“Қазақ” газеті де, “Айқап” журналы да халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, көкейіндегі жүрген сұрақтарын, күйініш-өтініштерін өкіметке жеткізген әрі өздері де елінің бостандығы үшін ақтық демі қалғанша әділетсіздікпен күресіп, өз құқықтарын қорғап қалуға барынша тырысқан баспасөздер. Алайда халық арасында “Айқап” пен “Қазақ” бір-біріне қарсы шыққан, олардың шығарушылары, яғни еліміздің білімді де көреген тұлғалары Ахмет Байтұрсынов пен Мұхамеджан Сералин дұшпан болған деген пікірлер, ойлар тарай бастады. Осындай пікірлердің туына қандай жағдайлар себеп болды? Әрі бұл қаншалықты дұрыс пікір? Біздің ойымызша, осындай жалған пікірлерге халықты сендіруге тырысқан, теріс ақпараттар тарату арқылы екі басылымды бір-біріне қарсы қойып, түбіне жеткісі келген патша жендеттерінің іске асырмақ болған құйтырқы саясаты. Ал бұл қаншалықты дұрыс пікір деген сұраққа келер болсақ, “Айқап” пен “Қазақ” газетінің алшақтығы жайында айтқанда есіме гректің ұлы ойшылдары Платон мен Аристотель түседі. Неге? Себебі көптеген ғалымдар осы екі ойшылдың еңбектері арасында қайшылықтар жайлы сөз қозғаған болатын. Сонда Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби осы пікірге қатысты былай тұжырым жасайды: “Екі жүйеде адамдарды ақиқат жолына жетелейтін болса, онда екеуінің арасында қарама-қайшылық болуы мүмкін емес”,- деп екі ойшылдың ақиқатқа жеткізер жолы екі бөлек болса да мақсаттары бір екендігін атап өтеді. Сол секілді “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетінің арасында қарама-қайшылық, кереғарлық жоқ. Мүмкін екі басылымның мұратқа жетер жолдағы қолданған іс-әрекеттері, қалыптасқан жағдайға қатысты көзқарастары екі түрлі болар. Бірақ алға қойған мақсат- мүдделері бір ол қазақ елін еркіндік, әділеттілік жайлаған жарқын болашаққа жетелеу. Сол себепті “Айқап” журналы мен “Қазақ” газетін бір-біріне қарсы қою мүлде дұрыс емес. Десек те басылымдардың басшылары арасында кейбір мәселелерге байланысты көзқарастарында келіспеушілік туындағанын айтып өткен жөн. Оны басылым беттерінде жарияланған материалдардан аңғаруға болады. Ол алшақтық негізгі үш мәселеге байланысты туындаған. Атап өтер болсақ, отырықшылыққа көшу, әліпби түзу және съезд шақыру. Аталған мәселелердің ішінде сол жылдардағы басты тақырыпқа айналған жер мәселесіне тоқталып өтейін.
“Айқап” пен “Қазақ” газетінің арасында жер мәселесіне қатысты екі пікір туындады. Бірі – отырықшылыққа көшіп, қала болу идеясын алдыға тартса, екіншісі – көшпелі қалпын сақтап, патша саясатының ығына көнбей қала болудан түбегейлі бастартты. Әрине, бұл мәселе тек зиялыларымызды ғана емес, сондай-ақ қарапайым халықты да толғандырған сұрақ, алдыға қойылған күрделі таңдау болды.
Әр басылым айтылған мәселеге байланысты өз ойларын жүйелі түрде жеткізіп, халықты сол таңдауларына сендіруге тырысқан. “Айқап” журналының бір санында былай деп жазылған: “Біз көшпеліліктен бас тартып,отырықшы ел болуымыз керек. Отырықшы болған ел білім алуға мүмкіндік алады,егін егіп,басқа да шаруалармен айналыса алады” , - деп халықты отырықшылыққа шақырса, “Қазақ” газеті өз пікірінің дұрыстығын барынша дәлелдер келтіру арқылы халықтың көзін жеткізгісі келді. Оны мына бір жарияланған мақаладан-ақ байқауға болады: «Қазақтардың адамдарының санын қосып санап, үйлерінің санына бөлгенде, яғни орта санын алғанда үй басына алты жаннан келеді. Оның үшеуі еркек, үшеуі əйел болады. Мал нормасымен жан басына 15 десятинадан беретін жерден егін нормасымен ер басына ғана 15 десятинадан жер береді. Қысқасын айтқанда, мал нормасының жері егін нормасының жерінен екі есе көп болмақшы. Мəселен, егін нормасымен 3 еркекке 15 десятинадан санағанда үй басына 45 десятинадан келсе, мал нормасымен еркек-əйелі бар жан басына 15 десятинадан санағанда үй басына 90 десятина келмекші. 45 көп пе, 90 көп пе?» ,- деп риторикалық сұрақ қою арқылы өз болжамдарының дұрыс екендігін көрсетеді. Бұл пікірталаста бір басылымның сөзі дұрыс, екіншісінікі бұрыс деп дөп басып айта алмаймыз. Себебі екі басылымда халықтың болашақ түрмысын ойлады, әрі бұл мәселеге басқа қырларынан талдау жасады. Алайда “Қазақ” газетінің жер мәселесіне байланысты айтылған болжамдары расталып, шынымен халықты отаршылдыққа көшіріп, оларға кішігірім жер бөліп беріп, қалған ауқымды жерлерін орыс патшалығы өзіне қосып отырды. “Айқаптың” ұстанған пікірін қате демейміз, себебі олардың ойынша да, егер біз қала болып қалыптаспасақ, біріншіден, заман өзгерістерімен бірге мәдениеті дамыған ел бола алмай қаламыз, екіншіден, жерлеріміздің бірінен соң бірі переселендерге, мұжықтарға беріліп жатқандықтан, біз өзімізге тиесілі жерімізден айырылып қалуымыз мүмкін деген ойдың есебінен отырықшылыққа көшу әрекетін ең дұрыс шешім деп есептеді.
Қортындылай келгенде, екі басылымда еліміздің ертеңгі күні үшін алаңдап, бозторғай жұмыртқалаған бейбіт дәуірге аяқ басу жолына әрқайсысы өз қадамдарымен жетуге ұмтылды. Сол себепті де “Айқап” журналы мен “Қазақ" газетін біріне-бірін қарсы қоюдан аулақ болуымыз қажет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі