Лукьян Степанов Галиноға, помещик қатын Никулинаға қырқүйектің жаймашуақ ашық күнінде келіп түсті. Хуторы осыдан он бес шақырымдай. Атты көзінің қарашығындай күтетін адам. Демек, өте бір маңызды шаруамен келсе керек.
Жирен айғыр аулаға шақар көзі жалтылдап ентігіп кірді де сарай қасына барып бірақ тоқтады. Әдетте бұл жерге баспалдаққа жақындауға жасқанатын адамдар ғана тізгін тастайтын. Лукьян Степанов көпшіксіз ершік тақтайда отырған. Атқорадан келе жатқан лицей шәкірті Сева күле сөйлеп:
— Лукьян Степанович, көпшіксіз отырғаныңыз қалай? — деп сұрады.
— Тұра тұр, айтамын, — деді ол айғырын дәртесіз арбаға байлап жатып.
Сева бәйек болып жүр. Лукьян Степанов атын мықтап тұрып ұзақ байлады. Содан соң ғана сіңбіріп тастап, етегімен мұрнын сүртті де қолын ұсынды.
— Бауырым, кедей ағаңда дым да жоқ, — деп жауап берді. — Көпшігің болса әкел, басыма да, бөксеме де тығында.
Арбасынан зілдей дорбасын алды да қалың киімімен қорбандап үйге беттеді. Үстінде жылы белдемше, оның сыртында сеңсең тұлып, бөркінің ішінен құлағын баса қызыл орамалмен басын байлап алыпты, аяғында ауыр саптама.
— Соншама қымтанғаныңыз не? — деді Сева тағы да күліп.
— Бауырым, мен сексеннен астым, — деп жауап қайырды Лукьян Степанов. — Менің жасыма жетіп көр.
— Қайдағы сексен! Оның бәрін қайдан алып жүрсіз?
— Даладан, бауырым, егінжайдан.
— Ал құлағыңызды неге тұмшаладыңыз?
— Саңырау болып қалмас үшін, солай, бауырым. Мырзалар, сендер неге шеттеріңнен саңыраусыңдар? Қалай болса солай жалаңбас шыға келесіңдер, құлаққа жел тисе бітті. Саңырау болдым дей бер.
Үй иесі залға шықты. Қасында үлкен ұлы Мика, мұртты қасқабас, көзілдірікті, одан соң қызы Люлю келді — өңі тым жүдеу, қашанда иығын түбіт шәлімен қымтап, себепсіз селкілдеп жүретін кірпияз да нәзік жан. Үй иесі ақ нан турап шай берді, сөзі көп еді, ел шаруасын жақсы білгенсіп ауыз жапқан жоқ. Сева күліп отырып Лукьян Степановтан, күнге тотығып шырыш-шырыш түлеп кеткен томардай танауынан көз алмады. Люлю аяғымен диванға шығып кетті де бұрышқа тығылып қонақтың жайын аузына, бір тісі қалмаған жалаңаш қызыл иегіне мөлиіп қараумен болды. Бәрінің күткені бір жұмбақ — бұл неге келді? Имениені сатып алмақ ойы бар ма? Япырай құдай оңдаса кетті! Үй иесі соны астарлап жеткізген сияқты, қазіргі жағдайға байланысты сатып та жіберер едім дегенді айтты:
— Аһ, Лукьян Степаныч, біздің халықты байқап отырсаң, капиталдың ең сенімді тірегі банк па деген ойға еріксіз жүгінесің.
Бірақ Лукьян Степанов тек өзінің жылқысы туралы, астық жайында әңгіме көкіп, ақ нанды бұрап соқты да қасықты терең вазаға тығып жіберіп арпадай асап, жалап-жалап ыдысқа қайтадан сүңгітіп, тек шай ішумен болды. Үй иесін өтірік тыңдағансып, жоқтан өзгеге таңданып, анда-санда санын соғып қояды да әңгімешіге дес бермей тағы да өзі туралы көпіре жөнеледі. Белдемшесін ағытқанда сәтен көйлегінің оңып, тозып кеткені көрініп қалды, құлағындағы орамалымен қасқая бастаған маңдайын, тер жапқан бетін сүртті. "Мынау әлі мығым мұжық қой, — деп ойлады бәрі де. — Тек сақалы ғана ағарған, онда да ішінара, кезінде қызыл қылшықты болса керек; әрине, көзінде кәріліктің өшкіні бар, қарны салбырап кетіпті". Бір заманда ол орнынан тұрды, кіреберістегі дорбасын сүйреп келіп аузын ашқанда іші толған күміс екен, арасында алтын да жүр. Сөйтсе бұл әншейін мақтану үшін келген көрінеді. "Бұл әлі аз ғой, — деп күпінді. — Ақша деген сөз бе екен! Сұлымды сатып едім, ептеп кепілдік алдым..."
Жұртты таңғалтып, көзін қызықтырып, өзіне деген құрметті тегін сатып алды да қулана күліп, қызыл иегін көрсетіп шиқылдап, шай үшін, дом үшін рахмет айтып киінуге кетті.
— Япырай, отырып қалдым-ау, отырып қалғанымды қарашы! — деді, ешкім оны ұстамаса да. — Кешігіп барам, кейін боқырауда тағы да келермін.
Бәрінің де көңілі қалып, оның киінгенін күтпестен шығып кетісті. Кіреберісте жалғыз Сева.
— Сонымен сіз, Лукьян Степаныч, сексеннен астым дейсіз, шыныңызды айтыңызшы, өлемін-ау деп қорықпайсыз ба? Өлім туралы ойлайсыз ба?
— Тұра тұр, айтамын, — деді Лукьян Степанов киініп жатып.
Тағы да ештеңе айтпады. Құлағын тұмшалап, шәпкесін милықтата киіп, шырта буынды да тұлыбын жамылып алды. Соның өзіне ентігіп шаршап қалды да Севаның қасына күрсініп отыра кетті.
— Өлім дейсің бе? Одан кім қорықпасын, — деді. — Адам да қызық. Амалың қанша. Өлесің де қаласың. Байлығыңды да өзіңмен бірге ала кетпейсің.
— Сіз ғой, ақшаңызды бірге ала жүресіз, жол бойында өлтіріп тонап кетеді деп қорықпайсыз ба?
— Менде ақшаның барын ешкім білмейді. Білсе де қуып жете алмайды. Менің айғырымдай ат сенің атаңның тойында да болған емес!
Ершікті ерттей мініп Лукьян Степанов ауладан ағызып шықты да қора-қопсыдан озып шіркеу қасынан өткен соң енді көріп тұрған ешкім жоқ шығар дегенде аяңға басты.
Темекі түтінінен тұншыққан залда көпке дейін батар күннің сәулесі қалқып тұрды. Сева пианиноны ашып "Айлы сонатаны" ойнай бастады, оның да алғашқы бетін ғана білетін еді. Нахақтан ренжіп қалған үй иесі тәкаппар кейпін өзгертпестен әйел басына тән көмпістікпен шынаяқтарын жуып сүртті де Лукьян Степанов былғап кеткен вареньені вазасымен қызметші әйелге берді.
— Мынаны төгіп таста да ыдысын ыстық сумен жу!
Люлю кейісті қабақпен диваннан тұрды:
— Ойпырай, осы шала музыканттар-ай! - Үйден шыға беріп аллеяда шашылып жатқан қызылды-жасылды жапырақтарды таптай баққа кірді. "Күз келді, менің қимас бағым жүдеді!" — деп шырылдап ән салған болды. Бірақ әнді алғашқы жолдан үзіп тастап, сиренді бытқылдың сүрлеуіне бұрылды да орындыққа барып отырып еңіреп жылап жіберді, даусым шығып кетпесін деп орамалының шетін тас қылып тістеп алған. Орындық қасындағы үстелдің бетінде батар күннің сағымы жосылып жатыр. Әлдебір қара тұмсық торғай бұтақтан секіріп үстелге қонды да жылаған қызға қадалды да отырды. Мика қожайынсып, қоқиып кірген жабық қырманда молотилка дамылсыз гүжілдейді. Тымық кеште даусы сонау сілбі торлаған сағымды сары далаға жаңғырығып кетіп жатты.
Бірнеше күн өткенде Никулиндер үйінің қалпақты баспалдағының алдына тройка келіп тоқтады. Арбакеш үстіне жеңсіз желбіректі белдемше, жібек көйлек, тотығыс қауырсынынан айдар таққан қалпақ киді, ханум мен бикеш қаралы киімде: алыс та болса әйтеуір бір туысқанның өлетіні хақ, сапарға тәуір костюмің болмаса қаралы киім бәрін жасырады. Беттерін тормен бүркеп, қолдарына саусақты жібек қолғап киіп, қолшатыр мен сулықты, марқұм Никулиннің жұқа шекпенін қызметші әйелден қабылдап жатып үй иесі онымен мұңдана, сыпайы ғана қоштасты. Сева тықыршыған арық биемен салт шықты. Бекетке дейін жиырма-ақ шақырым, пойыз сағат жетіде жүреді, ал бұлар екіде қозғалды. Уақыт әлі ерте. Сева Лукьян Степановтың хуторына таяу аялдап қалды. Тройка қарабидай еккен жазыққа сіңіп кеткенде Сева хуторға апаратын ерменді сүрлеуге бұрылды.
Күн ыстық, картофелін қазып әкеткен қу дала қарайып жатыр. Алыста теректердің күміс балағы жарқырайды. Бұрқыраған шаңды толарсақтан кешіп үш жасар шамасындағы аппақ семіз бала қарсы жолықты: кір-қожалақ көйлек, үлкен картуздан шалға ұқсап кеткен, басын бір иығына қиқайтып алып, қайда бара жатқанын өзі де білмейтін сияқты. "Албасты баспайтын жынысқа кіріп кетсе адасады-ау" деп Сева күлді.
Мереке күндері еді, түс ауған шақ, хутор иен қалғандай. Шарбақтан кең аулаға кіретін із жатыр. Аулада арба, қырық шелек су сиятын тас астау, баяғыда кеуіп қалған құдықтың тырнасы сораяды, сарғайған қамыс шатырлы амбардың көлеңкесі. Амбардың арғы жағында мұжық ұясының сиқын бұзып биік фундаментке салған мещан үйінің боялмаған шатыры ағараңдайды. Одан ары апандай үңірейген әлдебір күрке көрінеді, іргесіне өлген қырғидың қаңқасын іліп қойыпты. Кіреберісте тайыз тоған, жағасынан құстың қауырсыны желбірейді. Ауланың екінші жағында, баяғыдан, хутордың бұрынғы иесі барон Ачкасовтың заманынан қалған қираған үйдің орны жатыр: қалың тас қабырға, қуарған жуан арқалықтың сорайған қалдығы. Қақпаның бәрі де ашық, сан жылдан бері шіріп, төбесіне дейін көктеп кеткен көңнің үйіндісі дін ортада теңкиіп тұр.
Лукьян Степанов ауланың ортасында шіреніп жалғыз өзі қалыпты: жалаңбас, үстінде сарғыш көйлек, қолында айыр. Енді біреуі көйлегін беліне тас қылып түйіп тастап, қомыт аяғын кирелеңдей басып амбардың тас баспалдағына тырмысып барады. Маңайы тоңқайып ұйықтап жатқан адамдар: Лукьян Степановтың бір ғана отбасы он алты жан, оның үстіне әйелімен құдасы қонаққа келіпті. Бәрі де түскі астан соң есеңгіреп кез келген жерге серейіп жата кетіп шырт ұйқыға басқан. Жалғыз Лукьян Степанов қана аяғынан тік тұр, әлі мастығы тарқамаған, қызара бөртіп қонысын күзетіп тұрған беті.
Сева аулаға келіп кіргенде асықпай қарсы алып, қолын ұсынды да қара тер болған биенің алды-артын шолып шықты.
— Мәскеуге, ән іздеп барасың ғой тегі, — деп кекесін күлді.
Амбар шатырының көлеңкесінде байлаулы овчаркалар отырған.
Лукьян Степанов соларды жасқаған болды. Иттерге таяу қара бұйра сақалды құдасы шалқасынан түсіп мес болып ұйықтап жатыр екен. Арбада, күн көзінде жасыл көйлекті қатын мсн Лукьян Степановтың үлкен ұлы, үстінде көк атлас көйлек, аяғында тақалы етік, оның қонышынан сыздық жапсырған шұлығы көрінеді. Екеуі етпетінен түсіп құшақтасып алған. Қатындар күннен далдаланып алжапқыштарын, етектерін бүркенген болыпты.
— Жұмыртқа қуырып жіберейін бе? — деді Лукьян Степанов.
— Біз жаңа ғана тамақтанып едік, — деп Сева бас тартты.
— Шай демдейін?
— Жоқ, әуре болмаңыз.
— Шошқаның сүрлеген етіне қалай едің?
— Жоқ, рахмет, ештеңенің қажеті жоқ, оның үстіне бекетке кешігіп қаламын ба деп қобалжып тұрмын.
— Демек, тағы да Мәскеу ғой?
— Иә... Мен онсыз да біраз сабақтан қалып қойдым.
— Тіршілігің жақсы-ақ, — деді Лукьян Степанов қызғанышын жасырмай, кекетіп қалуды да ұмытқан жоқ. — Сабақ дейді! Мен ғой, қырық мыңды қалтаға басқан князьдің князі болсам да тырп ете алмай отырмын. Мына тұрған Киевке жете алғаным жоқ. Бұл сенің сабағыңнан қымбатырақ нәрсе. Жүр үйді көрсетейін.
Үйдің қасында жыртылған ескі көрпеге тары жайып тастапты.
— Кіш, сендерге қырғын да келмейді-ау! — деп Лукьян Степанов тарының үстінде жортып жүрген ұзын сирақ арық балапандарға айырын сермеп қалды да баспалдаққа көтеріліп, үйді екіге бөліп тұрған сейнекке кірді. Еден тақтайларын әлі салмаған екен, қираған доңғалақтар, кеуіп қалған ағаш бадейкалар, кірпіш, ақ балшық үйіліп жатыр. Ашық есіктерден қаңыраған бөлмелер, кафельді пеш, жез булық көрінеді, қабырғалар көгілдір түсқағаздармен қапталған.
— Үйді неге бітірмегенсіз? — деді Сева артына бұрылып.
— Не, үйді ме?
— Иә.
— Бауырым, капитал жетпей жатқан жоқ па. Сенде бір-ақ уайым — сабақ оқу, есеп шығару, оқығанды тоқу.
— Жоқ, қалжыңсыз. Не бітірмейсіз, не көшпейсіз. Жұрттың айтуынша, сіз күркеде, жертөледе тұратын көрінесіз.
— Жертөле деген кез келген үйден артық, — деді Лукьян Степанов. — Көшпейтінім де рас. Көшпегеніме де үш жыл болды, сонсоң да бітірмей жүрмін. Әңгіме капиталда ғана емес. Балалар келсе быт-шытын шығармай ма.
— Ол неткен балалар?
— Немерелерім де. Солардың санынан да жаңылдым. Кіргізіп көр, табан астында қабырғаларды айғыздап шықсын.
Түпкі бөлмеде, қожайынның айтуынша залда жалаңаяқ, бір қарағанға тәп-тәуір момақан қатын орақпен көк шөпті турап жатқан.
— Бұл неге керек? — деді Сева.
— Шошқаның жемі, — деді Лукьян Степанов. — Кетелік, тымырсық екен.
— Дегенмен лашығыңызды көрсем деп едім.
— Оған да апарамын.
Тозығы жетіп қап-қара болып кеткен атқорадай үлкен күркенің астында төбесін жуан бөренелермен жапқан терең үңгір. Мүжіліп біткен шым баспалдақпен төмен түсті. Көрдей қараңғы, жарық жоғарыдағы жыртиған екі терезеден ғана жылтырайды. Сева кемі жиырма адамға арналған жалпақ нарды көрді — мұнда да ескі-құсқының үйіндісі бықсып жатыр-аттың жабуы, шарқайдың жұрнағы, қисайған бесік; шөгіп кеткен кірпіш пеш, жертөленің жармысын алып тұрған үстел, пеш қасындағы қожыр-қожыр шөгеңкелерге күл аралас лас суға кір жібітіп қойыпты.
— Мынау масқара ғой! — деді Сева. — Мұнда қалай тұрып жатырсыздар? Сізде жан басы он алты емес пе. Қыс бойы барлықтарыңыз бірге ұйықтайсыздар ма?
— Масқара дейтін мұнда ештеңе жоқ, — деп Лукьян Степанов пештің астына үңіліп қарады да айырмен түртіп-түртіп қалған, пеш астынан алба-жұлба ауру кептер күлді бұрқыратып далпылдап ұша жөнелді. — Масқара дейтін мұнда тұрған ештеңе жоқ, бауырым. Тоғыз жыл тұрдым, құдай саған да соны жазсын, бір де рет угарлаган емеспіз. Баспана емес, жұмақ! Қандай жылы десеңші! Қыста тыржалаңаш жатсаң да тоңбайсың... Бауырым, біз жерге жақын адамдармыз.
— Бірақ сыз ғой, масқара!
— Маңырай бер! Сыз екені рас, әрине сыз. Жүр, менің аңшы екенімді де көр.
Лукьян Степановтың "аңшылығы" — осы өңірге аты шыққан қоңыр тазылары ерекше аулада — жаңа үйге жалғастыра салған шатырлы баспанада екен. Құлыпты ашып, тақтай қақпаның ішіндегі кішкентай темір есікті, баспалдағы бар бөлек-бөлек үйшіктерге кірді.
— Жаңа үйге ене қалсам, түн ішінде тұрсам да бәрі менің көз алдымда, — деп Лукьян Степанов аулаға қарап тұрған терезелерді нұсқады. — Түсіндің бе? Ақылмен жасалған емес пе? Шынымды айтсам, жұмақтағы Адамнан кем тұрмаймын. Князьдің князімін десем ше!
Көзі жайнап кетті. Ашық қора да құлыпта екен. Ашқан бойда есіктерді шалқасынан серпіп тастап аттардың арт жағынан жасқанбай кіріп кетті де сауырынан кекіліне дейін сипап шықты.
— Сен кірме, кірме! — деп айқайлады. — Табалдырықта тұра бер. Тепсе өлтіреді. Бұлар тек мені ғана таниды.
Асау құла жылқылар тұла бойы қалшылдап, тықыршық атып пысқырынып, шадыр көздерінен от шашты. Жалдары қара, шоқтығынан тізесіне дейін салбырап кеткен. Семіргендері соншалық, шоқтығынан сауырына дейін жон арқасы шұп-шұңқыр.
— А? Қалай екен? — деп Лукьян Степанов ар жағынан дауыстап қояды. — Көрдің бе? Бұл саған Мәскеу емес... Біздің тұқым осы зауытты жүз жылдан астам ұстап келеді, мұндай текті жылқылар бүкіл губернияда емге жоқ. Өле қалсам ең бірінші арбаға таңдаулы тройканы жегіңдер де табытты сонымен алып жүріңдер деп арыз етем.
Содан соң еңкейіп бір табалдырықтан аттады да иненің көзінен өткендей әдемі боз биенің қасына барды.
— Ал мынау менің ең жақсы көретін жылқым! Жемчук деп атаймыз. Танауынан сипағанды ұнатады, бек ұнатады! — деп мақтанышпен қонағына бұрылып қарады.
Бәрін көріп, бәрін жауып, бәрін құлыптап төбесі көк тірегендей мәз болып қалды.
— Тұра тұр, тентегім, асықпа, үлгересің! — деді Севаны қақпайлап. — Барып шай ішелік. Көңілің шаппаса біраз отырып мылжыңдасалық... — Ол үйге кіріп орындық алып келді де ырсылдап жүріп Севаны қасына отырғызды.
— Әй, қатын! — деп ауланы жаңғырта айқай салды. — Кемпір!
Күркенің артынан қолында шүйке мен тоқыма бізі бар жүн шұлық киген еңкіштеу жуан әйел шыға келді.
— Менің княгинямды көрмеген шығарсың, — деді Лукьян Степанов әйелді нұсқап. — Мұны да көре кет. Бұл да жұмыссыз емес, үй сыртында апиын гүлін күзетеді.
Кемпір келіп иіліп сәлем берді.
— Қалай, отырсың ба? — деп сұрады Лукьян Степанов. — Ұры-қары келген жоқ па?
— Құдайға шүкір ешкім келген жоқ. Күзетшінің бар екенін біледі ғой.
— Апиынды әншейін ермек үшін сеуіп едім, — деді Лукьян Степанов қонағына бұрылып. — Мен әлгі күнбағыс, апиын дегендерді онша қадірлемеймін, тек балаларға ермек болсын деп... Ата-бабамыз ежелден қарабидай егіп еді, бізге де құдайдың бұйыртқан кәсібі сол. Олардың бар білгені қарабидай, сөйте тұрып темекіден үш сомдық сигар ораған. Ал мен, бауырым...
Кемпір тоқыма бізін жылтылдатып қарсы алдында көзілдірік астынан қадалып тыңдап тұрған. Лукьян Степановтың қабағы салбырап кетті.
— Жә, тыңдап болдың ба? — деп оған қолды бірақ сермеді. — Неменеге бежірейіп тұрсың? Менің ажарымда тұрған ештеңе жоқ! Бар, кет осы жерден!
Кешқұрым. Қарғалар жаңа үйдің керней қалпағына қонақтасып алып өсек соға бастады. Ұйықтап жатқандар да тіріліп, Лукьян Степановтың ұлдары бірінен соң бірі жуынуға тоғанға кетті — шетінен түксиген, дударбас мығым мұжықтар. Шелекте отырған бала шелегімен қоса тоңкалан асып ауланы басына көтере бақырды. Сева қоштасқан соң Лукьян Степанов: "Жолын болсын, жақсы оқы!" — деген тілек айтты. Қонақ жігіт қыршыңқы байталын шыбжыңдатып тоған бөгетімен тайып тұрды. Кешкі самал тыныштығын қоса ала кетті. Торғайлар тоған жағасындағы кепкен қурайларды сылдырлатып базарлап жатыр. Тоғанның сап-сары борсыған суында құжынаған құрт күпінің битінен де көп. Жуынып шыққан мұжық дамбалшаң сары балшық жағада отыр, екі көзі қиырсыз жазықтың шетінде, ағараң тартқан тұманға қызарып батқан күнде. Егіндіктің ормасы сап-сары. Басында сеңсең бөрік, томпақ ұрт бала қойшы бір қора қойды ормамен айдап келеді. Бірде оттап, тірде үйездеген қойлардың жүрісі онер емес. Хутордан шығып артына бұрылып бір қараған Сева кешкі тыныштық пен момақан тіршілікке қызғанышпен көз тастады да байталына қамшы басқан, соңында тек будақтаған шаң қалды. Сол шаң шақырымға дейін шұбатылып барып ымырт түсе әрең сорғыды.
Мәскеудің күзі тек жаңбырмен өтті. Тағы да ашынасымен табысып алған Мика деревнядан хат та жазбады, ақша да салған жоқ. Шешелері сырқаттанып қалды, сырқатын сылтауратып ешкімді қабылдамады. Тек кәртамыш театрал, жылмита қырынып жүретін шартық қарын, ентікпесі бар, әзілқойлығымен бүкіл қалаға атағы шыққан Жедтинскийге ғана рұқсат еткен. Қараша айында Люлю аяқ астынан алыс-жақынды таңғалдырып соған байға тиді. Жаңбырдың аяғы қарға айналды, түні бойы қоңыраулатып Тверскиймен жоғары-төмен тройка жортатын болды. Жедринский Севамен етжақын достасып кетті де түн баласын Стрельнада өткізетін компаниясына ертіп барып жүрді. Үстінде тон, аязда сигарын сораптап, әйелі мен кішкентай атақты актрисаның ортасына отырып алады да соның құлағына сыбырлап әлдебір әзіл айтады, ол шіркін есі кеткенше тарқылдап күліп, Жедринскийдің қолын шапалақтап кеп жатқаны. Люлюдің үстінде қымбат тон, басында ортағасырлық барқыт берет, етектей қолғапқа қолын тығып, қарсы алдындағы жас офицерге мөлиіп қарайды да отырады. Оның көршісі, бет әлпеті Екатерина вельможын еске салатын, мұжықша шаш қойып, үстінен аю ішігін, басынан цилиндрін тастамайтын атақты әнші қызғанышпен одан көзін алмайды. Люлю іштей өзін сөгіп:
— Оңбаймын ғой мен, салдақымын! — деп мұңаяды.
Ярдағы Стрельнаның қызығы енді басталған. Көңілді, жып-жылы орын, жалтылдаған айна, сигар мен шампанның, қуырған шілдің иісі аңқыған тамаша жайға кіріп барып жағаңдағы қарды кақпастан белдемше киген жампоз пысықтардың қолына лақтыра салсаң ғой, одан соң аяздан екі беті нарттай әйелдердің киімін шешіндірудің өзі бір ғанибет емес пе!
Бұл мезгілде, бүкіл ұрық-шарқын бұзаулармен қоса жып-жылы үңгірге қамап алған Лукьян Степанов үш рет оянып, тыстағы сықырлаған ақ қарды жалаң аяғымен таптап тұрып тұңғиық көгілдір аспанға, жарқыраған жұлдыздарға сүзіліп ұзақ қараған...
Капри. 30.12.1912.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі