Өлең, жыр, ақындар

Менің ауылым

Солтүстікте бір қанаты Сібірдің қалың орманына сүңгіп, ал құбыла жағы керілген ақ селеулі кең жазыққа айналып кететін бір аудан бар — Преснов ауданы. Қайтып оралмас балалық шағымды өткізген ыстық өлке бұл маған. Мен міне сол ауылыма асығып келемін. Себебі, осы бір ыстық ұядан ұшқаныма, еңбекқор, сауықшыл ортадан кеткеніме көп жыл болды. Сол елден саран келер хаттарда үнемі қайталап айтылар бір жәй бар еді: ауылда ұлан — қайыр өзгеріс болып жатыр. Колхоз байыды, ел тоғайды. Кел. Өз көзіңмен көр! — дейтін.

Не өзгеріс бар екен? Қалай өзгерді екен?

Мен көзімді жұмамын. Туған ауылым елестейді. Жаңарған, байыған ауыл емес, баяғы өзім кеткендегі жұпыны, жүдеу ауыл болып елестейді.

Жасыратын несі бар, ол кезде мен өскен Аманкелді атындағы колхоз тым күйсіз еді-ау. Міне, жетпіс жастағы палуан денелі Ыбыш қарттың үйі менің көз алдымда тур. Бұл үйден соқтауылдай төрт еңбек иесі шығатын еді. Ыбыш қарттың өзі астық сарайын күзететін. Үлкен баласы Мұхамеджан қысы-жазы демейтін, сиыр соңында жүретін. Құрманы болса құрылыс бригадасында, ал келіні Дәмен сауыншы еді.

Осы бір тату, еңбекқор семья әр жыл сайын екі-екі жарым мың еңбеккүн тауып отыратын. Сол еңбегіне Ыбыекең неше пұт астық, неше мың ақша алатын еді дейсіз ғой. Айтайын: еңбеккүнге ақша алу дегенді ол кезде бұл колхоздың шаруалары мүлде білмейтін-ді. Ал астық болса, о да тапшы еді. Шығымсыз жылы Ыбыш сияқты жанды - жақты үйдің бірер ай талғажау етуіне жетпейтін. Ал шыққан жылы ысырап болатын. Шаруа адамы бір ғана астыққа қараған соң киер киімі мен ішер шайының да, сояр соғымының да салмағы келіп сол астығына түсетін.

Колхоз мемлекет қарызынан құтыла алмайтын. Март туысымен «Тұқым жетпейді» — деп ауданға шауып жүретін бастықты көретінсің. Онда монша, клуб, диірмен дегенді де білмейтінбіз. Колхозшылар алты ай жаз, алты ай қыста бір де бір кино көрмейтін. Әр үйдің босағасында мехнат пен сордың дәл бір өзіндей болып қол диірмен тұрушы еді.

Ал міне, менің сол ауылым өзгеріп кетіпті. Мен сол өзгерген ауылымды көрсем деп асығамын.

***

Ел шегіне де іліктік. Бұрын ат-арба ғана жүретін ескі сүрлеу үлкен машина жолына айналып кетіпті. Сол жолмен зулап келеміз. Машина міне бір шоқ ағаштың ішіне сүңгіп барады. Көзге ыстық, Көсеней шоғы деген таныс ағаш. Осы орманның ар жағында тусырап жатқан ақ селеулі жалпақ жөн бар. Сол жонды ассаң болды, арғы ойда бір тамшы көз жасындай мөп-мөлдір, дөп-дөңгелек болып кішкене көл жатады. Мен туып өскен колхоз мекендейтін Ылыя көлі ол.

Осылай әр бұтасы өзіме таныс туған жермен ойша ілгері кетіп қалып едім, машина Қосеней шоғынан шыға бере кенет жалт бұрылды да, мен көрмеген жаңа бір жолға түсті. Ауыр машинаны жеңіл құйғытып келе жатқан кішкене бойлы бала шофер Жадыра Нұрқанов менің өңімдегі сұрауды аңғарды білем:

— Қазір тура жол жоқ, ана алдымыздағы жалпақ жөн түгел айдалып тасталған, — деді. Содан кейін: — Баяғы өзіңіз көрген дала емес бұл, мүлде өзгеріп кетті. Ал сол өзгеріс дегенің мына жолдан басталған, — деп күле сөйледі.

Жас шофердің осы бір ойлы сөзін қуаттап келемін. Сонда да менің көзіме өзгерістің басы дәл осы баланың өзі секілдене береді.

Жадыра бір кезде дәл осы ауылда менің алдымда сабақ оқыған еді. Жасыратыны жоқ, нашар оқыған. Кластан класқа көше алмай отырып қалған кездері де болған. Неге екенін өзім де білмеймін, әйтеуір осы Жадыра келешегін көп ойлай беретін болдым. «Сабақты нашар оқиды, не адам болады бұл?» — деген сұрақ күндіз-түні ойымнан кетпейтін. Содан болса керек, бір күні мен оның әкесі Тоққожин Нұрқанмен сөйлестім.

— Жадыра оқу оқып мандытар түрі жоқ, трактор курсына жіберіңіз, — дедім. Жадырам теріс айналып кетті. Дүниенің ащысы мен тұщысын көп көрді деген Нұрекеңнің өзі де ұнатыңқырамай қалды.

— Трактор айдап жүргендердің қарық болып жатқаны белгілі ғой осындағы. Үсті-басын майлағаннан басқа не табары бар? — деп бір-ақ қайырған.

Міне, бұл сондағы Жадыра.

Сол жәйді мен оның есіне салдым.

— Ол кезде трактористердің табысы аз еді ғой. Ремонт дегенің де шала жүргізілетін. Алты күн жүрсе, алпыс күн азасы болмаушы ма еді. Қазір жағдай басқа. Тіпті бұл күнде солардан мол табысты халық жоқ. Енді тракторға баруға әбден болады, — деп жауап берді ол. Орнықты жігіт болған. Өзі жуырда ғана үйленген екен. Әлі де еңбектен қалмаған әкенің қазіргі қолғанаты, келешектегі мықты тірегі сияқты.

Жадыра тағдыры мені қатты қуантты.

Бұл бұрын «Ылыя», «Талпын» деген қойындас жатқан шарқы шағын екі колхоз еді. Жаны аралас, қойы қоралас дегендей, көршінің ішіндегі татуы да солар болатын. Міне, енді орайы келген соң іріленіп, мал-мүлікті қосып бір колхозға айналған.

Біз ең алдымен туған колхоздың бірінші бригадасында болдық. Аумақты орамды қоршап алған үлкен ауланың іші толассыз қимыл. Қырман қақпасында үлкен автотаразы тұр. Араша құжынаған көп самосвал машиналар әлсін-әлі сол таразыға келіп сәл кідіреді де, үлкен сарайға ене беріп қанатын қомдаған бүркітше жауырынын күдірейтеді. Содан кейін артында шұбалған шаң қалдырып, қыр асып бара жатқанын бір-ақ көресің. Бұл шақта колхоз даласында отыз алты комбайн жұмыс істейді екен. Содан түскен астықты тасып үлгеру оңай шаруа емес қой.

Баяғы таныс та жақын адамдар. Міне, мынау ауылда «адал сары» атанған Молдаш Мұсабаев. Шынында колхоз шаруашылығына жаны ашитын адал сарының дәп өзі. Оның ұзақ жылдық іс-тәжірибесі соны танытады. Молдаш соңғы жиырма жыл бойына колхоздың есеп - қисабын жүргізді. Енді шаруашылығы ұлғайған ірі колхоз председателей орынбасары. Өзгермеген. Ақырын ғана күңк ете түсіп теріс айналып кететін, сонда да дегенін істеттіретін баяғы қалпы.

— Осы бес күндікте мемлекетпен есеп айырысамыз ба деп едік, әбігер болып жатырмыз, — деді ол бізді қарсы алып тұрып.

Әбігер болып? Жо-оқ Қарбаластық бары рас, бірақ әбігерлік сезілмейді. Жұрт қимылы баяу секілді. Дән ақтағандардың ішінен тіпті маңдайы жіпсіген бірін көрмейсің. Оның себебі де бар. Мұндағы азғана топтың көбі бақылаушы ғана. Он екі киловаттық кішкене мотор дамылсыз жұмыс істеп тұр. Осындағы дән ұшырғыш, дән ақтағыш, дән артқыш құралдардың бәрін де қозғалтып қойған сол электр қуаты. Машина қимылы шапшаң да, адам қимылы паң көрінеді. Ал олар тап осылай паң жүріп-ақ күн сайын мемлекетке жиырма мың пұттан астық өткізе алады екен. Бір күнде жиырма мың пұт!

Менің есіме осыдан он жыл бұрынғы егін орағы келіп түседі. Шын қызыл танау әбігерлік сол кезде болатын еді-ау. Жұрт көбіне жұмысқа шықпайтын. Біреудің басы ауырады, біреудің балтыры сыздайды. Әйтеуір жұмысқа шықпауға дәлел табылады. Колхоз белсенділері әр үйдің есігін қағып жүргені. Біреуге ұрсады, екіншіні қорқытады, үшіншіні балаға ұқсатып алдамақ болады. Ырың-жырың бір дүние. Осындай халде колхоз председателі қарап отыра ала ма. Белсенділердің соңынан өзі жүреді. Тіпті асқынып кеткен бір шақ болса керек, бір ретте атқа мініп алып: «Өрт! өрт! қара өрт қаптап келеді. Алдынан шығыңдар!» — деп көшеде шапқылап айқайлағаны да болған. Енді байқасам, жұмысқа құлықсыздықтың басты себебі — алар табыстың мардымсыздығында екен.

Қайтсе де тәртіпке мойын сұнған адал халық қой, сәске түсте болса да қырман басына жиналатын. Ондаған күрек аспанға көтеріледі, бидай ұшырады. Үш тағанды мосыда қол елеуіш изеңдей бастайды. Сөйтіп жүргенде кіші бесін болады. Қырық рулы елдей одан -бұдан құралған өгізді, атты, сиырлы астық керуені мемлекет қоймасына қарай ұбап -шұбап жөнеле береді. Енді бір уақытта күн ұясына қонады. Қыбырлай басып қыр асып бара жатқан үлкен көшке ұзақ қарап, ұзатып салған жаңағы Молдаш Мұсабаевты көретінсің. Сонда ол айрықша бір ырзалықпен:

— Бүгін, міне екі жүз пұт астық жөнелттік, — деуші еді.

— Екі жүз пұт?!

Бұл кешегі мен бүгінгі күннің адымы. Осы бір «кешегіміз», «бүгінгіміз» — деп өткендегі шағыңды қазіргінің молымен салыстыра беру дегеннің өзі жауыр болған көне әдіс қой. Алайда араға талай жыл салып оралғанымда туған ауылымда болған өзгерісті осылай салыстырмаққа амалым болмады.

Мен Ыбыш қартпен осы қырман басында кездестім. Баяғы тың да сергек қалпы. Ыбекең өз үйінің үлесіне тиген астықты ала келіпті.

Бірақ бұрынғыдай қаппен де, көлікпен де емес, үш тонналық екі машинаны бастап келді. Машиналарды таудай болып оқшау үйіліп жатқан алтын дәнге жіберді де, өзі бізге беттеді.

— Ыбеке, мұншама астықтың бәрін қайта бермексіз? — деп қалжыңдадым мен.

Қарт таяғына сүйене беріп мұртынан күлді:

— Тұқымын құйып ала алмаған колхоз болса, қарызға беремін.

Колхозда ұзақ жыл кілтші болып істеген қара мұрт Әлмырза сөзге араласты:

— Бұрынғы іріленбей тұрған кезде колхозға керек тұқым қоры осы мына биыл барып Ыбекең албарына үйілетін астықтан асып та кете бермейтін.

— Жөн айтасың, — деп біздің қасымызда тұрған бетінде қорасан дағы бар мысық көз жалпақ сары Әлмырзаның сөзін тірілтті. Бұл колхоз ұйымдасқаннан бері адал еңбек етіп келе жатқан Бисәрінің Рамазаны. Екі сөзінің бірінде «Ой, доңыз!» — деп сөйлейтін болғандықтан ел ішінде «Доңыз» аталып кеткен бір доға, қатал адам. — Биыл астыққа шаш етектен болатын түріміз бар. Тіпті егін шықпайды дегенді ұмыттық қой, шырағым. Шүкіршілік. Ал бір кезде жүгерінің қара көжесіне тарыққан күніміз де болған. Сен бала едің онда, біле бермеуің де мүмкін, — деді Рамазан.

Жоқ, мен бала болсам да көжелікке зар күнді ұмытпаппын. Аты-шулы 1931 жылдың көктемі. Қыс бойы ақ түтек боранмен, аштықпен, колхоз құрылысының жауларымен алысып шалдыққан ел егінге шықты. Бір жақсысы колхозға арба-арба жүгері келе бастады. Жұмыс істегендер енді паек алатын болды. Ертемен еңбек істеуге жарайтындар жұмысқа аттанады. Қос басында осы Рамазанның әйелі Айша екеуіміз-ақ қаламыз. Мен бала болғандықтан қаламын. Ал Айша болса ас пісіреді. Жұрт оған өлшеп көжелігін қалдырып кетеді.

Кіші бесінде Айша от жағады. Кішкене қазан асылған шағын ошақтар жыпырлай бастайды. Мен де қарап отырмаймын. Шөпшек теріп әкеліп көмектескен боламын. Сөйтіп жүргенде кеш түседі. Күн ұзақ бас білмейтін асау да арық-тұрақ сиырмен алысып, арып-ашып шаршап жер жыртып келген жұрт жүгері көжеге жапырласады. Ал Айша болса өз қазанын сонда ғана көтере бастаушы еді. Өйткені Ракең әйеліне сенбейтін. Жүгері салған жәшіктің кілті үнемі өз қалтасында жүретін. Көженің татымын байқаймын деп ожаудан ұрттамақ болған Айшаның талай рет сөгіс те естігенін білемін. Рамазанның сондағы: «Ой, доңыз, менен бұрын ауыз салып әкетіп бара ма, тарт қолыңды!» дейтін сөзі күні бүгін құлағымда тұрғандай.

Сөйткен Рамазан міне енді адал еңбегінің арқасында ауылдағы мол дәулетті, іргелі бір үйге айналған. Баяғы ұсақтықтың ізі де жоқ. Қолы ашық, қонақ асыға мырза үй. Бір дәм үстінде әңгіме сол жүгері көже жайына ауысып кетіп еді. Ракең:

— Қайдағы жоқ естеріңе келеді екен түге, одан да мына дәм алыңдар. Кісіні кісі жазғыратын заман емес-ті ол кез, — деп қызарақтай сөйледі. — Адал еңбек еттік. Үкімет жарықтық жеткізді міне.

Осы ретте мен екі нәрсені ойға түйемін: біріншіден, колхоздасқаннан бергі жиырма -жиырма бес жыл адам табиғатын мүлде өзгертіп жіберген. Кісіні кісі жазғыратын заман болмай-ақ қойсын ол кез. Сонда да колхозшылардың көбі сеніп Айшаға көжелігін қалдырып кетіп жатқанда өз әйеліне күдікпен қарайтын Рамазанға не күн туыпты?! Бұл «адамға адам қасқыр» — деген ескі заман мінезінің салқыны болса керек-ті. Соны табиғаты өзгерген Ракеңнің өзі де түсінген енді. Қызарақтайтыны да содан.

Екіншіден, еңбек бейнет емес, зейнетке айналған. «Пәленше өткен жылы пәлен істеп еді, пәлен мың тапты ғой», — деген екінің аузынан шығар мақтаныш сөз. Бұрын жұрттың жұмысқа қалай шығатынын айттым ғой жоғарыда. Ал енді бірлі-жарым кежір, керенау табыла қалса, «селеңдеп бос жүреді, не оңар дейсің!» — деп көпшілік ондайды айыптап отырады екен.

Қызық бір жәй: әуелгі күндері мен ертемен шырқап салған әннен оянып жүрдім. Әсем саз тербеп оятады мені. Жүгіріп сыртқа шығамын. Жүк машинасының үсті сахна іспеттес. Көңілді жастар кетіп бара жатады. Кейін білдім, бұлар фермадағы жастар екен. Жұмысқа машинамен барады, ән шырқап барады, жұмыстан машинамен қайтады, ән шырқап қайтады. Бұл мені айрықша қуантады. Өйткені сонау сиырмен егін салып жүрген кезде жұмысқа өлеңдетіп шығу деген дәстүр болмайтын. Себебі де бар. Ондағы еңбектің зейнеті жоқ та, бейнеті көп, рахаты аз да, азабы мол еді.

Бүгінгі еңбектің бар ауырын техника көтереді, рахатын адам көреді. Машина колхоз шаруашылығына ғана емес, колхозшының азын - аулақ жеке меншік шаруашылығына да батыл араласып кеткен. Огород салатын машина, колхозшы малына шөп әкеп беретін машина. Тіпті отын-су да трактормен тасылады. Бір сөзбен айтқанда, машина бүгінгі шаруаның қол баласына айналған. Бір ғажабы осының бәрі күнделікті тұрмыстың елеусіз бір көріністері болып кеткен. Тек өткен күнді еске ала бастасаң, сонда ғана қадірін түсінгендей боласың.

* * *

Менің ауылымның ендігі бір көзге түсері үй-жай өзгерісі. Бұрын бұл өлкеде балшық үй деген болатын. Оның тұруы да, құлауы да оңай еді. Бір шаруа баспанасыз қалса, түс кезінде ойпаң жерге соқа апарып салатын, он шақты жігіт аударылып түскен шымды тасып әкеліп, кесіп-кесіп біріне-бірін қалайтын да, кешке дейін үй құрамына келтіруші еді. Мұны ол жақта «помыш салу» дейді. Бірақ мұндай үйдің ғұмыры төрт-бес-ақ жыл. Әуелі қабырғалары жан-жаққа шалқая тартып шатынай бастайды, содан кейін басыла, аласара береді де отырып қалатын. Бірақ мұны елеп үй тұрғызудың басқа бір әдістерін табайын дейтін бір жан табылсайшы сонда. Соғыстан кейінгі бір жылы Қажымұрат деген колхозшының балшық үйі құлап қалды. Жұрт помыш салуға жиналды. Мен сонда Қажекеңе:

— Күшіңіз ғой жетеді, мына көрші Жеке көлдегі украин шаруаларына ұқсатып, тым болмаса, құйма үй соқтырсаңыз қайтеді? — дедім.

— Баспақтағы таусылғанша бас аман болсын. Бұл құлағанша аман болсақ болды, бір реті табылар, — деп жауап берген Қажекең.

Міне, енді менің ауылымдағылар құйма. немесе соқпақ үйлердің беріктігі мен артықтығын тани бастаған.

Еңсесі биік, ақ шатырлы үйлер қанатын кең жайып көбейіп келеді екен. Сондай сәнді үлкен үйдің бірі баяғы Қажекеңдікі болып шықты. Ол өзі Ұлы Отан соғысының мүгедегі, қадірлі бір адам еді, сәлемдесе бардым.

— Ал Қаже, жақсы етіп үй салған екенсіз. Өзі мықты, іші құтты болсын, — дедім мен.

Қажымұрат тегі баяғыда өзі айтқан баспақ пен бас амандығы дегенді есіне алды білем, күлді.

— Мықты үй болғанда қандай. Баланың баласына кетеді, — деді. Содан кейін ойлантар бір жәйді сөйлеп кетті. - Шырағым, біз осы көзіміздің алдындағыға ғана ие, бала іспеттес адамбыз ба деп шамалаймын. Мына тұрған Жеке көлде Мәкәлай деген тамырым бар. Әлгі ақсақ Шодырдың баласы. Әкесі мен әкем тамыр болған. Үйін білетін де шығарсың. Қол жақта. Құйма үй ғой. Соны Шодырдың әкесінің әкесі салып кетіпті. Жүз жыл тұрған үй. Әлі де талайға кетер түрі бар. Ал мен болсам, қысқа күнде қырық жерге қондым дегендей соңғы он бес жылда үш-төрт рет үй қабырғасын көтеріппін. Сонда ана күнде барып жүрген Мәкәлайдың үйі жайында неге ойламадым екен десеңші!.. Міне, енді кеш болса да әлгі жаман інің Мансұр баланың арқасында мына бір үйді қалқайттық. Мықтылығына көзім жетеді. Құтты болсын деген адал тілеуіңе рахмет, — деп тоқтады ол. Бір Қажымұрат емес, бұл осындағы көпшіліктің пікірі. Бұрын бар шаруашылығы мал тұяғына бағынған ел іргелі, берік қора-қопсы, үй-жәйдің мәнін енді түсіне бастағанға ұқсайды. Ойлантары да осы Қажең сөзінің.

* * *

Бір күні біздің үйге қапсағай денелі бір жосатты дәу қара келді. Бұл осы ауылдағы көп комбайнның бірінің тұтқасын ұстаған Тапаұлы Сәбит деген кісі.

— Науқан уақыты ғой, қарағым, босай алмадым. Аттанатын да кезің жақындаған шығар, тіпті көрісе алмай қалып жүрермін деп әдейі сәлемдесе келдім. Комбайнды әлгі өзің білетін боқмұрын бала жүргізіп қалды. Бірақ қазір сойталдай жігіт, — ер жетті, қолқанат болды, — деді ол орақ мұртын ширатып.

Сәкен екеуміз сыртқа шықтық. Көп әңгімелестік. Үлкен баласы жаңағы айтқанындай ер жеткен, өзіне көмекші болып комбайн штурвалында істейді екен. Өткен жылы бес жүз гектар егін орып жақсы абыроймен шыққан. Биылғы табысы да аз көрінбейді.

Біз осылай әңгімелесе жүріп Ылыя көлінің дөңіне шығып кеткенімізді байқамай қалыппыз. Арғы қырқа түгелімен егінжай. Сол егінжайда малша өріп комбайн жүр. Ағылған машинада сан жоқ.

Сәкен қолымен маңдайын қалқалап солай қарай көз салды. Содан кейін:

— Әлгі боқмұрын бір ши шығарған ба деймін, комбайны тоқтап тұр ғой. Ренжімесең барғаным жон болар, — деп күректей алақанымен қолымды қатты қысты. — Ал қарағым, жат бауыр болып алыстай бермей, жиі-жиі келіп тұрсаңдаршы ауылға. Шет жайлағанның қызығы болса, біз де көргенбіз. Айналып келіп таптық қой туған жерді. — Сәкен осыны айтты да, адымдай басып аяңдап кетті. Мен оның артынан қарап тұрмын. Қарап тұрып ойлап тұрмын. 1934 жыл. Қыстың ымырт шағы еді. Сол жылы колхоз кеңсесінің үйі құлап қалып, Қәсенов Нәби деген шаруа үйіне көшіп барған. Бәріміз де сонда отырғанбыз. Кенет қырау басқан есік сықырлай ашылды да, лап етіп ақ бу кірді. Содан кейін осы Сәбит көрінді. Отырғандар онымен солғын амандасты. Қайдан жүргенін де, қайда баратынын да сұрамады. Өйткені Сәбит осыдан бірер жыл бұрын колхоздан қашып кеткен болатын.

— Адасқанның алды жон, арты соқпақ деген бар ғой. Осынымыз жөн деп кетіп едім, адасқанымды біліп қайтып келдім міне. Уа, ағайын, орталарында ойнақтап жүрген лақ едім, аңдаусызда от бастым. Кешірер деп келдім. Жығылған үстіне жұдырықтамас, көтерер, сүйер деп келдім, — деді Сәбит. Оның бұл сөзі ескі хиссаларда кездесетін жалғыз-жарым батыр сөзіндей қатты әсер етті маған. Мен оны аяп кеттім. Бірақ колхоз белсенділері тіс жарып ештеңе демеді, сырғытпа жауаппен рең бермей қалды. Мен сонда: не қылған тас бауыр еді бұлар, мынадай таусыла сөйлеп, аяққа жығылған жанның қателігін неге кешпеске? — деп ренжіп қалдым. Бірақ колхоз белсенділері сағынып отырған адамша бірден шолп ете түспейік деп сыр бүксе керек, көп кешікпей көпшілік жиналысы шақырылды. Сәбит колхозға қайта мүше болып кірді.

...Міне, мына алыстап бара жатқан қапсағай денелі қара кісі сондағы Сәбит. Өткен күннің сол бір көңілсіз елесін есіне алды ма, жоқ па, мен оны білмеймін. Қайтсе де маған бір мақтаныш ой келді. Сол бір қысқы кеште бұл ағайын колхоз есігін келіп қағып тұр еді. Міне енді осы ауылдың жанашыр жақыны, колхоз шаруашылығының шын иесі болып еркін басып төрінде кетіп барады.

Асылы колхоздан тыс жердегі шаруа адамының көрген күні не дейсің!

* * *

Кеш болғанын да білмей қалыппын. Батыс жақты алқызыл нұрға малып күн батып барады. Мен енді ауылдың екінші жағымен айналып жүрдім. Міне, мынау «Кішкене сор» деген көл. Жаңбыры жоқ кейбір шамырқанған ыстық жазда тұз байланады. Әртінгі бір заманда осы көлдің тузын кәсіп етіп те күн көрген кез болыпты. Сордың шығыс жағында ауылға іргелес мола бар. Осы колхоздың өзімен бірге жасап келе жатқан мола. Онда да қиян - қилы тағдырдың адамдары жатыр. Міне, мынау қомақты бір төбеде қыршындай он жігіт бар. Колхоз малына шабуыл жасаған қарақшылармен айқаста шәйт кеткен. Мынау бір тап жауының қолынан қаза болған колхоз белсендісі. Ал мына жерде Жамболат деген қарттың бейіті. Ол өзі бір үйлі жаннан жалғыз қалған еді. Отыз бірінші жылдың қысында опат болды. Бұл бір менің бала көңіліме өшпес таңбасын қалдырған, естен кетпес оқиға. Колхоздың бас көтерерлері жаумен алысып жатқан кез. Әкем Жамболатты шығаруға жалғыз келді, қасында мен бармын. Ақ күртік қораның төбесінен жүріп кеткен. Есікке жақындап болмайды. Содан амал қайсы, әкем терезені қаратты. Өлікті арқанмен тартып шығарды да жалғыз апарып жерледі... Айта берсе бұл көп тарих.

Мен, міне ауылға беттеп келемін. Ымырт үйіріліп, қас қарайған шақ. Қырман басынан электр жарығы жымыңдайды. Ал жұлдызды ал қаракөк аспан бір қалыппен жағаға баяу соғып тыныш шайқалған Ылыя көліне төңкеріле түсіп жатыр. Манаты Сәбит асқан қырқадан комбайн даусы келеді. Абалап ит үреді. Енді бір жақтан жастар шырқаған ән сазы келіп жетті. Бір ауық әлде қайдан тезек түтінінің ащы иісі келді.

Өмір сырына, сазды үнге толы әдемі кеш.

Мен, міне, жүріп келемін. Қарсы алдымда туған ауылым жатыр. Марқайған, өзгерген ауыл. Оның тарихы да шағын. Сонда да өткен күніне көз салсақ, талай романға тиек болар талай қалтарыс бұралаң жолы жатыр, келер күніне көз салсаң, жарқын үміт бар, бақытты болашақ бар. Менің ауылым қанаты қатқан қыран құс сияқты. Ол қазір биік белге шыққан. Міне, енді қанатын қомдап, құз-қияға самғап бара жатқандай.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз