...Осы даладағы қаптаған тау-төбенің әйтеуір бір бөктерінде сіз бармаған бір қыстақ жатыр. Кәдімгі Хрущевтің тұсында қызыл кірпіштен өріліп, қаланған шатырлы барақ үй, баз қора, көктемінде көңнің иісі мүңкіген шарбақ, шоқ шидің ту біткен тұсынан қазылып, қынасыз таспен шегенделген тұщы құдық. Екі басты барақтың бір басы — фермер мырзаның ордасы, сыртының сылағы көшкен екінші бөлігіне күзем жүн мен жабағы жүн, тулақ-тері кіріп алған. Тау қолтығында ұйлыққан топ теректің ұшар басынан ала қарға қарқ етсе, маубас төбет іргенің май топырағын бұрқ еткізіп, үш-төрт қарғып, әрі барып, кері қайтады. Ескі жолды төмен құлдилатқан қотыр қайқаңнан бері қадалған жеті-сегіз бағанның кісі бойы жетер тұсына дейін қоңыр бояуын көшіріп, сүйкенген тана-торпақ, қақпағы қаңтарылған құдыққа доғарылған арық-тырық қауғасап, барақ үйдің тықыр желкесіне тік шаншылған сырық-антеннаның жел шайқаған теңселі болмаса, бұл маңайда өзге қыбыр еткен тірлік нышаны жоқ. Айтпақшы, үй орнындай төбесі тайпақ біткен төбешіктің кіндігінен көтерілген оба-тастың тапал көлеңкесінде зеріккен қойшы бала отыр. Ендеше, тау астында тұп-тура жүз немесе екі жүзге тарта қой көк шөпті бырт-бырт жұлып, жайылып жүр деңіз. Қойшы балаға қосарласқан шабдар шолақ иегін ауыздығымен қасып, келте мойнын тұқыртып, қоңыр топырақты пыс-пыс иіскейді. Топ теректен тағы да ала қарға қарқылдайды, маубас төбет те өз міндетіне адал. Ал, төргі үйде Оралхан ағамның әңгімесінен көшіп келген күйде төсек астындағы сандықты ашып, «анау жылы қайнысының құдасы кигізген», «түнеукүні орталықтағы абысыны беріп жіберген», «өзі алғалы үш киіп, қысқарып қалған» көйлек-жаулықтың нафталинін иіскеп, сол қалпында ұйқыға тұтқындаулы бәйбіше қорылдайды. Құдай-ау, бұл неткен марғау тірлік?!
Сәлден соң қотыр қайқаңның а-арғы жағынан кәрі «Москвичтің», «ы-ы-ы» деп ышқынған «53-тің» үні шығады. Қойшы бала, шабдар шолақ, маң төбет пен ала қарға, тіпті, төргі үйдегі бәйбіше де елең-елең етісіп, тіріліп сала береді. Айдаладағы ауыл әп-сәтте абыр-сабыр ию-қию боп кетеді. Тайпақ төбеден қойшыекең құлдилап, бәйбіше күркедегі пештің күйесін білегіне шейін жағып алады. Маң төбетіңіз ендігі қайқаңның жотасында жорғалаған шығар. Қайқаңнан, қара жолдан шаң шығады. Мыжырайған күркенің тесік атаулысы көк жібек (жібегі де құрыған екен) түтінді есіп кетеді. Оны, қайдан келгені белгісіз, бір самал паршалап жатыр. Қара шәйнек томпаңдап пешке мініп, «ыз» ете қалғанда, есік алдына екі көлік тоқтайды. Базарға апарған малы өтіп, тиын-тебенге «жарты Қазақстанды көшіріп әкелген» отағасы шұбатылған шаң сейілмейінше кәбеңкеде бүгежектеп, әлденені шұқылап, түспей қояды. Сәскеге ауысқан Күнді бұлтиған бұлт құшса да, көзін көлегейлеген бәйбіше күркенің есігіне сүйеніп, керісінше, есікті иығына сүйеп, шаңның үстінен басын қылтитады.
И-иә, амансыңдар ма?
Ат-көлік аман ба?
Халдарың қалай?
Қалай барып қайттыңдар?
Мал-жан аман ба?
Мәшинелерің бұзылғаннан сау ма?
Ит-құс мазалаған жоқ па?
Шаршадыңдар ма?
Не жаңалық бар?
Өздеріңде не жаңалық бар? — секілді жауабы жоқ, жоқ болса да түсінікті сауалдардың басын бір қайтарған соң, барлығы екі машинаға, одан соң үйге қарай аяңдайды. Әуелі бәйбіше есік ашуы керек, одан соң қожайын кіреді, қойшы бала қожайынның саптама етігін мықшыңдап шешуі керек, фермер төрт-бес рет ахылап-үхілеп біте бергенде екінші көліктегі нән сөмкелерді есікке әзер сыйғызып, үлкен ұл кіруі керек. Мұнан соң қаланың лебін ала келген ала сөмкенің «ішек-қарыны» ақтарылып түседі. Төрт-бес бөлек шай, арзан кәмпит-пішинә, бір бұрыштан қытайдың жылтыр сағаты шыға ма-ау (оны қайтейін деп жүр екен?!). Жетілік шамның екі-үш метр білтесі, оншақты пәшкі «Полет», «Коланың» құтыларында езілмеген техн. спирт жатады. Мұның бәрі қайдан, қалай, қаншаға алынғаны, неге керектігі сарапқа түскен соң, бұрыштағы ескі шабаданға аттанады. Келесі сөмкеден екі-үш керзі етік, тағы да қытайдың тәпішкесі иісін аңқытып шыққан соң, бір бұрыштан бәйбішеге арналған көйлек-жаулық қылаң береді. Бәйбіше оны жымың-жымың етіп, тексеріп біте сала «нафталин әлеміне» бағыштайды. Енді күркеде қалған қара шәйнек еске түседі, ол, болса-болмаса, бұрқ-сарқ ашуға мінген. Қойшы бала таудан асып, ұсақ малды боқтап-сыбап санап әкеледі. Үлкен ұл мен бәйбіше баз қорада бес сиырдың желінін қақтауға кіріскен. Маң төбет жағы айырылып кеткенше есінеп, бүгін түннің мазасыз болатынын ойлап, сыңқ етіп қыңсылап қояды.
Рас, бүгінгі кештен түннің бір уағына дейін қыстақты мазасыздық жайлап алады. Фермер көкең баз қораны екі-үш айналып, шарбақты ыңырсыта сүйеніп, қойын санап ыңылдап жүреді. Қойшы бала көлікке мініп, дүрілдетіп қояды.
Қой, ей, қой!
Төргі үйдің төрт ұялы терезесінен жетілік шам іңірге сығалағанда, маң төбет те шоқ теректегі ала қарғаға үн қосады. Оны түсінбеген үлкен ұл мылтығын сипап, шатырға шығып түседі. Содан Жетіқарақшы Темірқазықтан ширек орам озғанша, маң төбеттің арпылына үлкен ұлдың керзі етігінің тарпылы үндесіп, айрандай ұйыған түн іріп кетеді. Құдай-ау, бұл неткен мазасыз жұрт?!
Ертесіне бар тірлік қайтадан өз қалпына ауысады. Сол баяғы Хрущевтің барағы, баз қора, көң шарбақ, шеген құдық, қой мен қойшы бала, фермер мен бәйбіше, ала қарға-маң төбет, үйленбеген үлкен ұл айдалада — «Тәңірінің назарынан тыс қалған» ауылда ғұмыр кешіп жата береді. Ол жаққа газет-журнал да бармайды, телефон-телевизор, радио-магнитофон келместей боп кеткен. Анда-санда бір соққан орталықтағы туыстар мен қаңғыған құйын ғана мазаламаса, бұл ауыл жылына екі-ақ рет абыр-сабыр болады: күзде және көктемде — фермер қалаға мал сатып қайтқанда ғана...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі