі биік жардың үстінде тұр екен. Ауылдың әр тұсындағы бой түзеген күміс жапырақты көк теректерге қарап тұрған секілді. «Менің тоғайымның бұтақтары ғой» деп күбірлеп тұрғандай көрінді маған.
Бірер сағаттан кейін ағаштың көлеңкесінде жатып кітап оқып демалайын деп Кәментоғайға келдім. Көлеңкесі молдау теректің түбін сайлап ап, созыла түсіп жата бергенім сол еді, тапырақтай жүрген аяқтың дыбысы естілді, басымды көтергем, анадай жерде Кәмен кетіп барады екен. Мені аңдар емес. Бағыты бағанағы өзіміз пішеннен келген жалғыз аяқ сүрлеу.
— Оу, қайда кеттіңіз? — дедім дауыстап. Ол селт етіп тоқтады да мені көріп:
— Ә, сен екенсің ғой, — деді — демалып жатырсың ба?
— Иә.
— Әрине, сендер кітап оқып демалғанды жақсы көресіңдер ғой. Ал мен жұмысқа қайтып барам.
— Демалмадыңыз ба?
— Несіне демалам, шаршап жүргем жоқ қой. Көңіл орнына түсті. Енді жарты күн болса да, тәбілге еңбек жазылғаны дұрыс та.
Сөйдеді де қорбаңдай басып жүріп кетті. Денелі адамның асыққаны қызық қой, емпелеңдеп оңқа-шоңқа құлап түсердей боп барады, ми қайнатардай шыжғырған ыстық күн ойына да келер емес.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі