Өлең, жыр, ақындар

Қыран қияға самғайды

Жиналыс тым кеш аяқталды. Өмірбек әрі шаршап, әрі ренжіп шықты. «Үй ішіңіз болса қалада ғой, жалғыз не бітіресіз, біздікіне жүріңіз» — деушілер табылып та еді, бірақ ол бара алмады. Дәл бүгін оңаша болуды қалады.

Үйге келді. Жым-жырт. Пенде аяғы жоқтықтан ба, бөлмелер тым қараңғы, құлазып көрінеді. Басында оқыс бір ой оралды да, Өмірбек сескеніп қалды: табыттай тыныштық пен қараңғылық басып тұрған мына үлкен үй кімге құтты мекен болған? Талайлар тұрған бұл үйде. Солардың бәрі де дәл осы Өмірбек келген жолмен келген де, әр қилы жолдармен кеткен. Бірі істі болды. Бірі өз өтінішімен босады, ал үшінші біреулері көпшілікпен тіл табыса алмай кетті. Солардың бірі де тұрақтай алмаған қайырымсыз мекен бұл. Енді Өмірбекке не сыйын дайындамақ?

Осы бір жүректі тырнаған мазасыз ауыр ойдан құтылайын деді ме, Өмірбек сипалап жүріп, май шамды жақты. Кішкене қаптесерлер иесіз үйді еркін жайлап алған екен, бұрыш-бұрышқа лап қойып, сіңіп жатыр. Кір басқан жалаңаш қабырғалардағы жиі қағылған шеге орындары да көмескі сәулемен тым үңірейіп, үлкен көрінеді. Бір жерде ұзақ мезгіл ілулі тұрған картина, портреттің қарауытып таңбасы қалыпты. Өмірбек терең бір күрсініп дем алды. Өлеусірей жанған сықсима жалп етті. Бірақ ол қайта жағам демеді. Кіре берісте тұрған бүктеме койканы апарып жазды да, қисая кетті. Әлгі бір әзірде Мақпал тауынан асып қара бұлт көтеріліп келе жатыр еді, енді үй шатырына тырс-тырс ұрып, жаңбыр сіркірей бастады. Одан басқа селкеу шыққан бір дыбыс жоқ. Әйтеуір жадау көңілдің бей-жай күйіне әуендесіп, тылсым бір тыныштық басып тұр.

Адам өмірі әуел баста сансыз сай-жыралардан жіңішке басталып, жүре бара кең арнаға айналар бұлаққа ұқсайды ғой. Өмірбектің де өмір жолы осылай басталған. Ол әуелі кіші-гірім мекемелерде шағын-шағын қызметтер атқарды. Содан білімінің саяздығын сезді де, Алматының ауыл шаруашылық институтына келіп түсті. Оны бітіргеннен кейін шаруашылық мекемелерінің біріне бастық болды. Ақыры еңбекшілер депутаттарының облыстық советіне жауапты бір қызметке ауысты. Міне, өстіп, түу баста жылап шыққан жіңішке бұлақ кең арнаға ойысып бара жатыр еді. Күнделікті шаруа жайын әңгімелесіп отырған бір ретте облыстық атқару комитетінің председателі:

— Сен осы бұл жерде қағаз басты болып несіне отырсың?! Шаруа жайын білесің, көрген жұмысың. Ауылға барсаң қайтеді? — деп салды.

Міне, осы сөз қамшы болды да, Өмірбек осында тартқан. Хош алған аудан басшылары:

— Колхоздың шаруашылығы жаман емес. Болашағы да мол. Шойын жолға да, тас жолға да жақын. Тек басқарушылар жиі алмасқандықтан болар, еңбек тәртібі шамалы. Іскер басшылық керек, — деп көтермелеген. Сондай бір лепірген көңілмен келген жас жігіт маңдайын тасқа соққан бекіре балықтай қайтып қалғанға ұқсайды енді.

Жиналысты бұлай басталар деп кім ойлапты.

— Екі бұты таралған, сымпыс құйрық мұның кім? — болды алғашқы сұрақ.

— Зәуде әртес болар. Сымдай етіп шалбар кигенді солардан көрген едім қалаға барғанда, — деп жауап берді шетірек отырған бір қара.

— Дудардай шашы да, шұрқ-шұрқ тесік бәтеңкесі де соған ұқсайды.

— Әртес болса, басқармалыққа несіне әуреленеді жазған бала? — деп бір кексе әйел аузын сылп еткізді. — Бірер күн бригадаларды аралап, өлең айтсын да қайтсын онда.

Жұрт ду күлді. Өмірбектің құлағына дейін қызарып кетті.

Ауданнан келген өкіл қайта-қайта сөйледі. Өмірбектің өмір жолын баяндады. Қайда істесе де абырой-атаққа ие болып келе жатқанын айтты. Қысқасы, соның тегеурінімен ғана сайланды. «Жақсы үйім мен жылы орнымды тастадым. Ертең балаларды үйреніп қалған мектебінен айырып, кешіріп алуға тура келеді. Несіне келдім екен десеңші. Әлде көрсеткен сенім, құрметіңізге рахмет, қайтып келдім деп тартып отырсам ба екен? — деп ойлады ол төсекте жатып. Осыдан кейін, — қой, мұным ұят болар, ерегіскенде бұларға тар шалбар кигеннің бәрі бірдей емес екенін көрсету керек» — деп түйді. Осыдан кейін ұшқыр ой тағы да бір арнаға қарай ойысты:

Осы жұрт кейде бала сияқты. Председательдің кирза етік пен фуфайка киіп жүруі шарт па екен! Жақсы киініп, таза жүрсе, несі айып?

Өмірбектің қалада өскендігі, алған білімі, көрген тәрбиесі мына ауылдың талабына бой ұсынғысы келмеді.

* * *

Өмірбек таңсәріден оянды. Ақыл ойдан артық емес дейді ғой. Содан ба, кім білсін, көңілге алғаш оралғаны: «Қай жердің отын оттасаң, сол жердің суын сула», — деген ата мақалы болды. «Расында да еңбек адамдарының арасында өз атын өзі шақыратын көкек сияқты шікірейіп жүргенім дұрыс болмас», — деп түйді. Сөйтіп, әуелі магазинді барып аштырды да, брезент шалбар, кең қоныш етік сатып алып киді. Содан көшеде кездескен біреуден:

— Шаштараз қайда екен? — деп сұрап еді.

— Жүнді таразылау деген бар, ал шаш таразылау дегенді естіген жоқпыз, — деп жауап берді ол.

«Бұл ауылдың итіне дейін кесір сөйлейтін болар ма?!» — деп ренжіген Өмірбек жаңағының кескініне қарап еді, аңырып қалыпты. Тегі, шын білмейтінге ұқсайды.

— Ал, сақал-шаштарыңды кімге алдырасыңдар?

— Ә, оны мына ауылда қауға сақал деген қарт бар, соған.

Қауға сақал дегені шапаты бойлы, селдір мұрт бір көсе шал екен. «Қалайша бұл қауға сақал атанған?» — деп ойлаған ол:

— Бұл ауылдың қауға сақалы сіз болсаңыз, шоқша сақалы қандай екен? — деп әзілдеді.

— Оның сақалы менен де қалың! — деді күле қарсы алған қария. Өзі бір жатқан қуақы.

— Міне, жаңа мұсылман болдың, — деп күлді Өмірбектің шашын ұстарамен сыпырып болып: — Ал қоныс құтты болсын! Істі неден бастамақ ойың бар, шырақ?

Мұның сынай қойылған, құйтырқы сауал екенін аңғарған Өмірбек алдырғысы келмеді.

— Ең әуелі танысып қоялық. Есіміңіз кім болады?

— Бұл бұрын бес колхоз еді. Енді іріленіп бір үлкен қазан құрдық. Бәрі де Бектемістің бес баласынан тараған. Соның бірі — Қайнат. Сол Қайнаттың көп шалының бірі десең болады, — деді қауға сақал, орағыта сөйлеп. О да алдыратын емес, сыңайы соны танытады.

Өмірбек сәл ойланып қалды. Содан кейін:

— Ал сіз ше? Неден бастау керек деп ойлар едіңіз? — деп сұрағына сұрақпен жауап берді.

— Қаланың дал-дал өскен қара таяғы ма десем, болжамың бар бала екенсің, — деп қария күлді. — Талай бастықтар болған мұнда, шырақ. Бірақ «осыны тындырып еді» — дейтін бірін атай алмаймын ба деп қиналамын. «Ішкен мәз, жеген тоқ» дегендей келіп жатыр, кетіп жатыр. Колхоз жәйі шаруаға қиыстау тигендіктен болар, үміт артқан біраз бас көтереріміз бар еді. Тауыққа тастаған тарыдай шашылып, әр тарапта жүр. Солардың басын қос. Жинап ал. Хош де. Екіншіден, парторгің өзің сияқты сырттан болсын.

— Неге? — деп қалды шыдамаған Өмірбек.

— Себебі бар. Мен жоғарыда бұл колхоз Бектемістен тарақан бес ауылдан құралады дедім ғой. Қандай болса да бес жаққа тартып кететін кезі табылады. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген ғой. Сондайда іштен шыққан біреу болса, қарына тартпай тұрмайды. Асылы, сыйласуға жат жақсы, — деп тоқтады қауға сақал.

Бұл екеуі де Өмірбекке нанымды ақыл сияқты көрінді. «Қайнаттың тіні түзу, көшелі бір шалы екен» деп аттанды көп жәйді аңғарған ол.

Өмірбек қауға сақалдың тілін алды да, шет жайлап жүргендерге кісі жіберді. Өзі өндірістік кооперацияда қызмет істейтін Дүзенов Сәтімбайға келді.

Сырт естуінше Сәтімбай осы колхозды өз қолымен құрысқан, ағайын арасында абыройлы, шаруа жайына майталман, білікті адам. Дегеніне көнсе, ауылға шақырмақ.

Кооперация кеңсесіне кіре берісте мұны шоң желке, қызыл көз, дәу қара кездестірді.

— Мен Дүзеновты іздеп келіп едім, — деді Өмірбек.

— Дүзеновті қайте қояйын деп едің? — деп сұрады шоң желке, дәу қара.

— Ол өзіне айтылады да.

— Ал ендеше айта бер. Іздеген Дүзеновің мен боламын.

Өмірбек «рас па?» дегендей дәу қараның кейпіне қарап еді, ойнап тұрмағанға ұқсайды.

— Сіз Дүзенов болсаңыз, мен — Жолымбетов Өмірбек. «Мақпал» колхозының председатель Сәтімбай Өмірбекті басынан аяғына дейін бір шолып шықты да:

— Ұқсайсың, — деп езу тартты.

— Ұқсамайсың деген соң осылай киінуге тура келді, — деп Өмірбек те күліп, иегімен аяғындағы кирза етікті нұсқады. Өзі Сәтімбайға «кесек мінездің, істің адамысың-ау», — деп дән разы.

— Мен сені бірден таныдым. Және неге келгеніңді де сеземін, — деді Сәтімбай есік алдындағы шөркеге отырып жатып. Содан кейін жайдарылана сөйледі. — Әңгіме киімде емес, миыңда. Мен сол колхозды өз қолыммен құрыстым. Ұзақ жыл председатель болып істедім. Кейін колхоз іріленген соң: «Енді іріленген шаруашылықты білімді жас басқарсын. Біз барымызды сарқып болдық», — деп арыз беріп босағаным да рас. Мен босағанда тын ойлы бір жас келіп, біз білмейтін жаңалыққа бастар колхозды деп босаған едім. Байқаймын, біздің ауылға келгендердің бәрі де өзімше ойлап, өзімше пішетін баяғы қара тоқпақтар. Содан: «Е, шырақ, сенің де шоқырағың түсінікті маған» — деп кетіп қалып едім. Мен, міне, алпысқа астым. «Сәтекең бір кереметті жасап тастар», — дейтін шақтан кеттім.

Аяққа шебелет, бұтқа тар шалбар киіп сыланатын дәурен өткен. Бірақ шынымды айтайын, осы мына кирза етік, күпәйке дегенің бар ғой жалықтырып-ақ болды мені. Түсініп отырған шығарсың. Енді бізше басқарған қара тоқпақты айтып отырмын. Ал, шырақ, ауылға әкелер жаңалығың болса, қайтып баруға, қолдан келгенше көмектесуге бармын, — деп түйді ол сөзін.

Сәтекең Өмірбектің іздеген адамы болып шықты. Аудандық партия комитетімен келісті де, оны колхозға көшіріп алды. Содан кейін көпшілік жиналысы Сәтімбайды председательдің мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары етіп тағайындады.

Сол-ақ мұң екен. Шет жайлап жүрген Көпбаев Суаз зоотехник те, жүгері жөніндегі агроном Мақтанов Көктал мен есеп қызметкері Әлімбетов Тоқтанай да өз ауылына қайтып оралды. Дес бергенде бастауыш партия комитетінің секретары болып сайланған Қанатбай Еркінбаев партиялық басшылықты шаруашылықпен ұштастыра білетін, тәжірибелі іскер жігіт болып шықты. Өмірбектің көңілі орнығайын деді.

* * *

Жоқ, Өмірбектің көңілі әлі орнықпады. Ол шеті мен бұл шетіне ат түгіл, машина жүгіртсе жетпейтін колхоз даласын аралай берді.

Бұл өзі он мың гектар егін салатын, қырық мың қойы бар ірі колхоз екен. Осы ірі колхозда ең алдымен ішкі тәртіп нашар. Басқарма отырысын шақырса, уақытымен бір пенде келмейді. Келе қалса, болмашы бір істің өзін әр жаққа тартады да, таң атқанша отырады. Бірер айғыр стаканды тастап алып келіп сөйлейтіндер де табылып жүр. Фермаларды аралап еді, жөні бүтін қора жоқ. Сауыншыларда баспана жоқ. Колхозда отыздан артық машина бар екен, әр қилы себеп табылады да жарым-жартысы шықпай қалады. Монша салу деген де бұрын ешкімнің есіне келмепті. Кеше қызылша аршыған жерге барып еді, баласын арқалап алған әйелдерді көрді. Қызық жай: он миллион табыс кіргізетін колхозда бала бақшасын, бала яслиін ашу деген де сөз болып па! Тек соңына түсуші табылмағаны ғой. Міне, қылышын сүйретіп қыс таяп келеді. Жаз Мақпал тауын жайлаған қалың қой бұдан екі жүз шақырым қысқы жайылым — Шағырлы, Тасқұдық, Ақтөбеге бет алмақ. Ал дайындалған бар пішен осы төңіректе. Сонда қыстың қақаған ақ түтек боранында ит арқасы қиян, соншама керік жерге мал азығы қалай жеткізілмек?

Өмірбекті мазалаған жайлар осындай еді.

Осы бір жайларды әңгімелесу үшін басқарма отырысын шақыру керек болды. Өмірбек колхоз белсенділеріне күн ілгері хабарландырып қойдырайын деп ертемен кеңсеге келді. Өз кабинетіне өтіп бара жатыр еді. Маңдайшасында «бухгалтерия» деген жарнамасы бар бөлмеден үдере шыққан дауыс, қатты күлкі естілді. «Таң атпай бұл неткен ойын-сауық?» — деген түйткілмен есікті барып ашты. Соқтауылдай бес-алты жігіт. Алдарында айғыр стақан, арақ пен нан қиқымдары. Оқыстан келген колхоз председателін көріп, абыржып қалысты. Біреулері ебетейсіз қимылдап, шөлмектерді үстел астына жасырған болып жатыр. Өмірбек істің мәнін енді аңғарғандай. Әне бір төрде отырған бадыраң көз, шикіл сары есепші мұнымен кездескен сайын әлде бірдеңені айтып, жоқ нәрсеге таласа кетіп жүретін. Өмірбек: «Осы шіркін мас емес пе өзі!» — деп те күдіктенуші еді. Бірақ олай дейін десе, есепшінің бет құбылысында бір белгі жоқ. Содан: «Адуын бір қыңыр болар ма!» — деп қойған. Сыр енді ашылғандай.

Табалдырықта аңырып қалған Өмірбек бір тоқтамға тез келді де:

— Ішер көбейсін! — деп жылы сөйледі. Көзін тапқан ағын судай тарғыл күлкі дүрлей жөнелді.

— Ал қалған бірдеңелерің бар ма? — деді үстел басына таяп келген Өмірбек.

Шулаған жігіттер жамырасып, председательге стақан ұсынды. Өмірбек тартынбады, бір жүз грамды қағып жіберді.

— Е, түсінбей жүр екенбіз, өзіміздің адам ғой мынауың! — деп шықылықтады баяғы бадыраң көз, шикіл сары.

— Бөтен деп санап па едің?

— Қайдам, тік бақайлау жүргенге шошынып қалып едік, — деді шеткерірек тұрған шұбар бет, кең танау.

Адыраң көз, шикіл сары:

— Ертемен ептеп, осылай нетіп, аздап бас қосып алатын әдетіміз бар еді. Оны бұрынғы председатель де сезетін. Бірақ ісімізден ақау таппаған соң бетімізге келіп көрген емес, — деп әр жайды аңғартып, ақтарыла сөйлеген болды.

— Жұмыс дегенің, тәңірі, көрмеген дүние ме еді, тасқаяқтай қағыстырмаймыз ба?! — деп шұбар да сөз қосты.

«Көмекейлеріңді түсінемін», — деп ойлады Өмірбек. Содан кейін:

— Танысып алайықшы ең алдымен, — деп бадырақ көз, шикіл сарыға қарады. — Сен кімсің?

— Мен бе? Мен есепшімін.

— Сен?

— Есепшінің көмекшісімін.

— Ал сен?

— Бас бухпын.

— Ал сен ше? — деп Өмірбек әлгі бір кең танау, шұбарға бұрылды.

— Мен бе, Өмеке-ау, мен сізге көмекші емеспін бе?

— Түсінісетін бір нәрсе бар, — деді Өмірбек сәл ойланып. — Колхоз жәйін білесіңдер ғой. Істелінер жұмыс ұшан-теңіз де, соған қол күші жетісе бермейді. Ал сендер болсаңдар, тепсе темір үзетін соқталы-соқталы жігітсіңдер. Не бітіріп отырсыңдар бәрің ұйлығып осы жерде?

— Колхоз есебін жүргізіп... — деп міңгірледі бірі.

— Жоқ, сендердің нені жүргізіп келгендеріңді білемін мен. Бұлай болмайды енді, — ол шұбарға қарады. — Сен бүгіннен бастап колхоздан қалаған жұмысыңды ал. Маған көмекші дегеннің керегі жоқ. Керек бола қалған күннің өзінде де, бұл жұмыс әйелдің де қолынан келеді. Ал қалғандарың да сөйтіңдер, фермаға, немесе құрылыс бригадасына барыңдар, — деп Өмірбек үйден шықты.

«Шолақ кескен жоқпын ба осы?» — болды үйден шыққан Өмірбектің алғашқы ойы. — «Томаға тұйықтан сен анаған барасың, сен мынаған барасың, деп кесіп-пішіп тастамай-ақ, әуелі ескерту жасаса да жарайтын еді». Бірақ қанша шүбәланса да, адамдық ары сойталдай жігіттердің кеңседе отырып арақ ішіп, күн өткізіп жүргеніне тағы да бой көтерді. Қайтсе де Өмірбектің бұл шешімін Сәтімбай мен Қанатбай қатты қостады. Олардың айтуынша колхозшылар арасында ауа жайылушылық байқалса, соның демеушісі осы есепшілер тобы сияқты. Өйткені: «Балық басынан шіриді, ең әуелі аналарыңды тыйып алыңдар», — дегенді өзінің де естігені бар еді. Бұл шындық болып шықты. Сол топ ыдыратылғаннан кейін жұмыс кезінде «буыны босап» қалатындар некен-саяқ бола бастады.

Ауылда еңбек тәртібінің қалыптаса беруіне Өмірбектің ауыл шаруашылығын, оның ішінде техниканы жақсы білетіндігі көп әсер еткен сияқты. Бір күні сол Сәтімбай екеуі даланы аралап келе жатыр еді, жол үстінде тұрған жүк машинасын көрді. Жақындап келсе, шофер машина көлеңкесінде ұйықтап жатыр.

— Ау, мықты, мұның не жатыс? — деп Сәтекең бұрынырақ тіл қатты.

Шофер ең алдымен керіліп алды. Содан кейін аспай-саспай-ақ:

— Машинам жүрмейді, — деп ыңырана берді.

— Неге жүрмейді? — деп сұрады Өмірбек.

— Қайдам, от алмайды.

— Кәне, кілтіңді бере тұршы.

Шофердің түсі өзгеріп сала берді, оны Сәтекең де, Өмірбек те байқап қалды.

— Әкел, қорықпа, мен де өзің сияқты шоферлық курсты бітіргенмін. Не кінараты бар екен, бірлесе іздестірейік, — деп Өмірбек машинаға отырды. Анау кілтті ұсынып жатып колхоз председателі мінген жеңіл машина шоферіне көзін қысқан сияқты болды, айтпа дегендей.

Өмірбек стартерді басты. Машина шынында да от алмады, қақала берді. Өмірбек моторға үңілді.

— Ойбай-ай, подсосты ашып қойыпсың ғой. Карбюраторға бензин толып кеткен соң машина қалай тұтанбақ.

Бала қылмысты адамдай қипақтай берді.

— Осыны да білмейсің, қайтіп шофер болып жүрсің? Тегі, басқа жұмысқа ауысқаның жөн болар, — деп қойды Өмірбек қайтер екен дегендей.

Шофер бала шошынып қалды.

— Білем ғой оны.

— Білсең, неге істейсің?

Шофер желкесін қасыды.

— Түнде шала ұйқы болып едім. Бойдақ жігіттердің жәйін өзіңіз де білесіз ғой. Сонсоң, кішкене көз шырымын алайын деп тоқтап едім, — деп шынын айтты.

— Одан да солай көш, — деп Өмірбек күле сөйледі. — Қазір бір жарты сағат тыныста да, жұмысыңа жөнел. Енді қайтып мұндай қулық жасайтын болсаң, жақсылық күтпе менен.

Осы оқиғадан кейін машинам жүрмейді деп бір шофер айтпайтын болды. Мұны әсіресе Сәтекең қатты аңғарды. «Білген деген осы міне, біз болсақ, не істей алар едік?» — деп ойлады ол. Бірақ іштей разы болды да, Өмірбекке тіс жарып ештеңе демеді. Өз әдісін қара тоқпақ десе де Сәтекең де талайды көрген, «жағымпаздық» — дегеннің түтіні қайдан ұшатынын түсінетін адам болатын. Асылы, түсіне білу деген де екінің бірінің қолына келіп қона бермейтін құс қой.

* * *

Өмірбектің бұл колхозға келгеніне екі-үш айдай уақыт өтті. Осы аз мерзімнің ішінде бұрын бос белбеу ауыл психологиясында біраз өзгеріс болып қалғанға ұқсайды. Өмірбек ең алдымен басқарма отырысын тәртіптеді. Бұрын күн бата бастаса, таңға созылатын бұл отырыстың енді бас-аяғы бір сағатқа жетпейтін болды.

— Ұзақ кіріспе жасаудың керегі жоқ, ісіңнің тоқ етерін сөйле, нендей көмек керек, соныңды айт! - дейді ол колхоз белсенділеріне.

Наряд деп аталатын бұл отырыс аптасына екі рет, кешкі сағат бесте басталады. Кешігіп келген адамға штраф салынып, үш еңбек күні қысқартылады, әрі өзі нарядқа қатыстырылмайды. Бұл осындай бір отырыста ортаға салынып, мақұлданған шара еді. Оның қаталдығын таныту үшін Өмірбек бір нарядқа әдейі кешігіңкіреп келді.

— Кешігуімнің бір реті болды, бірақ ол себеп емес, деп Өмірбек жаңа есепшіге қарады. —Тәртіпті бұзғаным үшін үш еңбек күнімді шегер.

— Бір жолға кешіруге болады ғой, оқа емес! — деп біреу жалпақтай сөйледі.

Өмірбектің күткені де осы еді.

— Алған қаулыны ойыншық деп қарайсың ба?

— Жо... қ... жо... оқ.

— Ендеше неге сипай сөйлейсің? Бүгін мен кешіктім, ертең сен кешігесің, оқасы жоқ деп кешіре беру керек екен ғой. Біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы десек жұмыс істей алмаймыз. Шегерілсін үш еңбек күн.

«Мына баланың қуын-ай!» — деп іштей разы болып отырған Сәтімбай:

— Қаулының аты қаулы, үш еңбек күніне штраф салынсын. Әрі енді қайтып кешікпейтін болсын! — деп қойды.

Осыдан былай басқарма наряды айтқан сәтінде басталып, белгіленген уақытында аяқталатын болды.

Өмірбек бір күні Мырзаханов Әмір деген жігітті кеңсеге шақырды.

Әмір жас болса да, ауыл арасында жаман аты шыққан жігіт. Қит етсе жоғарыға арыз айдайды. Жұмыс істемейді. Колхоз белсенділерінің сүрінгенін аңдып, үйінде жата беретін мықтының өзі. «Маңайыңа үйір етпе. Ішіңе кіріп алады да, іштен шалып, құлатып жібереді» - деп ескерткен мұның қамын ойлаған кейбіреулер. Соған иланған Өмірбек:

— «үйреніскен жау атыспаққа жақсы... деген ғой, танысайын» деп шақырды.

Әмір кірпі шаш, еңгезердей қара жігіт екен, есіктен сөйлей енді:

— Бізді де керек ететіндер болады екен-ау.

— Жақсыға қашан да бір кісілік орын бар демей ме қазақ атаң. Керек етпесе, кінә өзіңнен болар, — деп Өмірбек әзілдей сөйледі.

— Жоқ, мен шындықты айтамын. Жақпасам, осы мінезімнен жақпайтын болармын.

— Мен сені колхоз шаруашылығына жаны ашығыш, турашыл жігіт, — дегенді естіп шақырып отырмын. Ақылдасатын мәселе бар.

— Құлағым сенде.

— Колхозда қырық мың қой бар. Орта есеппен алғанда дайындалған пішеннің жетпей қалу қаупі де жоқ емес.

— Пішен дайындау жөніндегі ақпарда қоспа бар екенін де ұмытпа, — деп қойды Әмір.

— Онда біздің хал тіпті қиын. Ең қиыны мал қысқы жайылымға көшеді. Ал азды-көпті пішен - шөбің мына Мақпал бауырында. Сонда қыстың қарлы боранында мал азығын қалай тасып бермекпіз?

Әмір қалтасынан қалыңырақ бір конвертті суырды.

— Мен, міне, осы жайында обкомға жазып едім. Өзің шақырып алып, ақылдасып отырсың. Енді жөнелтудің жөні болмас. Осы арада-ақ шешерміз. Аш та, оқы! — деді ол.

Әуелде Өмірбек шошыныңқырап қалып еді, оқи келе көңілі орнығайын деді. Өйткені Әмір де мұның өзін толғантқан жайды жазыпты. Оның арызында көңіл аударарлық екі ұсыныс бар екен:

«Малдың қысқы жайылымы деп аталатын Ащылы қайнар мен Шағырлыда, Тасқұдық пен Көктөбеде жалпақ жондар бар. Соған көктемде жоңышқа егу керек.

Екіншіден, малды жазда тауға ұстап, қыста бораны қатты төменгі жазыққа түсіру де жаңсақтық. Боранды - шәшінді лайсаң күндерде де тау іші жылы болады. Біраз қойды осы жерде ұстау керек».

Өмірбек ойланып қалды. Шынында да осы арадан тракторлап шөп тасып майып болғанша, сол далаға неге жоңышқа егіп тастамасқа?! Қойдың біразын тау бөктерінде неге қалдырмасқа?!

Бұған қарсы осында құлағына сіңген бірер пікір өре түрегелді.

— Ол далада су жоқ. Жоңышқа шықпайды.

— Жаз жайлаған тауда ырыс жоқ. Әрі қар қалың түседі.

Әмір үндемей қалған Өмірбекке қарады. Құдды күдігінің үстінен шыққандай:

— Жоңышқа өспейді деген бос далбаса, жоңышқа өскенде қандай, әдемі өседі. Тек қар суын пайдаланып ерте себу керек, — деді ол. — Тауға қар қалың түсетіні рас, бірақ шыңылтыр аяз болмайтындықтан үнемі ұлпа болып жатады.

Арызқой Әмір де Өмірбекке ұнап отыр.

— Егер біраз қойды қақпалап осында қалдырсақ, жауапкершілігін өз мойныңа алар ма едің? — деп сұрады ол Әмірден.

— Сеніп тапсырсаңдар, неге алмайын. Аламын.

— Ал онда келістік соған. Тек бір ғана тілегім бар, — деп Өмірбек күлді. — Ауылың сені жақсы атамайды. Арызқой Әмір дейді екен. Бұдан былай арыз жазсаң, бірігіп отырып жазсақ қайтеді? Мүмкін осы жердің өзінде-ақ шешерміз. Шеше алмасақ, бетіңнен жарылқасын, тиісті жеріне айдап жіберерміз.

— Мұндай сөзге құлдығың болып кетесің ғой, — деді Әмір.

Осыдан бірнеше күн өткен соң негізгі отарлардан биылғы төлдер бөлінді де, жаңа ферма құрылды. Құрама жиналысында бұл ферманың бастығы болып Мырзаханов Әмір тағайындалды.

* * *

Сөйтіп, колхоз шаруашылығы бір ізге түсе берді. Ең алдымен, бір миллион екі жүз мың сомға жаңа шеберхана сатып алынды. Енді артельдегі елуге тарта трактор, отыз жүк машинасы, сол қарайлас комбайн осы ауланың өзінде-ақ жөнделетін болды.

Жас балалы әйелдердің жұмысқа шығуы тым қиындай берген соң, Өмірбек бұрынғы председательден өзіне ауысқан үйді балалар бақшасына берді.

— Апырау, өзің қайтесің? — дегендерге:

— Үй іші көшіп келгенше бір жөні болар, әзірге пәтерде де тұра тұруыма болады ғой, — деп жауап берді. Сөйтіп, аз күннің ішінде алпыс орындық жақсы балалар бақшасы ашылды. Оған керек-жарақтың бәрі қаладан алдырылды.

Содан кейін ванна, душы бар елу кісілік үлкен ақ монша қатарға қосылды. Ескі клуб жөнделді. Осы күзде орнатылған жас бақ ішінен би алаңы ашылды да, биік бағанаға репродуктор орнатылды. Ауыл жастары кешке сол төңірекке топталатын болды.

Бұрын ауыл ауыз суға да тапшы екен. Өмірбек мұны кезек күттірмейтін мәселенің бірі деп қарап, облыстық су шаруашылығы мекемесінен мамандар алдырды да, орталықтан шыңырау құдық қаздырды, әр көшенің пұшпағына колонкалар орнаттырды. Су көбектері қаладағыдай жер астымен жүргізілді. Колонкадан алғаш рет су аққан күні ауыл әйелдерінің қуанышында шек болған жоқ. Еңкейген қарт, еңбектеген балаға дейін әлдебір есте қаларлық оқиғаны айтқысы келсе - әлгі артезиан құдығынан су атқылаған күні... — деп бастайтынды шығарды.

Осының бәрі де айқай-шусыз орындалып жатты. Сәтімбайдың қайран қалатын бір жәйі бар. Ол өзі бастық болып жүрген кезде шаруашылықтың бәрін өз қолында ұстауға тырысушы еді. Жұрт түшкіріп салса да жәрекімін бұл айтуға керек. Көлік сұраған да, паек сұраған да, — бәрі де Сәтекеңе келетін. Сәтекең мұның бәрін колхозда еңбек тәртібін орнатамын деп істейтін. Сонда да не керек, кейде жұмысқа шығыңдар деп бригадир орнына үй аралап кететіні де болушы еді-ау. Өмірбек болса, тіпті бұлай емес. Ол бірінші күннен-ақ «мұндай мәселемен енді қайтып маған келмеңдер. Сәтекеңе барыңдар, - сол кісі шешеді...» - деп кесіп айтты. Сәтекең ойлап қараса, ол қазір орынбасар болып отырып, бұрынғы бастық кезіндегі шаруаны атқарып отыр екен. Сөйтсе де тізгін Өмірбектің өз қолында. Жұрт осыны көбірек сезінеді де, оны көбірек сыйлайды. Сәтекең мұны қызғанбайды. Қайта жаңа бір дүниеге көзі ашылғандай. «Бастық болсаң, осылай бол, біз бұрын бастықпыз деп қаукөрік болып жүріппіз де, бригадирдің жұмысын атқарыппыз ғой» — деп түйеді ол өз ойын.

Сәтімбайдың тағы бір қайран болғаны - сиыр базын салу жөнінде басқарма отырысында бір тоқтам болып, құрылыс бригадасы Мақпал тауының бауырына жіберілген. Арада бірнеше күн өткен соң Сәтекең сол жерге барса, баз емес сауыншыларға үй тұрғызылып жатыр екен.

— Бұларың не?

— Бастықтың бұйрығы солай.

Шаруа жәйін жақсы білетін Сәтекең ренжіңкіреп қалды. Міне, күздің қара жаңбыры басталып кетті. Қорасы жоқ мал қайда тұрмақ?

— Рас, күздің қара жаңбыры басталды. Суық түсті. Баспанасы жоқ адам қайда паналамақ? — деп жауап берді Өмірбек. — Шын қысылса, соқыр көзден жас шығады дегендей, сондай бір күн туса, төлді үйге де сақтауға болады. Ал қандай бір қиындық болмасын, адам мал қорада тұра алмайды.

Сәтекең қайырып ештеңе айтпады. Қайырғанда не десін. Өмірбектің сөзінде терістік жоқ. Мына қыстың тап есікті қағып тұрғаны ғой оның қысылатыны. Әйтпесе сауыншыға үй салу дегенге қарсы бола ма! Терлеуге тура келді. Колхоз белсенділері, оқушылар мен мұғалімдер сенбілікке шақырылды. Ақыры олар бұл қиындықты да жеңді.

* * *

Сентябрь түсісімен Әмірқұлдың фермасы тауда қалдырылды да, былайғы қалың отарлар төменге — қысқы жайылымға бет алды. Оларды көп жерге дейін Өмірбектің өзі шығарысып салды. Жолда шопандармен әңгімелесті. Жәй-күйімен танысты. Солардың ішінен Өмірбектің көзіне ерекше түскен екі шопан болды. Бірі — Досболов Жайлаубай, екіншісі Шүкенов Байданқұл еді. Бұл екеуі де өз алдынан жауға да, жұтқа да соқыр лақ бермейтін, колхоздың қара табан малшысы. Қонарын сай, көшерін жел біледі дегендей, олар жаз тауды жайлап, қыс төменге түседі. Ақ түтек боранмен, ұлыған бөрімен алысады. Шіркін, еңбек деп малшы еңбегін айтсаңшы! Сөйткен Жайлаубай мен Байданқұлдың колхоз орталығында баспанасы да жоқ екен. «Осы жұртта жарамсақтық көп. Мен үйімді балалар бақшасына бергенімде, өзің қайда тұрасың деп бәйек болғандар мына шопандар жәйлі тіл қатпады-ау. Тегі, олар адамды емес, орынды құрметтейді ғой», — деп ойлады Өмірбек.

Бұл жолдан осы бір ойды түйіп қайтқан ол сол бетінде үй ішін көшіріп алмақ ниетпен облыс орталығына келді. Бұрынғы өзі қызмет істеген мекемелерге барды. Облыстық атқару комитетінде болды. Іздегенге сұраған дегендей, әйтеуір, іздене де, сұрана да жүріп құрамалы он үй сатып алып қайтты. Көп кешікпей колхоз орталығындағы аласа кепелер сыпырылды да, көк шатырлы, верандалы, бір орталықтан жылытылатын еңселі үйлер пайда болды. Енді бұл үйлерге кімдер шығу керек деген сұрақ тұрғанда Өмірбек ең алдымен Жайлаубай мен Байданқұлды атады.

Ойлап қараса, бір отарда бес жүз қой болады екен. Мұны ерлі-зайыпты екі-ақ адам бағады. Сонда бір отар қойдың еті мен жүнін, алынған төлін шамамен алғанда, жаңағы ерлі-зайыптылар колхозға жыл сайын қырық мың сом таза табыс кіргізеді. Өмірбек басқарма отырысында осы есеп-қисапты дәлелдеп берді де:

— Қайтсе де шопан еңбегі адал. Үйді ең алдымен Байданқұл мен Жайлаубайға беру керек, — деді.

Сөйтіп, көктемнің бір шуақ күнінде екі шопан колхоз орталығына шақырылды. Электр сымы тартылып, саңғырап тұрған екі үлкен үйдің кілті ұсынылды оларға.

Сөзге шорқақ Байданқұл бірінші болып сөйледі.

— Бұрын мал - мал деуші едіңдер. Сонда біз тұрып: «Е, несіне арам тер боламыз, мал бақташысы табылды ғой» — деп келуші едік. Енді мал баққан адамның қамын жегендерің әбден дұрыс. Осыларыңмен бізге бір міндет қылғандайсыңдар. Өйткені, сендер бізді ойласаңдар, біз малды ойлаймыз. Айналып келгенде есептерің түгел, — деді ол.

Бұл әркімді - ақ ойландырар сөз еді.

* * *

Бұл колхоз қыстан қысылыңқырап шықты. Әмірқұл айтқандай мәліметте де қоспа бар екен. Қыс аяғында мал азығының тапшылығы сезілді. Ара-тұра шығын болғаны да рас. Бірақ осы қиындықтан шаруалардың өздері алып шықты. Олар өз аулаларынан жинап алған жоңышқаны ортаға салды, десек те, бұл «суға кеткен тал қармайдының» кері ғой. Қырық-елу мың қойды аядай аулада өскен жоңышқамен қанша қыс асырауға болады?

Осыны ойлаған Өмірбек Әмірқұл ұсынысына оралып соға берді. Оның үстіне биыл тауды қыстап қалған тұтас фермадан бір қойдың сетінемеуі - көп нәрсенің бетін ашқандай. Әрі Әмірқұл да өз ісіне жауапты қарайтын тыңғылықты жігіттің бірі болып шықты. Осы жайлар оны бір тоқтамға еркін жетелеп әкелді де, Өмірбек тәуекелге барды. Колхоздан екі мың бес жүз сом қаражат шығарып, жоңышқа тұқымын сатып алдырды да, көктем келісімен қысқы мал жайылымына апарып алты жүз гектар жерге ектіріп тастады.

«Колхоз дәулетін босқа шашып жатыр, сусыз жерге жоңышқа шықпайды», — деп сәуегейсігендер де табылды. Ондайларға Өмірбек:

— Бұрау басын сындырмай, үйінде жатқан ғана қателеспеуі мүмкін. Ал, мен болсам, осы колхоз үшін бірдемелер тындырып жүргенге ұқсаймын. Қателесуім ықтимал! — деп жауап берді.

Көктемгі егіс аяқталса, пішенге түскенге дейін біраз бір күндер болады. Бұл шаруа адамының арқасы босайтын бір шақ. Өмірбек осындай бір кезеңді пайдаланды да, демалыс алып, облыс орталығына аттанды.

Шаруа баққан адамның әр нәрсені орайластыра жүретін әдеті емес пе, Өмірбек жолшыбай қысқы мал жайылымына соға кетуді мақұл көрді де, Тасқұдыққа тартты.

Мұндағы көңіл тойдырарлық бір нәрсе — қар суымен егілген жоңышқа қаулап өсіп, бойлап қалыпты. Тіпті кей жерлерде шешегін де жара бастаған. Тез шабу керек екен, — тегі, күзге дейін екі оруға болады-ау, сірә, — деп ойлады Өмірбек. — Рас, қолдан суарылса жоңышқаны бір жазда үш-төрт мәртебе де оруға болады. Бірақ биылғы жыл үшін бұл да табыс. Ең қолайлысы — қыста осы өңірді жайлайтын малға екі жүз шақырымнан пішен тасылмайтын болады енді.

Осындай қуанышпен ол қалаға келді. Колхозға жаны шын ашитын адам демалыстамын деп шалқайып жата ала ма. Пішенге түсер мезгіл де таяп келеді. Шөпті шабу оңай - ау, бірақ соны үю бір машақат болғалы тұр. Қол күші жетпейді. Ал шөп айырлайтын машина дегенің бұл ауылдағылардың түсіне де енбепті. Жатпай-тұрмай сондай бір төрт-бес машина сатып алу керек.

Өмірбек осы мақсатпен облсельхозтехникаға барып еді, ойда жоқта Мұстафа деген бір жолдасымен жолығыса кетті. Ол бұрын Өмірбекпен бірге оқыған еді, енді осындағы облыстың бір мекеменің бастығы болатын.

— Ауылға барам деп не болып кеткенсің, жаным - ау? - болды досының алғашқы сұрағы.

Өмірбек бұған әдепкіде мән бермеген еді, былай шыға бере жәбірленіп қалды. Өмірінде пәлен болсам деп арман етіп, шен қуып көрген жоқ-ты, алайда неге екенін кім білсін, дәп мына арада: «Қалада істеп жүре берсем ғой, ендігі мен де бір қазанның құлағын ұстаған болмас па едім, - деп досына сәл қызғаншақтық білдірді. - Шынында да мен осы не болып кеткенмін? Кирзе етік, фуфайка дегеніңді колхоз председателінің маңдайына жазып қойып па». Осыдан кейін ол баяғы ықшам шалбарын, жеңіл шебелетін, сырттан салатын шолақ жең әсем көйлегін киіп жүретін болды. Бұрынғыша шашын өсіре бастады. Демалыс бітіп, ауылға аттанар күн де таяп қалды. Соны естіді ме, кім білсін, Мұстафа телефон соғып, мұны қонаққа шақырды.

— Келмей қалып жүрме, басқа да шаруа бар, — деп қойды ол.

Кешке Мұстафаның өзі есік алдына шығып қарсы алды мұны.

— Міне, енді адам болыпсың ғой, — деп әзілдеп, үйге алып жүрді. Жылы да сәнді бөлмеде, мол дастархан үстінде шынайы әңгіме басталды.

— Достым, саған менің көңілім толмай жүр, — деді Мұстафа. — Қаладағы үй - жәйіңді тастап сенікі не осы? Балаларды үйренген мектебінен, Күлтайды кинотеатрынан айырдың. Сен мұныңды қой. Біздің мекемеде бір бөлім бастығының орны бос. Жалақысы тым жақсы. Сен сол орынға келетін бол. Көнсең болды, басқасын өзім тындырамын.

Өмірбек колхозды мақтай бастап еді, Мұстафа оны сөйлеттірмей тастады.

— Немене, мені колхоз құрылысының жауы деп ойлайсың ба. Сен бір-ақ колхозда отырсың. Ал, мына біздің мекемеге ондаған колхоз қарайды. Бұл орында отырсаң, сен сияқты маманның шарапаты бір ғана колхозға емес, жаңағы ондаған колхоздың бәріне де тиетін болады.

Мұстафаның сөзінде жан бар сияқты-ау осы. Өмірбек ойланып қалды.

Екі дос түннің бір уағында ажырасты. Өмірбек колхоздан босап келмек болып ауылға тартты.

Жұрт клубқа лық толды. Өмірбек әдейі баяғы қала киімін киіп келді. Ең әуелі, өзі келгеннен бергі жұмысқа қысқа ғана ақпар берді. Содан кейін:

— Ал, ағайын, араларыңда біраз күн дәмдес болдым.

Қолдан келгенше аянып қалғаным жоқ. Енді маған рұқсат беріңіздер, - деп өтінішін айтты.

Жұрт шу ете қалды.

— Неге бізден жерідің? Себебі не?

Өмірбек мұны бір шу көтеретін мәселе болар деп ойлаған жоқ еді. Қапелімде жауап таба алмай қалды.

— Неге кетпексің, соныңды айтшы?

Ебін таппаған туз жалайды дегендей, Өмірбек жоқты сылтау етті:

— Мен қалада өскен адаммын, әлгі керзі етік, фуфайка дегенің жалықтырып болды әбден.

— Сол да сөз болып па. Дәлел емес, — деп дауыстады залдағылар.

Өмірбек енді жол тауып кетті.

— Е, былтыр тәуір-ақ сөз еткен жоқ па едіңіздер!

— Ой, тәйірі-ай, көпшілік болған соң не делінбейді.

— Босатылмасын!

Сөзді қазір колхозда шаштараз болып істейтін баяғы қауға сақал алды.

— Өмірбек шырақ, сен бұл колхоздан кетпе. Шаруа жәйін білетін, тыңғылықты бала екеніңді таныттың. Білмеген адам у ішеді демей ме атаң қазақ. Ол білместіктен туған жәй. Кім не киеді, онда біздің шаруамыз жоқ. Қаласаң қалаша киін, қаламасаң далаша киін. Өз еркің. Бірақ біз сені босата алмаймыз.

«Ие, босата алмаймыз. Қалай киінсе де өз еркі!» — болды жиналыстың ақырғы қорытындысы.

* * *

Өмірбек пен Қанатбай, Сәтімбай үшеуі жиналыстан бірге шықты.

Клуб пен колхоз кеңсесі жас отырғызылған аумақты бақша ішінде еді. Бақша аласа балшық дуалмен қоршалған болатын. Қақпаға келгенде Өмірбек сәл аялдаңқырай берді.

— Сәтеке, ендігі жұмысты осы дуалды қиратып, шарбақ жасаудан бастауымыз керек. Ертең трактор шақырыңыз. Облыстан ағашқа наряд алып келдім.

— Сәтімбай үндемей қалды. Оған себебі де бар. Осыдан біраз жыл бұрын бұл дуалды Сәтекең өзі қалатқан болатын. Ең әуелі, ол дүйім жұртты жинап алып, тазалық, мәдениет туралы кең түсіндірме жасаған. Содан колхоздың бір-екі бағланын шалып, көпті сенбілікке шақырып еді. Дуал қаланып болған соң, әлдебір керемет істі тындырып тастаған адамша, талай күн көтеріліңкіреп те жүрген. Сөйткен Сәтекең қалай үндесін енді.

— Шынында, осы бір балшық дуалдар көшелердің де, үйлердің де шырқын алып болды. Құрту керек, — деп парторг Өмірбекті қостады.

Ақылды Сәтімбай ойланып барып: «Жан бар сияқты-ау бұл сөзде. Ана Байданқұл мен Жайлаубайға берілген еңселі көк сырлы үйлерді балшық дуалмен қоршаса, не сәні болар еді?! Соқыр болыппыз ғой өзі» — деп түйді. Байымдаса, Өмірбек бір қырдан асып түскендей. Сын қырқасы. Жас қыранның шын қияға самғайтын шағы енді келген сияқты.

1961


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз