Қаладағы жалғыз ұлының үйіне Сейсенбай қарттың келгеніне бүгін бесінші ай.
«Балқан — шығам деген тауым ба, басам деген жерім бе еді», — депті ғой сонау ықылым заманда жаугершілікпен ұзап, топырағынан қол үзген бір қарт сағыныштан күңіреніп. Сол айтқандай, Сейсенбай қарт шілденің басында үш тәулік поезд үстінде тербеліп, ырғалып-жырғалып, терлеп-тепшіп, салығып Алатаудың баурайындағы жасыл желекті әсем астанаға сапар шегермін деп әсте ойламағаны кәміл. «Беу, дүние-ау... Дәм тартса, тағдыр билесе қаңбақтай домалап, қайда кеп тірелеріңді білмейді екенсің де», — дейді ол көше бетке қараған қонақ бөлменің терезесінің алдында отырып.
Үш қатар жоғарылы-төмен ағылған машина — зу-зу өтіп жатыр. Жолдың екі беті қаз-қатар тізілген биік емен, шырша, қайыңдардың жасыл жапырақтары сәби алақанындай шағырмақ күн шуағынан ағараңдай жалт-жұлт етіп,жыбырлай, сыбдырлап тұр. Жиегі бетонмен бекітіліп, таудан төмен тартылған арық жүйесінде көз жасындай мөлдір бұлақ құмыға күңкілдей ағады. Арық бойын қапталдай салынған асфальт тротуармен екі-үш, не жалғыз-жарым ерсілі-қарсылы жүрген адам аяғы да әлі бір сиреген жоқ; бірі басын төмен тұқырып, ақшыл, қара, көк плащтарының етегі желбірей, өңір ілгектері ағытулы далақтай емпелеңдесе, бірі портфель, дорбалары салақтап, қайқалаңдай аяндап, бүлкектеп, жортақ тап барады. Бәрінің де алты қатар заңғар биік үйдің екінші қабатындағы терезеден ат жақты, алақандай беті ағараңдаған сары шалмен ісі жоқ, асығыс. Бұ күнгінің жасы қаба сақалды, жебелі мұртты келмесе, қартының көбі кесе тәрізді ғой. Мына қарт та сүйегі ауылдан демесең, анау имек, құс мұрынның астындағы қылтанақты күнде ертеңгісін электр ұстарамен жып-жылмағай күзеп, түбірін әтірмен сылап күйдіріп дағдыланған жан. Тіпті еркектен гөрі әйел затына лайық томпиған оймақ ауыздың езулігіне жиналған ұп-ұсақ, тары мұрт әжім болмаса, жұп-жұмыр шошайған иекте де сақал белгісі білінбейді; көп қырынған адамның ұстара тиген жері көгістеніп қалушы еді. Әлгі ондайдан да аман. Шот маңдайдан ашқан шаш айдарынан асып жығылыпты; көптен көлік ізі түспей сидаң, селдір ақселеу басқан ескі айдау жолдың сүрлеуі тәрізді. Жақ ұртының еті суалып опырайып қалған; көтеріңкі іспек қабақ үстіндегі келте, қалыңдау — бір-бірінен үріккендей алшақ қонған қасына да ақ сабақ тік жүгіріп, бурылдана бастағаны да жер ортадан ұзап кеткенін аңдатады. «Дүние қырғында да қалқан құлағым, тегі шандыр ғой өзгермес ау», — дейтін; онысы да кәрілік белгісін танытып, сырғалығы созыла салбырай түсіпті. Қой көз дің қарашығының жиегіне сақиналы көгілжім мұнар жүгіріп қалыпты.
Сейсенбай қарт ертеңгісін сенедегі шар айнаның алдында тұрып, осының бәрін көкірек көзінен өткізген; енді, Miнe, сол бір өз бейнесі ап-айқын санасында тоқылып үлгерген бе елестегі, еріксіз мінетеді. «Күлсең — кәріге күлдің кебі-ау», — дейді ақырын күбірлеп. Төрт бөлмелі кең үйде өзінен басқа жан жоғын білсе де, оқыс үнінен жалтақтап тынды. Баласы мен келіні — жұмыста, екі немересі — мектепте, кішісі — аула бетте ойнап жүр. Біреу естіп, «алжасудан аман ба?» — дейтін тірі пенде кәне? Тек анау қабырғадағы дөңгелек сағат қана мимырт аяңынан жаңылмай тық-тық етеді. «Пружинасы мықты, жас жігіттің жүрегіндей соғады», — деп ол оған сүйіне, бір жағы қамыға қарап қойды.
Ілкі келгенде бұл қаланың қызығы мол, әр күннің сыйлар сыбағасы көп тәрізді көрінген; ғылым кандидаты, химик қызы, хирург ұлы, екі күйеу баласы тайлы-таяғы жиналып екі-үш таксимен осы үйге жеткенде жолсоқты шаршағанын ұмытып қутыңдап кеткен еді. Сонсын баласының жолдас-жоралары әйелдерін қолтықтап қаптап берді дейсің... Аман бол. Түндік желбіреп ән шырқалып, күй тартылып мәре-сәре. Ертесіне екі қызының үйіне шақырылды; олардың да туыстары, құда, құдағи, баласының достары, келінінің құрбылары, күйеу балаларының қатары сенбі, жексенбі құрғатпай дәм беріп, танысамыз деп бір ай қаланын, Сейсенбай қарт бармаған қуыс-тесігі қалмады-ақ. Сонда ол әзіл-шынды, тост көтергенде: «Қарақтарым-ау, қонақжайлық ауылда ма десем, үлкен шаһар астанада да қаймағы бұзылмапты ғой. Қой бұл қазақ ғарышқа шықса, онда да бір-бірін қонақтап тыным таппас», — деп күлдіргені бар. Сол-ақ екен, тіл тиді ме кезек шақырыс толас тапты. Мерекелі күндері болмаса, жиналулары аз.
Сейсенбай қарт үй күзетіне айналды; бастапқыда сыр бермей ұйқы, кітап оқу, теледидарды жіберіп кино көруі мен күн ұзататын. Онан да жалықты. Кеш жатып, ерте төсегінен көтерілсе де көзінің тез ілінуі сирек, көңіл-қошы да жоқ. Қарсыдағы жеті қатар сұрғылт үйдің астындағы дүкеннен сүт, нан, қант, май алып қайтқаннан кейін, екі көше ілгерідегі гүлзарға сейілдеп те байқаған, тілдесер жан кездеспей шаршап жетті. Бір аңдағаны, қалада өзі қарайлас шалдан гөрі кемпір жағы коп. Ал, тегі әйел затымен Сейсенбайдың әңгімесі жас шағында жараспағаны анық; қартайғанда онан не үміт, не қайыр?! Сенделіп-сенделіп үйге келеді де, терезеден далаға осылай телміріп отырғаны.
Бір кезде жүйрік, зымыран уақыт тоқырап, аяғына белқұлы жем түскен аттай шабандайды деп кім ойлаған; міне, енді тіпті жылжуы да қиын. Сағат оннан жаңа асыпты, бес минут өт кен, жеті сағаттан соң ғана бұл үйдің тұрғындары жиналады. «Бұрынғының қарты әр өт кен күнімен жылап қоштасады: «Қызықсыз, белгісіз кетті», — деп қайғырады, қамығады деуші еді. Мен тез и і.і болуына құштармын, уақыт озғанына пейілдімін Мынау бір ермек таппай бос сандалыс қажығып, түбі аздырар білем», — дейді ол әрі-сәрі ой ұшын ұстай алмай дағдарып.
Осыдан бір жыл бұрын өмірінің ащы-тұщысын бөліскен кемпірінің жылын өткізген; жаман ба, жақсы ма қазір ойласа жетпістің екісіне жеткенше ауылда мұғалім де, МТС-те директор да, колхозда басқарма да, аудандық газетте редакторлық да қызмет атқарыпты. Сонан бері, бес қыз, бір ұл — алты бала өсіріпті. Үшеуі — ауылда, үшеуі — қалада. Қарап отырса, бәрі де көздерін жыртып аша салысымен-ақ, ес жиып,былдырлай сөйлеп, тәтті тілімен қуантып, сүйіндіріп жүріп бойжетіп, бұғаналары қатып көгершіндердей пыр-пыр ұша беріпті. «Көке, мен, астанаға барып институтқа түсейін деп едім. Бұған қалай қарайсыз?» — дейді де кете барады. Әйтеуір есінде қалғаны соларды ұзатып салып, келесі жылы шілденің шіліңгірінде терлеп-тепшіп қарсылап жүргені, бақыт та, қазық та алда, қашықта сияқты. Сол бір шалғайдан жылт еткен үмітке біртін-біртін жақындап, әне-міне жалынан тартып мінеммен жеткенде пенсияға да ілінді. «Е, Сейсеке, сізде не арман бар. Балаң астанада мықты дәрігер, атақты хирург, келінің мұғалима. Екі қызың ғалымдық жолды мұрат етіпті. Ауылдағы қыздарың да бірінен-бірі өтеді: агроном, инженер-эконо мист, дәрігер. Бәрі де ошақ иесі,өрісіңіз. Немерелерің де жетерлік. Кемпіріңді қолтықтап қыдыр, қызығын көр. Жұмыстың сізге, сіздің жұмысқа өкпеңіз жоқ», — деп қатар-құрбыла ры көңілін ауласа да газеттен кетпеді. Шыны керек, жора-жолдас сөзіне елікпегені рас. Баяғы аудан орталығындағы үш бөлмелі, шағын үйде; аула іші бау-бақ, сегіз сотық жер. Жұмыстан кейін кешкісін алты балаға басшылық жасап, ортасындағы алаңқайға көктемде еккен картоп, сәбіз, пияз, қауын, қарбыздарының арам шөбін жұлғызып, шапошотпен топырағын қопсытып, түптеп, су жіберіп у-ду боп қайтушы еді. Соңғы жылдары жападан-жалғыз қалғанда ғана, алда, болашақтан күткен, үміт еткен «бақыт құсы» өтіп кетпеді ме екен деп ойлағаны да бар. Келін ұстап, немере де баққан емес. Рас, бала-келіндері, немерелері жаз айларында, бір үйіліп-төгіліп келіп, жиырма төрт күн ошақ басын кішігірім жәрмеңкеге айналдырып жіберетін;иә, санаулы дәурен, санаулы қызық-тұғын Сонау Ұлы Отан соғысына Сейсенбай өзі тіленіп барып, Сталинград түбінен жараланып оралды, енді оң тізесі илікпейді, өзге кемшілігі жоқ. Кемпірі көп ауырмай дүние салғанда ғана өмір қадірі артып сала берді; сол жылы бозқырауда өкпесіне салқын тиіп, қатты құлағанда жалғыздықтың жамандығын түсінді. Үш қызы кезек күтіп, бағып-қақса да бір кемпірінің қаймақ қатып, қалампырлап ұсынған ыстың шәйіне жетпейтінін сезінгені анық. «Апыр-ай, балаларымды өсірген де, көгершіндей ұшырған да, ошақ басының тауқыметін тартқан да өзің бе ең? Мен неғып білмедім? Еркін жұмыс істетіп, бір балаңдай күтіпсің-ау... Miнe енді, мен нағыз қу жетім!»
Қаладағы екі қыз, ұлдан хат, телеграмма да жиілеп: «Көке, бізге кел. Үшеуміз бір жердеміз. Табысымыз мол, қызығымызды көрмеймісіз? Ауырып-сырқасаңыз маңдайыңыздан ұстап, аузыңызға су тамызар келініңіз, немереңіз бар», — деген ащы да болса шырқыраған шындықты көлденең тартып жатты. Әсіресе жалғыз ұлының үрдісі, сөз саптасы бөлек: «Көке, тамшы қаныңыз, жарық дүниеде менің де жүргенімді ескеріңіз. Мені жора-жолдастарымның алдында жерге қаратпағайсыз. Адам пенденің досы да, қасы да қасында. Ол — менің арым, намысым. «Әкең жалғыз, қаңғып қалды», — демесе де соны достарымның көзінен, үнсіз қарағандарынан сезем. «Жаман айтпай жақсы жоқ», көке. Алда-жалда өзіңіз ден көз жазып қалсақ, оны біз кеш естісек — ел бетіне қайтын қараймыз? «Сіздерге салмағымды салмайын да...» — дегеніңіз не сөз? Мен болмасам, салмақ артар, қадіріңіз өткен кім бар? Шешеңізді, біздің әжеміздің қолын жылы суға салып қойып, өле-өлгенше күткен кім? Сіз емес пе? Сонда сіз не, ауырлап па едіңіз?
Жә, осынша сауалым да жетер, көке. Ойланыңыз, перзенттік адал пейілімізді кері теппе гейсіз. Жақында республикалық денсаулық сақтау министрлігі орталықтағы сәнді, кең көшенің бойынан алты қатар тамаша бір үй көтерген, сонан маған төрт бөлмелі жай берді. Аула бетке қараған, тып-тыныш, шуақты бөлмені сізге арнап, келініңіз жасаулап жүр. Кен же немереңіз Болат: «ата екеуміз ғана жатамыз», — деп мәз-мейрам» — депті.
Сейсенбай қарт жалғыз ұлы Серіктің орнықты сөзінен бір суып, бір ысып езу тартып отыр. «Балам-ай, сен де есейіп қалыпсың-ау. Әжеңнің әңгіме ертегісіне, жыр-хиссасына елтіп, аузыңды ашып, көзіңді жұмып тыңдағаныңа талай қуанғаным есімде. Бәрінді ана тіліңде оқытып, ұтылдым ба десем ұтқанымды білмеппін ғой. Мынадай уәжді майын тамызып айтқаныңның өзі төбемді көкке жеткізіп тастады емес пе? Сөзің өтті. Тек сен мені жаным. «Әкем кергіді-ау, — деме. Елу жылдың үстінде жылы ұям болған үйімнің түндігін шешелеріңнің көзі жұмылысымен жауып, есігін шегелеп тастап жөнелу маған да оңай ма? Қалай қиям?.. Аптасына бір апаларының басына кім барады? «Әй, Сейсеке, қайда жоғалдың?,- десе, не деймін? Кемді-күн ойланайын, Серікжан пұрсат бер. Жо-жоқ, үйді сатпаймын. Есік жақтауында сендердің сәби қолдарың тиген белгі табы, бойларыңды өлшеген сызықшалар әлі өшпеген. Аула ішінде өздерің тігіп, өсірген алма ағашы, ақ қайың, шырша да тіpi. Сақырлаған сары аязда аялай талай сипап көргем,бұдырлы қабығы алақаныма сіздердің маңдайларындай жұмсақ, жып-жылы тиді. Оларды қайтіп көзім қияды, жаным-ау. Айманға қалдырсам деймін. Ол егіс басында жүр. Ай, көнбейді-ау.. Зейнеп ертең келеді. Ендігі үмітім бір сонда, келіссе жиналармын», — деді ол жауап хатында қиналып.
Тағдыр шіркіннің дауасыздығын білсе де, шарасыздық күйге түсірер-ау деп әсте ойлаған емес еді. Көрмеймісіз, таразының бір басына — туған жер, кіндік-кескен топырақ, қара орманы түсіп, екінші басына — бауыр еті, жалғыз ұлды салып: «Таңдаған жағыңа ауыс, қабыл ал.Қайсысы қымбат», — дейді тағдыр мізбақпай телміріп. Ал, Сейсенбай өмірі өзінің қанды қара басын күйттеп, бап тілеген жан ба? Көмусіз қалмайтынын да біледі. Амал не? Сөйтіп, ол Серікке жетті...
Ұзақ ойдан салығып, аққан жұлдыздай зу-зу еткен көшедегі жүрдек машиналардың жылдамдығынан көзі қарығып Сейсенбай қарт орнынан ауыр көтеріліп, ақырын аяңдап аула беттегі өз бөлмесіне ауысты. Шалқайма арқалығы бар орындығын терезе алдына әкеп, әне, соған жайғасып жатыр. Терезеден төгілген мол сәуле қарсыдағы әктелген аппақ қабырғаға түсіп, шағылыса құбылып бөлме төбесін де биіктете көтеріп жібергендей екен; Сейсенбай қарт манадан көлеңкелі көше бетті қызықтап, аула жақтың ашық, ғаламаттай жарықтығын байқамағанына осы қазір сәл-пәл өкінішті; басын сипай қутыңдап, күлімдей қалыпты. Әйтеуір бір түрлі тынысы кеңіп, жаны серігенін сезіп мәз.
Келгелі бері бір андағаны қаланың көшесі оқтай түзу, әрі жасыл ағашының қисапсыз көптігі. Міне, иық сүйесе төрт жаққа қараған жайдың ортасы ат шаптырым алаң. Кәдімгі қақпа тәрізді машина еткендей кей үйдің ортасыңда үңірейген тесік бар. Жағалай шырша, қайың, үйеңкі. қара тал тігілген. Ағаштары биік, жапырағы сыбдырлай желбірейді. Алты қанат киіз үйдің орнындай ортада сарғыш құм-топырақ төгілген, балалар ойнайтын саялы орын тазбастана шалынады. Темір әлпеншек, сырғанақ, ағаштан жасалған саңырауқұлақ та сол жерде. Беріде жасыл сырлы, ұзынша, екі орындық тұр. Үй мен үйдің арасын жалғастыра тура, қиғаштай тартылған асфальт аяқжол да айқыш-ұйқыш. Оларды да жаға лай жас шыбық тігіліпті. Анау екі орындыққа Сейсенбай қарт кешкісін талай маймаңдап барып, езімен жасы қарайлас бір шал кездесер деген үмітпен ұзақ-ұзақ отырған; тегі жолы болмай-ақ қойды. Ылғи шөжесін ілестірген тауықтай немерелерімен шұбырған кемпір-сампыр қаптап береді.
Зеріккен Сейсенбай қарт: «Уә, қыздар, жігіттерің қайда? Мамырлап, сыпандап жалғыз-жалғыз неғып жүрсіз дер-ей?!» — деп қалжыңдай қағытқан, тірі пәлеге қалды. Етжеңді келген, май мұрын сары кемпір қалт іркіліп, басындағы жаулығын түзеп, мұның бой-сойын адақтай қарап өтіп: «сен кімсің өзі?» — деді. Сұрағы сұмпайы, әрі қауіпті-ақ. «Адам мын да...» «Суретсің ғой. Жә, қабағынды кіржитпе...» «Өй суретің не ендеше?» «Еркектің дегенім де...» «Қап, антұрған-ай, қатырдың-ау...» Өзі мүлде күлмейді, шамасы келінімен ажың-ұжың ұрыссып шығып, маған тап келтірмесе неғылсын.
Қайта арық, жасамыс, пісте мұрын қара кемпір: «Ту-у, апа, бұ қай сөзің?! Бізді «қыз дар», — деп марапаттап жатса тарпа бас салғаныңыз не? «Қыздар» дегенді естімегелі қашан?» — деді. Күлімдей жақындап қасына кеп жайғасты. «Ыржаңдап борбайыңды сипай беруіңе қарағанда келіншегің жиреніп тастап кеткен-ау, ә?» — деп бітік көзі жұмыла сары кемпірдің әуені жұмсарып қалды. «Кемпірің» демей, «келіншегің» дейді; сыпайылай иліккен түрі. «Жиреніп» дегені де әлі ызғарлы. «Біздің жігіт кешегі соғыстан оралмады. Қырық бірде кеткен. Ол болса былай тентірейміз бе? Мына «мамырлап» жүргеннің көбі сол жылы «жігіттерінен» көз жазып қалған көксалдар ғой», — деп сары кемпір бір қойды.
Үстіндегі көнетоз, қоңыр, ер адамның пенжегі; оның астынан кигені қызыл-ала, жылы көйлек, аяғында шұлық, бауын алып тастаған, бақабас қара бәтеңке. Шамасы пенжегінің жеңі қысқа, сонысын сездірмейін деп шынтағына жақын түріп тастапты. Өзінің болмыс, бітімінде тәкаппарлық, өрлік те жоқ емес. Сөздері бір-бір есер есек байлар қазықтай ірі-ірі. Кейде сауалы мен мәжін ажыратып, андау қиын. Анау өзге қариялардың немерелерін төңіректеп, үйіріп, шашау шығармай біздің жанымыздан ығыстап кетуі де осы кісінің сұсынан емей, немене дейсің?! Тек мынау арық қара ғана «апалап» қайырып, тәк-тәктеп отыр. Ал, мынау май мұрын сарының қылығы арыстанның мысықты еркелетіп, еркін үстіне секіртіп, мойныңа мінгізіп қойған кеңдігі тәрізді; өзге біреу, «ту-у, апа ай...» десе, бұл ерін бауырына алып тулап: «әй,бетіме неге түкіресің-ей», — дер еді, бұған келгенде мырғау.
Кім біледі, боздақтарымыздың ерте кеткендері де дұрыс па?! Шалы өлген кемпірлер итжанды сияқты. Миылдап жүріп ұзақ жасайды ғой. Кәне, кез-келгенінен «Дені-қарның сау ма, құрдас?» — деп сұрап көрші... Жер-дүниедегі бар ауруды бір ғана өз бойынан атап берсін. Төндіре айтқанда жаныңнан түңілерсің. Ал, шалы тірілерге қарасаң өзгеше күй танисың. «Ие, алла...» — деп күйбеңдеп жүріп, үн-түнсіз кетіп жатыр, — деді қария Сейсенбай қартқа шекесінен қарап. — Шалдары мынау ұры мысықтай сығыраңдаған... Тіпті өміршең-ақ...
Қап, мына қақсалдың тілін-ай. Қыршаңқы неменің сөзі неткен ащы еді. Өмір туралы пәлсапасының түрін қара да...» Сейсенбай қарт оқыған, интеллигенттік ізеттен аса алмай іштей түйіліп үндемеді.
— Ту-у, апай-ай, бұ кісінің жазығы не? Тиіспесеңізші деді арық қара шыр етіп.
— Е, тәйірі... Бұндағы жұмысым не?! Тек сірәғысын айтам да. Аз жасасақ та «жігіттеріміз дің» амандығына не жетсін. Бұйыртпады ғой. Өкінгенсін де пендешілікпен . сандаламыз да. Жә, Әсия, мен дүкенге соғып қайтайын. Қазір оралам... Көгершіндеріме жем алайын деп шығып едім.
Сары кемпір көйлегінің мол етегін қағын, қарсыдағы ақсұр үйдің астындағы дүкенге қарай тартты. Сейсенбай қарт таңдай қағып, басын шайқап бірінші рет көрген бейтаныс қарияның сөзіне ғажаптана көзімен ұзатып салып отыр.
— Сіз, анау хирург бала — Серіктің әкесісіз бе?- деді арық қара Сейсенбайдың таңырқағанына мән бермей үн қатып.
— Иә, әкесімін.
— Ым... Шешесінің уақыты болды деп жүрген ел.
— Иә, дүниеден өтті ғой. Кемпірім... Серікжанның шешесінің арқасында азамат екенбіз. Енді түсіндік-ау, — деп Сейсенбай қарт өз жайынан біраз сыр шертіп кетті. Көптен шешіліп сөйлемей ішқұсталықтан жалықты ма, жоқ әлде мына жасамыс Әсия қарияның бала-келінін мақтағаны толқытып, қозғады ма үрім-бұтақ, зәу-затына дейін жайып салды.
Әрине, ол осы жасқа келгенше жолдас, дос қадірін білген; жігіт-ағасы аталғанда бірінен ұшынып, жиренді; бірімен бауыр басып, қуаныш, күйінішін бөліскені де кәміл. Айтатын не бар — бәріне де таразы тағдыр. Әйтсе де күндердің күні әйел затының алдында ағыл-тегіл әңгіме айтып, сұқпат құрармын-ау деп ойламағаны ақиқат. «Баланың сөзін айтып, үлкеннің асын ішетін» дәрежеге жетпегенсін көңілдің көк дөнені елегізіп, осыным қалай дегізбейді; бір кезде қатын-далаш, бала-шаға серігіңе айналар десе қорланар-ақ еді; қазір сондай тағдыр әткеншегіне мініп тербеліп қалғанын сезген жоқ. Жаңағы сары кемпір ұзасымен үш-төрт қария немерелерін төңіректеуді қойып, жақындап әңгімеге араласты. «Сұрай келе қарып бөле боп шықты» дегендей Әсия Сейсенбай қартқа «қарындас» аталып та үлгерді.
Ұзынтұра, ақсары кемпір Әсияның сары кемпірді мақтағанын жақтырмай: «төрт бала сының бірін қолына ұстамай, бәрін безіндіру қайбір жақсылық дейсің», — деп салды. Сейсенбай қарттың байқағаны мынау қариялардың сөзі балаларының атақ, дәрежесіне қарай ірі, ұсақ екен. Ақсарының ұлы үлкен қызметкер, сондықтан билік, жөн білдіру тізгіні де оған талассыз тиген тәрізді. «Осы маңдағы кемпірлер аракідік өзді-өзімен жиналып бір шай ішеріміз бар. Балаларымыздың арқасы, қызығын көрмейміз бе? Жалғыздық оңай емес, — деп елеп Маржанды да шақырсақ, келмей кергиді кеп... Не ол мұқым? Міністр ме? Сәскелік көгершіндерге жем шашып, балаларының атымен шақырып жынды адамдай сөйлеп жүргені де оған дәреже. «Балмұздақ жеп, қағазын аула ішіне неге тастайсың? Неге жинамайсың? Школда сендерге тазалық үйретпей ме? — деп кенже немереме ескерту жасапты. Күйініп кетіп: «Әй, Маржан, баламен бала болма. Тиіспе... Жыныңды қағып алам. Әкесінің кім екенін білемісің, ә?» — дедім.
— Құрдас дұрыс айтады, Маржан кәдімгідей жуасып, ығыстап қалды, — деп қасындағы қызылшырайлы, манадан үндемей тұрған жасыл жемпірлі кемпір ұзынтұраны қоштап қойды.
Ақсары қарияның оған танауы желбіреп, тіптен керги шалқайды; үш кемпірге алма-кезек көз тастап Сейсенбай қарт отыр. Әсияның ғана әлденеге көңілі толмаған тәрізді; ұмсына бірдеңе дегелі оқталып іркілді. Тегі баласының дәрежесі төмендеу ме, жоқ әлде бір ісі түсті ме, кім біледі?! Әйтеуір жүзінен пұшаймандық сезілді.
— Мұқым үндемесең басының, мейманасы асып кетті деді ұзынтұра арынын тежеп.
Әсияның шыдамы осы жерде үзілді. Күлімдей жалақтап қозғалақтай берді де:
— Жалған, апа... Кешірерсіз мені. Маржан ешкімнен ығыспайды. Ол сізге тура қарап: «Әй, сен балаңмен мені қорқытпа. Балаң да мендей коммунист. Мен осы төрт үйдің тұрғын дарының комитетінің мүшесімін. Аула іші таза, тәртіпті болсын десем айыптымын ба? Сен менің көгершіндерге жем шашып, көктемде ауламызға шыбық тігуге шақырғанымды да зеріккен, ақымақ кісінің қылығына балайтын көрінесің. Бәрі соның кім үшін? Білемі сің? Сол немерелерің үшін. Табиғатқа жақын болсын, үй төңірегіне де өз мүлкіндей жаны ашып, ардақтап өссін деймін.
Сен тәкаппарланып, кердендеймін деп балаңа қалай зиян тигізгеніңді білмей қалып жүр ме. Тәртіпке немерелеріңді шақыра алмайды екенсің, мен оны балаңнан талап етем. Тура бастығының алдына шақыртып, көзінше айтам», — дегенде, сіз: «Ойбай, қар... Мынау не дейді?» деп тұра жөнелгенсіз. Есіңізде ме?» — деді Әсия.
— Әй, Әсия, саған не жоқ-ей? — Қызылшырайлы ұзынтұра жағына шығып арадан килікті.
Шындық керек. Неге қиналып өтірік айтамыз?
— Қой әрі... Адвокат бола қалуын.
— Маржаншылын қайтерсің, — деді ұзынтұра ернін сылп еткізіп. — Адасқан қар, ол сені жетістірер, көсегеңді көгертер...
Екі қария сырт айналып, Әсиядан біржола түңілгендерін сездіре жүріп кетті. «Жалғанның жарығында ұлылы-кішілі осындай да шындық, әділдік, ақтық жолында тартыс,күрес тоқтамайтын құбылыс екен де. Немере баққан пенсионер кемпірлерге не тіреліп жатыр? Бұл не?Табиғат, өмір заңы ма? Әсия итаршыльққа бармай, үндемей тынса ше? Не бүлініп, не өзгерер еді? Неге дүрдіраздыққа басын тікті?» Сейсенбай қарт тандана Әсияға көз тоқтатты.
Жаңағы әңгімеден соң Әсия реңі мүлде өзгеше: жүзінен шуақ есіп, мойнынан ғаламат бір ауыр жүк түскендей сергек, жеңілденгені сезіледі; үлкен кісіге ғана тән биязылық, ұстамдылықта мұнар шалған жанарынан қадалады. Шамасы талай мәрге әлгілер Маржанды сыртынан даттап, жазықсыз жазғырғандарына ашынса да, көпке топырақ шаша алмай шарасыз күй кешіп кеп, осы қазір ұятты, бөтен көз Сейсенбай қартты арқаланып, көкейіндегісін ақтарып салғанына дән разы. Талайдан бері еркінен тыс құрбысының алдында күнәлілігі де жанын жегідей жел, ішқұсалық азапты аз шекпесе керек. Соның бәрінен енді құтылып, ары тазарғанына шат тәрізді. «Иә, бұл Әсияның өзі үшін де аса қажет еді. Қасиетсіздік жаман ғой», — деп ойлады Сейсенбай қарт арық қара қариядан жүзін тайдырып. Плащын қаусырына қымтанып, қозғалақтап қойды да үнсіздікті бұза:
— Әсия қарағым, Маржан кім өзі? — деді.
— Маржан кәдімгі сіз бен біздей адам. Көргені көп... Әке, шешесінен ерте айрылып, жамағайын бір туысының үйінде өсіпті. Бертінде есін жиып, оң мен солын танығанда қу жетімге пана табылмайды. Көз түрткіге түседі... Сүймейтін адамына жамағайындардың бермек ниетін сезіп, амалсыздан қалаға қашыпты.
«Біреу — тойып секіреді, біреу — тоңып секіреді» демей ме? Маржандікі — тоңып секіру. Жаратылысы бөлек, еті тірі, он жетіге жаңа толған бойжеткенге тағдыр шіркін аяушылық жасап, тәуір, адал сүт емген жандарды кездес тіре беріпті. Оның үстіне Совет өкіметі орнап жатқан кезі екен. Біреу заводқа орналастырып, жатақхана әперіпті. Комсомолға өтіпті. Ликбезге түсіп көзі қара таниды. Завод рабфакқа жіберіпті. Өзі де алғыр, өткір болса керек; әрі зерделі, еңбекқор. Тыным, тыныштық таппай жүріп, білімін ұштапты. Партияға алынады. Мұғалімдік оқу бітіреді. Мектепке оқу бөлімінің меңгерушісі, сонсын директорлық дәрежеге дейін көтеріледі. Дала, ел дәстүрін ұмытып, тікбақайлау өсіпті. Кей мінезі қазақтан гөрі орысқа жақын қалыптасады.
Өзі айтса, күйеуі ашық, ақжарқын жан. Тек өңі жұмсақ білем. Әкесі мен шешесіне Маржан жақсы келіп көрінгенсін көп ерсі мінезіне мән бермейтін болады. Онан беріде торт балпанақтай сәби сүйдіреді: екі ұл, екі қыз. Кемпір-шал немерелерін тәрбиелеп, өсіріпті. Бұл сол баяғы арсың-гүрсің мінез, табысын әкеліп ата-енесіне бергені болмаса күн, түн демей шапқылап, қоғами жұмыспен жүріпті. Тіпті күйеуі бірде: «Сен осы әйелмісің, жоқ еркекпісің», — деп реніш те білдіріпті. Өзі айтса, оған да тоқтамапты. Бір жақсысы «үн демей құтылушы едім», — деп күледі. Хош деңіз... Соғыс басталып, күйеуі Ленинград түбінде қаза тауыпты. Кемпір-шал, балаларды өзі бағады. Кейін енесі мен атасы араға жыл салып дүниеден өтеді. Үлкен ұлы мен екі қызына жоғарғы білім берін, кенжесінің тәрбиесі өзіне қалады. Екі қызды ұзатып, тұңғышын үйлендіреді. «Бәрі көкем мен апамның арқасы екен. Қадіріне жетпеппін ғой. Жаңғыз кенжені тәрбиелеу маған қиын тиді... Мектеп бітірсе де институтке бармады, жұмыс та істемеді. Ішкілікке салынды. Он бес сөткеге де қамалды. Ақыры жасы әскерге толып, азаматтық парызын өтеп, түзеліп қайтты», — дейді.
Miнe, сонан бастап балаларын жеке отау етіп шығарып, жалғыз тұрады білем. «Мен келін тілін таба алмадым ғой», — деп күледі. Осы төңіректегі кемпірлер анда-санда жиналып, бас қосамыз; шай ішіп, сыр шертісеміз. Ылғи үй шару асы, немере бағу жалықтырады ғой, аға. Сондайда оны да ортамызға шақырамыз. Келмейді. «Е,-е?» — дейміз таңданып. — «Айтатындарың бос сөз, өсек. Балаларыңның дәрежесін салыстырып көкисіңдер, — деп тыжырынады. «Ойбай-ау, жәй шер тарқатып, сырласу емес пе? Дәм ауыз тиеміз, соғым уағы...» «Мен не, аш жүрмін бе?» — дейді сіресіп. Бар ермегі көгершіндер... Сәскелік соларға тары, бидай шашып, сөйлесіп, ұрсып жүреді. Кәдімгі қияли адамның тірлігі. Құрбы ларым онысын әуіш жанның қылығына балайды. Кейде әлгілердің сөзіне нанасың-ақ. Әйтпесе ақшыл көгершіндерді: «Айжан, Айдар-ау», — деп дауыстай шақырып, көгілдірін «әй, Құмар, әкеңдей Сәрсенге тиме, соқтықпа! Әрі кет , — дейді ақырып. Сонсын етегі желбірей далбалақтап арасына кіріп кетеді, үркітеді, ұрсады. Сәрсен қайын атасы ғой. Аруақты сыйламағаны қалай? Атын атағанды кім көрген? Алайда Маржанға сот жоқ...
— Әй, Нұржан!.. О сотқар неме! — деп қара кемпір әңгімесін үзіп тастап, қарсыдағы үйдің үшінші қабатындағы балконға қарап айқайлады. Сейсенбай қарт сол тұсқа көз жүгіртіп, быттиған жалбыр шашты баланың төменде өтіп бара жатқан біреуге жоғарыдан әлденені лақтырғанын байқап қалды. — Әй, кәззәп! Маржанға айтам!..
Сәби асыға, аптыға балкон есігін сарт еткізе ашып ішке кіріп кетті.
— Жаңағы ұзын, ақсарының немересі ғой. Кеше бір тәуір киімді үлкен кісіге жұмыртқа лақтырып үсті-басын бүлдірген. Енді, міне, шіріген помидор тастап тұр. Көгершіндерге тас атып Маржаннан сыйын алғалы қойған. Жаман әдетін тағы бастағанын көремісіз, — деді Әсия орнынан көтеріле түсіп, қайта жайланып.
— Маржанның балалары қатынай ма?
— Сирек келеді.
— Неге?
— Бірде баласы немерелерін алып кеп: «апа, біз театрға баратын едік. Қарай тұрыңызшы», — десе: «Хватит,.. Өздеріңді баққаным да жетер», — деп қуып шығыпты. Көршісі сөйдейді, рас болса сұмдық.
— Жәй - сөз де...
— Мүмкін. Өткенде екі немересімен көгершіндерге жем шашып жүргенін көргем. Әлгілерді айналып-толғанып құшақтап, сүйіп те қойған.
— Е, бәсе, солай де.
— Әне, өзі де келіп қалды. Бұл кісі жылдам жүретін, шат қимылдың адамы ғой.
Маржан ер адамдай қарыштай қадымдап кеп, Әсияның екінші жағынан отырды.
— Aпа, мына кісі менің ағам, — деді Әсия күлімдеп.
— Ағам да, күйеуім де майданда елді демедің бе? Немене тіріліп кетті ме?
— Жоғы... Өй, сіз де айтасыз-ау. Руласпыз да. Өлген адам тірілуші ме еді?
— Сіз анау кіші немереңіз Болатқа көз салыңыз. Келініңізге ескерткенмін.
— Нені? Не жазды сәби, құрдас?
— Жас сұраспай еркек атаулының, «құрдастыққа» әуесі несі? Мен сізден үлкенмін, інішек. Байқаңыз, шешеңіз боп жүрмейін.
— Ту-у, Мәке-ай, тек тиісе кететініңіз не? — Әсия қабағын кіржитті. — Танысып үлгертпей үркітесіз.
— Қай жылғысыз? — деді Сейсенбай.
— Мен бесінші жылы туғанмын.
— Иә, он жасы үлкен екен аға. Кешірерсіз...
— Міне, көрдің бе «кешірім» де сұрап үлгерді. «Не жазды сәби» дейсіз. Айтайын... Мынау балалардың оянатын, демалатын жері. Қай уақытта да таза, жинақы тұруға тиіс. Ол тек аула ішін сыпыратын коммуналдық қызметшілердің міндеті емес, бүкіл тұрғындардың парызы.
— Әлбетте дұрыс. Құдай сөзіндей тура.
— Жоқ!.. Ұран сөзіндей деңіз. Сіз коммунист бе?
— Иә...
— Келгелі есепке тіркелдіңіз бе?
— Әрине.
— Ендеше тұрғындар комитетіне сізді де тартамыз. Тазалық үшін күресеміз. Арамызда еркек аз. Сіздің Болат немереңіз қауын тілігін, пирожкиді ораған қағазды кез-келген жерге тастайды. Төрт үйде пәленбай бала бар. Бәрі соны істесе аула іші не болар еді? Кеше тіпті беседкіге қарбыз әкеп жарыпты да, жинамай шашып кетіпті. Үйрету, ескерту жөн, — деді Маржан Сейсенбай қартты ұялтып.
Міне, терезеден сол Маржанды көзімен ізден отыр. Кеше де біраз телмірген еді. Көрінбейді. Көгершіндер әрлі-берлі ұшып жүр. Күнде сәскелік оларға жем шашып, босаған темір шелектің түбін қағып «асқа шақыратын», ортасында қалқиып тұратын. Аула іші сол кісімен жанданып, толатындай да сияқты-тұғын. Қазір қаңырап, құлази жүдеп қалыпты. «Ауырып, төсек тартып жатыр-ау», — деп ойлады ол. Рас, сол жолы үйге келісімен кешкі ас үстінде келін-баласының көзінше өзінің бейтаныс, жасы үлкен қариядан ескерту алғанын, қатты қысылғанын айтты; бір көрмеген келісті пісте мұрын, аққұба келіні де осы сын-сағатта байқамай, шытырлай қызарақтап, намыстанып шықса, оған баласы қосылса соларын тілге тиек етіп, сағынып жүрген аулына қайтып кетуді ойлап қалғаны анық. Еш өкпе артпай, «тату-тәтті тұрыңдар, қарақтарым. Мен араларыңа темір тікенек болмайын. Қала маған қол емес екен. Аунап-қунап біраз тынықтым. Қазір заман тыныш. Самолет дегенің анау, екі-үш сағатта зымыратып жеткізеді. Топырлап бір үйде үйірілудің қажеті не? Ата-анасын бала асырайды дейтін не бар. Пенсиям өзіме жетеді», — деп ұлықсат сұрамақ еді.
— Папатай, ол кісінің ескертуі аз. Бізге ұрысса да ерікті. Мойындаймыз. Болат, естідің ғой? Енді далаға дайындалып шық. Қағаз, қауын, қарбыздың қабығын тастаушы болма. Сен үшін біз ғана емес ата да ұялмасын. Ұқтың ба?! — деді келіні көз астынан күлімдей қарап.
Болат аузын бұлтита томпайтып, мұрнын қисайта бір тартып басын изеді. Марқұм кемпірі осы үш жасар кенже немересін алғаш көргенде мейірлене құшақтай сүйіп, бауырына басып отырып: «Сейсеке, бері мойын бұршы. Апыр-ай, ә... Міне, сойып қаптап қойғандай тура сен. Өкпелеп бұлтиғанына шейін айнымайды-ей. Күлші, Болат... Кәне күлші. Әне, дәл сен», — дегені бар. Өмір қосағының сол бір сөзі осы қазір есіне түсіп, ол немересінің басынан сипап қалды. Болат атасының аяқ астынан неге жылылық танытып, елжірей қарағанын әрине білмеді; күлімдей қарттың қолтығына басын тығып, быттиған сәби қолын мойнына артты.
— Бір кезде біздің ауламыздың іші ығы-жығы, үлкенді-кішілі темір гараж болатын. Қалалық атқару комитетінің қаулысы шығып, көпшілігін сыпырып ала бастағанда Маржан шешей қызу араласып тазарттырған. Анау жасалған аяқ-жол, жағалай тігілген жас шыбық, септірілген құм, әлпеншек, беседка, орындық сол кісінің арқасында келтірілген, — деп келін Маржан қарияға ырзалығын білдірді. — Достарымыздың үйлеріне қонаққа барып жүрміз ғой, папа...
— Ту-у, айтпа... — деді ұлы шәйін ұрттап қойып. — Ыбырсыған қағаз, қиқым, консерві құтысы, шөлмек, шіріген картоп, помидорма-ау аяғыңды әзер алып жүресің. Кіре беріс подъездерінің өзі лас. Әрине ертеңгісін аула ішін тазалайтындар сыпырып, тазалап кетеді ғой. Сонсын кешке дейін тұрғындардың настығынан адам көргісіз күйге түседі. Жарылған трубадан аққан су, балшық, топсасы үзілген есік, қабырғалары саталақ жазу, кір. Маржан шешенің қадірін біз сонда білдік, көке. Ол кісі бүкіл қаламыздың анасы екен де.
— «Қаламыздың анасы», — деп жақсы айттың-ау, — деді келіні тамсана таңдай қағып.
Мұғалімге ғана тән «жақсы айттың», «өте дұрыс», «қате», — деп бағалау әдеті жеңіп, келінінің аңдамай арадан киліккеніне Сейсенбай қарт езу тартты; әйтсе де сөзге қонақ беріп үндемеді. Ұлымен екеуінің тату-тәтті шүйіркелесуі, шыншыл, әділдіктері, Маржан пейілін түсінетіндіктері қуантып тастаған еді. «Өткен күнде белгі жоқ» дейді. Неге? Ол бекер. Адам жасаған адал істің еленбей қалуы мүмкін емес. Міне, Маржан қарияның өткен әрбір күні турасында қозғалған әңгіме, қадірін ұғу — белгі. Жылдар озған сайын ескірмей баласының, келінінің, немерелерінің аузымен айтылады», — дейді ол ойға қалып. Сейсенбай қарттың өзі де ауылда жазғы шабындық кезінде бір заманда колхоз болған, кейін совхозға айналған шаруашылықтың жұмысына қолқабыс еткен. «Пенсиядағы адаммын. Маған оның керегі не?» — деп немқұрайлылық танытпай қызу кіріскені есінде.
Әңгіме өзеннің арғы бетіндегі түбектің шөбін шабуға байланысты көтерілген; жас директор ой-шұңқырлы, жыра-жықпылды ол жердің шөбін жайылымға қалдырын, трактор мен оруға келмейді, шалғымен шабу қымбатқа түседі деп сырғақситынын естіп Сейсенбай қарт іздеп барды. Совхоз аудан орталығынан алты шақырым болатын. Қарамаға иман жүзді, ұзын бойлы келген жігіт екен. Мамандығы — мал дәрігері. Бір жаман әдеті қисайған жағынан түзелуі қиын, қыңыр сияқты. «Балам, сонау соғыс уағының озінде біз ол түбектен бес мая шөп түсіріп жүрдік. Бес отарға қыстық азық-тұғын. Жазықтың шөбі қуаң, құрғақ қой. Шауып, жинап, маялағанша жартысы күл-күбірге айналады. Құнары да аз. Түбекте шырышты мия, қояқ-қарта, мақпалдай жұмсақ, биік өсер жусан, дымқылы мол жерге өскен құрақ қыс ортасына шейін түсін бұзбайды, иісі кетпейді. Сен ертең малға «ақиар», «рентабельді жұмыс» жегізбейсің, шөп бересің, астың дәмдісі арқау дегенге дейін айтып, сөзін өткізе алмады. Ақырында ерегісіп аудандық партия комитетінің бірінші секретарына соғып, коммунист ретінде мәселе қойды. Сөйтіп директорды көндіргені бар. «Өй, саған не жоқ?», «Шолақ белсенділіктің керегі не?», «Жақсатты болмақпысың?» — дегендер де оны алған бетінен қайтаруға күш- тері жетпеген еді. Обалы не, жас директор әдейі іздеп көп рақмет айтып кетті. Совхозына шақырып, «жеңілдеу» бір жұмыс тауып беруге де әзірлігін білдірді емес пе? Қарап отырса өзі де елде Маржан тәрізді «тынышсыз» кісі болыпты-ау... Оқыс «шар» еткен қоңырау үні Сейсенбай қарттың ойын бөліп жіберді.
Ол апалақтай орнынан асыға көтеріліп, аяғының басына ілген шарығын сырп-сырп сүйрете ауыз үйге бет алып барады. Әне, ол есіктің табалдырығын аттап, сенеге өтті. Әлде нені ұмытқандай жалтақтап тұр. Шамасы жаңағы есіктің қоңырау шылдыры ма, жоқ әлде телефон ба, қайсысы дыбыс бергенін аңдамай іркілген тәрізді. Қолына телефон трубкасын ұстап құлағына тосты да, тастай салып есікке ұмтылды. «Қаланың осы кілттеніп отыратын әдеті құрысын-ай», — дейді Сейсенбай қарт күңкілдей ашып жатып.
Әрине, ол Әсия келер деп әсте ойлаған жоқ. Томашадай, арық қара кемпірді көргенде жасыл тақиялы қауын басын бір жағына қисайта, іспек көзін сығырайта қадала ұзақ іркілді.
— Сәлематсыз ба, аға?!
— Есенбісіз... Төрлетіңіз. Шай қояйын. Қап, келгеніңіз мұндай жақсы болар ма? Ішқұсалықтан не істерімді білмей...
— Жо-жоқ, аға, кірмеймін. Мен асығыспын.
— Ие, жай ма?
— Жай емес...
— Е, не дейді?
— Маржан дүние салды.
— Қашан? Иманды болғай...
— Кеше, аға. Бүгін қояды.
— Балаларына хабарланып па?
— Кенжесі мен келіні, қыздары, күйеу, немерелері
келді. Үлкен ұлы туристік жолдамамен шетелде жүрген көрінеді. Ал, аға, тез жетіңіз. Мен кеттім.
— Қазір келін-балама телефон соғайын. Әлгі Болатжанымды далаға ойнауға жібергенмін. Тауып алып барам, — деді ол Әсияны көзімен ұзатып салып, есігін жауып.
Ол немересін ертіп жеткенде Маржан қариямен қоштасқалы жиналған шағын топ екі машинаға бөлініп, мінгелі жатқан еді. Бейтаныс көпшілік ішінен Сейсенбай қарт баласы мен келінін шалды. «Такси» ұстап, соған аяқ артып үлгерген екен ғой, — деп ойлады ол қаралы елге көз жүгіртіп қалып. «Әне, кешегі немерелерін қызғыштай қорыған қариялар. Маржанды әпенде санаған бейбақтар да түгел келіпті. Түсінгені де. Әйтпесе кім зорлады? Иә, әлі марқұмның қадірі артар-ау. Тірісінде біліп, сыйлас болғанға не жетеді дейсің?!»
Зиратқа барар жол үстінде де, жерленіп аят оқылғаннан кейін де Сейсенбай қарт бір өкініш құшағынан шыға алмай-ақ қойды. Көңіл қошы да келмей ең соңын ала машиналарға беттеген еді, немересі Болат қолынан жұлына айқайлап:
— Ата... Аташка, анаң қара! Онда емес, аспанға... Көгершіндер! Әй, көгершін! Әй, әженің көгершіндері бері. Мында ол! — деді.
Сәбидің оқыс, шат үні, күлкісі жол жиегіндегі машинаға жетіп, есік тұтқасына қол созып қалғандарды да, зират арасында қараңдаған бірлі-жарым кісіні де селк еткізіп, көкке ерік сіз көз тіктірді. Бытыраған ел екеу-үшеуден бас қосып, ұйысып таңырқай аспанға қарап тұр. Сейсенбай қарт шын қуанып, қолын шапалақтап, секіріп «уралаған» немересін тыныштандырып жатыр:
— Әй, «тұрған» не? Зират басында адам бұлай қкуана ма? Әжеңнің өлгеніне шаттанамысың? — О, мақұлық, — деді ренжіп.
— Голубь... Көгершіндер ұмытпай келді ғой.
— Келсе ше?
Сейсенбай қарт мұнан әрі дігірлеп, немересіне ескерту жасап, қабақ шытуын орынсыз көріп үндемеді; қолынан талай адал дән жеп, ықыласына бөленген құстардың қарияны ақырғы сапарға шығарып салуға келгеніне өзі де разы еді. «Кездейсоқ келген...» «Ол баққан көгершіндер емес», — деген келеңсіз сөздің пұшпағы, күңкіл-сүңкіл құлағына шалынып, ол тыжырына басын шайқап тұр.
«Оу, адамдар, осыны да Маржан марқұмға көп көресіздер ме? Қисаңдаршы байғұсқа... Рас, хайуанда жылқы, түйе, ит есті. Оған кімнің дауы бар? Ал, жұдырықтай құста сол бір сезім болса ше? Табиғатта адам баласы түсінбес сыр аз ба?! Ненің күші, әмірі бастан келді?
Маржан қария бәрімізді де көгершіні көретін. Қанатымыздың қатаюын тілеуші еді. Біз не жақсылық өткіздік. Кімбіз өзі? Құс құрлы қадірін білдік пе? Ана мейірі ауса — қара тас та иіп, жібиді демей ме? Олай болса тіршілік иесі көгершіндердің ұмытпауы, сезінуі, пейіл танытуы неге ерсі, неге сендірмейді ?» — дейді ол ашық аспан көгіне көз тастап.
Қалың көгершін тобы даланың тентек құйыны көтерген жұқа, қара-ала жібек орамалдай толқи желбіреп, ұйытқып ұшып жүр. Бірде шарықтай қалықтап, бірде құлдырай құлап сусылдай желпіп өтеді. Шалқая ұзап, қайырыла қайтып келеді. Әне, олар қаңғыр-күңгір тіл қатысқан адамдардан қаймықпай жапырлай кеп жас қабырдың етегіне қонып жатыр. Өлі біреуі зират үстіне шықпай шыр айналып, ерсілі-қарсылы «құр-құрлай» сенделеді.
Әрқилы құс қауырсынының түсінен жер алашұбарлатып, аяқ астынан өзіне бейне бір жан біткендей бүлкілдеп қозғалып кетті. Сап-сары тақиядай қабыр ортада. «Мыналарды үркітіп жібермейін», — деп ол әдейі қыбыр етпейтін тәрізді. Сейсенбай қарттың мүкіс құлағына алыстан жеткен сарындай бір үн: «көгершіндерім-ау, келдіңдер ме? Есті екен деріңді білдім ғой. Өмірге өкінішім жоқ. Тірімде қайырсыз іс жасамағанмын. Ырзамын сіздерге», — дегендей күмбірлеп қоя берді.
Міне, дүр етіп, қанаттары сыпылдап көгершіндер аспанға ұйыса, қалықтай көтерілді де, зират үстінен бір айналып мұнартқан қалаға қарай бет түзеп барады. Үн-түнсіз тынған ел қайта жанданып күбірлесе машиналарға аяқ арта бастады.
Сейсенбай қарт еркінен тыс бір күрсініп:
— Көгершінім-ау, қайтайық та, — деді томсырайып қалған немересінің қолынан тартып.
1984 ж.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі