Журналистика даңғыл жолды мамандық атауы, саланың бірі деп қарастырмас едім, ол журналистің тұла бойын өрнектеп, адамдық болмысы арқылы түлеп ұшатын, пешенеге жазылған тағдырдың – ұлт жүрегінің төрінен орын алдырып, қаламының қара сиясымен, жалынды жазбаларды қамтитын мамандық дегім келеді.
Жүрегімді шымырлатып, отырсам дүрс – дүрс соқтыртып, ине тығып алатындай шаншып жіберетін, көкейімдегі сауалды айтуды жөн көріп отырмын. Өмірден өтсе де, жазба жиһандары өлмес тұлғалардың орнын басатын ұрпақ – жауапкершілікті сезініп, ұлттың басын қайнатып, тіс жара алмайтын ойларын жазба түрде жеткізіп, тарихтың ақиқат бейнесін жазба түрінде таңба етіп қалдыруы тиіс. Бір - бір биік шыңды тау сияқты қазақ әдебиетінің нар тұлғалары Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбек, Асқар Сүлейменов сынды асқар шыңды қаламгерлерден үлгі – өнеге алып, миссияны жалғастыру кезегі, енді бізде. Ұлт жазушыларының әрқайсысында әсем ерекшелік, өзіндік мөрі мен болмыс - мінезі жатыр, оларды бөліп жару – мүлдем қисынға келмейтін дүние. Осы тұста Ахмет Байтұрсыновтың «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек», - дегені бар, мақаланы оқып отырғанда, оқырманның рухани толығып, жақсыны жанына серік етіп алатындай , қоғамына пайдалы болатындай, кіндік қаны тамған жерін қасық қаны қалғанша бар ықылас – ыждаһатымен сүйіп, қызғыштай қорғауына себеп болатындай етіп, әр ойды нақышына келтіріп, зияны мен залал қатынасынсыз жазылуы керек деп пайымдаймын.
Ұлттың зарлы заманы мен қиын – қыстау кезеңінің көлеңкелі тұсынан күнгей шығыстан арайлап таңжарықтай болған, «ұлттың оянып», бір сілкініп, жығылып – бүгіліп, тізерлеген жерінен қайта тұрып, ерік – жігерін қолына алып, рухани жаңғыруына себеп болған – осы бір жазылған құнды жазба дүниелер емес пе?..
«Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» - журналистің ең басты қаруы, ол – қаламы. Қаламының шыққан туындысы, ұшқыр ойы теңіздей толықсып, бейне бір елең еткізер, мағынасы «Мариана шұңғымасы» сынды жылдар бойы зерттелуі жазбаның құндылығын, маңыздылығын, суреттелген тарихи оқиғаның мән – жапсарын саралап, арттырады деп ойлаймын.
Журналист халықты баласындай еркелетіп, жақсы көріп, «баласының» не себепті емірене жылауын, жағдайын, толығымен, жеткілікті деңгейде өмір сүруіне жауапты тұлға. Ол – халықтың жаны, басына түскен оқиғасын ашық ,нақты күйде «белгілі бір орындарға» жеткізіп – мойнына алған істі аяғына дейін жеткізетін бірден – бір жауапкершілікті тұлға .
Қаламгер – қоғам құбылысын жансүзгіден өткізіп, заман шырғалаңында жұтылған тіршілік жанайқасына басын бұрып, құлағын түретін сезімтал әрі машақатшыл жүрек иесі. Оның назар дүрбісінде ілінген мекен мен мезгіл тарамдары ала қағазды айдын етіп, жансарайынан адамзат санасына төгіле кетеді. Ғасыр дүрбелеңінде иіні қанбаған қатпарлар қаламгер қаламының қуатымен қыртысын жазып, өзінің жұмбақ бітімін ашады.
Оқырманның жадына сәуле құйылып, жүрек мұнарасына шам жағылуына себеп болған - қазақ әдебиетінің көркем шығармалары. Әдебиет журналистикаға таным, шығармашылық кредо,ойлау жүйесіндегі еркіндік пен даралық тұрғасынан оң әсер берді. Журналистикадағы әдебиет белгілері – туындының көркемдік – эстетикалық спасын арттырып, стильдік негізін нығайтты.
Соның ішіндегі қазақ прозасына сүбелі үлес қосқан Оралхан Бөкейдің қауырсынынан құйылған, әңгімелерінінің ішіндегі ең атақтысы – «Қасқыр ұлыған түнде» атты новелласы. Ең алдымен, журналистің жеке даралық қасиеті, адамгершілік болмысын байқадым, ол әйел адамдарды жақсы қадірлеуі, бағалауы, сыйлауы шығарманың лебінен сезілгендей болды. Жазылу формасы ерекше, қала мен даланы ала отырып, екеуіндегі адамның жан дүниесіндегі құбылыстарды ерекше көрсетіп отырады.
Кіріспе бөлімінде оқырманды «дайындауы», шығарманың байланысы Ныспысы Нұрлан деген журналистке тапсырылған іс бойынша қарлы шыңды, аязды, Қазақстанның шығысы Алтай сілемдеріне тіке жол тартқан бас қаһарманның автобус ішінде «Өркен ауылы» аялдамасынан түсіп қалатын көркем, Арай есімді бойжеткен арасындағы әңгімемен қызады. Әңгіменің реализмді суреттеуі жазушының тағы бір ерекше қырын аңғартады. Қыздың: «біздің жетім, мәдени – тұрмыстық ахуалы төмен ауылды емес, тура түзу де, жайлы тас жолмен үлгілі селоға тартасыздар ғой, тек сондай тамашаны көріп, жазасыздар », - деп айтқанын қараңызшы. Қазақ қоғамының әлі де қорғансыз екендігін осы бір шығарма арқылы астарлап берген, менің ойымша, осы тұстас тақырыптарды шебер тәсілдер арқылы жазу - оқтын – текте жазушылардың ғана қолынан келеді. Ор – аға бір ғана қыздың аянышты өлімі арқылы тегіс халықтың қорғансыздығын суреттегендей болды.Қазақ халқының ен далада, тау арасында, аязы ызғарлы тау сілемдерінің бөктеріндегі, қиыншылықта өмір сүріп жатқан, аянышты өмірін көрсетті. Шағын әңгіменің қозғар тақырыбы тереңде жатыр.
Әңгіме басындағы қыстың ұзақ кешін, Алтайдың табиғаты, ерекше, көркем, нақты суреттеледі, шығарманың әрбір тұсы бейнелеуіш құралдарға толы болуы – әңгіменің көз алдыңа елестеуіне себепкер болды. Көркемдеуіш құралдары өз алдына бөлек әңгіме. Дәл осы бейнелеу құралдары журналистика саласына әдебиет әлемінен келген еді.
Ор – ағаның, Оралхан Бөкейдің естен кетпес, журналистика мен әдебиет саласының арасына көпір жасағандай болған туындысы, осы – «Қасқыр ұлыған түнде» атты әңгімесі екендігіне бәрі де куә екені мәлім.
Менің ойымша, әрбір білікті, білімді, ой – арманы мен мақсатының ізімен уақыт ағымына қарамай, қараңғы түнектерден жүрегіндегі оты мен өзіндік сенім күші қолға ұстаған майшамы болып, діттеген межесіне жеткеннен кейін әр журналист өзін «Мартин Идендей» сезінетін шығар. Джек Лондон сипаттап келтірген шығармасына негіз етіп алған бас қаһарманы журналист болып, оны Джек Лондон оқырман алдына әдебиет туындысы етіп шығаруы, әлемдік деңгейде бағаланып, қоғам арасында бүгінгі күнге дейін маңызы тереңде жатқан журналистика мен әдебиет саласының байланысын көрсетпек болған бірден – бір шығарма.
Арманын мақсатқа негіздеген Мартин Иден қиындықтар мен шығындарға дайын болды.Ол әңгімелер, өлеңдер жазады, бірақ қолжазбалары әртүрлі басылымдардан оған үнемі, қайта орала берді.Тіпті өте қиын мұқтаждыққа қарамастан, ол мойымады, Мартин Иденнің өз арманынан бас тартпауы өзіме де ерек күш бергендей болды. Ол көрген газет – журналдардағы басылымдарында жарияланған материалдар, Иденнің ойынша, жалған, ұсақ, шектеулі болды, ал тура және адал жас жігіт жас үшін оның ар – ожданымен келісім жасау мүмкін емес еді.
Ешкімге еліктемеу, опасыздықтан аулақ болу, Мартин өзінің даралығын, қолтаңбасын мойындауға қол жеткізеді. Алайда, романның бас кейіпкері бірте – бірте жоғары әлемнің, өзі ұмтылған әлемнің шынайы бейнесін көре бастайды. Мартин Иден ұсақтылықпен, рухани қызығушылықтың аздығымен үнемі кездесіп отырады, ал «қоғам тіректерінің» сыртқы жылтырлығы мен нақтылауының артындағы шынайы бейнені көре бастады. Әңгіме соңы трагедиямен аяқталады.
Шығарма мені өзім үшін ақиқат жолымен жүруді, жақсы өмір іздеуде өзімді жоғалтып алмауымды және өзімнің қалпымды сақтауымды тағы бір көрсеткендей болды.
Қорытындылай келе, журналистиканың әдебиетке ықпалы не әдебиеттің журнализмге ықпалы әлемдік дәрежеде оң көзқарас тапқандығы дәлелденген. Оған дәлел журналист қайнарынан шыққан жазушылардың «Нобель сыйлығына» иеленуі, ол жоғары түрде бағаланып, әлемдік тұрғыда бестселлер болып, екі жақтың – журналистика мен әдебиеттің аражігін жақындастарып, бар оң жағын бірінен – бірі алып, біріне – бірі берісіп толығу шеңберіне әкелгендей деп ойлаймын. Журналистика, ол бір орында тұратын, бірқалыпты үдемелі мамандық емес, ол бірде булықсынып, бұлттанып, құрыстанып, шығармашылықтың қайнаған қазан сықылды, піскен сүттің бетіне шыққан қаймағы сияқты дүниеге келетін асыл мұра шығармаларымен бітесіп жататын аса бағалы, жауапкершілікті, ұрпаққа мол – тағылым бере алатын мамандық.
Журналистика мен әдебиеттің ерекше бір көрінісін Кнут Гамсунның «Аштық» романынан хабардар бола аламыз. Жазған мақала, әңгіме,өлеңдері өзіне қайта қайтарыла берген журналистің басынан өткен қиын – қыстау кезеңдері, қатты ашығып, жердегі малтатасты алып, бойына нәр берілуі – оқырманға үлкен әсер, ал әдебиет пен журнализмге кең серпіліс берді деп қорытындылар едім.
Сұлтан Бағдат Сұлтанқызы
Журналистика факультеті
1 - курс студенті
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі