Қайда болсын әдебиетіміздің тарихынан хабардар қауымның ортасына түсе қалсам, аманда айнымай қойылар бір сұрақ болады:
— Мұхтар Әуезов дүние саларының алдында Москвадан әркімдерге хат жазып, өзіңнің де есіміңді атаған еді. Әдебиетіміздің үміткері, келешегі деп танып атаған. Соған қарағанда, жек көрмеген секілді ғой. Осы күнге дейін ұстазың туралы қалам тартпағаның қалай?
Мен бұл сұраққа:
— Жоқ, жаздым ғой. «Біздің Мұхтар» дейтін естелік кітапта «Мұхаңның үйі», «Мұхтарға» деген екі әңгімем бар, - деп жалтарамын. Әрине, мұным ебін таппаған тұз жалайдының кері ғана. Бүгінгі қазақ әдебиетінде бірдемені тындырдық деп есептейтін болсақ, сол жолда соғыстан кейін келіп әдебиет сапына қосылған буынға тигізген Әуезов әсері жылдар бойы үзіле, үздіге зерттейтін құбылыс екенін айтпасқа, мойындамасқа болмайды.
Мұхтар жөнінде естелік жазбағаныма, турасын айтқанда, жаза алмағаныма бір-екі себеп бар. Осы ретте марқұм Ғабдол Сланов айтатын бір әңгіме есіме түседі: соғыс алдында, соғыстан кейін бе, сол Ғабдол, Қасым Аманжолов, тағы біреулер жаздың бір әдемі күні қала сыртына, Талғар бетке серуенге шыққан. Бір кезде Ғабдол Қасымға қарап:
— Шын ақын екеніңді білейін, мына Талғар шыңы туралы табан аузында бір шумақ өлең шығаршы, — депті.
Сонда табан аузында Қасым суырып салған өлең мынау екен:
Таулар не еткен тамаша!
Алыстан тұрып қарасаң.
Әттең, таулар бауырында
Адамдар бар аласа
Жөпелдемеде шықса да бас-аяғы жұп-жұмыр ойлы шумақтың мен бұл жерде екінші жолына айрықша мән бергім келеді. Неліктен алыстан тұрып қараса? Байқағыш Қасымның тапқырлығы да, тау біткеннің ұлылығы да, міне, дәл осы жерде. Мен қырда туып, далалық жерде өскен қазақпын. Ең алғаш Алатауды көргенімде қайран қалғаным: тау біткен жақындаған сайын аласарып, алыстаған сайын шоқтығы биіктеп сала береді екен ғой. Сол себепті тау сұлулығын тамашалағың келсе, етегінде тұрма, біршама ұзаңқырап шық. Менің ойымша, ұлы адамдар да тауға ұқсайды. Араға жылдар түсіп, бізден ұзай салып, алыстаған сайын Мұхтар Әуезов бейнесі де жаңағы тауларға ұқсап жарқырап, көтеріле биіктеп бара жатқан секілді. Шынын айту дұрыс, Мұхтар арамызда жүргенде, талантына жұрттың көбі бас игенімен, ұлы деп ешкім таныған жоқ-ты. Ол кісіңіз де былайғы жай адамдарға ұқсап, жоқ нәрсеге балаша мәз болып, болмашыға ренжіп қалып жататын. Айтысқан - таласқан кездері де есімізде. Сол айтыс-талас сойылы, кей шақта, қараптан қарап жүрген біздерге де тиіп кеткен. Әуезов бейнесі басқа да ұлы адамдардың бейнелері сияқты өте күрделі, қиын бейне. Осы орайда мынадай қызық бір оқиға есіме түседі: Бұдан бұрын «Біздің мүсінші досымыз» деген естелігімде айтқанымдай, 1957 жылы Москва қаласындағы Евгений Вучетичтің үйінде болған едім. Суретші шеберханасы құдды қазақ музейі секілді. Жасанып тұрған мүсіндер: Қаныш Сәтпаев, Бауыржан Момышұлы, Ахмет Жұбанов, Қалыбек Қуанышбаев, Әбділдә Тәжібаев, тағы бір мыс байытушы Балқаш қазағы... Осы туындыларын Вучетич ықыластана жүріп көрсетті де, ақ кенеппен жабулы тұрған бір тастың қасына келгенде мүдіріп қалды.
— Бұл — Мұхтар Әуезовтің мүсіні, шығара алмай жатырмын, — деді ол. Жабуды алғысы келмеді. Біз құмарта түстік. Қатты қиылып өтіне бердік қой деймін, суретші мүсіннің жабуын сыпырды да: - Ізденудей - ақ ізденіп жүрмін, сөйтсе де кілтін таба алмай далмын. Өйткені Әуезов өте қиын, күрделі тұлға. Бүкіл қазаққа тән қасиеттің бәрін де мен бір Әуезовтің басынан көргендей боламын да турамын. Қиналып жүргенім содан. Бірақ қайткен күнде де мен бұл мүсінді ойлаған жерімнен шығармай тынбақшы емеспін, - деді.
Вучетичтің бұл сөзін еске алып отырған себебім — Мұхтар тұлғасының біз үшін де соншалық күрделі де киын екендігі. Алыстаған сайын тау биіктеп қана қоймайды, беткейінің кедір-бұдыры жазылып, ой-шұңқыры тегістеле де бермек. Мұхтар да сондай. Араға жиырма үш жыл түсіп, бізден әлдеқайда алыстап, биіктеп кеткен ұлы жазушының пендешілігі болса, әлдеқашан ұмыт болды. Жауапкершіліктің не екенін түсінетін адам Әуезов туралы әділ пікірін, менің ұғымымша, енді ғана айта алады.
Мен Мұхтарды алғаш рет 1945 жылы қазан айында көрдім. Әуезов қазақ университетінің филология факультетінің жоғары курсындағыларға «Абайтану» деп аталатын, негізін өзі қалаған жаңа пәннен, ал бірінші курстағыларға ауыз әдебиетінен сабақ береді. Айырықша тоқталып айтар бір жай: Мұхтар лекциясы осы қаладағы әдебиет сүйер қауымның бәріне әйгілі екен, жүз қаралы адам сиятын аудиторияға келіп кірген адамда қисап жоқ. Көпшілігі басқа оқу орындарының студенттері. Бір орынға екі-үш адамнан сығылыса отырып мұғалімді күттік. Қоңырау да соғылды, Мұхтар да аудиторияның есігін ашты. Денелі келген, төрт бақ, селдір шашты қара кісі сөйлей кірді. Сөзі бірақ мүдіріңкі, ыңыраныңқырап, кідіріңкіреп шығады. Әуелгі түйткіл — Мұхтарды жұрт ағып тұрған шешен деуші еді, мұнысы қалай болды.
Сөйтсек, алғашқы сәтте бауырын жаза алмайтын, жүре бара, тер шыға келе көсіліп кететін қас жүйрік секілді екен, бес минуттан кейін төгіліп сала берді. Біз аузымызды аштық та қалдық. Аудиторияда шыбынның ұшқаны естілетіндей. Сол кезде маған Мұхаң шайқалған теңіз секілді болып кетті. Тоқтау жоқ, мүдіріс жоқ. Жер шарының барлық түпкір-түпкірлеріне сүңгіп, өткен-кеткен тарихтың бәрін қопарады. Сөйтсе де өзінің ой жібінен әсте жаңылмайды. Австралияның негізгі тұрғындары ойлап тапқан бумеранг секілді, Абай туралы алдыңғы пікіріне қайтып оралады да, әрі қарай дамыта жалғап кете береді. Ауылда туып, ауылда өсіп, армия қатарында болып, білімді шын аңсап келген біздердің көңілімізде талай-талай сұрақтар бар, бірақ ретін тауып қоярлық мүмкіндік жоқ. Өйткені, Әуезов аудиторияға қалай сөйлей кірсе, қоңырау соғылғанда сол сөйлеген қалпында аудиториядан шығып бара жатты. Осы күннен бастығы мен ұлы ұстаздың ерекше қасиетін аңғардым: бірінші қасиеті — лекция үстінде бір минут бос уақытының болмайтындығы. Сөзін бөліп, бір ауыз сұрақ қоя алмайтындығың. Әуезов лекциясы төгіліп жатқан бір дүние. Екінші қасиеті — кешікпейтіндігі. Сол 1945 жылдан дүние салған 1961 жылға дейін ол қатысқан талай жиынның куәгері болдым. Бірақ соның бірінде Әуезовтің кешігіп келгенін көргенім жоқ.
Әуезов асқан білімді адам еді. Мұхтардың соншама көп білетіндігі жөнінде толып жатқан анекдот - әңгімелердің барлығы соның айғағы. Сөйтсе де осы анықтаманың өзі де оған олқы соғатын секілді. Әр нәрсенің шегі бар ғой. Ал менің ұғымымша, Әуезов білімінде шек жоқ. Шала білімді адамдар өзін көп білетіндердің қатарына қоса беруі мүмкін. Білмей қалған жерінде ол әлсіздігін білдірмей, ия деп солай, деген секілді бас шұлғумен шығып кетуі де ғажап емес. Ал шын білімді адам өзі туралы көп білемін деп ойламайды ғой. Бірдемені білмей қалса, білуге тырысары қақ.
«Я знаю, что я ничего не знаю» деп, Сократ бекер айтпаса керек. Мынадай мысал келтірейін: өз басым Мұхтармен лекция үстінде сөйлесудің, сұрақ қоюдың мүмкіндігі болмайтынына көзім жеткен соң, оның жолын аңдитынды шығардым. Шынымды айтсам, осы әрекетім жеміссіз қалған жоқ. Біз екі-үш студент жиналып, Мұхтардың университеттен шығар кезін күтетінбіз де, үйіне дейін шығарып салатынбыз. Сұрақ әр қилы. Әуезов болса, бәлсінбейді. Ықыласымен жауап береді. Біз болсақ, емешеміз үзіле тыңдап, Калинин көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысатын жеріне қалай келгенімізді аңғармай қалатынбыз. Жасырудың керегі қанша, Мұхаң әңгімесін тыңдай жүре өзіңнің де «білімді» екеніңді қыбын тауып танытып тастауға ілік іздеп, құлшынып тұратынбыз. Соның сәті ауыз әдебиеті пәнінен емтихан тапсырғанда түсті. Елу шақты курстас балалардың көбі бұл сабақты беске тапсырды. Өстіп-өстіп біз оның көңілін аудара бастадық. Бір ретте тағы да мен көшеде кездестім. Кітап магазинінен өзінің жаңа ғана жарық көрген «Абай жолы» романын сатып алып келе жатыр екен. Сол кезде «Абай жолы» эпопеясының екінші кітабы осылай аталатын. Көңілді Мұхаң жол бойы жазылып жатқан үшінші кітап туралы айтты.
— Мен қазір жаңа бір әдіске көштім. Оным – ұзақ-ұзақ диалогтар. Мұндай әдіспен көп нәрсені ұтасың. Себебі, ұзақ диалогтар — көп ретте қаһарманның ішкі жан дүниесін ашатын ұтымды құрал - ішкі монологтарға оп-оңай айналып кетіп отырады, - деді Мұхтар.
Мен қостай кеттім. Өзімді таныта түскім келді ме, білмеймін, осының алдында ғана оқып шыққан Томас Харди шығармаларында ішкі монолог секілді ұзақ диалогтардың жиі кездесетінін айттым. Мұхтар елең ете қалды.
— Кім? Кім дедің?
— Томас Харди. «Джут незаметный», «Вдали от шумной толпы» деген романдары бар.
— Қай елдің жазушысы? — деп таңдана сұрады ол.
— Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде өмір сүрген ағылшын жазушысы.
Осы әңгімеден біршама уақыт өткен соң, орыс тілінің маманы. әрі деканымыз Халаби Сайқиев аудиторияға кіре беріп, маған бұрылды да: «Сені деканатта Әуезов күтіп отыр. Барып келе ғой», — деді. «Неге керек болып қалдым екен» деген таңырқаумен екі өкпемді қолыма алып деканатқа ұшып барып ем, диванда отырған Мұхаң мол денесін жеңіл қозғап орнынан көтеріле берді.
— Сенің айтқаның дұрыс екен. Томас Гарди (кей кітаптарында оның фамилиясы осылай да жазылады), бәлі, ағылшынның үлкен жазушысы екен ғой... — деп бастады да, жарты сағат ағылшын жазушысы туралы айтып берді. Байқаймын, Әуезов Томас Хардидың бақайшағына дейін шағып оқыған. Осы әңгімеден түйгенім: оқуда да, еңбекте де қай жұмысты қолға алма, жеріне жеткізе түбегейлі атқармау, — жеңіл-желпі, жүрдім-бардым істелген шаруа үстірттікке, дилетанттыққа жетелемек. Ал оның арғы жағы абыройсыздық екенін айтпаса да түсінікті.
Кейбіреулер ақыл айтқыш келеді. Менің ұғымымша, мұның өзі ақылдың кептігін емес, қайта аздығын білдіреді. Өйткені, ақылды адамның жөнсіз жерде ақылсымсынып, шашылып жататын кезі болмайды. Өмірінің соңғы он алты жылында Мұхаңмен талай жерде - жақсы да, жаман да күйде кездесіп жүрдім, бірақ ақылгөй Әуезовті көрген де, естіген де емеспін. Мұхтар Әуезов өзінің бар болмыс-болымымен өнеге еді. Мақтанып кетті демессіздер, мен Қазақ университетін озық дипломмен бітірдім. Ал осы табысыма Әуезов өнегесінің тікелей қатысы болғанын айта кетуді жөн көремін. Мен бастапқы семестрлерде неміс тіліне мүлде бой салмадым. Бағаларым нашар болды. Сондағы үстірттік: неміс тілінің тіршілікте не қажеті бар, деген теріс ұғымда жатқан болса керек-ті. Осындай пиғылда жүрген кезімде мен Мұхаңмен кездесіп қалдым. Қолындағы кітабына үңіліп едім, «Грамматика арабского языка». Таңданғаным, мектеп қабырғасында оқитын кітапты Мұхтар Әуезов қолынан көргенімді ерсі санағаным соншалық; «Мұха, мұндай кітаптың керегі қанша», — деп сұрап қалыппын.
Мұхтар мұрнын бір сипап алды да:
— Бәлі, неге керегі болмасын! Қазақтың арғы-бергі тарихының көп материалдары архивта арабша жазылған қолжазбаларда жатқан жоқ па. Соларды кездестіре қалсам, қиналмауым керек емес пе! — деп жауап берді.
Мен ұялып қалдым. Және де көпке дейін қиналып жүрдім. Елуге келген Әуезов әліппені қайта бастауды кеш санамағанда жиырма бес жастағы сенің неміс тілін менсінбей жүруіңді не деп түсінуге керек? Осы оқиғадан кейін неміс тіліне мен шындап кірістім. Соның қорытындысы — қызыл дипломдағы осы пән жөніндегі төрттік баға. Міне, ұлылықтың өнегесі қайда жатыр.
Болмашыға балаша қуанып, болмашы жерден ренжіп қалып жүретін мінезі болса да, Әуезов менмен емес еді. Менмендігі не, қайта кішіпейіл еді ғой. Оның бар болмысы сол. Жұртқа жақсы атты көрінейін деу табиғатына жат қылық болатын. Ұлылықтың бір белгісі - өзінің ұлы екенін білмеуінде болса керек. Мен білетін Мұхаң да өз творчествосына пайыммен қарайтын осындай жан еді. Мынадай бір оқиға есіме түседі: 1957 жылы ұзын-ырғасы жиырма бес жылға созылған «Абай жолы» эпопеясы аяқталды. Мәдени-рухани өміріміздегі осы бір елеулі оқиғаны қандай жолмен атаған жон? Мен онда Қазақстан Жазушылар одағында проза секциясын басқаратынмын. Жазушылар Одағының бастығы Ғабит Мүсреповке кіріп өз ойымды ортаға салдым.
— Бір жерден завод бой көгерсе, аталады. Жыл сайынғы тол амандығын да бүкіл аудан болып тойлап жатады. Ал рухани өміріміздегі тарихи табысымызды біз де атауға, тойлауға тиіс емеспіз бе?
— Ұсынысың өте орынды. Бірақ бар жауапкершілікті өз мойныңа аласың, — деді Мүсрепов.
Сонымен, «Абай жолы» эпопеясына арналған ғылыми конференцияны Жазушылар одағының проза секциясы Қазақ ССР Ғылым академиясының конференция залында өткізбек болды. Төрт баяндамашы тағайындалды. Ашатын, алғы сөз сөйлейтін Ғабит Мүсрепов. Бір қуанарлығы Темірғали Нұртазин, Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов және Мұхаметжан Қаратаев өтінішімізді құптап баяндамаларына құлшына кірісті. Бірақ конференция ертең ашылады деген күні Ғабит мені шақырып алды да: «Жиынды сен ашасың, алғы сөзді де өзің сөйлейтін боласың», — деді. Шынымды айтсам, абыржыңқырап қалдым. Бүкіл астана жұртшылығы мән беріп, оқырман қауым көңіл аударып отырған конференцияны қалайша мен ашпақпын? Жұрт не деп түсінеді? — Дәлелдерім сондай мықты еді, сөйтсе де бастық көнер емес.
— Отыздан әлдеқашан шығып кетсеңдер де өздеріңді әлі күнге бала санайсыңдар. Ал ел болса, сендерге олай қарамайды. Әдебиетіміздің қазіргі белді өкілдері, келешегі деп қарайды. Жауапкершілік дегеннің не екенін сезінетін мезгіл жетті, — деді. Қазақстан Жазушылар одағының көш басшысының тұжырымы «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» пьесасындағы кәдімгі Қарабайдың: «Айттым бітті, кестім үзілді», - дегені секілді. Амал жоқ, мен қазақ әдебиетінің келешегінің тірегі екенімді «түсініп», жұрт алдында жауапкершілік дегеннің не екенін «сезініп», көнуіме тура келді. Конференцияны қалай ашамын? Зал толы жұртқа не айтпақпын? Шынында да жауапкершілікті сезінгенім сондай, түнімен ұйықтай алмадым. Әйтеуір, таң ата ойымды жинақтаған болдым да, ертемен Мұхтарға телефон соқтым. Ақылдасатын шаруа барын айттым. Ол кісі сондай көңілді, жылы шыраймен қарсы алды. Конференцияны менің ашатынымды естігенде шошып қала ма деген күдігім де бекер болып шықты. Е, жөні осы деп елп ете түспесе де теріс екен, Ғабиттің өзі неге ашпайды деген секілді реніш танытпады. Оның бұл пиғылын не конференцияны мен ашатынымды алдын ала білген, не болмаса, мені олқысынбағаны деп түйдім де, ақылдасу ретінде сөйлер сөзімнің осы қалай - ау дейтін сәттерін айттым. Түнімен ұйықтатпаған сұрақтардың бірі — ұлы Абай туралы ұлы эпопеяны дүниеге келтірген Мұхтар Әуезовтің өзі кім осы? Ал мен болсам, қазір екі сағаттан кейін өзім ашар конференцияда: «Мұхтар Әуезов қазіргі замандағы қазақ халқының ұлы жазушысы», -дегім келді. Мен осы пікірімді айттым. Бірақ Мұхтар дағдылы жиын-тойларда бокал көтергенде өзін ұлылардың қатарына қоссаң, масайрап жүре беретін парықсыз бөспелердің санатына қосылмаған жан ғой. Негізі бар әрі шын көңілден айтылар осы пікірімді сабырмен тыңдады да:
— Ұлы деп мені атама, Сафуан. Ондай пікірге оқырман қауымның дайындығы жоқ, оларға мына - ұлы — сөзің ерсі болып естіледі. Құр босқа ұятқа қаламыз, — деді. Жұрт пиғылын тамыршыдай дөп басқан Әуезовті осыдан кейін реалист емес еді деп көрші!
Сөйтсе де түнімен толғанып, тұжырымдаған пікіріңнен қайта салу оңай ма, ғылыми конференцияны ашқанда мен ойымды жымба жолдап жеткіздім. «Өзім де бір қумын» деп Тайыр Жароков марқұм айтпақшы, қулық жасап:
— Он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасырдың қазақ халқына берген екі үлкен сыйы бар, — дедім сөзімнің басында. — Он тоғызыншы ғасыр ұлы Абайды дүниеге әкелсе, жиырмасыншы ғасыр ұлы Абай туралы жазылған ұлы шығарманы дүниеге әкелді. Бұл ұлы перзенттің аты — «Абай жолы» эпопеясы.
Жұрт дүрліге қол соқты. Ал Мұхтардың түрегеліп жұртқа қошемет көрсетуіне тура келді.
Сөзімді осылай сәтімен бастасам да, аяқ жағын бүлдіріңкіреп те алдым ғой деймін. Сол тұста Халықаралық Лениндік сыйлық алған атақты индонезия жазушысы Такин Ходо Хмеингудың газет тілшісіне берген жауабының өңін айналдырыңқырап:
— Шеберліктің шыңына шыққан Мұхаңның қазір бапты шағы. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан да жақсы шығармасы бар. Ол шығармасы әлі жазыла қойған жоқ, - деп салмасым бар емес пе!
Апырай, кесер ме екем мен тілімді, Осынша неге білдім көп білімді, — деп Мәшһүр Жүсіп айтқандай, білгенімді орнын таппай пайдаланғандықтан, Мұхаңды өкпелетіп алғандай да болдым. Конференция ойдағыдай өтті. Соны Әуезов бар жерде кейбір аға жолдастардың баса айтып, мұның бәрі Сафуанның еңбегі ғой дегендері де есімде. Бірақ Мұхаңның оларға ырық бермей: «Баяндамашылар баяндамасын жасады. Газеттегі хабарды оқыған жұрт түгел жиналды. Дайындалып келген азаматтар сөйледі. Мұнда тұрған артықша қандай еңбек», - деп жүруі сол өкпе болса керек-ті.
Шынымды айтсам, зор талантына табынып, көл қусырып, сыйлағаннан басқа Мұхаңа мен зәредей қиянат жасап көрген жан емеспін. Сөйтсе де жасырудың керегі жоқ, ұлы ұстаздың мен жөніндегі пікірі әр қилы еді. Өзімнің жаман ойымды айтайын. Оның негізгі себебі менің Солтүстік Қазақстанның атақты Преснов ауданында дүниеге келгенім болса керек. Әрине, онда тұрған ештеңе де жоқ. Қайта даңқты Сәбит Мұқановпен, Fабит Мүсреповпен жерлестігімді мақтан етемін. Мұхтар мен Сәбиттің ара қатынасын білетін кейбір ағайындар менен өш алу үшін немесе менің сағымды сындыру үшін — алай деді, былай деді деп, арамызға шыбық жүгіртіп жіберетіні болатын. Осы ретте тағы бір мысал келтіруді жөн көремін.
1957 жылы қараша айының аяқ кезінде Әуезовтің алпыс жылдық тойы Москва қаласында да аталды. Кеш атақты Чайковский залында өтті. Мұхтар алпыс деген жасты суы. шүйгіні мол құнарлы кең жазыққа теңеп төгіле сөйледі. Мінбеге көтерілген басқа да шешендер, белгілі ақын-жазушылар ойлаған жерден шықты. Бірақ ұйымдастырудың шалағайлығынан залдың артқы жағы бос қалды. Оған тікелей айыпты адам сол кезде СССР Жазушылар одағында қазақ әдебиеті бойынша консультант болып істеген Тәкен Әлімқұлов еді. Билет тарату, жоғары оқу орындарында оқитын жастарға хабар беру секілді істерді жайына қалдырып, бетімен жүрген. Өйткені, өз басым сол жолы жиынның болатынын кеш естіп санын соққан немесе билет таба алмай сандалған қазақ жастарының талайын көрдім. Осы жайды келесі күні Алматымен сөйлескенде бір жолдасқа баяндаған едім, көп кешікпей құрыққа сырық жалғанып, өңі айналып сөзім Әуезовтің өзіне жетіпті. Алматыға қайтып оралғаннан кейін біршама уақыт өткен соң телефон соқсам, Мұхтар дүрсе қоя берді. Мен ақталған жоқпын. Жалғыз-ақ телефонмен түсіністік таппайтынымды сездім де, мүмкіндігі болса барғым келетінін айттым. Ол көне кетті. Ауызба-ауыз сөйлескенде ұстаз ашуы он минутқа да жеткен жоқ.
— Бәсе, өзім де осылай шығар деп ойлап едім. Тәкен деген жігіт қазақ әдебиетінің шаруасы түгіл, өз шығармаларын бастыруға келгенде де бұрау басын сындырмайды. Жуырда «Советский писатель» баспасында болып едім, редакторы ренжіп отыр: ұсақ-түйек ескертпелер болған соң, кітабын он шақты күнге өзіне қайтарып берген екен, жыл өтсе де әлі күнге апармаған, — деп жайылды да қалды. Кейінгі жылдардың бірінде мен осы оқиғаны есіме алып, әңгіме ретінде Ғабит Мүсреповке:
— Мұхаң бала секілді қызық адам еді ғой. Болмашыға өкпелеп, жөнін айтып түсіндірсең, түсе қалатын еді, — дедім.
— Жоқ, Мұхтар достарына ғана түсетін. Жауына түсіп көрген емес, — болды сондағы Ғабең жауабы.
Осы пікірді рас дейтін болсақ, Әуезов мені жек көрмеген, сыртқа теппеген секілді. Оған мақалалары мен хаттарында менің творчеством жөнінде айтқан жақсы пікірлері ғана емес, күнделікті тіршілік қаракетіңде жасаған ілтипат - қайырымы, қол ұшын беріп, көрсеткен көмегі де дәлел бола алады.
Мұхтардың кейбір сібер замандастары оны сараң еді дегісі келіп тұрады. Тіпті бұл пікірін кездесу - естеліктерде айтып та қалып жүргендері бар. Ал мен білетін Мұхтар Әуезов сараң болмаған. Рас, мырзалықтың жөні осы екен деп ақшасын далаға шашып жатпайтын. Бірақ өзімен аралас-құралас жүрген, көңілі жақын адамдардан ештеңесін аяп көрген емес. Мұхтар Москваға жиі барушы еді. Сонда әрдайым «Москва» қонақ үйінің ең қымбат люкс номеріне түсетін. Қасында кем дегенде төрт-бес адам болады. Солардың бәрінің де ішіп-жемі өз мойнында. Осындай адам сараң бола ма! Мұхтардың «сараңдығы», бала мінезділігі жөнінде көзінің тірі кезінде аңызға айналып кеткен әңгіме — анекдоттар толып жатыр. Соның бірін мысалға келтіруді жөн көремін: бір жолы Әуезов Ғабиден Мұстафинмен сапарлас болып Москваға барыпты. Әрине, Мұхтар дағдылы «Москва» қонақ үйінің люксіне, ал Ғабиден болса жай номеріне түскен. Екеуі ресторанға барып тамақ ішеді. Есептесуге келгенде Мұхтар:
— Дардай басымызбен екеуміз де қалтамыздан ақша суырып жатамыз ба, одан да кезектесіп төлейік. Бір күні сен, бір күні мен... — депті.
Fабиден мырс етіп күліпті де, көне кетіпті. Күлетін себебі ішкі есебі бар. Содан кезек Ғабиденге келген күні екеуден екеуі барып тамақ ішеді. Ал кезек Мұхтарға келген күні ойдағы-қырдағысы бар тамыр-таныс, жолдас-жоралардың бәрі жиналып қала беретін болады. Осы ретте көңіліне күдік кірген Мұхтар: «Мұның мәнісі қалай, сен быдық, бірдемені бүлдіріп жүрген жоқсың ба?» — деп сұрайды Мұхтар әзілі жарасқан дос інісін осылай атайтын.
— Жоқ, Мұха, ештеңені де бүлдіріп жүрген жоқпын. Жасыңыз да жолыңыз да үлкен сіз тұрғанда жұрт сізге келмей, маған келе ме. Ал сіз болмасаңыз әңгіме басқа, — дейді Ғабиден ақсақал. Өстіп Мұхтардың қыбын тауып, күдігін сейілтіп жіберген кезде Москваға Шәкен Айманов келеді де, Ғабиденге телефон соғады. Сол күні мұның кезегі болса керек.
— Бүгін Мұхаңның да, менің де қолымыз тимейді. Баратын жеріміз бар. Сен ертең кел. Және көзіңе түскен қазақтар болса, ерте кел, — демей ме!
Ертеңіне Мұхаңның кезегі келген күні бас-аяғы жиырма бес - отыз адам болып кетіпті. Ауырлағанмен амал жоқ, бәрін де ресторанға апарған. Көңілді жұрт қарап отыра ма, қонақтардың сөз сыңайынан Мұхтар мұның ұйымдастырылған шаруа екенін аңғарып қыстырыңқырап қалады. Бір түстікке ескі ақшамен екі жарым - үш мың сом төңірегінде төлеп сыртқа шыққан соң, Ғабиденге бұрылып: - Әй, быдық, мына киім кигізетін швейцармен де, ана «Москва» қонақ үйіне апаратын таксимен де есепті сен айырысасың, -депті.
— Айтқаның болады, Мұха.
Сонымен «Москва» қонақ үйіне келгенге дейін Ғабиденнің не бары бес сом ақшасы шығыпты. Сонда өшімді қайтардым деп ойлаған Мұхтар Ғабиденді оңашалап, былай шығарып алыпты да:
— Ә, қалай, білдің бе!? Біреудің қалтасындағыға сондай жомартсыңдар. Өз қалтаңнан ақша шығару деген оңай ма екен!? — деп рақаттана күліпті.
Осындай бала мінезді адамды қалайша сараң дей аласың?!
Мұхтар шарапаты маған да талай тиген.
Мен 1960 жылы мамыр айында машина сатып алатын болдым. Ол кездегі «Көркем әдебиет» баспасының кассасы тақыл-тұқыл еді ғой. Тиешек қалам ақыңды айлап жүріп ала алмайтынсың. Сол себепті, машинаға сегіз мың сомым жетпей қалды. Не істеу керек? Қысылғандықтан Мұхтарға телефон соқтым. Әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай:
— Мұха, қарызға сізден ақша сұрағым келіп тұр...
Телефонда Мұхтардың жұмсақ қоңыр даусы:
— Қанша?
— Сегіз мың сом...
Шошымаса да даусы өзгеріңкіреп шықты.
— Соншама көп ақша неменеге керек болып қалды?
— Мұха, машина алатын едім...
— Бәлі... жас жігіттерге осы бастан машинаның керегі қанша?
— Анада Сауда министрінің орынбасары Ғұзырғалимен кездескенімде, машина сатып алғым келетінін айта салып едім, енді ақшаңды төле деп жатқаны...
Мұхтар сәл кідіріңкіреп қалды. Бермесе, бірден айтар еді. Кідірісі — жақсылықтың белгісі екенін мен жақсы білемін. Сәлден соң:
— Қашан қайтарып бере аласың? —- деп сұрады ол.
— Реті келсе, төрт-бес күнде де қайтара аламын. Реті келмесе, баспаның уәдесі бар, ай, ай жарымда...
Мұхтар тағы да сәл мүдірді де:
— Жақсы, келе ғой. Егер өзім болмасам, Валя жеңгеңе қалдырып кетермін, — деді.
Араға жарты сағат салып, мен Абай көшесіндегі (қазіргі Мұқан Төлебаев көшесі) Әуезовтің үйіне бардым. Есікті жеңгеміз Валентина Николаевна ашты да, әлдебір кешірім сұрағандай кейіппен:
— Мұхтар Омарханұлының лекциясы бар ғой, университетке кетті, — деп сыртында «Сафуанға» деген жазуы бар көк конвертті ұстата берді. Арада үш-төрт күн өтпей-ақ Москвадағы СССР Әдеби фондысынан менің атыма сегіз мың сомға рұқсат телеграмма келді. Мен СССР Әдеби фондының Қазақ бөлімшесінен сол ақшаны алдым да, дереу Әуезовке телефон соқтым. Даусы тым жұмсақ: — Ә, үйдемін, келе ғой.
Өзімше, Әуезовке ұқсағым келген болуы керек, дәл сондай көк конвертке сегіз мың сомды салдым да, сыртына «Мұхаңа» деп жазып, алып бардым. Есікті дағдысынша Мұхтардың өзі ашты. Мен көк конвертті сондай бір паңдықпен кісімсініп ұстата бердім.
— Мұха, мынау екі-үш күн мұңдарында өзіңізден алған қарызым еді... Көп рақмет сізге.
— Машинаңды алдың ба?
— Алдым, Мұха...
Әуезов балаша қуанып далаға шықты.
— Бәлі, машинаңның түсі жақсы екен. Құмды - құла табиғаттың күзгі реңкін танытады. Әсіресе аңға шыққаныңда таптырмайтын түс. Аң атаулыға байқатпай ақырын жылжып отырып қасына баруыңа болады. Бозбала бұрын жорға, жүйрік баптап мінбеуші ме еді. Солар білген өмірдің қызығын. Машинаны да сондай қызуың бар кезде мінгенің жөн. Шау тартқан кәріге дүние шаруадан басқаға оның қызығы жоқ, — деп, кеше ғана жастарға машинаның керегі жоқтығын айтқан Мұхтар енді көсіліп кетті. Қайтадан үйіне кірген соң, бір блокнотты алып шықты да:
— Сафуан, сен ана Тайыр секілді, Қапан (Сатыбалдин) секілді сөзінде тұратын мәдениетті жігіт екенсің. Қарызыңды айтқан уақытында әкеп бердің. Уәде қалтадан шығар есептеулі ақша секілді болса, жұрт ойланып жұмсар еді. Олай етпейді, бірақ... Пәлен мерзімде әкеп берем деп сұрап алып жылдар бойы созатындар толып жатыр. Міне, мына блокнотта қаншама адамдардың тізімі бар. Сен сатып алған «Волга» құны жұрт мойнында. Солардың көбін қайтара аламын деп ойламаймын, — деп он бес-жиырма адамның атын атады.
Осы оқиғадан кейін Мұхтар бір жыл бір ай дегенде дүние салды. Жұртта жүрген қырық мың сомның қаншасын қайтарып ала алды, мен ол арасын білмеймін. Осыдан кейін Мұхтар Әуезовті сараң деу бері салғанда әділетсіздік.
Мұхтар Әуезовтің тағы бір ұлылығы өзінен бұрынғылар жөніндегі пікірінен айқын көрінетін еді. Абай мен Шоқанды, Ыбырайды, Сейфуллин мен Майлинді, Жансүгіровті былай қойғанда, Санжар Аспандияров пен Құдайберген Жұбанов, Тұрар Рысқұлов есімдерін мен алғаш Әуезов аузынан естідім. Солар жөнінде көрген-білгенін аңыз секілді етіп төгіліп отырып айтатын. Ал өзінен кейінгі Темірғали Нұртазин, Белгібай Шалабаев, Тахауи Ахтанов пен Зейнолла Қабдолов, Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы пікірі қандай еді десеңізші! Бір қызығы, Мұхтар өзінен бұрын өткендер туралы сөйлегенде өзін сондай кішірейтіп отыратынын байқайтын едім. Әрине олар сондай мықты еді, ал мен болсам, төменмін демейтін. Өзін кіші ұстайтыны оның сөз сыңайынан танылатын. Мысалға Шоқан Уалиханов туралы айтқандарын алсақ та болады.
— О, Шоқанның орыс тілін жетік білгені соншалық, Петербургта, орыс зиялыларының қауымында ол айтқан анекдот-әңгімелерді мәдениеті, білімі жоғары ер азаматтар мен сұлу бикештердің өзі аузын ашып тыңдаған, - деп аузының суы құрып, таңдана, тамсана сөйлейтін. Мен сонда өз ауылымдағы Тасқұлының Серғазысы деген орысша әліпті таяқ деп білмейтін момын шаруа адамын есіме алушы едім. Серғазы көрші украин деревнясындағы бір шаруамен тамыр болыпты. Тамыр болудың басты шарты - алыс-беріс екені көпке мәлім. Ақша жүрмейді бұл жерде. Тіршілік қарекеті бөлек-бөлек мал баққан қазақ пен егін салған украин, бірінде жоғын бірі алып, достасады. Алдында украин мұжығы келіп керегін алып кеткен соң, өз кезегімен тамырына енді Серғазы барып келген ғой. Ауылдағылар Серғазыңнан: «Қалай барып келдің, тамырың қалай қарсы алды?» - деп сұрамай ма. Сонда Серғазы: «Алған-бергенді қойшы, бір ғаламаты үш-төрт жастағы балаларына дейін орысшаға ағып тұр-ау, ағып тұр. Қайдан үйреніп алған десейші», - деп таңдана беріпті. Орысша білмейтін Серғазы таңданса жөні бар. Ал орыс тілін өзінің ана тіліндей меңгерген, орысша сөйлегенде өзі де орыс тілін мен білемін дейтін небір майталмандарды табындырып, бас шұлғытып кететін Әуезов таңданысына таң қалмасқа шараң жоқ. Талант - қабілет өз бойында тұнып тұрса да, басқаның бойындағы ерекшелік қасиеттерін көре білу, бағалай білу — ұлылық нышаны болса керек, меніңше. Мұндай мінез шын мағынасындағы даналардың ғана қолынан келеді. Көпке мәлім Гюго — өз заманында француз халқының пір тұтқан, данышпандардың ішіндегі данышпаны болып танылған жазушысы.
Күн сайын Гюго пәтерінің терезе тұсына мыңдаған халық жиналып, құдайға балаған жазушысының балконнан бір рет қана көрініп кетуін жалбарына сұрау салтқа айналып кеткен құбылыс еді ғой. Ал сол тірі құдайыңыздың өзі Бальзак өлгенде не дегенін білесіз бе? Андре Моруа былай дейді: «Бальзакты арулап жатқан кезде, үкімет тарапынан келген Францияның Ішкі істер министрі бір күрсініп: «Ия, Бальзак талант еді ғой», — дегенде қасында отырған Гюго асықпай, баппен сөйлейтін дағдылы мінезінен айнып: «Жоқ, қателесесіз. Бальзак талант емес, гений (данышпан)», — деп іле жауап қатқан. Даңқты Гюго ойынан шыға алмай пұшайман болып қалған бишара министр кешірім сұрай берген екен деседі. Француз Гюго. Қазақ Әуезов. Асылы, қай жерде дүниеге келмесін, қай топырақтан жаралмасын ұлы адамдардың әйтеуір бір ұқсастығы бола береді екен-ау, тегі!
Мұхтар Әуезов әдебиетке соғыстан кейін келген жастарға шын мағынасында қамқоршы болды. Жазғандарымыздың түгін қалдырмай оқып, жылт еткенімізді кез келген жерде айтып, пікір туғызып жүретін. Ал сүрініп кеткен жерімізде өз әкеңдей қайғырып қалатын еді. Жасыратын несі бар, 1955 жылы Тахауи Ахтанов екеуміз бір жерде отырып кіржиіңкіреп қалдық. Осы оқиға, иманды болғыр, бір ағамыздың құлағына шалынып, ақыры насырға шауып кетті. Бізді Жазушылар одағы басқармасының президиумда талқыға салды. Сөйлеушілер, жаза қолдану керек деушілер аткөпір. Жаза қолданса, қолдансын. Қызметтен шығарып-ақ тастасын. Қатемізді мойнымызбен көтереміз ғой. Бізді қиналтқан жазаның жеңіл, ауыр түрі емес. Тахауиды білмеймін, мені қатты қиналтқан бір жай - кейбіреулердің көзіңді шұқып ақыл айтқаны. Тәртіп - мораль дегеннің бес жасар бала білетін нормаларын алдымызға көлденеңдете бергені. Әдебиетке жаңа ғана келіп, кімнің кім екенін әлі біліп болмағандықтан ба, бұрын сыртынан ғана таныс аты дардай кейбір ағайындардың уағызын тыңдап, жүрегім өрекпіп отырды. Және жаңағылардың өресіздігіне, күйкілігіне қайранмын. Олардың сөз саптасына қарағанда, біз бір сұмдықты жасап тастағандаймыз. Дүние қараң. Қирап, талық болып бара жатқан секілді. Осы орайда, менің ойыма тағы да бір қызық оқиға келіп түседі. Соры қайнаған бір кемпір біреудің елу тиындық қаңылтыр шайнегін ұрлаған. Ісі сотқа түседі. Бейшара кемпірдің адвокаты кім болды дейсіз ғой? Айтайын. Ойламаған жерде кемпірге ара түскен адвокат... дабысы жалпақ Ресейге кеткен атақты Плеваконың өзі. Соны білген прокурор қулық жасапты. Адвокаттың алдын орап, ол айтар сөзді өзі айтып, кемпірді қорғай сөйлеген: бейшара кемпір қайтсын, жоқтық қой мұндай жолға итермелеген. Ұрлық жасады деуге аузың бармайды. Өйткені, ұрлағаны елу тиынның шайнегі ғана. Аяйсың сорлыны. Алайда жеке меншік - киелі, қасиетті құбылыс. Жеке меншік дегенің бар азаматтық игілігіміздің тірегі. Олай болса, жеке меншікке қол көтерушілерге немкетті қарайтын болсақ, әділдігіміздің құрығаны. Жұртымыздың жұрт болмай қалғандығы.
Сонда қорғаушы Плевако түрегелген де, былай деген: «Өз тірлігінің мың жылдан астам тарихында Россия нені көрмеді, не қиындықты басынан өткермеді. Печенегтер азаптады оны. Қыпшақтар мен татарлар, поляктар келіп шапты. Москваны алды. Сол қиындықтың бәріне төзді. Бәрін жеңді Россия. Ал енді, ал енді... міне, бір кемпір елу тиындық шайнек ұрлап отыр. Әрине, Россия бұл сұмдықты көтере алмайды. Біржола құриды...
Плевако сөзінен кейін кемпірді ақтап жіберген...
Ал мына жерде біздің қорғаушымыз Әуезов болып шықты. Ол түрегелді де, төгіле сөйледі.
— Екі жігіттің осыншама сілікпесін шығарып сендерге не болды?! Жанжалдасса, жанжалдасып - ақ қалған шығар. Қан төгіс, кісі өлімі жоқ қой, бірақ. Интеллигенцияның басқа өкілдерінің арасында мұндай кикілжіңдердің көкесі болып тұрады. Бірақ ондайларға ешкім де мән бермейді. Ал жазушы біткен тоғышар қауымның өсек сырығының әманда ұшында жүреді. Сол өсекті басудың орнына, болмашы оқиғаны ұшықтырып, отқа май құйғандай етіп, зорайтып жатқанымызға жол болсын! Екеуі де қателіктерін мойындап отыр. Солары түсінгендігі. Несін қазбалай береміз. Осы талқылауымыз да жетеді. Әңгімені доғарайық, жолдастар.
Бұл жерде Мұхтар сөзін бізді жақтай сөйлегені үшін ғана келтіріп отырғаным жоқ. Әңгіме тереңіректе. Менің ұғымымша, Әуезов жан дүниесінің байлығын, кемеңгерлігін танытып, шолақ кесетін шолтаңбай белсенділерге қарсы шығып отыр. Көзінің алдындағыдан басқаны көрмейтін, ақ пен қарадан басқа бояуды айырмайтын жаны жұтаң жазушыдан жақсы дүниенің тумайтыны айтпаса да түсінікті.
Әлде міні, әлде жақсы қасиеті, Мұхтар өзі ұнатқан, осыдан бірдеме шығады - ау деп үміт күткен дәмелілерді өлердей қорғаштайтын еді. Тағы бір мысал, соғыстың зардабынан біздің көбіміз университетке бес жыл кешігіп, ересек болып келіп түстік. Содан ба, әлде, Мұхтар Әуезов секілді өрелі ұстаздардың терең мағыналы, ауқымды лекцияларының дәмін алып қалғандықтан ба, әйтеуір сабақ жүргізетін мұғалімдерге талап қойғыш келетінбіз. Студенттер тезіне түскен сондай мұғалімдердің бірі — өзін: «Мен — сендерге ұстазбын» деп таныстыратын бір оқытушы.
Ол асықпай басып, аудиторияға кіреді. Асықпай қимылдап, жуан портфелін үстелге әкеп жатқызады да, ішінен сары қағазбен қапталған «XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті» деген Сәбит Мұқановтың сол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін, тым сирек кездесетін кітабын алып, оны портфелімен көлегейлейді. Содан кейін бипаздап баппен асықпай отырып, оқи бастайды. Бізге жазыңдар дейді. Бірақ көбіміз жазбаймыз. Өйткені, Сәбит кітабы бізде де бар. Партаның астына ұстаймыз да қасымыздағыларға жолма-жол көрсетіп отырамыз. Олар болса күледі. Сол күлкімізден сезіктенді ме, кім білсін, бір күні «ұстазымыз» маған шүйлікті:
— Сафуан, сен неге лекцияны жазбайсың?
— Жазып отырмын.
— Жоқ, жазып отырған жоқсың.
— Нанбасаңыз оқып берейін, — дедім де өзіне еліктеп, сары қағазбен қаптап алған Сәбит кітабының әлгінде өзі оқыған жолдарын сусылдаттым да бердім. Жұрт ду күлді. «Ұстаз» қызарып жүре берді.
— Шаймерденов, аудиториядан шық!
— Жазығым не?
— Жазығың тәртіп бұзып, басқаларға теріс үгіт жүргізіп отырсың.
— Аузымды да ашқан жоқпын ғой. Сонда қалай, үгітті үндемей жүргізгенім бе?
Ол ашуға басты.
— Менімен тәжікелесетін сен өзің кімсің?
— Студентпін.
— Босат аудиторияны!
— Жоқ, босата алмаймын.
— Шық деймін!
— Шықпаймын.
Осы оқиғадан кейін біз кафедраға барып шағым жасадық. Бұл кісіден оқымайтынымызды айттық. Деканат комиссия құрды. Мұғалімдердің лекциялары стенографияға түсірілді. Қоқыс осында жария болды. Академиялық екі сағатта жаңағы «ұстаздың» біреудің кітабынан оқып бергені бес-ақ бет болып шықты. Ал Әуезов оқыған лекция қырық екі бет. Мұның өзі де дәл емес. Өйткені, Мұхаң лекциясын стенографияға түсірген Данаш Байқадамова бұл лекцияның елу бес - алпыс бет болатынын, жалғыз жазғандықтан көп ретте қолы талып қалдырып қойып отырғанын, үлгіре алмағанын мойындағаны әлі есімде.
Қазақ әдебиетінің кафедрасында бұл мәселе талқыға түсті. Студенттер атынан ол мәжіліске Зейнолла Қабдолов екеуміз қатыстық.
— Біз Алматыға білім іздеп келдік. Ал мына оқытушының лекциясы бізді қанағаттандыра алмайды, — деп сөздің турасын айттық. Кафедра меңгерушісі Бейсенбай Кенжебаев бізді қостады. Сол-ақ екен, кейінірек отырған «ұстаз» ұшып түрегелді де:
— Мен бұларды жөнге салады екен деп келсем, мені талқыламақшы екенсіңдер ғой, — деп шығып жүре берді.
Манадан бері үнсіз отырған Әуезов тамағын бір кенеп алды да:
— Жігіттер, бұларың дұрыс болмады. Қалай десеңдер де мұндай кадрлар далада жатқан жоқ қой, — деп жаңағыға іш тарта сөйледі. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім», — деп Сара айтқандай, мағынасы мүлде басқа болса да, Мұхаң сөзінен кейін жұрттың бәрі тым-тырыс отырып қалды. Біздің де үніміз өшті. Дау осылай тынды. Архитектура сәулет өнерінде антураж деген термин бар. Зәулім үйдің қасынан тағы бір зәулім үй тұрғызсаң, бір қызығы, олар бірін-бірі ашпайды, қайта баса түседі екен. Зәулім үйдің сәнін төңірегіндегі егілген ағаш, отырғызылған гүл, фонтан тағы сондай болмашы бір бөлшектер ашады екен. Антураж дегенің әне сол. Қазақ әдебиеті кафедрасында соз алған кезде, мүмкін, Мұхтар ойында да осы бір термин отырған шығар? Кім білсін оны...
Мұхтар ағамен мен соңғы рет 1960 жылдың шілде айында Ыстық - көлдегі өз үйінде кездестім. Қызығы әлі басылмаған машинама үй ішімді салып алып, демалуға барғам ғой, ұлы ұстазға сәлем бере кірдім. Неге екенін білмеймін, ол кісі басында көңілсіздеу отырды да, әңгімелесе келе шешіліп кетті. Жазып жатқан романы туралы ұзақ отырып айтты. Менің байқағаным, талай қысталап асулардан өтіп, бұралаң, бұлтарысы көп жолдарды басынан кешіріп, ақыры ұлы мұратына жеткен, ойға алған көп ісін тындырған, атақ-даңқ, абырой атаулының шыңына шыққан осы бір мол денелі, қалың ерін, жалпақ төбе, селдір шаш, кең маңдайлы қоңыр кісіні жатса-тұрса мазасын кетіріп толғандыра берер көкейкесті ендігі мәселе — өз халқының келешек тағдыры екен. Көп томды «Өскен өркен» романының лейтмотиві осы. Мен ұзақты күн Мұхаңмен бірге болып, кешқұрым ойы теңіздей тербелген осы бір ұлы адамға ұзақ ғұмыр тілеп, «Өскен өркеннің» алғашқы кітабын тезірек көрсек екен деген ақ тілеумен аттандым. Содан кейін кездесе алмадым. Арада он бір ай өткенде, 1961 жылдың маусым айының жиырма жетісі күні ұлы ұстаз алпыс төртке қараған шағында әр оқушысының жүрегіне азалы жара қалдырып, мөлтеңдеген көзіне жас тұндырып, дүниеден оп-оңай аттанып кете барды...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі