Қартаң тартқан жуан жүзім сабағының арасына жасырынған аппақ ішімдік үйінің есігі алдындағы шырмауық пен ұп-ұсақ қытай розасымен шілтелеп, сол сабақтардан жасалған қалқаның саясында тұрған стол басында алдарына бір шөлмек шарап алып, сыршы Винченцо мен ұста Джиованни отыр. Сыршы — қағылездеу келген, тәлтиген, қара жігіт; қоңырқай көздерінен қиялшыл адамның сызылған ойшыл жымыңы жылтылдайды; мұрты мен жағын жылмита қырынғанына қарамастан, сол бір жымыңнан бет-әлпеті тіпті, баланың жүзіндей, аңқау да боп көрінеді. Қыздың аузындай, әдемі, оймақ ауызды келген өзі сары алтын роза гүлін сумаңдаған, салалы саусақтарымен үйіре отырып, дүрдиген еріндеріне басып, көзін жұмып қояды.
— Мүмкін, білмеймін мен өзім, мүмкін! — деп еді ол ақырын ғана, қысық шекелі басын шайқап қойып, жирендеу шашы жазық маңдайына төгіліп кетті.
— Я, я! Солтүстікке неғұрлым таяған сайын, солғұрлым адамдар да қайсар келеді, — деп түйді кең иықты келген, қара бұйра шашты, қазан бас жігіт Джиованни; жігіттің екі беті күреңітіп, күнге күйген мұрнының ағарған терісі жағалай жарғақтанып тұрған еді; көздері өгіздің көзіндей үлкен, мейірімді келгенде, сол қолының бас бармағы жоқ болатын. Май мен темір тозаңы сіңген қолының қимылы сықылды, өзінің сөйлеген сөзі де сонша сылбыр. Шарап құйылған стаканды тырнақтары майырылған қара-қошқыл саусақтарымен қысып алып, сөзін гүжілдеп жалғай берді ол:
— Милан, Турин — жаңа адамдардың қалыптасып, жаңа милардың өрбитін тамаша бір дүкендері! Сәл ғана сабыр ет — жер әлі-ақ адал әрі ақылды болады!
— Я! — деді стаканын көтерген қол тоқпақтай сыршы, күн нұрын шарабына шағылыстыра әндетіп:
Өмірге жаңа келгенде біз,
Жеріміз сондай жылы еді шіркін!
Ержетіп ек, болды да мұз,
Жауратты жанды жылынбай бір күн!
— Солтүстікке неғұрлым таяған сайын, солғұрлым шаруа да жақсара береді. Осы күні француздардың өзі де өмірде біз сықылды еріншек емес, әрегірек барсаң — неміс, одан әрі орыстар — адам деп соларды айт әнеки!
— Я!
— Теңсіздікте, бостандық пен өмірден айырыламыз деген үреймен олар ересен үлкен істер істеді, өйткені, күллі шығыс өмірге солардың арқасында ғана талпынып отыр ғой!
— Батырлар елі! — деді сыршы, басын иіп. — Мен өзім солармен бірге тұрсам дер едім...
— Сен бе? — деді ұста сыңқ етіп, алақанының қырымен тізесін бір қағып қойып. — Сен онда бір аптадан соң-ақ мұз түйіріндей боп қатып қалар едің!
Екеуі кеңкілдеп бір күлісіп қойды.
Екеуінің айналасында көгілдір және сарғылт гүлдер құлпырып, себелеген күн сәулесі ауада дірілдеп, мөлдір шынылы шөлмек пен стакандардағы альмандин шарабы құбылып, шалғайдан теңіздің жібекше судыраған сыбдыры келіп тұрған еді.
— Мейірімді Винченцон, — деді ұста, езуін екі құлағына жеткенше тартып, — менің әлгі қалай социалист болғанымды өлеңмен айтып берші, оны білуші ме ең өзің?
— Жоқ, — деді сыршы, стакандарға өзі сорғалатып құйып жатқан қызыл шарапқа қарап күлімдеп қойып, — ол жайында өмірі аузыңды ашпаған болатынсың. Бұл жарғақтың сүйегіңе сонша құп жарасып қонуына қарағанда, соны өзің сірә, кие тудың ғой деп те ойлаймын!
— Сен сықылды және жұртқа ұсап мен де сыр жалаңаш әрі пәңгі күйімде туған болатынмын; жас шағымда дәулетті әйелді арман етіп, солдатта жүргенде офицер дәрежесіне емтихан тапсырмақ боп оқу да оқыдым, сөйтіп, жиырма үш жасқа келгенде дүниенің түп-түгел оңып тұрмағанын әрі пәңгі боп өмір сүрудің ұят екенін сезген едім!
Столға шынтақтай түсіп, басын көтеріп алған сыршы жарқабақты кемерінде зәулім қарағайлар бұтақтарын тербетіп ырғалып тұрған тауларға қарай бастады.
— Бізді — менің ротамды Болоньяға жіберген еді; онда — біреулері жерді жалға алу ақысының азайтылуын талап етіп, енді біреулері жалақыны арттыру керек деп даурығысып, шаруалар қозғалған болатын, сонда осының екеуі де өзіме теріс көрініп: жерді жалға алу ақысының азайтылып, жұмыс ақысын арттыру деген ақымақшылық қой! — деп ойлаған едім, — өйткені, бұл — жер иелерін күйзелту ғой... Қалада тұратын маған бұл бір мағынасыз, бекершілік боп көрініп, қатты ашуланған едім, оның үстіне шыжыған күн, бір орыннан бір орынға дамылсыз жылжу мен түнгі күзет қызметі де жыртыққа жамау болған еді, өйткені, жаңағы жігіттер, байқап отырмысың өзің, помещиктердің машиналарын қиратып, сол сықылды астықты өртеп, өзінікінен өзге дүниенің бәрін де бүлдіріп жүрген болатын.
Шарапты сыздықтата отырып сіміріп салған ол әңгімесін барған сайын желпініп, жалғай берді:
— Өздері далада, қоралы қойдан аумай, қара-шоғыр топ құрғанмен, бірақ үн-түнсіз, қаһарланып, қайрат қылып жүретін еді, найзамызды көрсетіп, кей-кейде мылтықтың дүмімен де түйгіштеп қуалап тастаған кезімізде өздері қорықпай әрі асықпай басып тырым-тырағай болатын да, артынша қайтадан кеп бас қосатын. Намаздағыдай зергерлік осы бір оқиға, аумаған безгекше, күннен күнге созыла берді. Абруцездік шаруа, аяулы жігіт, унтеріміз Луото қиналғаннан сарғайып, жүдеп-жадап, талай рет тіпті:
— «Шаруа өте шатақ, балақайларым! Оңбайын, сірә, оқ атуға тура келеді-ау деп ойлаймын!» — деген де болатын.
— Ол бастаған осы жаман ырым бізді сары уайымға бұрынғыдан да бетер салған еді, сол екі арада, білемісің, әрбір мүйіс, төбе мен ағаштың ар жағынан қасарысқан шаруалардың бастары состиып, көздерімен бізді жегідей жейтін болды, — бұл адамдар бізге, әрине, іштері онша елжірей қарай қойған жоқ-ты.
— Жұтып жібер! — деді тәлтиген Винченцо, досының алдына мөймілдеген стаканды жайдары пішінмен жақындатын қойып.
— Мың мәртебе рахмет, сөйтіп — тайынбайтын адамдар жасай берсін! — деп сыңқ еткен ұста шарапты сіміріп салып, мұртын алақанымен сүртіп қойды да, сөзін соза түсті:
— Шаруалар ағашты бүлдіре берген соң, бір күні өзім бір зәйтүн тоғайының қасындағы төбеде ағаш күзетіп тұрсам, төбенің түбінде бір қарт пен ұлан қанау қазып, жұмыс істеп жатыр екен. Шыжыған ыстық, отша күйдірген күн, құсаланғаннан тіпті балық болып кеткің де келгендей, сөйтіп әлі есімде, жаңағы екі адамға өзім ежірейе қарап та тұрмын. Шаңқай түсте екеуі жұмыстарын тастап, нан мен сыр және бір құмыра шараптарын алдарына алғанда, құрып кетіңдер деп қойдым ішімнен. Сөйтіп тұрғанда, дәл сол уақытқа дейін бетіме бір қарамаған қарт қапелімде ұланға күңк ете түсіп еді, анау теpic бағып басын шайқаған соң:
— «Бар!» — деді қарт қатты зекіп.
Құмырасын қолына алып, қасыма келген ұлан маған сүлесоқ қана:
— «Әкем сізді шөлдеген шығар деп, шарап ұсынын отыр!» — деді.
— Ыңғайсыз болғанмен, сүйсініп кеткендіктен, қартқа басымды изеп, алғыс айтып, ішпеймін деп едім, ол аспанға қарай отырып:
— «Ішіңіз, мырзам, ішіңіз! Біз мұны солдатқа емес, адамға мезіреті ғып отырмыз, шарабымызды ішкеннен солдат мейірімді болады екен деп дәмеленбейміз біз» — деді маған.
Ішімнен:
— «Құрып кеткір, шақпасайшы!» — деп ойладым да, шараптан үш жұтып, рақмет айттым, сөйтіп екеуі төменде отырып тамақтарын ішуге кірісті; содан соң өзім ұзамай ауысып, орныма салериндік Уго кеп тұрған соң, оған мына отырған екі шаруа бір рақымды жандар екен деп сыбыр ете түстім. Сол күні ымыртта машиналар сақталған қораның есігі алдында тұрған кезімде басыма шатырдан бір черепица құлап, онша қатты тие қоймағанмен, екінші біреуі қырымен кеп иығымды езіп кетті де, сол жақ қолым салдырап қала берді.
Ұста ауызын арандай ашып, көзін сығырайтып, қарқылдап кеп күлді.
— Ол күндері черепица, тас, таяқ дегендерің, — деді ол күле отырып, — ол жерде өз бетімен қимылдап, өздігінен әрекет жасаған сол бір жансыз заттар басымызды көнектей ғып күмпитіп те кетіп жүрді. Келе жатқан немесе қарадан-қарап тұрған солдатқа ойда жоқта жер астынан таяқ атылып, аспаннан тас жауып жататын. Біз, әрине, ашуланып жүрдік!
Тәлтиген сыршының көздері бір мұңмен сүзіліп, өңі сұрлана қалды да:
— Мұндай нәрселерді естісең әрдайым ұяласың... — деді ақырын ғана.
— Амалың кәне! Адамның ақылы аз-аздап қана кіреді ғой. Одан әрі: көмекке кісі шақырдым, сөйтіп мені бір үйге, бетіне тас тиіп жараланып жатқан біреудің қасына әкеп салған соң, жаңағыдан қалай жараланып қалдың деп сұрап едім:
— «Бір кемпір, жолдас, — деді ол қамыға күліп: — шашы аппақ қудай бір алжыған мыстанның періп жіберіп, кәне, өлтіре қойшы — дегені!»
— «Тұтқынға алдым өзін?»
— «Мен мұны өзім жығылып, жараланып қалдым деп едім. Командиріміз оныма сенген жоқ, онысы көзінен-ақ көрініп тұрды. Бірақ енді, өзің-ақ айта қойшы, кемпірден таяқ жедім дегенім өлім емес пе! Пері ұрғыр! Бұлар қиыншылық көріп жүр, сондықтан да бізді жақтырмайтындары айдан анық».
— «Солай!» — деп қойдым мен ішімнен. — Сөйтіп, дәрігер мен бір екі әйел келді, әйелдің біреуі, сірә, венециандық болу керек, ақсары шашты, асқан ару екен, екіншісі — есімде жоқ. Менің жарамды көріп, әрине енді, түкке тұрмайтын нәрсе болған соң, иығыма ыстық су басып, кете барды өздері.
Ұста қабағын түйіп, тоң-торыс қалып, қолдарын құшырлана бір үйкеп қойды; жолдасы стаканға тағы да шарап құя отырып шөлмекті жоғарырақ көтерген еді, ауада нарттай жайнап сорғалаған шарап қалтырап кетті.
— Сөйтіп, екеуіміз терезенің алдына келіп, — деді ұста әңгімесін тұнжырай жалғап, — үстімізге күн түспестей боп отырған едік, сөйтіп отырғанда жаңағы ақсары шашты әйелдің сыңғырлаған дауысын құлағымыз оқыс шала кетті, серік әйелі және дәрігермен бірге өзі бақ ішінде, терезенің ар жағында, өзім жақсы түсінетін француз тілінде сөйлеп келе жатыр екен.
— «Өзінің көзінің қандай екенін байқадыңыздар ма? — деді әйел. — Әлбетте, ол да шаруа, сөйтіп мундирін сыпырып тастап, өзгелер сықылды, оның да социалист болып шыға келуі мүмкін. Мінеки, осындай көзді адамдар дүние жүзін жеңіп алып, күллі өмірді өзгертіп, бізді қуып, құртпақ болып жүр, сөйтіп осының бәрі де адамды зеңгітетін әлдебір көр соқыр әділдіктің салтанат құруы үшін жасалмақшы болып отыр!»
— «Әңгүдік балалар, — деді дәрігер, — жарым-бала, жарым айуандар!»
— «Айуан екені — ып-рас! Бірақ бала дерлік не сиықтары бар?»
— «Әлгі, жалпы теңдік жайындағы армандары...»
— «Өзіңіз-ақ ойлап қараңызшы, — бұқаша сүзе қараған жаңағы жігітке және әлгі қушиған бет-әлпеті құстан аумаған әне біреуге мына мен тең болыппын ба, сол сықылды қаны бұзық мұндарларға осы келе жатқан сіз, мен, мынау үшеуіміз тең болыппыз ба! Өздері сықылды айуандарды сабату үшін шақырып алатын мұндарларға...
— Адуындаған әйелдің айтпаған сөзі қалған жоқ еді, тыңдай отырып: «Солай, ханым!» — деп қойдым мен ішімнен. Әйелдің өзін бұрын талай көрген едім, әйелді солдаттан артық арман ететін пенденің жоқ екенін, әрине, өзің де білесің. Әлбетте, бұл әйелді көз алдыма жүрегі аяулы, ақылды, мейірімді жан ретінде елестетіп, сонымен бірге ақсүйектер өзіме алабөтен бір ақылды адамдар боп көрінетін де еді.
— Жолдасымнан: «Жаңағы тілге түсінемісің?» — деп сұрап едім, бірақ ол түсінбейді екен. Солай болған соң, оған ақсары шашты әйелдің сөзін айтып беріп едім, бір көзін таңып тастаған жігітім жалғыз көзі жалтылдап, бөлме ішінде бұлан-талан болды да қалды.
— «Осылай екен ғой! — деді ол бұрқырап. — Осылай екен ғой! Пайдалана отырып, өзі мені адам орнына санамайды екен ғой! Соған бола намысымды қорлағанға көніп отырсам, оған ол пішту де демейді екен ғой! Соның мүкәммалының амандығына бола шыбын жанымды шүберекке түйіп жүрсем...»
— Жігіттің өзі ақымақ емес еді, сөйтіп өзі мұны қатты қорлық көріп, мен де намыстандым. Содан келесі күні-ақ екеуміз сол әйелді жұрт алдында шіміркенбестен сөз қыла бастадық. Луота тек міңкілдеп:
— «Байқаңдар, балақайларым! Солдат екендіктеріңді әрі тәртіптің бар екендігін ұмытып кетіп жүрмеңдер!» — деп ақылын ғана айтып қойды.
— Жоқ, оны біз ұмытқан жоқпыз. Бірақ жұрттың талайы-ақ, тіпті түп-түгел дерліктей, шынын айтқанда, тас керең, көр соқыр бола қалды да, жаңағы шаруа жігіттер біздің кереңдігіміз бен соқырлығымызды жымын білдірмей пайдалана қойды. Сөйтіп, олар ұтып шықты. Өздері бізді қатты сыйлады; ақсары шашты әйелдің олардан көп нәрсені үйренуіне болатын еді, мәселен, адал адамды қалай бағалаудың керек екендігін олар оның көкейіне әдемілеп тұрып құятын еді. Сөйтіп, қан төкпек боп барған жерімізден аттанарда талайымыз-ақ гүл алды. Деревняның көшелерін бойлап кетіп бара жатқан кезімізде жұрт бізге тас пен черепицаның орнына енді гүл жаудырды, достым! Меніңше, мұны біз еңбек сіңіріп алдық-ау деп ойлаймын. Жақсы сыйлап аттандырса, жаман көзбен қарсы алғанды ұмытып та кетеді екенсің!
Ол күліп жіберіп, содан соң:
— Осыны сенің өлеңге айналдыруың керек, Винченцо... — деп еді.
Сыршы ойлана езу тартып қойып:
— Я, мұның өзі дастанға өте лайық нәрсе екен. Өзін тіпті жазып та тастармын деп ойлаймын. Жасы жиырма бестен асқан адам сыршыл өлеңнен суыса да береді ғой. — деді.
Қолындағы уқаланған гүлін лақтырып жіберіп ол басқа біреуін үзіп алды да, жан-жағына қарап қойып:
— Ана көкірегінен ауысып, жар көкірегімен қауышқан адам басқа бір бақыт іздеп, ілгері қарай шеру тартуға тиіс... — деді ақырын ғана.
Стакандағы шарабын шайқап қойып, ұста үндемей қалды. Теңіз сызыла шуылдап, сонау төменде, жүзім егісінің ар жағында гүлдердің аңқыған иісі аптаған ауада қалқып тұрған еді.
— Мына күн бізді тым еріншек, тым ұяң ғып барады, — деді ұста міңгірлеп.
— Сыршыл өлең шығару қазірде қолымнан келмейтін болып, өзіме көңілім қатты қалып жүр, — деп қойды Винченцо ақырын ғана, қиылған қастарын түйіңкірей түсіп.
— Сен өзің бірдеме шығарып па ең?
Сыршы бөгеліңкіреп барып:
— Я, кеше «Комо» қонақ үйінің шатырында тұрып шығарып едім, — деді.
Сөйтіп ол өлеңін ойлы пішінмен, күбірлеп, әндете отырып оқи жөнелді:
Жапан-түз, жағалауда жалтыр тасқа,
Күзгі күн қош айтысты құшақ жайып.
Тарпыған тасты толқын төпеп басқа,
Жөнелді көк теңізге күнді шайып.
Сары алтын жапырақтар жел үйірген
Ақ көбік арасынан қылтыл қағып,
Ажарсыз аспан мүлгіп бір бүйірден,
Жатса да айдын теңіз буырқанып,
Жалғыз-ақ күлімдейді күн нұрланып.
Екеуі ұзақ уақыт үндемей отырып қалды; сыршы басын иіп, жерге қарап, алып денелі, алпамсадай ұста жымиып қойды да, ақыр аяғында:
— Күллі нәрсені тілдің майын тамыза әңгіме етуге болады, бірақ соның бәрінен де аяулы адам туралы сөз қозғап, аяулы адамдарды жыр еткен артық! — деді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі